«Декрет – нағыз тығырыққа тірелетін кез»: Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған ана табыс табудың сырын айтты

«Қазір көбі YouTube-пен жұмыс істеп, ақша табуға болады дегенге сенбейді. Бұл – көзін тапқанға кәдімгі кәсіп. Ең бастысы, сабыр керек дер едім. Жалпы, түйгенім, ешкімнен ешнәрсе күтпей, шын көңілмен, махаббатпен жасаған ісің өзі-ақ табыс әкеледі екен», – дейді Нұрзина Серікбаева.

«Декрет – нағыз тығырыққа тірелетін кез»: Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған ана табыс табудың сырын айтты
коллаж: turkystan.kz
3039

Үй шаруасымен айналысып, тамақ пісіру – әрбір әйелдің қолынан келетін іс. Алайда мұны табыс көзіне айналдыруға болатынын білетін бе едіңіз?

Бүгінгі кейіпкеріміз  Нұрзина Серікбаева әлеуметтік желідегі оқырманға түрлі рецепт бойынша тағам әзірлеуді үйретіп жүр. Ол үшін арнайы видео түсіріп, әрбір тағамның жасалу жолын түсіндіріп отырады. Осылайша, өз аудиториясын қалыптастырған ол сүйікті ісі арқылы табыс табудың сырын да білген. Жас ана декретте отырып бастаған кәсібі туралы  turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Нұрзина Серікбаева – Ақтөбе қаласының тұрғыны, негізгі мамандығы – филолог.  Төрт баланың анасы сәби күтімімен үйде отырғанда түрлі идея келгенін айтады. Алғашында саудамен, желілік бизнеспен айналысып көрген. Алайда өзіне ұнағаны тамақ пісіру болыпты. Осылайша, YouTube желісінен жеке каналын ашып, жұмысын бастап кетеді. Басында ешкім қарамаса да, сүйікті ісін ары қарай жалғастыра беріпті.

«Бұл істі бастағаныма екі жарым жылдай болды. Қазір үлкен жетістікке жеткен, өзінің жеке кәсібі бар әйелдерді қарасаңыз, басым бөлігі декретте отырғанда бастаған. Өйткені декрет – нағыз тығырыққа тірелетін кез. Бала, үйдің шаруасы. Кейде айналып келе беретін тірлік шаршатуы мүмкін. Әр істің басын шалып көресің. Өйткені «Қолымнан не келеді екен?» деп, өзіңді іздей бастайсың. Әрине, соның ішінен өзіңе ұнайтыны табылады. Соны ары қарай дамытсаң, жетістікке жетесің. Басында сауданы да, басқасын да көрдім. Ішінде жаныма жақыны осы түрлі тағам пісіріп, оны видеоға түсіріп, желіге жүктеп отыру болды. YouTube курсын оқыған едім. Соның көмегі тиді. Телефоным ескі, үйдегі ыдыстарым қарапайым болғанына қарамастан тамақ пісіріп, оны видеоға түсіріп, желіге жүктеп жүрдім. Басында ешкім көрмейтін. Оған көңілімді түсірмей, өзіме ұнағаннан кейін сала бердім. Уақыт өте келе оқырмандар жазыла бастады», – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Нұрзинаның әрбір бейнежазбасын асыға күтетін қыз-келіншектер көп. Бәрін бүге-шігесіне дейін түсіндіретін видеосына үңіле отырып, түрлі ас әзірлейді әрі жылы лебізін білдіруді де ұмытпайды. Нұрзина Серікбаева оқырманның ыстық ықыласы ары қарай ізденіп, жаңа рецепт ойлап табуға жол ашатынын, шабытын арттыра түсетінін айтады.

«YouTube арнам қазақ аудиториясына ұнай бастады. Түрлі жақсы пікір жазылып жатты. Адамдардың жылы лебізін естіген сайын «Енді қандай таңғалдыратын рецепт жасасам екен?» деген ой мазалайтын болды. Іздене бастадым. Негізі, кез келген тағамның рецебін бір қарап алып, жасай беремін. Құлшынысымды байқаған жолдасым фото, видеоға жақсы түсіретін жаңа телефон алып берді. Одан сайын қуанып, шабыттана түстім. Содан кейін Instagram, TikTok желілерінен де парақшамды аштым. Қазір үш аудиторияда тұрақты оқырмандарым бар. Бұрын-cоңды жасап көрмеген тағамдарды пісіруге тырысамын. Оқырмандарға менің қазақ тілінде түсіндіргенім, сөйлегенім ұнаса керек, «Дауысыңыз әдемі, жақсы түсіндіресіз», «Сіздің рецебіңіз бойынша жасағаным бірден шығады» дейді. Көрерменнің жүрегіне жол табу үшін барынша шынайы, әділ болуың керек. Ештеңені жасырмай айту қажет. Кейбір адамдар «YouTube-тан қарап жасаған тамақтарым дұрыс шықпайды. Олар бірдеңені айтпай, жасырып қалады» деп ойлайды екен. Мен керісінше барлығын жасырмай, грамына дейін жазып қоямын. Оқырман соған риза болады. Ешкімді алдағым келмейді. Нақты түсіндіріп, бір жасағанда шығатындай етіп саламын. Осындай әрекетіңді жұрт бағалайды, оқырман мен қаралым саны көбейіп жатқаны содан шығар», – дейді Нұрзина Серікбаева.

Кейіпкеріміз бір тағамды әзірлеу жолын видеоға түсіріп, жүктеуге екі сағаттай уақыт кететінін айтады. Жалпы, осы жұмысқа күнде 7-8 сағатын арнайды екен. Бүгінде асханасының сәнін келтіру үшін арнайы құрал-жабдықтар сатып алыпты. Мұндағы мақсат көрерменге жағымды әсер сыйлау екен.

«Төрт баланың анасымын. Балаларымның жас аралығы жақын. Екеуі балабақшаға барады. Үйде екі кішкентайыммен қаламын. Көбіне олар ұйықтап жатқанда жасаймын. Негізі, өзім бәрі әдемі болып тұрғанын жақсы көремін. Арнайы шам қойып, құрал-жабдықтар алдым. Оқырмандарым көбіне бәрінің үйінен табылатын рецепт бойынша тағам әзірлеуімді өтінеді. Соны ескеремін. Егер жасалуы қиын әрі қажетті заттары қымбат болса, оны ары қарай қарамауы мүмкін, жай өткізіп жібере салады», – дейді ол.

Нұрзина жақында қасына көмекші алғанын айтады. Ендігі мақсаты – кәсібін кеңейтіп, дүкен ашу. Жас ана қазіргі табысын жасырып қалмады.

«Негізі табысың жұмыс істегеніңе байланысты. Желіге видеоны үнемі салып отыру керек. Айына кемінде 500-700 мың табамын. Белсенді болсаң, табысың да артады, жарнама берушілер де көбейеді. Қазір көбі YouTube-пен жұмыс істеп, ақша табуға болады дегенге сенбейді. Бұл – көзін тапқанға кәдімгі кәсіп. Ең бастысы, сабыр керек дер едім. Ісіңді жарты жолдан тастап кетпеу керек. Қазіргі заман жан-жақтылықты талап етеді. Әлеуметтік желіні жақсы меңгеру қажет. Сіздің табыс табуыңызға көмектесетін адамдар сол жерде. Жалпы, түйгенім, ешкімнен ешнәрсе күтпей, шын көңілмен, махаббатпен жасаған ісің өзі-ақ табыс әкеледі екен», – дейді Нұрзина Серікбаева.

 

Серіктес жаңалықтары