Америкада 1925 жылы басылып шыққан қазақ тарихы жайлы кітап табылды

Кітап Вашингтондағы Католик университетінен табылды.

Америкада 1925 жылы басылып шыққан қазақ тарихы жайлы кітап табылды
24.kz
4585

АҚШ-та құнды мұраларды зерттеп жүрген журналист Дүйсенәлі Әлімақын қазақ тарихы туралы көне кітапты тапты. Жинақ 1925 жылы Нью-Иорк және Бостонда қаласында бірден басылып шыққан, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz телеарнасына сілтеме жасап. 

Кітап Вашингтондағы Католик университетінен табылды. «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқитын Дүйсенәлі Әлімақын мұрағаттарды ақтарып, бір ғасыр бұрын жазылған британдық жазушы, тарихшы әрі қоғам қайраткері Ральф Фокстың кітабын тапты. «Дала халықтары» деп аталатын жинақ автордың алғашқы еңбегі екен.

«Кітап ішінде қазаққа қатысты дерек өте мол. Ең бастысы кітаптың екінші мұқабасында қазақтың құсбегісінің суретін салған. Кәдімгі 1900 жылдардағы қазақтың бейнесі. Сосын мұнда арнаулы тарауы «қазақ мінезі» деп аталады. Қазақ туралы, қазақтың кім екені жөнінде жазылған. Ең бастысы бұдан бұрынғы батыс және басқа елдің саяхатшылары қазақтарды қырғыздармен шатастырады. Ал мұнда бұл ұғымға өте дәлдікпен баға береді», - дейді журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Батыс зерттеушілері ХIХ ғасырда қазақ халқы жайында түрлі еңбектер жазған. Ральф Фокс - солардың бірі. Ол қазақ ауылдарын аралап, тұрмысын, салт-дәстүрін зерттеген. Автор қазақ жерінде көрген-білгенін нақты деректермен жазған. Кітапта 1900 жылдары Арал теңізінің Көк теңіз деп аталуы, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің ақиқаты мен екі ғасыр бұрынғы қазақ әйелінің бет-бейнесін суреттеп, халықтың тұрмысын сөз етеді.

«Батыс саяхатшылары болсын, Америка саяхатшылары болсын бәрі 1800-1900 жылдардан бастап қазақ даласына барған. Солардың тарихы туралы, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін, саяси жағдайын, олардың көзқарасы, діні, мектебі, жағдайы туралы ақпарат жазып, Америкада, Еуропада кітап қылып шығарған. Неге десеңіз бұл қарым-қатынастың сол кезден басталғанын айғақтайды», - дейді журналист Дүйсенәлі Әлімақын.

Дүйсенәлі Әлімақын небәрі үш айда бір ғана Вашингтоннан қазақ халқына қатысы бар тарихи фактілерге толы осындай бірнеше кітап тапқан.

 

Серіктес жаңалықтары