Жол картасының орындалуы — басты назарда

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылыпты.

Жол картасының орындалуы — басты назарда
644

Бүгін «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы отырысының кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев қатысты.

Жиында алғаш болып сөз тізгіндеген партия облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов фракция мүшелерінің басты мақсаты – өңірдің өркендеуіне, партияның алдағы 2027 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасы және сайлау науқанында халықтан түскен аманаттың орындалуына барынша ықпал етуі болып табылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға үлес қосу да негізгі мүдде екенін тілге тиек етті.

– 2022 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, Президентіміз алдағы жеті жылдық кезеңдегі еліміздің даму барысын айқындайтын «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты бағдарламасын ұсынды. Аталған іс-қимыл жоспарын орындау үшін 2022 жылғы 26 қарашада 61 іс-шарадан тұратын облыстық жоспар бектілген болатын. Жоспардың қабылданғанына 1 жылға жуық уақыт өтті. Сонымен қатар, «АМАNAT» партиясы Жамбыл облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының да орындалу барысы да назарымызда. Өздеріңізге белгілі, бүгінге дейін фракция отырыстарында жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдаған болатынбыз, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Мұнан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл облысының әкімдігі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етіп, орындалу барысын баяндады. Оның сөзінше, бағдарламада «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылдан бастап 22 ауылдық округ енгізіліп, 2,5 пайыз бойынша 11,5 млрд теңге көлемінде 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылу көзделген болатын. Дегенмен биыл 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылыпты.

Сонымен қатар, партияның Сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығын ілгерілету мақсатында су қоймаларының құрылысын жүргізуге де ықпал ету жоспары болған. Айта кетейік, аймақта Жол картасы аясында көлемі 650 млн. текше метрді құрайтын 2 су қоймасында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста Тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтары. Осы орайда, аймақта жыл басынан 607,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, тағы 74 үйдің құрылысы қарқын алған. Сондай-ақ, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту аясында жыл соңына дейін 47 нысанның құрылысы аяқталады. Ал, 11 елді мекенде 9 мың адам газға қосылады. Бұл да жыл соңына дейін толығымен аяқталмақ.

Жергілікті әкімдік пен партияның баса назар аударып отырған саласының бірі – білім саласы. Аталған бағытта ағымдағы жылы жаңа 28 білім беру нысанының құрылысы басталып, 3 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 10 мектеп пайдалануға берілуді деп күтілуде.

– Облыста 391 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетіп жатыр. 24 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр,  оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында. Бүгінге 6 нысан пайдалануға берілді. Ірі нысандардың бірі – Тараз қаласындағы облыстық онкологиялық диспансер, Шу ауданындағы балаларға арналған оңалту орталығы.

Жыл соңына дейін тағы 13 денсаулық сақтау нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 5 нысан 2024 жылы енгізілмек. 9 нысан күрделі жөндеуден өтті,  2 нысанда жұмыстар жүргізілуде.19 аурухана мен 3 емханаға медициналық құрал-жабдықтар және 14 аурухана мен                              3 емханаға 40 бірлік жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Нәтижесінде, емдеу мекемелерінің медициналық техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі 96%-ға жеткізілетін болады.

Ал келер жылы жоспарға тоқсалып өтсем, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 20 медициналық-санитарлық нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, сондай-ақ Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда. Нәтижесінде денсаулық сақтау нысандарының тозуы 40,3%-дан 38%-ға дейін жеткізілетін болады, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Есепті баяндамадан кейін фракция мүшелері шешімін табуы қажет бірқатар өзекті мәселелері көтерді. Атап айтқанда, білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарына арзан материал қолданатындығын қатаң сынға салды. Сондай-ақ, ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамту жұмыстарын сапалы жүргізу назарға алынды.

Серіктес жаңалықтары