Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің егемендігі мен тұтастығын сақтау – өзгермейтін мақсат-мұратымыз

3 қаңтарда Egemen Qazaqstan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұхбаты жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің егемендігі мен тұтастығын сақтау – өзгермейтін мақсат-мұратымыз
1129

Сұхбатта халықты елеңдеткен біршама сұрақтың жауабы, елдің қазіргі саяси-әлеуметтік ахуалы, жаңа бастамалар мен атқарылып жатқан істер туралы әңгіме өрбіген. Соның ішінде, Қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мәселесі, Атом электр стансасының құрылысы секілді өзекті тақырыптар қозғалады. 

Ең алдымен Президент өткен жылғы айтулы оқиғалар мен есте қалған маңызды шешімдер, саяси-эко­номикалық бетбұрыстарға тоқталып өтті. 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды жыл болғанын айтқан Мем­лекет басшысы негізгі саяси реформаларды аяқтауға жақын қалғанымызды баса айтты. 
– Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады, – деді Президент сұхбатта. 
Мемлекет басшысы осы жұмыстың бәрі 2024 жы­лы да жалғасатынын айтты. 
– Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйт­ке­ні осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы да­муы­на негіз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сұхбатқа сүйенсек, көп ұзамай Үкіметтің кеңей­тілген отырысы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытын­ды­сы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсіл­дері айқындалмақ. Осылайша, экономикалық, қо­ғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда ат­қарылатын жұмыстың негізгі бағыт-бағдары биыл­ғы бірінші тоқсанда-ақ айқындалады.
– Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сын­дарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жал­ғас­тырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ау­қымды саммит, форумдар өтеді. Қазақ­стан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйы­­­­мына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл жә­не сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түр­кі мемлекеттері ұйымына, Аралды құт­қару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйымына төра­ға­лық етеді, – деді Президент.
Сонымен қатар қасіретті Қаңтар оқи­ға­сы туралы да әңгіме өрбіді. Оқиғаға қа­тыс­ты сұрақ көп екені жасырын емес. Пре­зидент Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық проблемалар, жалпы тоқыраудың би­лік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп бол­ғаны түсінікті жайт екенін айтты. Мем­лекет басшысының айтуынша, халық­тың наразылығын ықпалды топтар өз мүддесіне пайдаланып кеткен.
– Ашығын айтсам, осы жаңа бағда­ры­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұна­­ған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әб­­ден та­мыр жайған жүйеге және билік құ­­ры­лы­мындағы өздерінің «ерекше мәр­те­бе­сіне» төн­ген қатер деп қабылдады. Мұн­дай адам­дар елдегі өзгеріске астыртын, кей­де тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңын­да реформаның бетін қайта­рып, өзде­рі­не ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бә­рін тас-талқан етуге шешім қа­­­­был­дады. Жо­ғары лауазымды тұлғалар­дан тұратын бұл топтың күштік құры­лым­дар­ға да, қыл­мыс әлеміне де орасан зор ық­­­палы болды. Сон­дықтан билікті күшпен ба­сып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жү­гінсек, олар 2021 жылдың ортасына та­ман дайындыққа кіріс­кен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың ба­ғасын күрт өсіру ту­ралы жан-жақты ой­лас­тырылмаған, құ­қықтық негізі жоқ шешім қа­былдады. Маң­ғыс­тау облысында аранда­ту­шылардың ай­­тағына ілескен жұрт шеруге шықты, – деді Президент сұхбатта.
Одан бөлек, қосарланған билік, билік тран­зиті сияқты өзекті сұрақтар қойылған. Президент тура осы жағдай Қаңтар оқи­ға­сы­на әкеп соқтырған алғышарттың бірі бол­ғанын да жасырмады. 
Сондай-ақ саяси тұтқындар мәселесі, сөз бостандығы, цензура сияқты «қызып» тұр­ған тақырыптар да қамтылған.
– Саяси қудалау бар деп айту үшін цен­зура, арнаулы заңдар мен жазалаушы ор­гандар болуы керек. Қазіргі Қазақ­станда мұ­ның ешқайсысы жоқ. Біздің заң­на­ма­мыз­да азаматтарды саяси көз­қарасы үшін қу­далауға негіз болатын бірде-бір Жарлық, бір­де-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ, – деді Пре­зидент.
Экономиканы, жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру мақсаты қаншалықты шын­дық­қа жанасатынына қатысты да сұраққа жауап таба аламыз. 
– Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Ха­­­­­лықаралық валюта қорының сарап­шы­ла­ры 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша Қазақстанның ішкі жалпы өнімі қазіргі ба­ғамен есептегенде 259 миллиард доллар­дан асады, яғни 2022 жылмен салыстыр­ған­­да 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақша­лай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жал­­пы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты бол­­­жамды көрсеткіш былтыр 13 мың дол­лар­­ға жуық­тады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қымбатшылық, халықтың қарызға ба­туы туралы да Президент алаңдайтынын айт­­ты. Қымбатшылықпен күрес жаңадан жа­­сақталған Үкіметтің өнімді жұмысына қа­­рай жеміс беретінін Мемлекет басшысы ба­­са айтты. Сонымен қатар бұған Үкіметтің мүм­кіндігі жеткілікті екеніне де тоқталды. 
Тағы бір мәлім де беймәлім тақырыптың бірі – АЭС құрылысы туралы да айтылды. 
– Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-ке­сіл­­ді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядро­лық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін бас­қа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жо­ба­ның құны мен экологияға әсерін қапер­ден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпы­ха­лықтық референдумға шығаруды ұсын­дым, – деді Мемлекет басшысы.
Одан бөлек, сыртқы саясат мәселелері, кадр саясаты және басқа да тақырып төңі­ре­гінде қойылған сұрақ аясында өрбіген сұх­бат әр азаматтың көкейінде жүрген сауал­­дармен үндесетіні анық. Мазмұнды сұх­батты бұдан әрі сарапшы мамандар тара­тып айтып берді.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, 
профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы:

Мемлекеттік идеологияның өзекті бағытын айқындаған сұхбат

– Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған Пре­зи­ден­тіміздің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қа­­­рауымыз керек!» атты ауқымды сұхбаты қоғамдық пі­кірге үлкен қозғау салды. Әрқашанда сабырлы, сал­мақ­ты, таразы басын тең ұстап, ашығын, адалын айта­тын Мемлекет басшысы бұл жолы да қоғамда жүріп жат­қан көп түйткілдердің, ел аузында жүрген көп сұ­рақ­­­тардың барлығына бүркемелемей, анығын, әділін ай­тып, тыңғылықты, тарқата жауап бергені ел көңілінен шық­ты. Осындай сын сағаттарда, алмағайып заман­дар­да, әлемдік геосаяси жағдай әбден ушығып, бітеу жа­ра­дай болып тұрған кезеңде мемлекеттік, ұлттық саяс­ат­тың өзекті тұстарына тоқталып, ой-пікірін ашық біл­дір­генін тек игілікке балаймын. 
Жылына кем дегенде екі рет осылайша бүкпесіз, әлеу­метті толғандыратын, пісіп жетілген барлық қо­ғам­дық, саяси, рухани мәселелерді қалың елдің тал­қы­сына салып отыру бірлігімізді, ішкі ынтымағымызды ны­ғайтатын, бекемдей түсетін басты фактордың бірі деп есептеймін. Сондықтан да Президенттің осы жолғы та­рихи әрі тағдырлы сұхбатын тереңіне үңіліп, тебірене оқып шықтым.
Халықпен болған әрбір ашық әңгіме әр уақытта би­лік пен елді бір-біріне жақындата түсетіні анық. Ха­лықпен әділ, адал, ашық сөйлесіп отыратын Мемлекет бас­шысының да абыройы биік. Әсіресе, сұхбат бары­сын­да осыдан екі жыл бұрын ғана өткен Қаңтар оқи­ға­сына әділ, адал әрі дер кезінде саяси баға берілгені көп сұрақтарға нүкте қойды. Қауіптің тамыры, түбірі ту­ралы көп ойланып, салмақтап, сабырлы ұстам­ды­лық­пен ой-пікірін білдірген Президенттің сөзі бар­лы­ғы­мыз­ға сабақ болады деп ойлаймын. Жау жоқ деме, жар ас­тында дегендей, ендігі жерде тереңнен ойлап, ал­ды­мен ұлттық мүддені бірінші орынға қойып, мемлекеттің аман­дығын, қауіпсіздігін, ішкі ынтымақ пен бірлігімізді шашау шықпайтындай етіп күн сайын бекемдей түсуді ойламасақ орға жығылудың ауылы алыс емес екенін терең түсінгендейміз. 
Қаламгер ретінде маған әсіресе әсер еткені − сұхбат­та­ғы ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық та­рихымызға, ұлттық руханиятымызға үлкен басымдық бері­ліп, мемлекеттік идеологияның өзекті бағытына айнал­ғаны көңіліме сенім ұялатты. Іргесі бекем, төрт құбыласы тең, әлемдік бәсекеде көш соңында қалып қал­маудың барлық қамын жасаудың тетіктеріне терең тоқ­талған Мемлекет басшысы осынау жолда алдыңнан шы­ғатын қауіп-қатердің де көп екенін ойымызға салды. Же­ті рет өлшеп, бір рет кесетін заманның қарсаңында тұр­ғанымызды да ескертті. Жалпы, ой көзімен үңіліп, мұ­қият, терең оқып шығуды қажет ететін осынау сұх­баттың қоғамдық, әлеуметтік салмағы біздерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз!

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:

Қоғам көкейіндегі сауалдарға байыпты жауап берді

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетіне жа­рия­лаған сұхбатында қоғам кө­кейіндегі іргелі сұрақ­тарға байыпты, салиқалы жауап берілген.
Ішкі, сыртқы саясат, экономикалық өсім, адам капи­та­лын дамыту, идеология саласы, Қаңтар оқиғасы, қо­­­сарланған билік, отбасылық зорлық-зомбылықпен кү­рес, петиция заңы, кадрлық саясат. Әр тақырыпты тар­қатуға және кеңірек кешенді түрде қарастыруға бо­лады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық Құрылтай көк­тем­де өтетінін айтты. Идеология саласындағы көптеген мә­се­ленің шешімін талқылайтын Ұлттық Құрылтай бү­гінде сындарлы диалог платформасына айналғандығы қуантады.
Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатыс­ты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын айтты. Былтыр от­басындағы тұрмыстық құқықбұзушылықпен күрес тә­сіл­дері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкім­ші­лік және қылмыстық жауапкершілік едеуір күшей­тілді. 
Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс­тар­дың алдын алу үшін нақты шаралар қолға алынды. Әйел­дер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қа­тыс­ты қылмыстарды тергеумен енді әйел тергеушілер ай­налысады. Ішкі істер органдарында әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын ма­ман­дардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек.
Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағи­датының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заң­сыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ере­желердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың ая­қас­ты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі ке­рек» екенін айтты.
Сонымен бірге, баршаңызға белгілі Мәжіліс депу­тат­тары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауының аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді ша­ра­ларын қарастыратын заң жобасын әзірлеген бола­тынбыз. 
Негізгі новеллалары:
Отбасы жағдайында ұрып-соғу немесе басқа да зор­лық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауап­кершілікті енгізу.
Әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілсе де қылмыстық жауапкершілікке тарту.
Отбасылық зорлық-зомбылық орын алған жағдайда агрессорды үйден шығару. Қазір керісінше жәбірленуші әйел мен бала үйден кетеді.
Харассмент үшін жауапкершілікке тарту.
Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру. 
Басқа баламалы жазаны қабылдамау.
Бұған дейін педофилия үшін сотталған және өкі­ніш­ке қарай, бостандыққа шығатындар үшін соттылығы жойылғанына қарамастан өмір бойына әкімшілік қа­дағалауды енгізу ұсынылады. Олар құқық қорғау орган­дары­ның бақылауында болуы шарт.
Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі заң шығарушы орган ретінде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күресте заңнаманы жетілдіруде аза­мат­тық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, Мемлекет бас­­­­шысының тапсырмаларын орындауда тиімді жұ­мыс­тар жасауға әзірміз. 

Ермек ТОҚТАРОВ,
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты стратегиялық талдау 
бөлімінің басшысы:

Әрбір оқырман Президенттің позитивті көзқарасын сезді

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты жыл ба­сындағы маңызды оқиға болды. Біріншіден, Мемлекет бас­шысы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына баға берді. Бұл мем­лекеттік төңкеріс жасауға әрекет болғаны анық. Сон­дай-ақ Президент айтып өткендей, ескі ұстанымдарды ұс­танушылар тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдас­тыру­шы­лары болды. Екіншіден, 2022 жылдың қаңтарында қас­тан­дық жасаушылардың сәтсіздігі және одан әрі саяси ре­фор­малардың сәттілігі халықтың өзгерістерге ұмтылуының, бас­қарудың бұрынғы тиімсіз тәсілдерінен арылудың және Пре­зиденттің одан әрі реформалау мен жаңғырту бағыты ха­лықтық қолдаудың арқасында мүмкін болды. Мемлекет бас­шысы айтып өткендей, ұлттың саяси менталитеті тү­бе­гейлі өзгеріске ұшырады. Тиісінше, бұрынғы тәртіпке оралу өте күмәнді және іс жүзінде мүмкін емес.
Неден аулақ болу керек? Билік пен экономикалық ре­сурс­тардың тар шеңбердің қолында шоғырлануынан аулақ бол­ған жөн. Немқұрайлылық, жауапсыздық пен заң­сыз­дықтан. Ал неге ұмтылу керек? Әділеттілікке, заң мен тәр­­­­тіпке. Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды на­ғыз азаматтар мен патриоттар құра алады. Олар бірлік, ын­тымақтастық, еңбекқорлық, білімге табыну, кәсібилік, өзара қолдау, кәсіпкерлік, бастамашылық, адалдық, қара­пайымдылық және үнемділік сияқты қасиеттерге ие бо­лып, осы құндылықтарды ұстануы керек. Көріп отырға­ны­­­мыздай, барлық проблемалардың шешімі әр азаматтың мо­ральдық көзқарасында, этикалық құрамдас бөлігінде жа­тыр. Шын мәнінде, Мемлекет басшысы жастарды эти­ка­лық құндылықтар мен әлеуметтік маңызды көзқарас­тардың сапалы жаңа іргетасында ұлт құруға шақырады.
Даму диалектикасы өзгеріс жолындағы әрбір жаңа ке­зең объектінің сапалы жаңа түрі екенін болжайды. Және бұл өзгерістер қайтымсыз. Ежелгі грек философы, диа­лек­ти­каның негізін қалаушы Гераклит айтқандай, «бір өзенге екі рет кіруге болмайды». Әрбір жеке азаматтың жеке да­муы немесе бүкіл мемлекеттің дамуы болсын, бұл қағида бәріне қолданылады. Президент өзінің сұхбатында 2022-2023 жылдарға әсер еткен қарқынды саяси жаңғыру үде­рісіне жол ашты. Өзгерістер біртіндеп және дәйекті түрде жүре­ді. Осы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, даму мұ­нымен тоқтап қалмайды. Біз реформалар мен жаң­ғыр­туды жалғастырамыз. Бірақ бұл жерде қоғам шешуші рөл ат­қаруы керек. Мемлекет басшысы қол жеткізілген өзгеріс­тер­ді және демократиялық өзгерістердің кепілін қорғауда қоғамға үлкен үміт артады.
Бұған барлық қажетті құқықтық және саяси негіздер бар. Әркім өзі үшін және өз халқы үшін жақсы болашақ құру­да қандай айрықша рөл атқаратынын түсінуі маңыз­ды. Алда экономикалық дамуда да, саяси өлшемде де үлкен мақ­саттар тұр. Халықтың ілгерілеуі мен әл-ауқаты өзді­гі­нен келмейді. Бұл мемлекеттің барлық институттарының – Үкі­меттің, әкімдердің, депутаттардың, мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің тиімді жұмысының, сондай-ақ әрбір азаматтың қа­жырлы жұмысының нәтижесі. Менің ойымша, әрбір оқыр­ман Президенттің позитивті көзқарасын сезді. Жаңа­ша жұмыс істеуді қазір бастамаймыз ба? Бүгіннен бастап отбасыңыз бен халқыңыздың игілігі үшін өмір сүріп, жұмыс жасамайсыз ба? Президенттің сұхбаты мен оның сөздері алға қадам басуға үндейтініне сенімдімін.

Мирас ЖИЕНБАЕВ,
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы:

Өзгеріс – өте ұзақ үдеріс

– Президент мемлекеттің бүкіл саяси жүйесінің реңін белгілейтін ішкі және сыртқы саясатта болып жат­қан оқиғаларды кешенді бағалап, Egemen Qazaqs­tan-ға үлкен бағдарламалық сұхбат берді.
2023 жылы біз саяси реформалардың негізгі ке­шенін аяқтадық. Мемлекет трансформациялау қа­білетін және мемлекеттік билік институттарын ны­ғайтуға абсолютті міндеттемені көрсетеді. Қалай бол­ғанда да, бүгінде бізде түбегейлі өзгеше Президент инс­титуты, кеңейтілген өкілеттіктері бар Парла­мент­тің жаңартылған палаталары және жаңарған Үкімет қалыптасты. Өзгеріс – өте ұзақ үдеріс. Деген­мен бүкіл жүйені қайта құру және күшті институттар құру – бұл заңның, мемлекеттің және оның аза­маттарының үстемдігін қорғаудың маңызды қада­мы. Мемлекеттік құрылыс – «ұзақ ойын», өйткені қазір біз өзімізге түсінікті кезеңде өмір сүріп жатқаны­мыз­ға қарамастан, бұл саяси институттар 10 жылдан кейін де, 100 жылдан кейін де өмір сүретін болады. Де­мек, бүгінгі таңда қалыптасқан іргелі қағидаттар біз­г­е жаһандық өзгерістер дәуірінде мемлекет да­муы­ның ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету­ге мүмкіндік береді.
Кез келген мемлекеттің түпкі жетістігі – оның әр­бір азаматының күнделікті қажырлы еңбегі. Сұх­батта айтылған маңызды мәселе – біз өзімізді жал­пыұлт­тық құндылықтарға берілген демографиялық құры­лымы бойынша жас және жалпы болашағы­мыз­ға сенімді ұлт ретінде бағалаймыз. Біздің мемле­кет­тілігіміздің ғасырлар бойғы дәстүріне және ұлт құру тәжірибесіне сүйене отырып, біз өзімізді кері қай­таруға, консервациялауға және тоқырауға жол бер­мей алға жылжуды жалғастырамыз.
2024 жылы біз Қазақстанның бірнеше маңызды ха­лықаралық ұйымдарға төрағалық етуінің маңыз­ды кезеңіне кіреміз. Олардың әлеуеті синергиясының жетістігіне халықаралық істерде көп нәрсеге байла­ныс­ты болады. Іс жүзінде біз диалог мүмкін болатын және көпжақты дипломатия үшін кеңістік сақтала­тын әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі болып қала отырып, халықаралық құқық нормаларына адал­дықты сақтаймыз. Бірнеше онжылдықтар бұ­рын мұндай жағдай Женеваға әлемдік диплома­тия­ның астанасы болуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, ол көптеген халықаралық ұйым үшін алаң және БҰҰ фи­лиалының штаб-пәтері болды. Бұл Астанаға қа­зір­гі жағдайда не әкелетінін байқау ғана керек. Қа­лай болғанда да, біздің сыртқы саясатымыз тұрақ­тылықтың ғажап мүмкіндігін көрсетеді, ал өзгерістер әлемінде туындайтын жаңа мүмкіндіктер қазақ дип­ломатиясының белсенділігі үшін қосымша кеңіс­тік жасайды. Бұл ел дамуының өз міндеттерін іске асыру үшін пайдаланатын Қазақстанның өте маңыз­ды стратегиялық активіміз болады.
2024 жыл әлем мен Қазақстанға не әкелетініне қарамастан, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы, даму үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қабілеті және прогресс пен жаңаруға түбегейлі берілгені – опти­мизм үшін маңызды факторлар.

Серіктес жаңалықтары