Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жарияланды

Сұхбатта еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы секілді өзекті тақырыптар қозғалған.

Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты жарияланды
Egemen.kz
1544

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген сұхбаты «Egemen Qazaqstan» газетіде жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz.

Сұхбатта еліміздің ішкі-сыртқы саясатына қатысты мәселелер, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, Қаңтар қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өзекті тақырыптар қозғалған.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы, уақы­тыңыздың тығыздығына қара­мастан «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңіз үшін риза­шылығымызды білдіреміз. Сіздің қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікіріңіз қазақ баспасөзі үшін өте маңызды. Сондық­тан түрлі тақырыпта өзіңізбен ашық әңгіме өрбіткіміз келеді. Өткен жыл несімен есіңізде қалды?

– Осы мүмкіндікті пайдаланып, барша отандасымды тағы да Жаңа жыл мей­рамымен құттықтаймын!

2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.

Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қол­дау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін азамат­тар үшін арнайы төлемақы енгі­зіл­ді. Табиғатты қорғауға жауапты ме­ке­мелердің қызметкерлеріне олар­дың өмірі мен денсаулығына төне­тін қауіп-қатерге қатысты үстеме­ақы төленетін болды. Медицина қыз­мет­керлерінің, мектепте, колледж­де және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды.

Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады.

– Ал жаңа жылдан не күтесіз? Елі­міздің алдында қандай міндеттер тұр?

– Мен өткен қыркүйектегі Жол­дауым­да жаңа экономикалық үлгіге көшеті­ні­мізді айттым, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стра­те­гия­лық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.

Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жат­қан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз.

Осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негіз­гі бағыт-бағдары бірінші тоқ­санда-ақ айқындалады.

Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді. Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.

Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек.

– Қасіретті Қаңтар оқиғасынан бері тура екі жыл өтті. Қаңтар Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан бетбұрыстың белесі болды. Сіз бұған дейінгі сөз­дері­ңізде, сұхбаттарыңызда сол қай­ғылы оқиғаға нақты баға берді­ңіз. Дегенмен, әлі де бірқатар сұрақ бар. Қаңтар оқиғасына әртүрлі түсініктеме беретіндер де кездеседі. Алмағайып күндерден бері біршама уақыт өтті. Қазір Сіз сол оқиғаны қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз? 

– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды.

Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.

Жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды. Маң­ғыстау облысында арандатушы­лар­дың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.

Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден ай­маққа барды. Бірақ наразылық шеру­лері экстремистік сипат алды. Оны қас­көйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды.

Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқын­мен өрбігенін көруге болады.

Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шие­­ленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диа­ло­г­ке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.

Көптеген аймақта алғашқы қақты­ғыс­тар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.

Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкес­тер­мен, оның ішінде сырттан келген лаң­кестермен байланысы бар қыл­мыс­тық топтар өршелене іске кіріс­кенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкес­тер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мем­лекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құ­ралдары бар. Оған қоса, көлік ин­ф­ра­құрылымы және телекоммуникация ны­сандары шабуылға ұшырады. Қарақ­шылар мен лаңкестер өзара ұйым­дасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топ­тар және әсіре діншілдер бірге қи­мылдады. Олардың мақсаты ел іші­не үрей туғызу, мемлекеттік инс­ти­тут­тардың қызметін тұралату, конс­ти­туциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді.

Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.

Сұхбаттың толық нұсқасын egemen.kz сайтынан оқи аласыздар.

 

Серіктес жаңалықтары