944
Талғам құны немесе жанкешті еңбек
Талғам құны немесе жанкешті еңбек
Әлемде ең бай тұратындардың қатарында суретшілер бар. Олардың көбі өмірден өтсе де, картиналары әлі күнге елдің аузында. Адамзат өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Пабло Пикассо, Альберто Джакометти, Леонардо да Винчи, Х.Рембранд, Рафаэль Санти, Микеланджело Буонародти сынды суретшілер өнері арқылы дүниежүзін әлдеқашан мойындатты.
Солардың ішінде Леонардо да Винчидің «Моно Лиза» картинасы құндылығымен ерекшеленеді. Тіпті, Париждегі Лувр мұражайының өзі картинаның құнын бағалау қиынға түсетінін айтады. Себебі суретшінің әйгілі картинасының мәдени құндылығы жоғары болғаны соншалық, оның нақты бағасы да белгіленбеген. Яғни, әлемдегі ең құны шексіз дүние. Айта кету керек, 1962 жылы АҚШ көрмесіне дейін картинаның сақтандыру бағасы 100 млн АҚШ долларына бағаланса, ал 2006 жылы бұл 670 млн долларға сәйкес келген. Ал қазіргі деректерге сүйенсек, шамамен 720 млн доллар делінсе, тағы бір мәліметтерде туынды 3 млрд АҚШ долларына пара-пар. Ал атақты суретшінің еңбегінен көшірме жасап, пайда тапқан қытай азаматының туындысы 135 млн долларға бағаланыпты. Тіпті, түпнұсқасынан қымбат. Себебі ол 100 мыңнан аса әртүрлі қымбат әшекей тастарды пайдаланған екен.
Кез келген картинаның өзіндік құны бар. Мәселен, Поль Сезанның «Карта ойнаушылар» картинасы 2012 жылы 250 млн АҚШ долларына бағаланса, 2013 жылы ағылшынның экспрессионист суретшісі Фрэнсис Бэконның триптихы Christie’s аукционында рекордтық сома – 142 млн АҚШ долларына сатылды. Ал бір қарағанда тек графикалық сурет секілді көрінетін украиндық суретші Казимир Малевичтің «Қара квадраты» бірнеше миллион доллар тұрады. Батыс елдерінде сурет өнерінің атышулы кез келген туындысының бағасы аукционда ұшып тұр.
Суретшілер туындысының бағасын неге айтып отырмыз? Себебі әлемде суретшінің еңбегі жоғары бағаланады. Ал бізде ше? Елімізде де өз ісінің шебері, дарынды суретшілер баршылық. Мұның көш басында Әбілхан Қастеев тұр. Бүгінде Қастеевтің туындыларын білмейтін жан сирек. Сонау 1960 жылдары қазақ өнерін биікке шығарған Қанапия Телжанов, Сахи Романов, Салихиддин Айтбаевтың да еңбегі бір төбе. Ал қазақты әлемге танытып жүрген талантты суретшілердің қатарында Ерболат Төлепбайдың аты жиі естіледі. Бұдан өзге тасада еңбегі еленбей жүрген қаншама суретші бар. Алайда олардың картиналары өтімді ме? Суретшілердің тұрмыс-тіршілігі қалай?
Қазір ҚР Суретшілер одағында 1112 суретші тіркелген. Еліміз бойынша 12 филиалы бар. Біз көкейдегі сауалдарға жауап алу үшін ҚР Суретшілер одағы төрағасының міндетін атқарушы, суретші Өмірбек Жұбаниязовты әңгіме тартқанымызда: «Қоғамдық ұйым болып есептелгендіктен, тікелей қаржыландыру көзі жоқ. Бізге үкіметтен, министрліктен қолдау аз. Мемлекеттің тарапынан берілетін марапат, алғыстарға да іліне бермейміз. Былайша айтқанда, өз қотырымызды өзіміз қасып жүрміз. Сондықтан да шығармашылықпен айналысатын суретшілер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Құр картинамен күн көру қиын. Әсіресе, дағдарыстан кейін картинаны алушылар азайды. Бұрын шетелдік азаматтар, коллекционерлер сатып алатын. Ал картинасын сатып, табыс тауып жатқандар бар шығар. Бірақ суретшілер мұны айта бермейді. Коммерциялық құпия сақтайды. Өзімнің тақырыбым – ұлттық салт-дәстүр, тарих. Көбінесе бұл дүниелерге шетелдіктер қызығады. Басшы ретінде бағасын айтпай-ақ қойсам деймін», – деді. Дегенмен, оның айтуынша, суретшілер бір туындысын кем дегенде 200-300 доллардан бастап, 5-10 мың доллар арасында бағалайды. «Жылына бір-екі картина сатса да, қуанады. Суретші бір жұмысты бір жылда салып бітіруі мүмкін. Бұл әр суретшінің қолтаңбасына, темпераментіне, жеке тақырыбына байланысты. Бір отырғанда өндіріп жұмыс істейді. Кейде үш, алты айға созылады. Оған түзету енгізеді. Қысқасы, суретшінің еңбегі ақынның өлең жазып, композитордың ән шығаруымен бірдей», – дейді Өмірбек Жұбаниязов.
Бүгінде Қазақстан суретшілері шетелде өтетін көрмелерге де қатыса бермейді. Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеген Суретшілер одағы Мәскеуде жиі көрме ұйымдастырып тұрды. Қазір бұл Халықаралық суретшілер одақтарының конфедерациясы деп аталады. Оған бұрынғы одақтас он екі ел мүше екен.
«Кейде суретші мамандығын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?» деген сауалымызға: «Қызым суретші болғысы келгенде «сендердің замандарың тіл мен компьютермен байланысты ғой. Ертең тұрмысқа шықсаң, жолдасың шығармашылығыңды қолдай ма, жоқ па?» деп ойын бірден өзгерттім. Қазір кәріс және қытай тілінің маманы атанды. Жұмыс тапты. Себебі суретшіні кім керек қылып жатыр? Шығармашылықпен отбасын асырау мүмкін емес. Сондықтан көптеген суретші қосымша сабақ беріп, үйірме ашумен күнелтуде. Ал мұның кедергісі – шығармашылыққа уақыт жетпейді. Ең бірінші, суретшілерге не керек? Елімізде бейбітшілік болып, халықтың бай тұрғаны керек. Бай тұрған халық үй салады, оны қалауынша безендіреді. Тіпті, кейбірі әке-шешесінің картинасын салдыруға тапсырыс беруі ғажап емес. Ал бала-шағасын асырауға ақша таппай жүрген отбасына картина не керек?!», – деп жауап берді.
Ал Жас суретшілер одағының мүшесі Мәулен Көпбаевтың пікірі басқа. «Кеңестік кезеңнің суретшілеріне қарағанда жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Өзім әлеуметтік желілерде әншілермен жақсы байланыстамын. Телеарналарға да шығып тұрам. Соның арқасында танылдым. Мысалы, қарандаш немесе акварельмен салған А3 форматтағы портрет суретімді 100 АҚШ долларынан кем салмаймын. Елімізге танымал әншілердің үлкен пішіндегі портретін 4-5 мың долларға дейін салып жатырмын. Бірақ мұндай тапсырыс ай сайын түсе бермейді. Біз, жастар, үлкен кісілер сияқты «Арбатқа» барып отырмаймыз. Ғаламтор арқылы кәсіпті өрге домалатуға болады. Қазірге дейін 4 мыңнан астам туынды салдым. Он бес жасымнан оқып жүріп, табыс та тауып үлгердім. Сегіз жылда біраз жетістікке қол жеткіздім. Өзім шетелге шықпасам да, туындыларым ұйымдастырушылардың көмегімен шетел асып, көрмеден орын алды. Жеке коллекция бойынша Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Санкт-Петербургке жібердім. Тұңғыш Президент қорының ұйымдастырумен өткен екі халықаралық көрмеге қатыстым», – дейді.
Жас суретші Мәулен Көпбаев басқа суретшілер сияқты пайымдамайтынын айтады. «Еліміздегі суретшілерге риза емеспін. Өмірге деген көзқарастары, психологиясы дұрыс емес. Бір-екі картина ғана сатамыз, ақша жоқ дегенді көп айтады. Өзім бәріне позитивті қараймын. Негізі суретшілер нағыз ақшаға көміліп жататын мамандық иесі. Сенсеңіз, ұстазым Өмірбек Жұбаниязов бір туындысын 50 мың долларға да сатты. Өзге де мықты ұстаздарым бар», – деп жоғарыда еңбегінің бағасын жасырған ұстазының құпиясын ашып берді. Әрине, суретшінің еңбегі осындай ақшаға бағаланып жатса, қуану керек.
Ал «Елімізде 54 театр бар екен, ал бірде-бір Сурет академиясы жоқ. Тек Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында кафедра ғана бар. Содан болар, сурет өнері ақсап тұрғаны рас. Мемлекет тарапынан қолдау жоқ, болса да жасанды. Қазір кім қасқыр, сол мықты. Бұрынғы суретшілер қасаң пікірде қалып қойған. Суретшілер одағына кіру абырой емес. Себебі бұл жай ғана қоғамдық ұйым. Мәселен, Өзбекстанда Мәдениет министрінен тыс суретшілерді қадағалайтын мемлекеттік мекеме бар екен», – деп мәселенің төркінін әріден іздеген жас суретшінің пікірі ойлануға тұрарлық.
Алайда суретші Нұрбазар Қожиннің айтуынша, тапсырыспен салынатын картина – өнер емес. «Мұндай суреттерді салу – қиямет. Жаныңды жеп, қиналып отырып саласың. Амал жоқ, қу тіршілік не істетпейді?! Тапсырыстың да соңынан қуып кетуге болмайды. Ақшаға арбалсаң, өнерің адыра қалады. Ал, өзіңді толғандырған, толғатып жүрген дүниеңді жазғанда алабөтен, рахат күй кешесің. Үйіңе ыңылдап ән айтып, өте көңілді қайтасың. Өйткені жан қалауыңдағы жұмысты бір табан алға жылжыттың. Шығармашылық процесті үзген жоқсың. Тоқтап қалған жоқ. Тапсырыс болса, уақытыңды алады, шығармашылығыңа кедергі жасайды. Ешбір суретші тапсырыспен жасалған дүниесін шығармашылық жұмыс деп есептемейді. Мұндай картиналарды біреу көріп қоймаса екен дейді. Шын өнер ақша үшін емес, адам жан-дүниесінің қалауымен істеледі. Егер суретші тапсырыспен салынған картинасын өзінің жеке шығармасы ретінде таныстырса, ол – қасірет», – дегенді айтады.
Ол тағы бірде: «Суретші ешкімге керек болмай қалды. Өлі ме тірі ме, не күйде, бейнелеу өнерінің қазанында не қайнап жатыр – бәрібір. Егер атың шығып, шетелге көрмелерге жиі барсаң, картиналарыңа салық төле дейді. Ал жайшылықта суретші ешкімге керек емес. Сондықтан нарық заңымен өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Мәселен, Еуропа халқының тұрмысы жақсы. Сәйкесінше, олардың өнерді бағалауы, түсінуі ерекше. Лондонға барған сапарымда мынадай жағдайға куә болдым: біз барған көрме залдарының бірінде бастауыш мектеп оқушыларын мұғалімдері ертіп әкеліп, сол жерде түсіндіріп, сабақ өтіп жатты. Балалар президентін, премьер-министрін білмесе де, өз елінің суретшілерін жатқа біледі екен», – деп қорытындылады сөзін.
Шынында да, қазір суретшінің еңбегі бағаланып жатқан жоқ. Суретшілердің сөзінен ұққанымыз – cуретшілер табысының артуы үшін сол ортада өмір сүріп жатқан халықтың да әл-ауқаты жоғары болуы тиіс. Сонда ғана шын өнер иелерінің туындысы өтімді бола түспек. Ал қазіргідей күн көру қиындаған заманда суретшілер де тапсырысқа жұмыс істеп, жан баға бермек. Алайда өз ісінің шебері қай кезде де нарық талабына икемделіп, кәсібінің нәсібін көруге ұмтылуы тиіс.
Нұрбазар Қожин, суретші:
– Насихат мәселесі қазіргі сурет өнерінің ең үлкен түйткілдерінің бірі. Суретшілер мен өнертанушылардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Олар суретшілерді кітап шығаратын кезде ғана іздейді. Ал Кеңес өкіметі тұсында идеология болды. Өнердің барлық түрі сол идеология шеңберінде жұмыс істеді. Әр суретшінің соңында бір өнертанушы жүретін еді. Содан да суретшінің насихаты күшті болды. Керек десеңіз, бейнелеу өнеріндегі процестерді, суретшілердің шығармашылық тыныс-тіршілігін жазатын, насихаттайтын бірде бір баспасөз құралы жоқ.
Бүгінгі қоғам шын өнерді көңіл көтеретін, ойын-сауық шоулармен шатастырып алды. Мәселен, сықақшыны өнер адамы деп қабылдайтын дәрежеге жетті. Басқа елдерде мұндай үрдіс жоқ. Ресейдің өзінде ондай адамдар өздерін «сахна шеберімін» деп таныстырады. Бізде қалай, теледидарды қосып қалсаң, «өнерде жүргеніме бес жыл болды» деп тұрады әлдекім. Өнерде адам бес-он жыл жүрмейді, өнерге өміріңді арнап, соның өзінде танылмай кете баруың мүмкін. Өнер – адамның жүріп өткен өмір жолы, жан-дүниеңмен толғатып, жарыққа шығарған туындың, өзіңнен кейін де өмір сүретін шығармаң.