Мұстафа Шоқай және Керенский

Мұстафа Шоқай және Керенский

Мұстафа Шоқай  және  Керенский
ашық дереккөзі
915
Ал енді Түркістан мен Қазақстанның далалық облыстарындағы көтеріліс туралы депутаттардың сауалын талқылау жөніндегі IV Мемлекеттік Думаның мәжілісінде қаралған мәселелерге қазақ қайраткерлері атсалыса алды ма, жоқ па деген сұрақ та туары сөзсіз. Өйткені қаралып, талқылауға салынып отырған мәселе бұратана халықтардың, әсіресе, қазақтардың өзіне тікелей қатысты мәселе болатын. Зерттеуші Дархан Қыдырәлі «Мұстафа Шоқай» атты еңбегінде бұл мәселеге Мұстафаның ат салысқанына тоқталған, Ә.Бөкейхановтың «Қазақ» газеті бетінде Дума мүшелерін көтеріліс болған жерлерді өз көзімен көріп, тексеруге шақырған ұсынысы жарияланғанын, соған байланысты Дума депутаттары оның шақыруына үн қатқанын, Ә.Бөкейхановтың Мұстафаны бірнеше Дума мүшелерімен таныстырғанын өз зерттеуінде атап көрсетеді. Түркістан өлкесіндегі көтеріліс болған жерлерді тексеріп, зерттеу үшін Мемлекеттік думаның жанындағы мұсылман фракциясының жетекшісі Құтлық Мұхамет Тевкелев, мұсылман фракциясының мүшесі Шәкір Мұхамедияров және Александр Керенскийдің іс-сапарға шыққанын, Мұстафа Шоқай аудармашы ретінде қатысқаны туралы мәліметті келтіреді. Дума мүшелері 1916 жылғы тамыз айында Түркістан өлкесіне жолға шығады. Олар Самарқан, Ферғана, Жизақта болып, жермен-жексен етіліп қиратылған қаланы көреді, Әндіжанда болып қайтты. Зерттеуші М.Шоқайдың жергілікті патша әкімшілігінің әділетсіз, жөн-жосықсыз, заңсыз іс-әрекеттеріне, қара шекпенділердің жүгенсіздіктеріне, жазалау отрядтарының ойранына қарсы күрескенін, қираған, бүлінген елді мекендерде болып, босып кеткен халықты қайтарып алуға бағытталған қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанын, қаражат жинағанын атап өтеді. Мұстафа Шоқай Думаның мұсылман фракциясының жанындағы бюроға өкіл болып қабылданады. Ол бұратана халықтардың аяққа тапталған құқығын қорғау үшін Дума мінберін пайдалануға күш салды, Керенскийге көтеріліске қатысты нақты мәліметтерді, дүрбелеңді аяусыз басып, жаншыған жазалаушылардың тізімін де көрсетіп берді деп жазады зерттеуші. Демек, 1916 жылғы көтеріліс кезінде М.Шоқай да халқынан тысқары қала алмады. Оның Дума мүшелері делегациясының ішінде болып, олардың жұмысына қолынан келгенінше көмектесуі нағыз ұлтжанды азамат атқаратын іс еді. Алайда М.Шоқай да 1916 жылғы көтеріліске байланысты Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов ұстанған бағытта болды. Ол да көтерілісшілерді тікелей қолдамады, оларға бағыт-бағдар бере алмады, сондықтан да Д.Қыдырәлі «Мұстафа «Қазақ» газетінің ұстанымын қолдады», – деп жазады. Мемлекеттік думада Түркістан және далалық облыстардағы көтеріліс туралы мәселе қаралатын болғандықтан жергілікті жерге барып, жай-жапсарды тексеріп, зерттеп қайтуға Мемлекеттік дума А.Ф.Керенский мен Қ.М.Тевкелевті Түркістан өлкесіне іс сапарға жіберді. М.Қойгелді Керенский мен Тевкелев Түркістан өлкесіне қыркүйектің ортасында келіп қайтты деп көрсетті, бірақ М.Шоқайдың да солармен бірге аудармашы, хатшы болып келгендігі жөнінде мәлімет келтірмейді. Ал М.Шоқайға қатысты бұл деректі Д.Қыдырәлі зерттеп, келтірген. Осы деректердің өзі қазақ зиялыларының Думада қаралатын мәселеге өз мүмкіндіктеріне орай материал жинастырып, атсалысқанын айғақтайды. Мұсылман фракциясына көтеріліске қатысты жер-жерден келіп түскен шағымдар мен өтініштердің де ұйымдастырылуына белгілі дәрежеде зиялылар қозғау салғаны мәлім. М.Қойгелді: «...16-жылғы оқиғалар қазақ қоғамында империялық үстемдікке қарсы күресте екі көзқарастың, екі әдістің болғандығын көрсетіп берді», – деп жазды. Ол әдістің бірі «батырлар бастаған қол жасақтап, жауға қарсы көтеріліп, елдің еркіндігін білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғау еді. 16-жылғы оқиғалар, сонымен бірге қазақ қоғамында ұлттық бостандық үшін күрестің жолдары мен әдісіне қатысты жаңа көзқарастың қалыптасып қалғанын да көрсетіп берді. Ол әдістің негізгі белгісі ұлттық саяси тұтастық және негізгі мақсаттар үшін саналы, ұйымдасқан әрекетке өту екендігін халыққа жеткізуге тырысты», – дейді. Зерттеуші империялық үстемдікке қарсы күрестегі екі көзқарасты нақты ажыратып, жіктеп көрсетпеген, бірінші көзқарас қандай, ал екінші көзқарастың айырмасы неде деген сауалға жауап бермеген. Көтеріліске байланысты зиялылардың ұстанған позициясы, ең алдымен олардың көтеріліске қатысты көзқарасын білдіреді, сондықтан да қазақ зиялыларының ұстанған платформасын М.Қойгелді ашып беруге тиіс еді, өкінішке қарай зерттеуші олай етпепті. Белгілі ғалым, тарихшы К.Есмағамбетовтің «Әлем таныған тұлға» (А., 2008) атты М.Шоқай туралы зерттеуінде М.Шоқайдың Мемлекеттік дума мұсылман фракциясы жанынан құрылған бюроның жұмысына қатысуы жайында қысқа тоқталған. Бұл бюро 1916 жылғы ақпан айындағы мұсылман фракциясының мәжілісінде ұйымдастырылады. Бюроның құрамына Кавказ, Түркістан, Қырым өкілдері мүшелікке тартылады, Солтүстік Кавказдан А.Цаликов, Қазақ уәлаятынан Ә.Бөкейханов, Уфа губерниясынан Ш.Мұхамедияров, А. З.Вали кіреді. Кейіннен бюроға мүшелікке М.Шоқай енген. Мемлекеттік думада 1916 жылғы көтеріліске байланысты баяндама жасауға М.Ю. Жафаровқа көмектесу үшін материал жинау мақсатымен М.Шоқай 1916 жылғы 10 тамызда Қ.М.Тевкелев, Ш.Мұхамедияровпен бірге Ташкентке келді, А.Ф. Керенский бұлардан сәл ертерек, 3 тамыз күні осы жерге жеткен еді деп көрсетеді зерттеуші. М.Шоқай көтеріліс болған жерлерге Дума мүшелерімен бірге барып, ойрандалған ауыл, қыстақ, қалаларды өз көзімен көріп, тағылықпен жасалған зорлық-зомбылықты, жыртқыштықпен істелген іс-әрекеттерді басынан өткерген көптеген адамдармен сөйлеседі, олардан дерек-мәлімет жинайды. Қ.Есмағамбетов Керенскийдің де баяндамасына М.Шоқайдың ықпал жасағаны байқалады деп атап өтеді. Бірақ зерттеуші қалай ықпал жасағаны жөнінде қолында нақты дерек болмағандықтан «байқалады» деп баяндайды, шынында Дума мүшелері делегациясы құрамында болып, талай уезді, қалаларды аралап қайтқан М.Шоқайдың жинаған материалдары мен айтқан ұсыныс-пікірлерін Жафаров өз баяндамасын даярлау кезінде пайдаланған болуы керек деген логикалық қисынға алып келеді, алғыр азаматтың демократиялық блоктағы Дума мүшелеріне ықпал, әсер етуі шындыққа қайшы келмейді. Автор «Шоқайдың ұлттық қайраткер ретінде солай сахнаға шығуына 1916 жылғы Түркістан мен қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысы қуатты серпін берді», – деген тұжырым жасайды.  1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы езілген бұратана халықтардың саяси санасын күрт оятты, оның өзі халықтың арасынан көптеген қайраткерлердің саяси аренаға шығуына, күрес майданына араласуына тікелей ықпал жасады. Бұл қазақ даласындағы ұлы тарихи оқиға дүрбелеңге бірте-бірте ұласып та келе жатқанын аңғартып, жарты жылдан кейін ақпан революциясы орын алып, монархиялық ескі билік күйреп, келмеске кетті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, тарихи тұрғыдан алғанда, ақпан, қазан революцияларының шын мәніндегі хабаршысы болды, сондай-ақ 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі де Кеңес Одағында қатты толқу туғызып, Балтық жағалауындағы республикалардың демократиялық қозғалысына ықпал етіп, ақыры Кеңес Одағының ыдырауына алып келген серпінді дүмпудің бастамасы болғаны да ақиқат. Бұл тарихи параллельдің қазақ жерінен басталуында да бір тарихи заңдылық жатқан жоқ па екен! ХХ ғасырда қазақ жері осылайша дүниені түбірлі өзгерткен серпілістің кіндігі-эпицентрі болғанын да атап өткен жөн. Мұның өзі кездейсоқтық емес. Тарихтағы ұлы дүрбелең алдындағы ұлы репетицияны тарих қазақ елінің маңдайына жазғандай ма, қалай! 1916 жылғы көтеріліс кезінде көзі ашық М.Шоқай сынды қазақ азаматтары ұлы дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, қолына қару алып алыспаса да, оны тежеудің, қиянатқа жол бермей езілген, жаншылған, құқығы тапталған халықтың мүддесін қорғау жолында өз мүмкіндігі деңгейінде күресуі, сол жолда Дума жанындағы мұсылман фракциясының кеңесші бюросында қызмет етіп, депутаттық мінберді пайдалануға атсалысуы – халық басына төнген зұлматтан шет қалмағанын көрсетеді. Шоқай күрестің жаңа түрін пайдаланды. К.Есмағамбетов мырза да Шоқайға ықпал еткен, саяси сахнаға шығуына серпін берген 1916 жылғы көтеріліске байланысты М.Шоқайдың көзқарасы жайында тым қысқа информациялық деңгейде ғана мәлімет берген екен, бұған кеңірек тоқталып өткен жөн болар еді. Сонда біз Шоқайдың көзқарасын тереңірек әрі жан-жақты тани түсер едік. Азаттық жолында арпалысқан жылдарға қатысты архив құжаттарында инженер М.Тынышпаевқа байланысты біршама мәліметтер, деректер бар, бұл материалдардың барлығы да дерлік оның 1916 жылғы көтеріліске байланысты көзқарасын, ұстанымын анықтауға мүмкіндік береді. Көзқарасы патшаның жергілікті жердегі агенттеріне күдік туғызған Тынышпаев 1916 жылы тергеушіге бірнеше рет жауап беруіне тура келген. Сондай құжаттың бірі 1916 жылғы 28 қараша күні Верный округтық соты тергеушісінің М.Тынышпаевты тергеу туралы Ташкент бітімгерлік (мировой) сотының судья­­сына жіберген талабы болып табылады. Семиреченск теміржолының Черняев станциясында тұратын инженер М.Тынышпаевтан 1909 жылдан 1916 жылғы 17 шілдеге дейін Семиреченск облысының қазақтарының тұрмыс-тіршілігінен қандай мәлімет жинағаны, осы жылдар ішінде олардың өмірінде қандай өзгерістер болды, ағымдағы оқиғаға қалай қарайды, патша жарлығына қарсы шығуларына не себеп болған, сондай-ақ 1916 жылы күз айында Семиреченск облысына барған кезінде қазақтардың көтерілісіне қатысты қандай жағдайлар мәлім болғандығы жөнінде тергеу алыну талап етілген. Бұл тергеу не үшін қажет болғаны, әрине, белгілі. 1917 жылғы 14 қаңтарда 1916 жылғы қыркүйектегі Лепсі уезіндегі оқиғаға байланысты Куропаткинге жолдаған хатында М.Тынышпаев Лепсі уезінде орын алған қайғылы оқиғаның себеп-салдары мен оған кінәлі адамдарға қатысты ел арасынан сұрап-анықтаған деректер мен жағдайларды обьективті түрде баяндайды. Тынышпаев өз хатында Лепсі уезінің тұрғындары патша жарлығын орындауға байланысты жиын өткізіп, майдандағы қара жұмысқа алынатын жұмысшылардың тізімін жасауға кіріскен, бірақ та осындай өздеріне қолайлы жағдайды пайдаланып, пайда тауып қалғысы келгендер зәлімдік әрекетке барып, өздерінің болысындағы қара жұмысқа алынатындардан ақша, мал-мүлік талап еткен, берген жағдайда сендерді алып қаламыз деген. Елдің кейбірі бұған көніп, басқалары қорқытып, ақша алуды айыптап, қарсылық білдірген. Мақаншы-Садыр болысының болысы Қ.Жақамбаев, би О.Омаров және Ж.Князев осындай заңсыз әрекетке барып, жұрттың қарсылығына тап болған. Жақамбаев қазақтар бағынудан бас тартып отыр деп, 30 қарулы тобы бар уезд бастығы Масловқа мәлімдейді, міне, содан кейін қазақтарға қарсы оқ атылған, 90-дай адам оққа ұшады, Мамбетбай – Кыскачев болысының қазақтары да бұған наразылық білдіріп көтерілді, олардың тұтқынға алынғандарының 12-сін атып тастайды. Маслов тобы 40 қазақты тұтқынға алып, Лепсіге барар жолда 6 адамды атып өлтіреді. Осындай арандатушылық әрекеттің салдарынан 100-ден астам бейбіт тұрғын жазықсыздан-жазықсыз оққа ұшып, сұраусыз атылған. Жалпы Мақаншы-Садыр болысының 11 ауылынан 84 адамды тұтқынға алған. "Мұндай қайғылы оқиғаға кінәлі кім?" дегенде М.Тынышпаев алған мәліметтерін алдыға жайып, оған Мақаншы-Садыр болысының болысы Қ.Жақамбаев, би О.Омаров, Ж.Князев, Мақаншы – Садыр болысының писары Кирьянов жауапты, кінәлі солар деп көрсетеді. Семиреченскідегі ең бір қайғылы оқиға осы Лепсі уезінде болған еді, сондықтан да осы жағдайдың мән-жайын М.Тынышпаевтың Куропаткинге ашық жазып отыруының да себептері бар. Бірақ Куропаткин 100-ден астам адамның қаны мойнына жүктелген Масловтың заңсыз іс-әрекетіне қарсы шара қолданды ма, жоқ па деген сауал да туады. Барлық кінәні патша әкімшілігінен емес, бұхара халықтың өзінен іздеген қандықол генерал-губернатордың, жалпы Түркістан өлкесі бойынша 1916 жылғы көтеріліске қатысты ұстанған бағыты айқын еді: ол көтерілісті жаншып, жоюға дайын болатын, әрі бұл жолда ешнәрседен де тайынбады, жұртшылықтың пікірін де, өзіне келіп түсіп жатқан арыз-шағымдарға да назар аудармады, елеп-ескермеді, тіпті оған құлақ та аспады. Патша үкіметінің бұйрығын мүлтіксіз орындап, империяның қанды саясатын жанын сала жүзеге асырған генерал-губернатордың бүкіл іс-қимылы Түркістан өлкесін қанды-қырғын майданға айналдырды, бейбіт, қарусыз халыққа майдан ашқан дарынсыз, болмысына гуманистік пиғыл жат, шовинист Куропаткиннің тарапынан жауыздықтан басқа ешнәрсе де күтуге болмайтыны белгілі болатын. Ал Мемлекеттік дума мүшелері 1916 жылғы көтерілісті Дума мәжілісінде талқылау үшін Түркістан мен далалық облыстарда іс-сапарда болып, соғыс, ішкі істер министріне, үкіметтің өзіне тікелей сауал қойып, жауап беруін талап ете бастаған кезде облыс әскери губернаторлары сауалға байланысты жауап қайтаруға мәжбүр болады. Әрине, олардың жауаптарында негізінен көтеріліс отының тұтану себептері дұрыс аталып көрсетілгенімен көтерілістің шығуына кінәні өздерінен емес, бүлікті ұйымдастырушылардан іздеді. Көтерілісшілерді, толқуға қатысқан бұхараны үкіметтің саясатына ашық қарсы шықты деп айыптады, сондықтан бүкіл бүлік пен оның зардаптарына жауапты көтерілісшілер, олардың жетекшілері деп атап көрсетіп, олардың қылмысын күшейтті, барлық пәлені олардың мойнына жүктеді, сөйтіп олар ақпарат, мәлімет, рапорттарында өздерінің заңсыздық іс-әрекеттері жөнінде тіс жармай бүркемелеп, іс-қимылдарын, жазалау шараларын ақтауға тырысты. Патша өкіметінің жергілікті жердегі чиновниктерінен бастап, уезд бастықтары, облыс губернаторлары, далалық әскери соттар, жандарм қызметшілерінің, яғни бүкіл патша үкіметінің әкімшілік аппараттарының мәліметтерінде жазалау шараларын жүргізу бағытындағы іс-қимыл шаралары ғана баяндалады. Куропаткин Түркістан өлкесін қолдан Түркістан майданына айналдырды. Көтеріліске қатысты бұл құжаттар екінші жағынан, патша өкіметінің отар елдерге қарсы жүргізген саясатының жауыздық сипатын да ашып береді. Еуропа жұртшылығы естіп білмеген мұндай азап пен тозақты патша өкіметі ХХ ғасырдың басында Орталық Азия мен Қазақстан халқына ұйымдастырды. Бұл адамзат тарихында айыпталынатын аса ауыр қылмыстық шаралар, хайуандық іс-әрекеттер болатын. Ал империя тұтас бір ұланғайыр аймақты шикізаттың, байлықтың көзі, Ресейдің інжу-маржаны деп санағанымен, халқын кемсітіп, намысы мен құқығын аяққа таптады, бұратаналарды адам капиталы, Ресей империясының қарауындағы зор ресурс ретінде санатқа ілмеді. Бұратаналарға екінші сортты, қабілетсіз халық ретінде қарады, ал отаршыл елдер саясатындағы бұл ең қатерлі қателік болатын. Империялық мұндай астамшыл саясат пен шектен шыққан шовинистік көзқарас – түбінде империяның өзін дағдарысқа алып келетінін ешкім елеп, ескеріп жатпады. Сондықтан да олар көтерілісті басып-жаншуға, бүлік ошақтарын жойып жіберуге қолдарындағы барлық күштерді пайдаланды, ал бұл шаралары нағыз қылмыстық іс-әрекеттер болатын. Сол себептен де көтеріліске қатысты құжаттардан жазалау шараларының кімдерге қарсы қолданылып, іске асырылғандығы жөніндегі мәлімет-мағлұматтар ғана ала аласыз, бұл құжаттар екінші жағынан, патша өкіметінің бүкіл отарлық саясатының зұлымдық мақсатын да ашып көрсетеді; әлсіз халыққа қолында күші бар халықтың қысым жасап, ұлттық, нәсілдік кемсітушілігін, бұратана халықтың қарапайым да құқықтық кепілдігінің жоқтығын көрсетеді. Олар сұраусыз каторгаға айдалып, оп-оңай абақтыға жабылды, ал көтеріліс жетекшілері қатал жазаға – өлім жазасына кесіліп, дарға асылды. Облыс әскери губернаторларының мәліметтерінде осындай тағылықпен жазалау шараларын қалайша жүргізілгендігі туралы деректер баяндалды, бұл ақпараттар патша үкіметінің өз империясы қарауындағы бейбіт, қарусыз халыққа, бала-шағаға, қарт кісілерге жүргізген шектен шыққан репрессиялық шаралары болды. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы патша үкіметінің жазалау отряды мен жазалау органдарының жаппай дерлік репрессиясына аяусыз ұшырады, арада 20 жыл өтпей жатып ұлт қайраткерлері мен зиялы қауым сталиндік саяси репрессияның тағы да жаппай құрбанына айналды, ал оның аралығында тарих бұрын біліп көрмеген аштықтан тағы да баудай түсіп, қырылып қалды, тарихтың тауқыметі мұнымен де бітпей ІІ дүниежүзілік соғыста халқымыздың соғысуға жарамды барлық ер-азаматтары, ішінара қыз-келіншектері де майданға өз еріктерімен аттанып, көбісі ұрыс даласынан қайтпай қалды. Шағын халықтың адам айтқысыз дүркін-дүркін осындай қырғынға тап болып, тағдырдың тәлкегіне ұшырауы – ұлтымыз үшін нағыз нәубет, трагедия еді. І дүниежүзілік соғыста майдандағы тыл жұмысына алынған жұмысшылардың еңбегі патша үкіметі тарапынан дұрыс бағаланбады, қара жұмысқа алынғандарға ең бір қарапайым жағдай да жасалынбады. Олар бөлмелері сыз, санитарлық талапқа мүлде жауап бермейтін казармаларға орналастырылды, берілетін тамақтары да сапасыз еді, ал дәрігерлік қызмет көрсету мүлде нашар, жоқ дерлік болатын. Соның салдарынан жұмысшылар жататын казармаларда ауру таралды. Жалпы, 1916 жылғы 13-15 желтоқсанда болып өткен Думаның жабық мәжілісінде көтеріліске қатысты жалпы үкіметтің жүргізіп отырған шаралары заңсыз деп танылды, оған Ресей үкіметі жауапты деп тапты. Ал уақыт озған сайын экономикасы құлдырап, ішкі қайшылықтары да асқынған империя әбден тұралады, қоғамның іргесі шайқалып, құлдырау үстінде болды. Жер-жерде қаулай түскен наразылық, саяси партиялардың күресі күшейіп, Түркістан өлкесі мен далалық облыстардағы көтерілістің от жалыны әлі басыла қоймаған, ал оның зардаптарын жою қиындыққа тірелген шақ еді, 1916 жылдың тамызында басталған толқу күшпен жаншылғанымен дүрбелең әлі саябырси қойған жоқ болатын. Оның үстіне Қытай еліне үдере көшкен халықтың тағдыры, оларды отанына кері қайтару мәселесі жағдайды күрделендіріп жіберді. 1917 жылы 22 ақпанда құпия деген грифпен Куропаткин ІІ Николайға 1916 жылғы өлкедегі көтерілістің себебі мен барысы және оны басу жөніндегі әкімшілік қабылдаған шаралары туралы рапорт жолдады. Түркістан өлкесінің «жарты патшасы» рапортында көтеріліс деген сөзден қашыңқырап, айтарлықтай тәртіпсіздіктің туындауына армияның тылына жұмысшыларды алу жөніндегі патша жарлығын 1916 жылғы 28 маусымда Ішкі істер министрінің телеграммамен жіберген хабары себепші болды деп көрсетті. Ол көтерілісті басып-жаншу үшін өзінің тікелей қатысуымен жасалынған әскери іс-қимыл жоспары көрсетілген 7 картаны рапортында қоса тіркеп ұсынды. Бүлік алдымен Самарқан облысында наразылық ретінде басталып, ашық көтеріліске айналғанын баяндаған ол көтеріліс, әсіресе, Жизақ уезінде қатты болғанын айтады, көтерілісшілер Ояз бастығын, приставын өлтірді деп көрсетті. Бүлікшілердің қолынан 83 орыс өлсе, 20 адам жарақат алған, 70 адам тұтқындалып, көтеріліске қатысушылар бірге алып кеткен, бұратана әкімшілігінен 4 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алған. Сондай-ақ келтірілген шығын мөлшерін де тізіп келтіреді. Сырдария облысы (№2 карта), Ферғана облысы, (№3 карта), Семиреченск облысы (№4 карта) аймағындағы бүлікті де көрсете отырып, онда қаза тапқан орыстардың және әскери бөлімдерден мерт болғандарының санын келтіреді, бірақ та көтеріліске қатысушылардың адам шығыны туралы мәліметті мүлде ауызға алмайды, оған тоқталмайды да. Көтеріліске қатысушыларға қатысты агрессивті көзқарас ұстанған ол шайка деп атап, көтерілісшілер біршама ұйымдасқан түрде әрекет жасағанын, кейбір топтардың ерекше белгі-ту көтеріп шыққанын, біразының бас киімінің сыртынан дулыға киіп алғанын, жазалаушы отрядтың келе жатқаны туралы алдын ала хабар беретін белгілер қолданғанына тоқталды, таудың ішінде оқ-дәрі, қару-жарақ жасайтын ұстаханалар жасап алғанын мәлімдеді. Куропаткин өлкенің бас қолбасшысы да болғандықтан көтерілісті басып-жаншуға майданда жүзеге асырылатын, дұшпанды жоюға бағытталған әскери операцияларды жүргізді. Сөйтіп, көтерілісшілер осы майданның қарсы жағындағы дұшпан ретінде нысана, соққы беретін басты әскери объектіге айналды. Осындай объектінің біріне алдымен Жизақ қаласы ілікті, оны күл-талқан, жермен-жексен етіп қиратып, үйіндіге айналдырды, халқын бостырып, баудай қырып, бұрын-соңды болмаған сойқан жасалды. Самарқан облысынан кейінгі басты нысана Куропаткиннің №4 картасында көрсетілген Семиреченск облысы болды, бұл көтеріліс жалыны тұтастай шарпыған аймақ еді, ең қанды қырғын болып, көтерілісшілер белсенді іс-қимыл жасаған уездер осы өлкенің оңтүстігі мен оңтүстік шығысында орналасқан еді. Жетісу халқы патшаның әкімшілік аппаратына, оның жазалаушы отрядтарына, қарулы күштері мен солдаттарына, қарулы крестьяндарға қарсы күрескен көтерілістің нағыз ерлеріне айналды. Әсіресе, Жаркент, Қапал, Лепсі уездерінде, Пішпек, Тоқмақ, Пржевальск уездерінде бүлікке қатысушылардың қарасы да, тобы да көп болатын. Ал патшаның үкіметі бұл сұрапыл жағдай, қаулай түскен бүліншілік отынан, халықтың жаппай үдере көтеріліп кетуінен қауіптеніп, қатты шошынды. Қандықол Куропаткиннің тікелей өзі көтерілісті басу үшін Семиреченскіге өлкенің басқа облыстарынан 3 ½ жасақ, запастағы полктардың құрамынан 7 атқыштар ротасын, 5 жүздік пен 14 зеңбірек жіберді, бұл әскерлер үш бағытта жөнелтілді. Әндіжан тарапынан Нарын бекінісіне, Черняевтан күре жолымен Пішпек пен Тоқмаққа, айналмалы теміржолмен Семейге, ол жерден Сергиополь – Лепсі – Верныйға аттандырылды. Семиреченск әскери-губернаторының қауіптеніп, әрі үрейленіп, қайта-қайта қосымша әскер жіберу туралы талабынан кейін іс-қимыл жүргізіп жатқан армиядан батареясы мен екі кольтті пулемет командасы бар 2 казак полкі, сонымен қатар Черняев арқылы 7 Орынбор казак полкі, Семей арқылы Верныйға 9 Сібір казак полкі жіберілді, сонымен рапорттағы деректер бір ғана Жетісу аймағының өзіне майданнан алдыртқан 2 казак полкі мен ішкі Ресейден шақыртқан 16 казак полкі кіргізілді. Патшалы Ресей ежелден шекаралық шептерін қорғау мен ішкі бүліктерді және толқуларды басып-жаншуға үнемі казак әскерлерін пайдаланып келді. Бұл жолы да ешнәрседен тайынбайтын казак әскерлерін Орталық Азия мен Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісін аяусыз басып- жаншу үшін қолданды. Семиреченск облысына көтерілісті басуға жалпы саны 18 казак полкі кіргізілген. Ресей үкіметі І дүниежүзілік соғыс майданынан казак полктерін амалсыздан алдыртып, көтеріліс ошақтарын жоюға жіберуге мәжбүр болды. Мұндай қарулы әскерлердің тықсыруынан кейін көтерілісшілер амалсыз шекаралық аудандар мен таулы аймақтарға қарай жан сауғалай шегініп, бой тасалады, қарулы әскерден қорқып үрейленген қара халық ата қоныстарын тастап үдере көшті, бас сауғалау мақсатымен тығырықтан шығар жол іздеді, олар қарулы казак әскерлерінің оғынан қырылып, шекарадан асып, Қытайға өтіп кетуге әрекеттенді, жол-жөнекей дүрліккен ел мал-мүлкінен айырылып, азықтан тарықты, аштыққа ұшырады. Шекарадағы асулар қырғынға айналған белге айналды. Қудалауға түскен халық Қашқар мен Құлжаға қарай қоныс тебе бастады. Куропаткин №5 картада Закаспий облысындағы жағдайды көрсетті. Түркімендер жігіттерін майдандағы қара жұмысқа алуды «жауынгерлік қызметке шақырылған түрікмен жігіттерін қорлау деп санады. Олар атты әскер қатарында соғысамыз деп талап-тілектерін қойды» деп көрсетті ол рапортында. Олар іс-қимыл жүргізіп жатқан армияда майданда арнайы жасақталған атты әскер полкында мінсіз қызмет етті. Сонымен қатар, түркімендердің ішінде де 1916 жылғы патша жарлығына мойынсұнбай, ашық қарсылық көрсетіп, көтеріліс жасаған тайпалар да бар еді. Жәуміт тайпасы 1916 жылдың тамыз айының ортасынан жылдың соңына дейін қарулы қақтығысын тоқтатпады, олардың бұл көтерілісі Орталық Азиядағы ең ұзаққа созылған қарсылық күрес болды. Патша әскері жәуміттермен айқаста жүздеген адамынан айырылып, материалдық көп шығын шекті. Олар қолдарына қару алып, ашық қарсылық көрсетті, әсіресе, парсы еліне шекаралас жерлерде көшіп-қонып тіршілік етіп жүрген жәуміт тайпасы патшаның жарлығына мойынсұнбай, қатты қарсылық білдірген, генерал Мадритовтың экспедициясы көтерілісті қарулы әскер күшімен басып, көтерілісшілердің басшыларын қолға түсіргенін, қалғандары өз еріктерімен келіп берілгеніне тоқталды. Соңғы 30 жыл бойы Түркістан халқының ішіндегі әртүрлі топтарының наразылығы қордаланып қалуы да көтерілістің бір себебі болды деп жазуға мәжбүр болыпты өлкенің «жарты патшасы». 1916 жылғы оқиға патша әкімшілігінің Түркістан өлкесінде отбасылардың тізімін алмағанын, сондай-ақ халықты жасына қарай тіркеу жүргізілмегенін де көрсетіп берді. Патша өкіметі халықтың жалпы санын, малының есебін, отарлық мүдде үшін қазба байлықтарын, алынатын салықтың есебін жүргізгенімен, халықты жасына қарай тіркемеген болып шықты, қазіргі тілмен айтқанда, туу туралы куәлік берілмеді. Тіпті, Кеңес Одағы кезінде республикада колхозшылардың отбасы 1970 жылға дейін паспортсыз, анықтамамен жүріп-тұрғаны мәлім. Бұратана халықтан тыл жұмысына әскерге адам алуға байланысты патша жарлығы наразылықтың шығуына негізгі себеп болғанына деректер негізінде біршама тоқталып өттік. Дегенмен қаншама наразылық білдіріп, қарулы көтеріліске шықса да күштеп тыл жұмысына адамдар алынды. Ол кезде қазіргі Меркі ауданының аумағында: Меркі, Қарақыстақ, Қорағаты, Аспара болыстары орналасқан болатын, онда 4602 шаруашылық болған екен. Ал осы Меркі учаскесінен тыл жұмысына 6800 адам алынып, олар Харьков пен Киев губернияларына ағаш дайындау жұмысына тартылған. Мұның өзі қазақ елі талай ер-азаматтарын алыстағы ауыр жұмысқа аттандырды деген сөз.  

Мұхтар Қазыбек,

жазушы

Серіктес жаңалықтары