Алаш зиялыларының бейнесін жіппен кестелеген шебер

Берік Амантайұлы бір туындысына бір ай уақыт жұмсайды екен.

Алаш зиялыларының бейнесін жіппен кестелеген шебер
Turkystan.kz
4673

Қазір қиялға ерік берсе, қылқаламсыз-ақ сурет салуға болатынын дәлелдеп жүргендер жетерлік. Қарағандылық Берік Қарашолақов кейінгі 5-6 жылдан бері Алаш зиялылары мен әдеби тұлғалардың портретін жіппен кестелеп, жұрт ықыласына бөленіп жүр. Суретшінің талайды тәнті еткен теңдесіз туындылары ізденістен туған. 

Берік Амантайұлы Қарағанды облысы Үштөбе ауылындағы орта мектепте көркем еңбек пәнінен сбақ береді. 40 жылға жуық уақыт ұстаздық етіп келе жатқан ол алғашында бұл тәсілдің қалай атайтынын білмегенін айтады.

 «Алғашында бұл тәсілдің атауын білмедім. «Тышқанның ізі» деп аталатынын артынша білдім. Әуелі дүкеннен үнді жіптерін көріп, осындай ой келді. Суретті қазір әртүрлі техникамен салуға болады ғой. Ал мен тоқып бейнелеп көргім келді. Қазақпыз ғой қолымды үйрету үшін алғашқы кестелегенім жылқының суреті болды. Қолымды суытып алмайын деп бірден өзімнің портретіме кірістім. Ол да көңілден шықты. Кейін «Неге Алаш арыстарының портретін салмасқа?» деп ойладым. Сөйтіп, матаға қарындашпен Сәкен Сейфуллинің суретін салып, артынша тігіп шықтым. Бірден мінсіз болмағаны рас. Бірнеше мәрте салдым. Аяқтап болғанымда, бір таныс ағам келіп, суретке қарады да, көзіне жас алды. «Маған сатшы» деп қоярда-қоймай 70 мың теңгесін ұсынып, алып кетті. Ол кезде жетпіс мың деген тәуір қаражат болатын. Міне, бұл іс 5-6 жыл бұрын осылай басталды», – дейді ол.

Шебер тұлғалардың суретін салмас бұрын жан-жақты зерттейді.

«Кейін елге еңбегі сіңген, қазақ жерінің халық меншігінде қалуына жол ашқан Жұмабек Тәшеновтің суретін салдым. Көпке белгілі Аршалыдағы мектебіне барып, портретті өз қолыммен барып табыстадым. Балаларға дөңгелек үстел өткіздім. Бір-екі оқушы қатты қызығушылық танытты. Олардың әсерлері маған шабыт бергенін түсіндім.

Қазір жастарды таңғалдыру қиын ғой. Мен де олардан қалмай дамып, үнемі ізденісте жүруге тырысамын. Егер жастар істеп жатқаныма қызығушылық білдірсе, тек қуанамын», – дейді қолөнер шебері.   

Берік Амантайұлы бір туындысына бір ай уақыт жұмсайды. 7-8 түсті жіпті қолдана отырып, екі планда салады. Бірінші планда – негізгі кейіпкер, екінші де – бір түсті фон. Автордың айтуынша, фон адамның мінез-құлқын, тегін білдіреді.

«Мәселен, Әлихан Бөкейхан портретінің екінші планы – қызыл түсті. Бұл тұлғаның мінезін көрсетеді. Және тектілігін аңғартып тұр. Абай портретінің фоны – қызылды-жасыл түс, аралас. Қазақтың бас ақыны, әрі орта жүзден шыққанын осы бір ашық түстермен бейнеледім. Сәкен бейнеленген картинаның екінші планы – ашық және қою қаракөк. Ақынның көпке белгілі «Тау ішінде» әніне үндескен», – деді ол.

Негізгі детальдарын салып біткен соң, екінші пландағы дүниелерді шәкірттеріне тіктіреді екен. Айта кету керек, Берік Амантайұлының осы іске баулып отырған 10 шақты шәкірті бар. «Үйренгім келеді» келеді деген оқушылар саны аз емес.

Шебердің бұған дейін көз майын тауысып, қыруар уақытын сарп еткен 30 шақты туындысы бар. Оған 300 мыңға жуық метр жіп қолданған. Сондай-ақ олардың ешібірі сатылымға шығарылмайтынын атап өтті. Оған себеп – алаштықтардың ұстанымдарын қазіргі қоғамға насихаттау.

«Алаш зиялылары жастарға үлгі болсын деген ниет менікі», – дейді Б. Қарашолақов.

Суретші қазір Ақселеу Сейдімбектің портретін әзірлеп жатқанын айтты. Сондай-ақ арнайы тапсырыспен салатын суреттері де бар. Шамамен бір картинаның не портреттің құны 70-80 мың теңгеге бағаланады екен. Ол ең бастысы жұмысына міндетті түрде істелуге тиіс жұмыс деп емес, керсінше ләззат алатын сүйікті ісі ретінде қарайтынын айтып жеткізді.

 

Серіктес жаңалықтары