Қақ жасап, өнімін шетелге танытқан ауыл тұрғыны

«Жақында Дубайда кәсіпкерлерге арналған конференцияға қатыстым. Шетелдіктер де оң бағасын беріп отыр».

Қақ жасап, өнімін шетелге танытқан ауыл тұрғыны
2692

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Достық ауылының тұрғыны Феруза Басуова ерекше кәсіппен айналысады. Ол түрлі жеміс-жидектен қақ жасап, мұны табыс көзіне айналдырған. Айтуынша, ешқандай қоспасыз әзірленетін бұл өнімнің денсаулыққа пайдасы көп. Феруза Басуова бизнесті қалай бастағанын  Turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Кейіпкеріміздің бұл кәсіпті қолға алғанына бір жылдан асқан. Аз уақыт болса да, бір жылда жеткен жетістіктері аз емес. Шетелде және елімізде өтетін түрлі конференция, конкурстарға қатысып, отандық өндірісті дамытуға үлесін қосып жүр. Жақында мемлекеттік грантты иеленіп, өндіріске қажет құрал-жабдықтар алғанын айтады.

«Бірінші пастиладан жасадым. Қолымда бір ғана құрал-жабдығым болды. Биыл мемлекеттік грант иегері атанып, 400 АЕК, яғни 1 млн 380 мың теңге алдым. Соған біраз керек дүниелерді сатып алып, кәсібімді кеңейттім. Слайсер алдым. Ол дегеніміз – жеміс-жидектерді жұп-жұқа етіп кесіп шығаратын машина.  Қазір алма, алмұрт, апельсин, банан, алхоры, құрма жемістерінен қақ әзірлеп жатырмын. Бұл – тиімді бизнес. Оны сатып алушылар көп, сондықтан шығын орнын ары кетсе бір жылда толтыруға болады. Жұмыссыз жүрген жандарға осы кәсіппен айналысуды ұсынар едім», – дейді ол.

Кәсіпкер пастила жасау технологиясын әлі де жетілдіріп жатқанын айтады. Ең бастысы, өнімге сұраныс жақсы. Бүгінде бақша өнімдерінен жасалған өнімді аудан, қала аумағындағы сауда орындарының сөресінен көруге болады. Феруза Басуова әлеуметтік желі арқылы еліміздің әр аумағынан тапсырыс түсетінін айтады. Сұранысқа сай сапалы өнім шығаруды мақсат еткен кәсіпкер қоластына қызметкер алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.

«Түркістан облысында шілде айында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі болды. Соған қатысып, финалға шықтым. Қазір финалистермен мамандар бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Өнімдерімізден бренд жасап, оны шетелге шығару жоспарда бар. Жақында Дубайда кәсіпкерлерге арналған конференцияға қатыстым. Шетелдіктер де оң бағасын беріп отыр. Тағы грантқа қатысып жатырмын. 16 желтоқсанда нәтижесі шығып қалар. Грантты ұтып алсам, тағы құрал- жабдықтар алып, төрт-бес жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмын», – дейді кәсіпкер.

Феруза Басуова еліміздегі оқу орындарын, балабақшаларды  жеміс-жидектен жасалған өніммен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Айтуынша, аталған өнім жас пен кәрінің денсаулығына пайдасы зор.

«Шикізатты жазда, күз айларында дайындап қоямын. Мұздатқышқа салып қойғанмын. Әлемге фрипсы деген атпен танымал өнімді жоғары сапалы жеміс-жидектен жасаймын. Өнімді көбейткен соң қолжетімді бағада мектепке, оқу орындарына, балабақшаларға өткізсек деген ниет бар. Өйткені қақ пен пастила денсаулыққа пайдалы. Тісті нығайтып, асқазан-ішек жолдарын тазалайды. Сонымен қатар бұл фитнес орталықтарына таптырмас өнім дер едім. Себебі адам оны жегеннен кейін ұзақ уақыт тоқ жүреді. Осындай керемет дүниені танытуымыз керек. Жалпы, Түркістан облысында жеміс-жидек көп. Бұл – біздің байлығымыз», – дейді Феруза Басуова.

 

Серіктес жаңалықтары