Көрермен көңілін арзан әзілмен неге аулаймыз?

Кинотеатрға қай уақытта барсаңыз да, отандық фи­льм­дердің кем дегенде 80 пайызы – комедия жанрында түсірілген фильмдер. «Әннің де естісі бар, есері бар» де­­гендей, оның да ішінде түрлісі бар.

Көрермен көңілін арзан әзілмен неге аулаймыз?
сурет: ашық дереккөз
1611

«Көрермендерді комедия ғана қызықтырады». «Сонда біз басқа жанрда фильм түсірмейміз бе?» Биыл «Оян, қазақ» фильмі осы бекіп қалған түсініктің іргесін сөккендей болды. Де­ген­мен бәрібір де биыл кинотеатрда көрсетілген фильмдердің көбі комедия жанрындағы туын­­­­дылар екен. Әдеттегідей, ең көп қаражат жинаған да – солар. Ал сала мамандарының сө­зін­ше, мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдер көрерменге жетіп жатқан жоқ...
Сонымен, биыл кинотеатрларда қандай фи­льм­дер көрсетілді? Қай отандық фильм ең көп кас­са жинады? Жалпы, біз не көріп жүрміз, бізге не ұсы­нып жатыр? Отандық кинонарықтың ахуа­лы қан­дай? Өнімнің сапасы ше?

Көргеніміз – комедия, түйгеніміз – түсініксіз

Ticketon.kz апта сайын жария­лай­тын ең көп касса жинаған фи­льм­дер­дің былтырғы қаңтардан бергі тізіміне шолу жасап көрдік. Биыл жыл бойы 35 қа­зақстандық фильм ең көп көрермен жи­наған фильмдер тізіміне енген екен. Олар­дың көбі – комедиялар. Әр кинотеатр не­месе билет сататын әр платформаның де­регін біріктіретін мәлімет жоқ, дегенмен бір ғана дереккөзден алынған мәлімет жал­­пы ахуалды бағамдау үшін әбден жет­кі­лікті. Сайттың мәліметтеріне сүйенсек, жыл басында «Кореядағы қазақша Бизнес», «Джо­хан», «Африкадағы Қазақша Бизнес» көш басында тұрған. Бұл ретте Нұрлан Қоян­баевтың екі фильмінің бюджеті 
400 000 АҚШ доллары және 800 000 АҚШ дол­лары болыпты. Бірақ одан кейін шық­қан драмалық «Бақыт» фильмі к­ө­рер­мен­дер­дің қызығушылығын тудырды. Ал «Мір­жақып. Оян, қазақ!» туындысына де­ген халықтың ықыласы тіптен ерекше бол­ды. Туындылар көрсетілімге шыққан ал­ғашқы апталарда рейтингте көш бас­та­ма­ғанымен, кейін комедияларды ығыс­ты­рып, бірінші орыннан көрінгенін айтып өту керек. Одан кейінгі апталарда, «Тор» фи­льмі, «Бүркіт» экшн фильмдері рей­тинг­ке шықты. Дегенмен алғашқы орын­дарға көтеріле алған жоқ. 
Ал Rentark порталының мәліметіне, 2023 жылдың басынан 2023 жылғы та­мыз­ға дейін кинотеатрлардың прокатына 30 отандық толықметражды картина шық­қан, ал касса 7 айда 7 миллиард тең­ге­ден асқан. Көшбасшылар қатарында та­ғы да «Қазақша бизнес» сериясының бе­­­­сінші фильмі, сондай-ақ «Тым болмаса ки­нода» фильмінің екінші бөлімі бар. Жыл­дың екінші жартысында тағы отан­дық 35 фильм шығады деп айтылған екен, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Бұл, әрине, кино көрсету на­рығындағы отандық киноның үлесі өс­кенін білдіреді. Дегенмен әдеттегідей биыл да жыл қорытындысы бойынша көш ба­сына комедия жанрында түсірілген туын­дылар шықпақ.
Былтыр да «Әкім», «Бишарашки», «Оff-line демалыс» сияқты комедия жан­­рында түсірілген кинокартиналарды та­машалауға халық көп барған екен. Жал­пы, 2022 жылы ел кинотеатрларының эк­­­­ранына отандық 38 толықметражды фи­­льм шыққан, кассасы 9,5 миллиард тең­­геден асыпты. Zakon.kz дерегінше, елі­міз­де фильм түсірудің орташа құны – 100 мил­лион теңге, яғни нарықтың жеке тәуел­сіз қатысушылары кино өндірісіне ша­­мамен 6 миллиард теңге жұмсаған. Биыл шыққан отандық фильмдердің жал­пы саны, қанша ақша әкелгені келер жыл­дың басында белгілі бола жатар, дегенмен сан жағынан ілгерілеу байқалғанымен, жанр­лық ізденіс, жалпы жаңашылдыққа ұм­тылыс жағынан ұмтылысты көре алмай отыр­мыз.
Иә, қай уақытта кинотеатрға барсаңыз да, көрерменге ұсынылған отандық фи­льм­дердің кем дегенде 80 пайызы комедия жанрында түсірілген фильмдер болып шы­ғады. «Әннің де естісі бар, есері бар» де­­гендей, оның да ішінде түрлісі бар. Сол ко­медиялардың көбісі тек отбасы, ене-ке­лін, бай мен кедейдің құда болуы сияқты тап­таурын мотивтерден әрі аса алмай отыр­ғаны тағы бар. Бұл туралы кәсіби сын­шылардың пікірін білетін боламыз, де­ген­мен көрген киноның көбінен көңі­лің толмай, «қарның ашып» шығатыны жа­­­сырын емес. Бірақ зал да бос болмай­ты­нын айта кету керек. Арзан әзілге деген сұра­ныс кино түсірушілердің басқа жанр­ға баруына кедергі болып отыр дейік десек, «Міржақып. Оян, қазақ!», «Бақыт» фи­льм­дері, одан бұрын көрермен көп бар­ған тарихи фильмдер комедияларды бір­неше рет ығыстырды емес пе? Талғам дей берсек, сапа қайда қалады? Ал мәселе көрермен талабы мен талғамында бол­маса, кино түсірушілердің басқа жанрға баруы­на бюджеттің аздығы бөгет пе? Де­ген­мен кино саласын қолдауға жыл сайын мемлекет ақша бөледі. Мәселен, былтыр ки­ноны қолдауға 5,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар фильмдерге (оның ішінде анимациялық фильмдерге) 4,95 миллиард теңге жұмсау жоспарланыпты. Сон­да біз не түсіріп жатырмыз? Ол фи­льм­дердің бәрі қайда? Неге кинотеатр­лар­дан көре алмаймыз? 

Қалған фильмдеріміз қайда?

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, мем­лекеттің қаржыландыруымен әр жылдары тү­сірілген 29 толықметражды фильм кө­рер­мен назарына ұсынуға дайын тұр. Олар­дың жартысының түсірілімі енді ға­на аяқталып жатыр. Ал одан бұрын тү­сірілген кей туындылар түрлі себепке бай­ланысты әлі де прокатқа шықпаған екен. Осыған байланысты жақында Ки­ноор­талықтың басқарма төрағасы Құр­манбек Жұмағали бұл фильмдерді 2024 жылы жарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылап, арнайы жиын өткізіпті. Төраға ұлттық бірлігіміз бен идеологиямызды дәріп­тейтін кинолардың көрерменге қол­жетімді болуы маңызды екеніне де тоқ­тал­ған.
– Менен «біздің ұлттық фильмдеріміз қай­да?» деп сұрап жатады. Бұл өте орынды сауал. Себебі соңғы жылдары мемлекетіміз кинематография саласына қомақты қар­жы бөлгенімен, көрермен оның нәтижесін көр­мей отыр. Фильмдер түсіріледі, алайда көбі прокатқа шықпайды. Әр туынды тү­сі­рі­ліп болған соң сөреде шаң басып қал­мауға тиіс. Прокат болсын, фестиваль бол­­сын, стриминг платформалар, телеар­на­­лар арқылы болсын – отандық көрер­мен­ге қолжетімді болуы керек. Бұл халық­тың ақшасына түсірілген фильмдер. Сон­дықтан жауапкершілікті түсініп, оның көрерменге жетуіне күш салу қажет, – дейді Құрманбек Жұмағали.
Экранға шықпаған туындылардың қа­тарында тіпті 2019 жылғы конкурстың нә­тижесінде түсірілген фильмдер де бар екен. Авторлардың көбі фестивальдерге қа­тысамын деп ұзақ уақыт жүріп қалған­да­рын айтты. Бұған қоса тарихи оқиғалар­ға негізделген, ұлы тұлғалардың мерей­тойы­на арналған жобалар да жетерлік бо­лып шықты. Дегенмен қаржыны иге­ру­де қиындықтар да бар екен.
– Бастапқыда мемлекет қаражатына фи­льм түсіру үшін өздерінің жобаларын асыра мақтап, конкурстан жолдама алған кей­бір киногерлер бар. Бірақ соңында жо­баларын одан әрі ілгерілету жұмыс­та­ры­нан өздері бас тартқан. Бұл дегеніміз, олар­дың мемлекеттік қаржыға деген тек тұ­тынушылық көзқарасын көрсетеді. Егер фи­льмнің көрерменге жетуі авторлардың өзі­не қызық болмаса, оны түсірудің не қа­жеті бар? Мұндай компаниялар мен ав­торлар бойынша Орталық болашақта бір шешім шығаратын болады, – деді Ки­ноорталықтың басқарма төрағасы.
Фильм авторлары туынды шыққан соң кемінде бір жыл халықаралық фес­тивальдерді аралап, уақытын өткізіп ала­ды екен. Әрі мұндай туындылардың про­катқа шығуы да қиын көрінеді. Ор­та­лық қарапайым көрермендер авторлық ки­ноларға көп бара бермейді деген пікір­де. Әйтсе де, авторлық фильмдердің де про­катқа шығуына мүмкіндік берілу ке­рек екені ерекше айтылды.
– Әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақ­са­ты­мыз – ұлттық киноны халыққа қолже­тім­ді ету. Себебі отандық кино ең әуелі өзі­міздің көрерменге қажет. Сол үшін бар­лығымыз – Киноорталық, фильм ав­тор­лары және дистрибьютерлер бірігіп жұ­мыс істеуіміз керек, – деп қоры­тын­дылады Құрманбек Жұмағали.
Тізімге Асхат Кучинчирековтың «Бауыр­ға салу», Дархан Төлегенов­тің «Ағайынды», Кенжебек Шайқақовтың «Айқай», Серік Апрымовтың «Ауыл» және тағы басқа фильмдер кіріп отыр. Бұл кар­тиналар прокатқа келесі жылы шығуы мүм­кін екен. Жалпы, дайын тұрған 29 жо­ба 2024 жылы толығымен жарыққа шы­ғуы керек деген шешім қабылданыпты.

Шетел фильмдері шекараны бұзады

Жалпы, кинотеатр нарығы әлемде та­бысы көп саланың бірі саналады. Шы­ғыны да аз емес, әрине. Пандемия кезінде айтарлықтай құлдыраған бұл нарық енді-енді оңалып келе жатыр. 
Әлем бойынша биыл Гета Гервигтің «Бар­би» фильмі ең көп табыс тапқан фи­льм деп танылды. Аты аңызға айналған қуыр­шақ туралы фильм 1,36 миллиард АҚШ долларын жинап, «Супер Марио: ағайындылар» анимациялық картинасын көшбасшылықтан ығыстырды. Барбидің премьерасы 2023 жылғы 21 шілдеде өткен еді және небәрі 17 күн ішінде миллиард дол­лар әкеліп үлгерді. Бұл Warner Bros. үшін ең сәтті фильм болды. Бұл туынды біз­дің елде де бірнеше апта рейтингте көш бастағанын айтып өту керек. Одан кейін атом бомбасының атасы – «Опенхеймер»  фильмі де көпшіліктің назарын ау­дарды. Одан бөлек, үндістердің гено­ци­ды туралы түсірілген «Ай гүлінің ажалы» фильмі де кассалық фильмдер қатарынан көрінді. Жалпы, мұның бәрі халық әзіл-сы­қақтан басқа жанрға қызықпайды де­ген пікірге сын көзбен қарауға түрткі болады. 
Биылғы прокатқа шыққан фильм­дер, жалпы кинотеатр нарығын­дағы ахуал туралы сала сыншыларының пі­кірін білдік. Кинотанушы Еңлік Егеу­баеваның сөзінше, маркетиңнің дұрыс болмауы басқа жанрдағы фильмдерге ке­сірін тигізіп жатыр. Ал киносыншы Да­на Әмірбекова саланың мәселесі талғамда да, бюджетте де емес екенін, бізге жаңа көзқарасы бар жаңа толқын жетіспейтінін айтады.

Дана Әмірбекова,
кинотанушы, киносыншы:

Мәселе ақшада емес...

– Өткен жылғымен салыстырғанда, биыл, өкінішке қарай, әр алуан жанр­ды байқаған жоқпыз. Барлығы дерлік комедия деуге болады. 2022 жылы комедиялардан басқа «Голиат», «Паралимпиадашы», «От», «Дос-Мұ­қасан», «Патриоттар уақыты», «Қаш» және тағы да басқа фильмдер про­катқа шықты, ал 2023 жылы драмалық фильмдерден тек «Бақыт» жә­не «Тор» фильмдерін атай аламын. Комедия жанрында көрермен на­зарына ұсынылған фильмдерден тек «Донор» деп аталатын жақсы от­басылық комедия есімде. Бірақ ол 2022 жылы шықты.
2023 жылы көрсетілген фильмдердің 95 пайызы – комедия. Егер кө­­­рермен тек комедияларды көруге дағдыланған болса, басқа жанрларға қызығушылық қайдан пай­да болады? Егер кассаны тек «сынақтан өткен» комедия жанры әкелсе, авторлар басқа жанрларға қай­дан қызығушылық танытады? 
Сонымен қатар комедиялардың, әдетте, көркемдік сапасы көңіл көншіте бермейді. Көптеген же­ке нарық продюсерлері мен режиссерлері, өкінішке қарай, ең алдымен ақша табу мақсатында фи­льм түсіреді. Тәжірибе көрсеткендей, оларға «КВН» сияқты арзан әзілді түсіру оңай. Оған қоса, мұн­дай фильмдердің актерлік құрамында да айырмашылық аз, бірақ бәрінде бір кейіпкер сияқты: бұл комедиялардың көпшілігін бір режиссер түсіргендей әсер қалдырады. Бірақ бұл таза продюсерлік кино болуы мүмкін. Тұщынып көре алмайсың, кәсіби емес, қатып қалған таптаурындар мен сте­рео­типтер. Өкінішке қарай, бүгінде біздің жанрлық продюсерлік кинематографияның бет-бейнесі – осындай. 
Шын мәнінде, комедиядан бөлек, қазір басқа жанрдағы фильмдер де түсіріліп жатыр. Бұл не­гізінен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен, яғни мемлекет қаражатына тү­сірілген фильмдер. Өкінішке қарай, бұл фильмдердің көбісі әлі прокатқа шыққан жоқ. Жақында ға­на ҰКҚМО басшылығы осы фильмдердің авторларымен кездесіп, жаңа фильмдердің көрерменге жетуі үшін, яғни кинофестивальдер мен прокатқа шығуы үшін күш салу туралы үлкен мақсат қойды. Мақ­сат орындалса, түрлі жанрлардағы ең қызықты тақырыптарда түсірілген жаңа қазақ фильмдерін кө­ретін боламыз.
Талантты авторлар мен режиссерлердің басқа жанрдағы фильмдерді – камералық драмаларды, хор­рорлар мен триллерлерді, тіпті детективтерді қыруар бюджетсіз-ақ түсірген кездері көп болған. 7-8 жыл бұрын қазақ киносында қазіргі танымал режиссер Әділхан Ержанов бастаған «партизан ки­носы» сияқты қозғалыс болды. Оның құрамына бірнеше Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Асқар Ұза­баев және т.б режисерлер кірді. Олар аз ғана бюджетке драмалық фильмдер түсіре алды. Мұны Еу­ропа киносындағы «догма-95» сияқты танымал бағытпен салыстыруға болады, даниялық ре­жиссерлер Ларс фон Триер, Томас Винтербергтер ірі студиялар мен конвейер кинотеатрлардың өн­дірісіне қарсы фильм түсірудің жаңа тәсілін ұсынды. Олардың өздерінің манифестері, ережелері бол­ды, бірақ бұл – басқа мәселе. Дәл бүгін қазақ киносында кадрда да, кадр сыртында да осындай қоз­ғалыстар – жаңа көзқарасы бар жаңа толқын жетіспейді. Жанрдағы әлдебір ерекшелік, жалпы фи­льм түсіру әдісіндегі әлдебір жаңашылдық кемшін. Сондықтан микробюджетпен тек комедия ғана түсіре аламыз деген жаңсақ пікірден арылу керек. Егер драматургия тұрғысынан ерекше және қы­зықты болса, тіпті бүкіл фильмді көліктің салонында бір ғана актермен түсіріп шығуға да болады. Қа­зір бір ғана локацияда түсірілген шетел фильмдері өте көп... Мәселе ақшада емес, идея мен кәсіби сце­наристердің жеткіліксіздігінде.

Еңлік Егеубаева
кинотанушы:

Маркетиңнің дұрыс болмауы басқа жанрдағы фильмдерге кесірін тигізіп жатыр

– Биыл прокаттағы топ-3 фильм деп «Бақыт» (реж. А.Ұза­баев), «Міржақып. Оян, қазақ!» (реж. М.Есжан), «Адемо­ка­ның оқуы» (реж. Ә.Ержанов) фильмдерін атар едім. Бұл фи­льм­­дер біз ұлт ретінде жиі назардан тыс қалдыратын та­қы­рыптарды көтереді: тұрмыстық зорлық-зомбылық, рухани жә­не интеллектуалды деградация.
«Бақыт» фильмі ұзақ уақыт бойы тұншығып келген проб­леманы көтеріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қар­сы үн көтерді. «Міржақып» Алаш зиялыларының тарихы арқылы бізді құлдық сананың бұ­ғауынан құтқарып, ұлттық рухты жандандыруға ұмтылады. «Адемоканың оқуы» күрес­кер адамның бейнесін қазіргі заман контексі арқылы көрсетеді. Әрине, бұл аталған дү­ние­лер фильмнің бетінде жатқан мәселелер, зер салып қараған сайын олардың қат­пар­лары да ашыла түседі. Сол себепті, биылғы прокаттағы фильмдердің ішінен салмағы бар осы туындыларды атар едім.
Kinopark-Kinoplexx кинотеатрларына барған кезде сіз жарнамаланып жатқан фи­льм­дердің 90 пайызы TigerFilms студиясының фильмдері екенін байқайсыз. Бұл белгілі бір кинотеатрлар тек белгілі бір студиялардың фильмдерін белсенді түрде наси­хат­тай­ты­нын көрсетеді. Сол себепті, кейде көрермендерде фильмдердің мазмұндық сапасына қа­тысты жаңсақ пікірлер қалыптасуы мүмкін. 
Жарнама көрермендердің көзқарасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады және ол неғұрлым сапалы болса, соғұрлым табыс та артады. 
Қазіргі комедиялар – скетчтерден құралған, драматургиясы әлсіз өнім. Кинотеатрларға дейін өте жақсы сұраныста болған «КВН», әзіл-сықақ театр әртістері белгілі бір оқиғаның іші­не әзіл араластырып, киноға қосылды және олардың кассалық табысын көрген басқа өн­дірушілер осы үлгіні жаппай қайталай бастады. 
Сондықтан қандай дүние түсірсе де, өндірушілер ең алдымен маркетиңге аса мән бер­гені дұрыс. Маркетиңнің дұрыс болмауы біздегі басқа да жанрдағы фильмдерге кесірін тигізіп жатыр. Осы ретте, 28-желтоқсан прокатқа шығатын «Дәстүр» фильмінің кассалық та­рихы жақсы болады деп сенемін.

Қорыта айтқанда, кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдердің ішінде отандық фильмдердің үлесі артып келе жатқаны байқалады. Бұл – қуантарлық жайт. Дегенмен олардың сапасы мен жанрлық әралуандығы мәселесінде түйткіл көп. Ал мемлекет қолдауымен түсірілген, халықаралық додаларда жүлде алып жүрген үздік туындыларды кинотеатрларға шығару мәселелсі енді пысықталып жатыр. Олар көрермен назарына ұсынылса, жақсы туындылар көңіл қуантатынына сенім мол. 
 

Серіктес жаңалықтары