227
Қабақ шытқанға – 40 теңге, жүзін суытқанға – 100 теңге...
Қабақ шытқанға – 40 теңге, жүзін суытқанға – 100 теңге...
Дамуы тежелген қоғамда ақылға қонымсыз дүниелер болып жатады. Әрі осындай шынайы өмірден алыстау мысалдар қарапайым халық емес, билік тізгінін ұстаған білімді һәм білікті азаматтар тарапынан шығатыны қалай? Кез келген жаңашылдықты жарыққа әкелмес бұрын, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасы қажет емес пе? Ал ертеңгі күні жұрттың мазағына қалып, күлкінің нысанына айналса, кінәні кімнен іздейді? Бұл сауалдарға салмақты жауап іздеудің өзі абсурд сияқты. Себебі жақында ғана Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп ұсынған «тың» заң жобасы неге көптің келемежіне айналды? Ендеше екі бірдей құзыретті мекеменің қоғам талқысына салған заң жобасына көз жүгіртіп көрейікші.
Бұған дейін бірі заңды сақтайтын, екіншісі заңдылықты қадағалайтын құзыретті екі орган бір-біріне қырынқабақ болып жүрсе де, бұл жолы Мәжіліс алдында заң жобасын бірге қорғауға келгені қызық. Жаңа заң жобасы бойынша, елімізде полицейдің жағасына жармасып, өміріне қауіп төндіргендерге 11 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Егер айыппұлды төлей алмаса, бас бостандығынан айырылады. «Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша» заң жобасын құрастырған – Ішкі істер министрлігі екен. Ал оны егжей-тегжейлі таныстырған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иогань Меркель: «ҚР Ішкі істер министрлігі Заңға өзгеріс енгізілсе, тәртіп сақшысына бағынбағандар мен оларға қарсы күш көрсеткендерге 11 млн теңге көлемінде (5000 АЕК) айыппұл салуды ұсынады. Айыппұлды көтере алмағандар 3 жарым жылға жуық мерзімге түрмеге қамалады», – деді. Оның күмілжіп шыққан сөз саптауының өзі бұл заң нормасының орындалмайтынын сездіргендей. Бұл қалай? Заң жобасын дайындаған Ішкі істер министрлігі қомақты айыппұл арқылы құқық қорғау қызметкерлерінің абырой-беделін көтеруді мақсат еткен бе? Полицияға бағынбай, қарсылық танытқан адам 11 млн теңгені, яғни 34 мың доллар айыппұлды төлей ала ма?
Соңғы жылдары құқық қорғау саласының, оның ішінде полиция қызметкерлерінің жұмысын тиімді етуге байланысты түрлі шаралар қолға алынып келеді. Бұл әуелі жол үстіндегі арнайы ережелердің қатаңдатылып, айыппұл көлемінің артуынан басталды. Қазір қарсы алдыңнан МАИ қызметкері кенет тоқтата қалса, әйтеуір бір сылтау табуға тырысады немесе айыппұл салудан еш тайынбайды. Айыппұлдың да осалы жоқ. Ең аз дегенінің өзі – 10 мың теңге шамасында. Сондықтан қапелімде аузынан шыққан соманы бере қоймасаң, әбігерге түскенің түскен. Жасыратын несі бар, осы жолмен «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» жүргендер қаншама. Ал шын мәнінде «Жолда жүру ережелері» туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілгелі бері талай мәселе құқық қорғау қызметкерлерінің пайдасына шешілгені белгілі. Алайда «бұдан полиция қызметкерлерінің жұмысы жетілдірілді ме, әлде қоқаңдауын қоймаған олар бұрынғыдан да дөрекілене түсті ме?» деген сауал туындайды. Бір мысал. Жақында жолдың жиегіне екі-үш минутқа бөгелгені үшін МАИ қызметкеріне ұсталған көлік жүргізушісі қазақша сөйлеуді талап еткеніне байланысты қомақты айыппұл арқалағанын айтады. Әлгі полиция қызметкері еш қысылмастан: «Қазақша сөйле!» дегеніңіз үшін айыппұл жазамын» деп доқ көрсеткені мәдениеттің қай түріне жатады? Әлде «Жол ережесі туралы» заңда «қазақша қарым-қатынас жасауды талап еткен адамға көлемді айыппұл салу керек» деген жұрт білмейтін қитұрқы бап бар ма? Сонда халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтайтын құқық қорғау қызметкерлерінің мемлекеттік тілге деген құрметі жоқ па? Тіпті, олардың қоғамның кез келген мүшесіне дөрекі мінез көрсетуіне құқы бар ма?
Депутаттар да түсінбеген жұмбақ заң
«Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша» заң жобасын депутаттар қарапайым жұрт сияқты қабылдаған сияқты. Айыппұл көлемі көтерілген сайын жемқорлық та өршелене түседі. Себебі миллиондарды төлегеннен полицейге пара берген анағұрлым арзанырақ. Ал 4 АЕК айыппұл 1 күн түрмемен есептеледі. Темір тордағылар санын онсыз да азайта алмай отырғанын алға тартқан олар бұл түзетуге бірауыздан қарсы шықты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманованың: «Айыппұлдар көлемінің неге күрт өсіп кеткенін және оны жасаған адамның жазасы ондай әрекетке сай келмейтінін қалай түсіндіресіз?», – деген сауалына ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Екі бап бойынша жауапкершілікті арттыру керек деген тапсырма алдық. Бұрын айыппұл 100 АЕК және 45 тәулікке дейін қамау болса, енді ол 200 АЕК пен 75 тәулікке дейін қамауға ұлғайтылды. Террористік әрекеттерге қарсы операция кезінде тәртіп сақшысына бағынбағаны үшін деген ұсынымды қостық. 380-бап бойынша да солай, бұрын 2 мың теңгеге дейін болса, екі есе көтеріп, 5 мыңға жеткіздік. Өйткені 41-баптың айыппұлы 500-ден 10 мың АЕК дейін айыппұл салуды қарастырады», – деп жауап берді. Ал Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мұндай түзетулермен мүлдем келіспейтіндігін айтып: «Ашығын айтсам, жобаға қатысты қандай да бір пікір айтудың өзі қиын. Министр Қасымов айыппұлды аспандату арқылы өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткісі келетін шығар. Бірақ бұл айыппұл елімізді иектеген қылмыстың азаюына кепілдік бере алмайды. Елбасы орта дәрежедегі қылмыстық теріс қылықтар үшін жазаны жеңілдетуді тапсырды. Ал сіздер айыппұлдарды таңғаларлық көлемге, 11 млн-ға өсіруді сұрап отырсыздар. Адамды есінен тандыратын 11 миллион теңге айыппұл салуды ұсыну мүлдем қисынсыз, ақылға қонбайды. Сондықтан бұл түзетумен келісе алмаймыз. Қайта қарап, екінші оқылымда сәйкестендіріп әкеліңіздер, әйтпесе оны қабылдауға болмайды. Заң жобасын қайта қарау керек», – деп кесіп айтты. «Екі бапқа қатысты жауапкершілікті күшейту мақсатында біз 379-бапқа байланысты осындай қадамға барып отырмыз, яғни, екі есеге дейін көбейттік», – деген Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың сөз етіп тұрғаны – «Қылмыстық кодекстегі» 379-бап. Әңгіме «Билік өкіліне бағынбау» деп айдар тағылған аталмыш баптың 2-ші тармағы хақында секілді. Өйткені 1-тармағында «Билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау – бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға…» жазаланады делінсе, 2-тармағында «Төтенше жағдай жарияланған жерлерде жасалған дәл сол іс-әрекет – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Осы жердегі 2 мың айлық есептік көрсеткішті 2269 теңгеге (2017 жылғы АЕК көлемі) шағып жіберсек, 4 млн 538 мың теңге болып шыға келеді. Өзіңіз ойлап көріңізші, төрт жарым миллионыңыздың өзі қайда жатқан қаржы?! Тіпті, мұндай көлемдегі қаржыны қолына ұстап көрмегендер де аз емес. Даулы бап елде төтенше жағдай немесе террористік акт орын ала қалған кезде, құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар қызметкерлерінің нұсқаулығына бағынбағандарға қолданылатыны түсінікті. Оны Мәжіліс талқысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та, «Мұндай қомақты айыппұл төтенше жағдай болғанда, терроризмге қарсы күрес кезінде полицейлердің жұмысына кедергі келтірген адамдарға ғана салынуы тиіс. Жаппай жұртқа қолданылмайды», – деген Бас прокурордың орынбасары Иоганн Меркель де еске салды. Алайда бұл пікір екі органның көкейге қонымсыз заң нормаларын ақтай ала ма? Тіпті, жұртты дүрліктірген бап қабылдана қалса, онда терроризммен күрес кезінде осындай жағдайға оқыста тап болған адамның жазасы лаңкестің жазасынан да ауыр болғалы тұр. Өйткені лаңкес түрмеге қамалады да, темір тордың ар жағында бюджеттің ақшасына ішіп-жеп жатады. Ал онымен күрес кезінде билік өкілдерінің талабын орындамаған адам 11 миллион теңге айыппұлды мойнына жүктейді. Бұл соманың психологиялық салмағының өзі неге тұрады? Айыппұлды төлей алмасаң, түрмеге жабыласың. Айналып келгенде, қарапайым бейбіт тұрғынның лаңкестік әрекет ұйымдастырған қарақшыдан не айырмашылығы бар? Бір айта кетерлігі, 2 мың АЕК көлемінде айыппұл салуды көздейтін ескі нұсқасында «…не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Егер Ішкі істер министрлігінің айыппұлды 5 мың АЕК көлеміне дейін көбейту туралы ұсынысы өтіп кетсе, оны төлей алмағандарды түрмеге жабу мерзімі де 5 жылға дейін ұзаратын болғаны ма?!«Өз әйелімді полициядан мың есе жақсы көремін...»
Заң жобасына қатты таңданысын білдірген депутат Азат Перуашевтің пікірі мысқылмен айтылса да, орынды шықты. «Бұл сұмдық нәрсе. Еркек ашумен өз әйеліне қол жұмсаса 40 мың теңге төлейді. Ал полицияны ұрмай-ақ, тек ұрысса болғаны 11 миллион теңге айыппұл төлеуі керек екен. Сонда әйеліміз полициядан мыңдаған есе арзан болғаны ма? Бұл не? Мен оған келісе алмаймын. Кешіріңіздер, мысалы мен өз әйелімді полициядан мың есе жақсы көремін», – деген депутат министрліктің санаға сыйымсыз жобасын түйреп өтті. Сол әсер етті ме, кім білсін, Бас прокурордың бірінші орынбасары: «Мұны Ішкі істер министрінен сұраңыздар, ойлап тапқан сол», – деп жауап беруден басын алып қашты. Ал Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаевтың пікірінше, полицияға бағынбағаны үшін салынатын айыппұлды көбейту туралы ұсынысқа құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасалған шабуыл санының артуы себеп болған көрінеді. Себебі соңғы жылдары құқық қорғау қызметкерлерін тыңдамай, күш қолданатындар саны көбейген. Мәселен, 2014 жылы 300-ден астам тәртіп сақшыларына қарсылық танытқан оқиға тіркелсе, 2015-те бұл көрсеткіш 500-ге жеткен. Ал былтыр осыған байланысты 600 қылмыстық іс қозғалған. «Осыны ескерген министрлік – мемлекеттік орган қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету үшін жазаны қатаңдатуды ұсынып отыр. Мұндай жазалау тәсілі әлемдік тәжірибеде зерттелген», – деді ол. Әйтсе де, айыппұл бойынша мәселе қайта қаралу керек делінсе де, жеме-жемге келгенде депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап жіберді. Енді екінші оқылымға дейін жауапты органдар 11 миллиондық айыппұлды азайта ма, жоқ па, ол уақыт еншісінде. Егер Парламент депутаттары ғайыптан тайып, халықтың қамын емес, ел бюджетін қампайтуға үлес қосамыз десе ше? Бір қайнауы ішінде жүретін шала-шарпы заң жобасын ұсыну жағынан Ішкі істер министрлігі көш бастап тұр. Жұртты ұлардай шулатқан «Жол жүру ережесінің» өзін қайда қоясыз? Екі рет байқамай ереже бұзған адам бір айлық еңбекақысынан қағылды дей беріңіз. Ал қазір сот орындаушылары айыппұлды уақытында төлемеген көлік жүргізушілерінің есепшоттарын бұғаулап тастайтын әрекетке де көшіпті. Оған қосылатын қосымша үстемақы тағы бар. Осылайша, жан-жақтан қыспаққа алған уақытта елдің есін шығарған 11 млн теңге айыппұл жайында бірдеңе деудің өзі артық. P.S. Ішкі істер министрлігі жүзеге аспайтын бастамаларымен жұртты таңғалдыруын қояр емес. Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «Жол қозғалысы ережесі» туралы құжатта балалардың автоорындығына байланысты арнайы ереже енгізіліп, онда 12 жасқа дейінгі балаларды қауіпсіздік белдігіне таңу туралы жазылған болатын. Тіпті, сол кезде «Жол қозғалысы ережесі» жүзеге асырылмай тұрып, алдын ала сауатты түсіндіру жұмыстары жүргізілмегеніне халық куә. Айналасы екі-үш айдың ішінде дүйім жұртты әбігерге салып, бәзбіреулердің автоорындық саудасының көркін қыздырған министрлік неден ұтты? «12 жасқа дейінгі балаларды қауіпсіздік белдігіне таңу туралы» ереже қайда қалды? Үбірлі-шүбірлі балаларының бас-басына автоорындық алған отбасы қазір қандай күйде? Неге бізде қолға алынған жаңашыл нәрсе дабырамен басталып, аяғы нәтижесіз қалады?