Ерлігімен есте қалған жыл қаҺармандары

Биыл қайсарлығымен есімі тарихта қалған азамат көп. Нағыз қаһармандар жұрт назарынан тыс жерде, біздің арамызда жүргенін ұмытпау керек.

Ерлігімен есте қалған жыл қаҺармандары
Коллаж авторы: Нұрсұлтан Жорабаев
5820

2023 жылы елімізде қайсарлық танытып, көзге түскен отандастарымыз жетерлік. Ерлігі елеусіз қалмаған олар қалың көпшілікке үлгі болды. Өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тіккен, ерлігі әрқашан ел аузында болатын жыл қаһармандарын тізіп шығуды жөн көрдік.

Тараз қаласында полиция қызметкері Әлішер Ермеков иіс тиіп, есінен танып жатқан бір отбасының 5 адамын құтқарып қалды. Оқиға 6 наурыз күні болды. 
8 жастағы оқушы сабаққа келмегендіктен мұғалімдері оның ата-анасына қоңырау шалған. Олар да жауап бермегендіктен полиция көмегіне жүгінген. Содан соң олар оқушы тұратын үйге барған. Есікті ашпаған соң, көршілерден сұрастырған. Алайда оқушының отбасын бір күн ешкім көрмегені белгілі болады. Полицей Әлішер Ермеков көршісінің рұқсатымен үйдiң ауласына кiрген.

– Үйге келе жатып, терезеден біз баланың еденде ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде каустикалық иіс болды. Тұрғындардың көміртегі тотығына тұншыққанын түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезені аштым, – деді Әлішер Ермеков.

Барлық бөлмені аралап шыққан полицей 58 жастағы үй иесін, оның 47 жастағы әйелін, олардың 12 және 10 жастағы қыздарын, сондай-ақ 8 жастағы ұлын далаға шығарды. Полицей зардап шеккендерге  алғашқы көмек көрсетіп, кейін жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Ол бұл ерлігі үшін Әлішер Ермеков «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

Талғат Аманжолов 25 маусым күні ұшақта турбулент қозғалысы кезінде есінен танып, қысымы төмендеген, жүрегі тоқтап қалу қаупі болған әйелге алағашқы көмек көрсетіп, құтқарып қалды. Оның бұл әрекеті әлеуметтік желілерде видеомен таралып, халықтың ризашылығына бөленген болатын. 
Талғат Аманжолов Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. 

Назым Шәріпова 1 тамыз күні елордада суға батып, ес-түссіз жатқан 5 жастағы баланы байқап, құтқарып алған. 
Оның бүлдірішінді құтқарып қалған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Сол сәтте демалушылардың бірі көмекке келіп, реанимация жасағаннан кейін демала бастаған.
Назым Шәріпова 2009 жылдан бері Есіл ауданы Полиция басқармасында жұмыс істейді. Полиция майоры. 4 баланың анасы. Бұл әрекеті үшін ол ТЖД бастығының міндетін атқарушының бұйрығымен көрсеткен ерлігі, жанқиярлығы үшін алғыс хатпен марапатталды.

Мұрат Есенқабылов өртеніп жатқан көліктен 8 адамды жалғыз өзі аман-есен алып шыққан. 
17 шілде күні Түркістан облысы Екпінді – Созақ тасжолы бойында 3 автокөлік соқтығысып, салдарынан көліктер отқа оранған. Апатқа ұшырағандардың арасында болған Мұрат Есенқабылов 8 адамның өмірін сақтап қалған. Алайда, бұл апат салдарынан 9 адам қаза тапты. 

Төреқұлов Нарұл 19 қыркүйек күні Астанада 20-қабаттағы терезеде ілініп тұрған 10 жастағы баланы аман-есен анасына тапсырды. Баланың байқаған ол дереу жоғарыға көтеріліп, пәтерге жүгіріп кірген. Баланы терезе жақтауынан тартып алып, ішке кіргізіп алған. Әлеуметтік желілерде баланы құтқару сәтінің видеосы тарады.  
Төреқұлов Нарұл оқиға болған тұрғын үй кешенінде күзетші болып жұмыс істеген.

Отандық БАҚ жарыса жазған Ақжол Геройдың ерекше атап өткен жөн. Алматылық оқушы автобус жүргізушісі есінен танып қалғанын байқап, автобусты тоқтатып үлгерген. 
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше жүргізушінің талмасы ұстап, автобусты басқара алмай қалған. Сол кезде Ақжол Герой тез арада тежегішті басып, автобусты дереу тоқтатқан.
Оқиға куәгерлері оқушы лезде әрекет етпегенде, автобус жақын маңдағы ғимаратқа соғылып, жолаушылардың денсаулығына зақым келуі мүмкін екенін айтты.
Осы ерлігі үшін Ақжол Герой «Ел қорғаны» медалімен марапатталды.

Өрт сөндіруші-құтқарушы Арман Айқынбеков қаһарлы қыс пен аязға қарамай киімі мұз боп қалғанша өртті сөндіруге атсалысқан видеосы ел ризашылығына бөленді. Арманның сөзінше, таңғы 7:30-да жер үйде өрт тұтанған. Сол аязды күні ауа температурасы -40 градус болған. Арман өртті сөндіріп жатқан судан оның киімі мұз боп қатып қалған. Қызыл жалынды толық тоқтату үшін өрт сөндірушілерге алты сағат қажет болды.
Арман Айқынбеков күні кеше Jibek Joly телеарнасынан шығатын «Жақсы адамдарым» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жақсы адамдарым-2023» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Шымкенттік Марина Ғафарова жеке саяжайда өртке оранған үйге кіріп, алты баланы аман алып шыққан. 
Оқиға болған түні Марина Гафарова балалардың көмекке шақырған дауысын естіген. Кейін үйінің терезесінен қарап, көрші үйдің өртеніп жатқанын көрген. Уақыт жоғалтпас үшін өрт сөндірушілерді күтпей, жалғыз өзі құтқаруға бекінген. Өртті көргенде үйден жалаңаяқ жүгіріп шығып, үш метрлік қоршаудан секіргенін айтты. 
Алты баланың анасы оларды жалдамалы үйінде қараусыз қалдырып, кетіп қалған. Балалар отпен ойнап, салдарынан өрт шыққан.
Қалалық төтенше жағдайлар департаменті Маринаны бұл ерлігі үшін марапаттады.

Маринаның өзі – төрт баланың анасы. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те алғыс білдіріп, баспана мәселесін шешуге уәде берді. Оған демеушілердің көмегімен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден 4 бөлмелі пәтердің кілті табысталады.

 

Серіктес жаңалықтары