Халықтың жиған-тергенін Үкімет қайда жұмсамақ?

Еліміздегі энергетика инф­ра­құры­лым­дарының әбден тозғаны күдік келтірмейтін, көңілді күпті ететін мәселе. Жаңартылған балама энергияға көшу тұр­мақ, инфрақұрылымымыз қазіргі жүк­те­мені де көтеруге қауқарсыз болып барады. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұр­мақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы тұтас жарықсыз қалды. Дегенмен инфрақұрылымды жаңартуға неліктен ха­лықтың зейнетақы қорындағы ақша жұм­салмақ? Үкімет отырысынан кейін Үкі­мет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қаражатты қарыз деп атап, қа­рыздың қорға қайтарылатынына кепіл­дік берген болатын. Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме? Міне, мәселе осында бо­лып отыр.

Халықтың жиған-тергенін Үкімет қайда жұмсамақ?
сурет: GOV.KZ
1193

Өткен айдың аяғында халықтың зейнетақы жинағынан ақша алынатыны туралы ақпарат тараған еді.  23 қарашада Премьер-Министр Әлихан Смайылов Бірыңғай зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге қаражат алынатынын растап, бұл ақшаны инфрақұрылым жобаларына инвестициялау көзделіп отырғанын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, бұл қаражат энергетика инфрақұрылымының жобаларына жұмсалмақ. Одан бөлек, БЖЗҚ активтерін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазынаның» облигацияларына инвестициялау жоспарланып отырғаны да мәлім болды.  Бұл жаңалықты қоғам да, сарапшылар да қызу талқылады. Ал өткен аптада желіде бұл шешімге қарсы петиция жарияланды. 

Сонымен, БЖЗҚ қаражаты қалай алынбақ, қалай жұмсалмақ? Оған кім жауапты болады? Оның пайдасы қандай, зияны не?

Қаржы қайда жұмсалмақ?

Қарашада Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­рын­дағы қаражаттың 1,5 триллион теңгесі инфра­құры­­лым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат тара­ды. «ҚазТаг» агенттігі «Бәйтерек» холдингінің Энер­гетика министрлігіне жолдаған құжатында қар­жы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны ай­­­­тылғанын жазды.
Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген «Бәй­те­рек» холдингі шешім қабылданса, инвестициялық жо­баларға қор қаражаты тартылуы мүмкін екенін мә­­­лімдеді.
Сонымен, аталған құжатта қаржы сәуір айындағы эко­номиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік ко­миссияның шешіміне сәйкес бөлінетіні жазылған. Биыл жыл соңына дейін 500 миллиард теңге, 2024 жы­­лы тағы 1 триллион теңге инвестициялануға тиіс. Қа­ра­жатты Қазақстанның Даму банкі мен Ин­дуст­рия­лық даму қоры тікелей алмақ. Айтып өткеніміздей, құжатта энер­ге­тика саласындағы жобаларды қар­жы­лан­дыру туралы айтылған. Бұл бастамаға қол­даныстағы инфрақұрылымның, ең алдымен, генерациялау қуатының тозуы себеп болыпты. Осы себепті біз көмір мен оны пайдаланатын электр стансаларынан біртіндеп бас тартуымыз керек. БЖЗҚ қа­ражатын, сонымен қатар, газ, су, жел және күн электр стансаларын салу мен жаң­ғыр­туға жұмсау да жоспарланған. Құжатта жа­зылған жобалар қатарында газға көші­рі­летін Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, Ақ­тө­бе облысындағы жел электр стансасы, Қа­рағанды облысындағы Балқаш көлін­де­гі күн электр станцсасы, Ақмола об­лы­сындағы ЖЭО бар.
Еліміздегі энергетика инф­ра­құры­лым­дарының әбден тозғаны күдік келтірмейтін, көңілді күпті ететін мәселе. Жаңартылған балама энергияға көшу тұр­мақ, инфрақұрылымымыз қазіргі жүк­те­мені де көтеруге қауқарсыз болып барады. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұр­мақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы тұтас жарықсыз қалды. Дегенмен инфрақұрылымды жаңартуға неліктен ха­лықтың зейнетақы қорындағы ақша жұм­салмақ? Үкімет отырысынан кейін Үкі­мет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қаражатты қарыз деп атап, қа­рыздың қорға қайтарылатынына кепіл­дік берген болатын. Қазанға түскен қапқа қайтып түсе ме? Міне, мәселе осында бо­лып отыр.

«Халықтан қарызға ала тұрамыз»

Сонымен, Премьер-Министр Әли­хан Смайылов бұл қаражат Үкі­мет­тің алған қарызы екенін айтып, оның қай­тарылуына мемлекет кепілдік бере­ті­нін айты. 

– Егер Үкімет қарыз алса, оны кері қай­­таруға кепілдік береді. Бұл үкіметтік қа­рыздар қатарына жатып, оны респуб­ли­­­калық немесе квазимемлекеттік ком­па­­ниялар есебінен қайтарады. Сондықтан бұл қаражат міндетті түрде қайтарылады, – деді Смайылов.

Премьер-Министр зейнетақы қоры са­лымшылардың активтерін көбейту үшін оны инвестициялауы керек екенін де айтты.

– Қазір Үкімет индустриализация, кө­лік, инфраструктура саласында ірі жо­баларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оларға инвестиция тартудың әртүрлі жол­дары қаралып жатыр. Оның ішінде зей­нетақы қорынан қаржы алу да бар, – деді.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиев бұл мәселеге қатысты Мәжіліс қабырғасында пікір білдіріп, сұрақтарға жауап берген болатын. Оның сөзінше, энергетика жобаларына қаржы салу – өте сенімді инвестиция.

– Бүкіл әлемде энергетикаға қаржы салу өте сенімді инвестиция саналады. Әсі­ресе, ел ішінде, өйткені мемлекет баға­ны реттеп отырады. Біз төлем тәртібін қа­таң сақтаймыз. Оған қоса жылдан-жыл­ға энергия тапшылығы сезіліп келеді, сон­дықтан энергия өндіретін нысандар­дың бәрі қамтылады. Тікелей шетелдік ин­вестиция тартылатын, жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту жөніндегі ау­қым­ды бағдарлама бар. Яғни, энергетика са­ласы өсіп-дамиды, бұл сала инвестиция үшін тартымды бола түседі, – деп түсін­дірді Сәтқалиев.

Министр энергетика саласын дамыту Үкіметтің басты міндетінің бірі екеніне де тоқталып өтті. Ол егер зейнетақы қоры ак­тив­терін энергетика саласындағы жо­баларға инвестициялаған жөн деп шешсе, қар­жы сенімді және қамтамасыз етілген жобаларға салынатынына сенімді екенін де жеткізді.

– Егер қарызды «Самұрық-Қазына» қо­ры­ның құрамына кіретін компаниялар алса, Үкімет акционер ретінде қарыздың тиімді жұмсалып, уақтылы қайтарылуын қа­дағалай алады. Яғни, бұл ақша нарық­тық бағада кіріс әкелуімен қатар, пайдалы бо­лады. Инфрақұрылыммен қатар, эко­но­ми­каны, энергетика саласын дамытуға мүм­кіндік беріп, халықтың өмір сүру са­па­с­ын арттыруға, өнеркәсіпті дамытуға ал­ғышарт пайда болады. Оған қоса БЖЗҚ жа­қсы инвестициялық кіріс алады, – деді Энер­гетика министрі.

Яғни, олжасыз қа­ла­тын ешкім жоқ деп сендірді. Сонымен қатар министр өз саласы­ның мұң-мұқтажын да санамалап берді. Оның сөзінше, дәл қазір энергетика са­ласы 5 триллион теңге инвестицияға мұқ­таж. Жалпы, министр бұл қадамды қол­дайты­нын айтты.
12 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев Бірыңғай зейнетақы қорынан инф­рақұрылым нысандарына бағыттала­тын қазақстандықтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинағының сақталуына алаң­даушылық болмауы керек екенін мә­лім­деген болатын.
Ал Ұлттық Банк төрағасының орын­ба­сары Әлия Молдабекова ел азамат­та­ры­ның ақшасы мемлекет экономикасына жұ­мыс істеуге тиіс екенін айтып, ақшаны ин­вестициялаудың маңызын түсіндірді. Төрағаның сөзінше, қазіргі зейнетақы ак­тивтерінің жалпы көлемінің шамамен 70 пайызы өз нарығымызға инвестиция­ланды. 

– БЖЗҚ – Қазақстан экономикасын­да­ғы ірі институционалдық инвестор, сон­дықтан да мұндай инвестицияларды дұ­рыс түсіну қажет. Өйткені қазақстан­дық­тардың ақшасы, бірінші кезекте, өз эко­номикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына да ықпал етеді, – деді Әлия Молдабекова.

Төраға орынбасары келтірген мә­лі­мет­ке сүйенсек, 2023 жылғы 11 ай­­да БЖЗҚ зей­­нетақы активтері бойынша ин­­вес­ти­ция­лық табыс 1 279,4 млрд тең­ге­ге жеткен.

– Жалпы, зейнетақы активтерінің қа­зіргі көлемі – 17,3 трлн теңге. Оның ша­­­­ма­мен 70 пайызы жергілікті нарыққа инвес­ти­цияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Рес­­­публикасының мемлекеттік бағалы қа­ғаздарына, квазимемлекеттік сектор су­бъектілерінің және басқа да қазақ­стан­дық эмитенттердің бағалы қағаздарына са­лынған инвестициялар, – деді ол.

Ал зей­нетақы активтерінің шамамен 30%-ы – ше­тел қаржы нарықтарындағы дамыған жә­не дамушы елдердің мемлекеттік баға­лы қағаздары екен.
Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, қа­зіргі БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд тең­ге жи­нақ­талған. Бұл ретте Ұлттық Банк тің се­німгерлік басқаруындағы актив көлемі – 17 216,9 млрд теңге болса, ал ИПБ бас­қаруына 11,8 млрд теңге берілген екен. Ұлт­тық Банк зейнетақы активтерін не­гі­зінен Қаржы министрлігінің мемлекеттік ба­ғалы қағаздарына (48,11 пайыз), Ква­зи­мем­лекеттік компаниялардың облига­ция­ларына (10,25 пайыз), Екінші деңгейдегі банк­терінің облигацияларына (5,19 пайыз), Шет мемлекеттердің мемлекеттік ба­ғалы қағаздарына (4,51 пайыз), Ха­лық­ара­лық қаржы ұйымдарының бағалы қа­ғаздарына (2,20 пайыз), ҰБ депо­зит­те­ріне (2,64 пайыз) және ҚР эмитенттерінің ак­циялары мен депозитарлық қолхатта­ры­на (1,62 пайыз) инвестициялайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банк тің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,55 пайыз, есептелген инвестициялық кірістің мөл­шері 914,1 млрд теңге болған.
Әлия Молдабекова жалпы, ақша жұ­мыс істеуі керек екенін, әйтпесе, инфляция құнсыздандыратынын айтты. Оның айтуынша, бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қор­лары қолданатын стандартты тәжі­ри­бе. Ол инвестициялар салымшылар ара­сын­да бөлініп, сол арқылы олардың зей­нетақы жинақтарын сақтап, көбейтіп отыратын инвестициялық табыс әкеледі.

Ақшаны кім «ұстайды»?

Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлей­менов энергетикалық нысандарды жаң­ғырту үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңгенің қалай бөлінетінін түсіндірді. 

– Бұл тетік қалай жұмыс істейтінін ай­тайын. «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қа­зы­на» өз облигацияларын шығарады, ал бұл облигацияларды БЖЗҚ сатып алады. Сон­да ғана «Бәйтерек» пен «Самұрық» нақты жобаларды өздері қаржыландыратын бо­лады. Зейнетақы қорының алдында, яғ­ни болашақ және қазіргі зейнет­кер­лердің алдында нақты жобалар емес, «Бәй­терек» пен «Самұрық» жауапты бола­ды, – деді Ұлттық Банк төрағасы.

Ұлттық Банк басшысы олардың қа­ра­жатты басқаруынан қауіп көрмейтінін де айтып өтті.

– Қазақстанның егемендік рейтингі ВВВ деңгейінде, «Бәйтеректің» де, «Са­мұрық­тың» да рейтингі шамамен бірдей. Бұл жоғары рейтингті, өте сенімді ком­паниялар, сондықтан зейнетақы қорын «Самұрық» және «Бәйтерек» облигация­ла­рына инвестициялау – қалыпты нарық тә­жірибесі. Мен қазақстандықтардың қа­ра­жаты Қазақстанда кәдеге жаратылуы ке­рек деп есептеймін. Біз қордағы ақ­ша­ның экономикамызға, нақты сек­то­ры­мыз­ға салынуын қамтамасыз етуге ты­ры­суымыз керек. Дұрыс көзқараспен мұны жү­зеге асыруға болады деп ойлаймын, бір­ақ бұл қосымша талқылауды қажет ете­ді, – деді Сүлейменов.

Жалпы, Ұлттық Банк бұл қаражатты зей­нетақы қорынан шығару қажеттігі ту­ралы Үкіметтің ұстанымымен келіседі. Алай­да 1,5 триллион теңгенің барлығын тек инфрақұрылымдық жобаларға ба­ғыт­тауға болмайтынын да атап өтті. Яғни, бә­рін бір салаға, бір бағытқа ғана инвести­ция­ламай, әртараптандыру керек екеніне тоқталды.

– Ол жерде қаражатты бөлу шамамен бы­лай болуға тиіс: үштен бірі инфр­а­құры­лым­дық жобаларға, қалған ақша эко­но­ми­каны әртараптандыруға және ішкі ұсы­нысты арттыруға қатысты жобаларға ба­ғытталуы керек. Бұл – ауыл шаруашы­лы­ғы өнімдерін өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және тағы басқа жоғары өнімді қызметтер. Бұл мәселені Үкімет, «Бәйтерек», «Са­мұ­рық» компаниялары талқылауы керек. Өйт­кені, экономика солардың құзырында, – деді ол.

Одан соң төрағаның орынбасары Әлия Молдабекова да 2023-2024 жыл­дары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәй­терек» пен «Самұрық-Қазына» квази­мем­лекеттік компанияларының облига­ция­ларына инвестициялау жоспарда бар екенін мәлімдеді.

– «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ нарықтық шарттарда об­лигациялар шығарады, ал БЖЗҚ осы ба­ғалы қағаздарға қаражат салады. Бұл те­тік толығымен ашық тетік болып та­бы­ла­ды. Облигациялар Қазақстанның қор бир­жасында орналастырылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі ин­вес­тор­лар қатыса алады, – деді Әлия Мол­да­бе­кова.

Сонымен қатар Тимур Сүлейменов БЖЗҚ-ның «Самұрық-Қазына» қорына немесе «Бәйтерек» холдингіне салған кез келген инвестициясы тек қана нарықтық мөлшерлеме бойынша болуы керектігін айтты.
Осылайша, квазимемлекеттік ком­па­ниялардың өздері оларды өңдеу өнер­кә­сі­біндегі және экономика үшін маңызды бас­қа да салалардағы ірі жобаларды қар­жы­ландыруға бағыттайтын болады.
Яғни, жауаптылар мен шенділер бұл ше­шімнің пайдасы мол екеніне сенімді. Тоз­ған инфрақұрылымды жөндеу тұр­ғы­сынан болсын, еліміздегі шетел инвес­тор­лары қызыға бермейтін, бірақ өзіміз үшін маңызды жобаларды қолдау жағынан бол­сын тиімді екенін айтады. Одан бөлек, ха­лықтың ақшасы да еселене береді, ин­фля­цияға «жем болмайды». Яғни, бір оқ­пен бірнеше қоян атуға мүмкіндік бере­ті­ніне сендіріп отыр. Дегенмен халық, кей­бір сайлаған депутат бұл шешімге сын көз­бен қарап отыр. 

Үрейлену керек пе, үміттену керек пе?

Мәселен, өткен аптада бұл шешімге қатысты петиция жарияланды. «Қа­зақстан үкіметі халықтан сұрамай-ақ, өз қалауынша, халықтың ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбекпен жиналған ақ­шасын небір түсініксіз жобаларға салғысы ке­леді. Біз, петицияға қол қойған аза­мат­тар, бұл бастамаға қарсымыз! Әлі күнге дейін қарызын өтемеген олигархтар мен екін­ші деңгейлі банктердің ақшасын Қа­зақстандағы инфрақұрылымдық жо­ба­лар­ға салсын!» деп жазылған петиция мә­­­тінінде. Бұған себеп те жоқ емес.
Оның алдында қазақстандықтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинағын инф­рақұрылымдық жобаларға жұм­са­ғысы келетінін, ал қаражатты шетелге шы­ғарған ескі Қазақстан өкілдері бе­не­фициар болуы мүмкін екені туралы алып-қаш­па сөз тараған болатын. Халықаралық валюта қоры түсініктеме беріп, бұның жал­ған ақпарат екенін айтты. Энергетика ми­нистрі Алмасадам Сәтқалиев 1,5 трил­лион теңге зейнетақы жинақтарының энер­гетика саласына инвестициялау ту­ралы жалған ақпарат пен араб инвес­тор­лары мен ескі Қазақстан өкілдері ара­сын­дағы байланысты жоққа шығарды. 
Одан бөлек, Мәжіліс депутаты Азат Перуа­шев мемлекет 1,5 триллион теңге зей­нетақыны алып тастау туралы шешім қа­былдаса, инфрақұрылымға үнемдеу, ин­весторлардың жоғалған пайдасын өтеуі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын са­­­лықтан босатуы керек, өйткені Үкімет бұл қаражатқа азаматтардың келісімінсіз саңылауларды жамап жатыр деп есеп­тейтінін мәлімдеген еді. 
Ал депутат Ирина Смирнова да Үкі­мет­тің БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шы­ғару жоспарын сынға алып, Қазақстан Ми­нистрлер Кабинеті жоспарларының дау­лы екеніне өз дәлелін келтірді. 
Тағы бір Парламент депутаты Олжас Құс­пековтің айтуынша, Үкіметтің инф­ра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан 1,5 трил­лион теңге көлеміндегі қазақ­стан­дық­тардың жинақталған зейнетақы қара­жа­тын алу, сондай-ақ салықты ұлғайту жос­парына түсініктеме бере отырып, Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт То­қаев салықты көтермей, басқаруды жақ­сартуды тапсырғанын еске салды.
Сынды сенаторлар да айтты. Сенатор Жанна Асанова БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шығару жоспарына түсініктеме бере отырып, бюджетті дұрыс оңтайландыру қажет деген пікір білдірді. 
21 желтоқсанда Сенаттың жалпы отырысында Премьер-Министрге сауал жолдаған сенатор Бекболат Орынбеков БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын төлеу кезіндегі салықты жоюды ұсынды.

Абзал Нарымбетов,
энергетика саласының сарапшысы:

Жоспарды толықтай түсіну аса маңызды

Зейнетақы жарнасы елдің әрбір азаматының қаржы жоспары үшін аса маңызды екені сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда, инвести­ция­лардың қайда құйылатыны, оларды қалай басқаратынын, кө­бейту үшін қандай инвестициялық құралдарға салынатынын жә­не жалпы БЖЗҚ-ның ұзақ мерзімге қойып отырған даму стра­тегиясын түсіну аса маңызды. 
2014 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңдегі деректерге талдау жүр­гізіп, ел азаматтарының зейнетақы қаражаты жүйесіндегі өзге­рісті байқататын динамиканы байқадық. Долларлық баламада көр­сетілген зейнетақы жинақтары 2016 жылы күрт төмендегенін көрсетеді, бұл 2015 жылғы та­мызда Ұлттық валютаны еркін айналымға жіберу туралы шешімге байланысты деуге болады. 
Кейінгі жылдары зейнетақы салымдарының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2019-2020 жыл­дарға қарай бұл көрсеткіш алдыңғы көрсеткішіне дейін жетіп, қалпына келеді және одан әрі өсіп жатыр.
2021 жылы азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға немесе ем­делуге және басқа да түрлі әлеуметтік мақсатқа пайдалану құқығы берілді. 2022 жылғы тамыздан бас­тап азаматтардың зейнетақы қорларын толтырудағы белсенділігінің қалпына келгені бай­қалады.
Атап айтқанда, 2022 жылы жиынтық зейнетақы жинақтары 13 трлн теңге болды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн теңгеге артып, 17 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім азаматтардың зейнетақы шот­тарын толықтыруға қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Осындай өсімі бар қыруар қаражат мемлекеттік органдардың назарын аудартатыны да – анық нәрсе. Энергетика саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңгені пайдаланудың соңғы жоспарлары осыған дәлел бола алады. Сондықтан зейнетақы жүйе­сінің тұрақтылығы мен сенімділігін сақтау зейнеткерлердің бүгіні мен болашағы үшін маңыз­ды болып қала беретінін тағы да атап өткім келеді.

Қорыта айтқанда, жауаптылар бұл жұмыстың жемісті болатынына сендіріп отыр. Ал тапқан-таянғанынан жырып, жинап жатқан қаражаты жұмсалатынын естіген халықтың үрейленетіндей жөні бар. Себебі қазанға түскеннің қапқа қайта түсе бермейтіні елді елеңдеткіш еткен. Сондықтан құзырлы мекемелердің ашық жұмыс істеуі, әр тиынның қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы есеп беруі, жұмыстың жай-жапсарын түсіндіруі аса маңызды. 

Серіктес жаңалықтары