Менің Túrkistan-ым!

Түркі­стан­ға Тайқазан қалай келді, солай ел­дің құт-берекесі артты. Сол секілді ру­ханият саласының Тайқазаны – өз Túrkistan-ым жасай берсін!

Менің Túrkistan-ым!
turkystan.kz
1008

Túrkistan – Қалтай Мұхамеджанов негізін қалап, қалыптастырған, Шәмшидин Паттеев жаңа тыныс берген ерекше басылым ретінде менің жадымда сақталды. Біз бұл газетте Дидахмет Әшімханұлы дейтін қазақтың көрнекті жазушысына шәкірт бола білдік. 

Газетке жұмысқа келген кезіміз де қызық. Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің жур­на­лис­тика факультетінің магист­ра­ту­ра­сын тәмамдап, аспирантураға құ­жат тапсырып жүрген кезім. Бір кү­ні аяқастынан құрбым Айнұр Сем­баева екеуміз ойласа келе жұмыс із­­дейтін болып шештік. Негізі, о бас­­тағы екеуміздің де ниетіміз – ғы­лымға біржола бет бұру болатын. Оған дейін талай газетте өндірістік прак­тикадан өткен тәжрибеміз бар. Мен әдебиетті, өнерді жақсы кө­ре­мін. Қай газетке барсам да, руханият жа­ғына бағыттаса деймін. Ол кезде га­зеттердің қай-қайсысы да осал емес: Egemen Qazaqstan, «Қазақ әде­бие­ті», «Ана тілі», Túrkistan. «Жас Алаш» тіптен дүркіреп тұр. Таңдау – Túrkistan-ға түсті. «Ақырындап тә­жі­ри­­бе жинап көрейін, әрі қарай ұнап жат­са, істей беремін, болмаса – аспи­ран­турам тағы бар ғой» деген ой-ниет­пен басылымның есігін имене аш­қанымыз кеше сияқты еді. Біз бар­ған кезде бір топ жастар келіп жа­тыр екен. Оның алғашқы легінде Гүл­биғаш Омар, Жұлдыз Төлеу, Жұл­дыз Әбділда, Гүлнәр Мұқанова бар екен. Есенгүл Кәпқызы – онда га­зет­тің белді қызметкері. Саясатты жаз­ған­да, түбін түсіреді. Сол топқа бір­ден топ ете қалдық. Гүлбиғаш сая­сат­қа біржола ден қойды. Жұлдыз Әб­ділда мен Гүлнәр Мұқанова эко­но­мика жағын икемдей бастады. Кіл «сен тұр, мен атайын» дейтін мық­ты­лар. Кейін бұл қатарға белгілі жур­налист Нәзия Жоямергенқызы мен Динара Мыңжасарқызы қо­сыл­ды. 
Менің бағытым – руханият. Бұл ба­ғытта Дидахмет Әшімханұлынан үй­ренгенім көп болды. Қазақ әде­бие­тінің алыптарынан сұхбат алуды да жиі тапсыратын. Соның арқасында кіл мықтылардан сұхбат алу бақыты бұйырды. Сайын Мұратбеков, Қа­ли­хан Ысқақ, Мұзафар Әлімбаев, Қа­дыр Мырза Әлі, Тұманбай Мол­да­ға­лиев, Шөмішбай Сариев, Аманхан Әлім және т.б. ақын-жазушылармен сыр­ла­сып, әдемі сөз маржанын түз­ген едік. 
Қалтай ата өте жайдары, әзіл-қал­­жыңы бөлек, ғажап адам бола­тын. Оқығаны дария, білгені мұхит ата­мен бірге көп жұмыс істей алма­дық. Біз келген кезде ол кісінің аяғы ауырып, Мәскеуге емге барамын деп жүрген кезі екен. Аурушаң тізесінен әб­ден зардап тартса керек, «ота жа­сатсам, жазылып кетеді» деген сенімі бол­ды. Өкінішке қарай, сол Мәскеу са­парынан қайта оралмады. Газеттің бі­рінші бетіне Дидағаңның Túrkis­tan-ның Бәйтерегі құлады» деп қазанама жазғаны да есімізде. Қалтай ата десе, Túrkistan, Túrkistan десе, Қалтай ата еске түседі. Екеуін бір-бірінен ажы­ра­тып қарай алмайтынымыз да  сон­дықтан.
Шығармашылық мектеп деген бар. Қарымды қаламгер Дидахмет Әшім­ханұлы тақырып қоюда, мақа­ла­ны редакциялауда өте шебер еді. Жа­зылған дүниеге тақырып таба ал­май қиналғанда, дереу Дидағаңа жү­гінетінбіз. Онсыз да қат-қабат ре­дакция жұмыстарымен айналы­сып отырған ағамыз қолма-қол күш­ті тақырып қойып беретін. Ой­ды ұшқырлау, мәселені діттеу тұр­ғы­сында лекцияға бергісіз әңгімелері қан­дай еді!..
Шәмші аға ойдың, идеяның ге­нераторы болды. Нешетүрлі тақы­рып ұсынатын. Көбіне шетел және Ре­сей басылымдарын жаздыртып ала­тын. Қазақ журналистикасында ойлы, парасатты журналистика өрі­сін кеңейткен тау тұлғалы редак­то­рымыз. Қалтай ағадан кейін тіз­гін­ді мық­ты ұстады. Бәрімізге ақылшы, кеңесші болды. Жалпы, Шәмші аға­ның курстастары кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, журналистикаға жел бітірген, ерекше леп әкелген аза­маттар ғой. Көп оқығандық, ізде­ніс, ой кемелдігі әрдайым бізді биік бе­лестерге талпынтатын.
Газет ұжымын 30 жылдық ме­рей­тоймен құттықтаймын. Түркі­стан­ға Тайқазан қалай келді, солай ел­дің құт-берекесі артты. Сол секілді ру­ханият саласының Тайқазаны – өз Túrkistan-ым жасай берсін!

Гүлзина Бектасова,
AIQYN газеті бас редакторының орынбасары

Серіктес жаңалықтары