Қазақстан қызылша ауруы ең көп тараған ел – БҰҰ

Аймақтар бойынша ауру жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші оңтүстікте – Шымкент қаласында.

Қазақстан қызылша ауруы ең көп тараған ел – БҰҰ
ашық дереккөз
862

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) қызылшаның таралуы бойынша Қазақстанды әлемде бірінші орынға қойды, деп хабарлады turkystan.kz Finprom сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің желтоқсан айының басындағы мәліметі бойынша Қазақстанда қызылша жұқтыру жиілігі 100 мың адамға шаққанда 88,9-дан асты, деп мәлімдеді портал. Қазан айының соңында бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 69 жағдайды құрады.

Қазақстанда қызылша жұқтырғандар саны 20,2 мың адамға жетті. Шығыс Қазақстан облысында алты айлық сәби қайтыс болды. Бала әлі екпе жасына жетпегендіктен вакцина алмаған. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі бойынша қазақстандық балалар қызылшаға қарсы бірінші екпені 12-15 айлығында, екіншісін 6 жаста алады.

«Биыл Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Ауру жұқтырғандар саны 13,3 мың адамнан асқан «пандемияға дейінгі» ауыр 2019 жылмен салыстырғанда, биыл дертке шалдыққан саны айтарлықтай көп», - деп жазылған хабарламада.

Аймақтар бойынша ауру жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші оңтүстікте – Шымкент қаласында (100 мың тұрғынға шаққанда 258,9) және Жамбыл облысында (194,8) тіркелді. Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (100 мың адамға шаққанда 9,8) және Шығыс Қазақстан (12,8) облыстарында байқалды.

Осы жылы ауырғандардың басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер, олардың үлесі 84,4%-ды құрады.

Егер пандемияға дейін 2 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы профилактикалық екпемен қамту 99,2%-ке жетсе, 2020 жылы ол 92,9%-ке дейін төмендеді. Ревакцинациядан өтуі тиіс адамдардың жас бойынша тобында 2019 жылы қамту 97,8%-ті құраса, пандемияның екінші жылында бұл көрсеткіш 95,9%-ке дейін төмендеді. Бұл топтың 2020 жылға арналған деректері жарияланған жоқ.

Екпе алмаған балалар санының көбеюі, яғни ата-аналардың екпеден бас тартуы тағы бір маңызды себеп болып тұр. Науқастардың арасында екпе алмаған балалардың үлесі 83,6%-ті құрайды.

Серіктес жаңалықтары