Руна жазуы бізді түп тарихымызға жетелейді
Рунаны зерттеудің қазіргі кезде рухани да, саяси да мәні бар. Өткенде Түркі халықтарының саммиті өткенде, Түркияның президенті Реджеп Тайып Ердоған түркі халықтарының төл жазуы − руна болуы қажет деген ұсыныс жасады. Бұл шынын айтқанда, үлкен жасампаздық, прогрессивтік ой. Егер біз өзіміздің рухани мәдениетімізді қолданбасақ, рунаның басқаларға керегі жоқ.
Ғұмырын ғылым жолына арнаған адамды ғалым дейміз, бірақ бұл атақ негізінен ресми түрде іргелі зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми еңбек жазғандарға тиесілі. Алайда «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, ғылымда әйтеуір жұрт қатарлы еңбек етіп ғалым атанып жүргендер болады және жазған еңбегінің құндылығымен ғылым көкжиегін кеңейтіп, тарихи ақиқаттың сырына үңіліп, жұмбағын шешіп шынайы ғалым ретінде танылатындар бар. Бұл орайда, біздің өзгеше мәнді түп мәдениетіміздің айғағындай руна жазуы таңбасынан ұлттық болмысымыздың тылсымын танып-білуде үлкен табыстарға жеткен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, белгілі төрүктанушы ғалым Аманқос Мектеп-тегінің орны бөлек.
Біз ғалыммен сұхбатымызда төрүк өркениетінің коды секілді руна жазуының қазақ ғана емес, төрүк руханиятындағы орны мен оның болашағы жайында әңгімелесіп, былайғы жұрт біле бермейтін талай тың деректердің мән-жайына қаныққандай болдық.
Аманқос Құлтанұлы ежелгі төрүк жазуы − рунаның белгілі бір тәртіппен жүйеленген базалық «Пішін» кестесінен (таблицасынан) шығатынын түсіндірді. Бұл графикалық таблица есте жоқ ескі дәуірде жер бетінің әр түпкіріне жартасқа, тасқа, үңгірге таңбаланған. Бір ғажабы, осы «Пішін» кестесінен руна таңбалары бірінен соң бірі шығатынын және оның идеографиялық мағынасы барын шешкен дизайнер, рунатанушы Тайжан Досанов деген азамат екен. Ол жігіт өмірден озғанына 10 жылдан асыпты. Қолға ұстап қарағанда әр парақшадағы әріп-таңбалардың расында ғалым айтқан жүйемен жасалғанына көз жеткізіп, руна жазуының о баста белгілі бір заңдылықтарға сүйенгеніне сенбеске шараң қалмайды. Пішін сөзі жай ғана ұғым емес, бүгінгі «жазу» сөзінің бастапқы атауы – п[б]ічік, яғни қатты материалға тас, ағаш, сүйек, тері, металға руна таңбасын пішіп салуды пішік деген. Орыс тіліндегі «пишу» сөзі пішіктен алынған.
– Көріп отырсың ба, – дейді ғалым біздің алдымызға руна таңбаларына негіз болған, өзі картоннан ойып жасаған «Пішін» кестесінің моделін ұстап. − Бұл бүгінге дейін айтылмай келген нәрсе. Қазіргі компьютердің мониторынан, ұялы телефонның экранынан көрсетілетін ақпараттар да түрлі сызықтардың бойына орналасқан таңбалармен берілмей ме, міне, соның бәрінің ең алғашқы үлгісі мына «Пішін» кестесінде тұр. Яғни, бүгінгі біз ақпарат оқитын заманауи технологияның атасы осы.
Әлемге белгілі айқыш − крест, ашамай таңбалары да ежелгі төрүктерге тән төл таңба, тіпті ол қазақтың орта жүзіндегі керей, кіші жүздегі кете, адай руының таңбасы. Екі сызықтың тік және көлденең қиылысуы нәтижесінде жасалған айқыш (ашамай таңбасы) тіршілікті, жаратылыстың пайда болуын белгілейді. Қазақта айқыш таңбасын «қосу» деп те атайды, мұның ар жағында «қосылу» ұғымы тұрғанына мән берсек, аталық пен аналық ұрықтың қосылуынан адамның пайда болатынын түсіну қиынға соқпайды. Қазір біз ру деп жүрміз ғой, оның әу бастағы атауы − «ұрық». Бұрынғы кездегі қазақтардың зиратына қойылған құлпытастардағы жазуларда пәлен тайпаның немесе пәленшенің ұрығы деп жазылған. Оны ұрқы деп те қолданады. Руна таңбалары біздің ою-өрнектерімізде айқын көрінеді. Мәселен, киіз үйдің өзі тұрысымен таңбалардан құралған. Шаңырақ, төменгі жағы иілген уықтар, ашамай пішінде құралған кереге − бәрі де руна таңбалары негізінде жасалған. Киіз үйдің ішкі тетіктері басқұр, тұскілем, алашалардағы, ұлттық киімдердегі оюлар да белгілі бір мән бар. Ою деген сөздің астарында «ой» деген ұғым тұр, ал ою – сол ойды заттандыруды білдіретін атаусөз. Руна сөзінің мәні «ру іні», яғни, ұрықтың үйі дегенді білдіреді. Сол сияқты айна деген сөздің мағынасы − айдың іні. Айдың сәулесі суға түседі ғой, адамдар да өз бейнелерін алғаш рет судан көрген. Сөйтіп, айна атауының жасалуына себеп болған суға түскен ай сәулесі. Оның бәрін әу баста біздің бабаларымыз жасаған. Міне, осындай ой-толғаныстарын жинақтап, «Руна жұмбағы» атты ғылыми-танымдық еңбек дайын болды.
− Бүгінде елімізде төрүктану ғылымында бірегей ғалым ретінде танылған адамсыз. Бірақ сізді о баста Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеуші ретінде білетінбіз. Ол бағытта бірнеше кітап шығардыңыз. Ал руна жазуына қызығуыңыз, оның сырын ашуға талпынысыңыз қай кезден басталды және оған не себеп болды?
− Негізі, менің зерттеу объектім Алашорда болды. 1987 жылдың аяғында, Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген кезімде, Ахмет Байтұрсынұлын ақтау туралы әңгіме басталды. 1988 жылы академиктердің комиссиясы құрылды. Оның құрамында
С.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев секілді танымал тілші ғалымдар мен академиядағы тарихшы ғалымдар болды. Сол кезде Тіл білімі институты мені екі жыл қатарынан іссапармен Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қалаларына жіберіп, қалалардағы архивтердің «арнаулы қорларындағы» (ол КГБ-ның бақылауындағы қор) тұтқында жатқан кітаптар мен мерзімді басылымдарды мемлекеттің рұқсатымен қарауға мүмкіндігім болды. Ол кез КСРО-ның құлайын деп тұрған кезі, дүкендердің сөрелері босап қалған шақ, киім-тамақтың бәрі дефицит болып жатқан. Сонда мен Алматыдан кетпес бұрын көпті көрген ағаларым: «қазір дүниенің бәрі қат болып тұрған кез ғой, қайда барсаң да аузын ашып отырғандар табылады, сондайда кішкене сыйлықтың өзі көп нәрсені шешіп, ісің оңға басады. Сондықтан ол жаққа құр барма» деп кеңес берді. Мен сол кезде өнімдері елімізден тысқары жерлерде де жақсы бағаланатын «Рахат» кондитерлік фабрикасының конфеттерін бір чемодан қылып алып кеттім және бір қалтадай Алматының апорты бар. Үлкендер біліп айтқан екен, сол алып барған апорт пен шоколадтың арқасында «орын жоқ» деп тұрған қонақүйден орын табылды, талай архивтың арнаулы қорларына да іркінішсіз өттім. Онда біздің тарихымыз бен мәдениетімізге қатысты небір құнды материалдар жатыр ғой. Мәселен, Мәскеудегі В.Ленин атындағы кітапхананың «арнаулы қорында» «Қазақ» газетінің тігіндісін алдыма әкеп қойғандағы сезімді тілмен жеткізіп айта алмаймын. Ахаңдар шығарған газеттен баспахана бояуының иісі аңқып тұрды. Кейін сол архивтік материалдардың негізінде 2015 жылы Халел Досмұхамедұлының публицистикалық мұрасына «Көсемсөздің көсемі» атты 25,5 баспа табақтық зерттеуім жарық көрді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһаншаһ Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық-саяси, мәдени-рухани қызметі хақында «Жеті көсем» атты ғылыми-танымдық 42 баспа табақ кітабым жарық көрді. Бұлардың бәрі басқа еңбектерін былай қойғанда ХХ ғасырдың басында қазақ баспасөзіне көп еңбек сіңірген ұлы тұлғалар ғой.
Ал енді көне төрүк жазуын зерттеуге қалай келгенімді айтайын. Академияда жүргенімде руна жазуын зерттеуге себепші болған кісі − филология ғылымдарының докторы, қазақтың ірі ғалымдарының бірі Ғұбайдолла Айдаров. Ол елімізде төрүк жазуын зерттеуге мол үлес қосқан бірегей ғалым. Бірақ Ғұбайдолла Айдаровқа тас бітіктің Моңғолияда сақталған түпнұсқасын көруге тағдыр жазбады. Өйткені кеңес дәуірінде шетел саналған Моңғолияға баруға рұқсат жоқ еді. Содан соң ол амалсыздан төрколог С.Малов еңбегіндегі руна ескерткіштерінің мәтініне қарап зерттеу жүргізген. Сондықтан С.Маловтың кітабында кеткен кейбір олқылықтар ол кісінің кітабында да қайталанды. Ол үшін әрине, Ғұбайдолла Айдаровты кінәлау орынсыз. Дегенмен Ғұбайдолла аға ескерткіштердегі руна жазуының фонетика, лексика, морфологиясына байланысты керемет еңбектер жазды. Олар кейінгі зерттеушілерге үлкен ой салатын зерттеулер болды. Одан соң Тайжан Досанов деген суретші-дизайнер жігіттің еңбегімен танысуым маған ерекше әсер етті. Оның еңбегі шын мәнінде сенсация еді. Онымен кездейсоқ кездесіп қалдым. Ғалымдар үйінде бір кісіні еске алуға байланысты ас берілген, барғандардың саны 20-30-дай ғана. Сонда ол бір кішкене жұп-жұқа кітапша таратып отырды. Сұрасам, кітабын бере қоймады. Әйтеуір, өтініп әрең алдым. Содан астан шыққан соң үйге барар жолда әлгі шағын кітапшаны парақтап қарадым. Орыс тілінде жазылған. Әр бетін ашқан сайын ол кітап маған тоқ соққандай әсер етті. Менің түйсігімдегі бір нәрсені оятатындай. Кітапта жазылғандардан бірдеңе түсінгендей болам, бір ашып, бір жаба берем, қайта-қайта назарымды аудара береді. Ана жігітпен тілдескім келді. Сосын аста бірге болған белгілі шоқантанушы ғалым Самат Өтениязовқа хабарласып: «бағанағы жігітті білесің бе, телефонын тауып берші» деп едім, ол маған телефонын жіберді. Содан Тайжан екеуміз тапжылмай отырып 5 сағат сөйлестік, ол және 4-5 күнге созылды. Оның ғылыми ұстанымы дағдылы төрүктануға мүлдем кереғар, мен үшін оның пікірін білу қызық. Сосын бір күні оған әйелі айтыпты: «күнде ұзақ сөйлесесіңдер, телефонмен әңгіме бола ма, одан да үйге шақырсаңшы» деп. Сөйтіп, бір күні үйіне шақырды. Содан шай ішіп, ет жеп алған соң күндізгі сағат 2-ден түнгі сағат 3-ке дейін пікірлесіппіз. Сөйтіп, екеуміз дос болып кеттік. Бұған дейін Ғұбайдолла Айдаров ағамыз мені руна тақырыбына қанша үгіттесе де, айналысудан бас тартқан едім. Өйткені руна тақырыбына Тіл білімі инситутында жатырқап қарайтын. Себебі ол кезде кеңестік ғылыми методология руна тақырыбын назарға ілмейтін. Сондай жағдайдан хабарым болғандықтан мен де оған басымды қатырғым келмей, нәтиже шығатын нәрсемен айналысайын деген есеппен «Айқап» журналының қоғамдық-саяси лексикасы» тақырыбын таңдадым. Сол үшін төте жазуды үйренуге тура келді. Дегенмен «Айқапты» зерттеу барысында көптеген мәселе көзімді ашты. Сол арқылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді алыптардың аты-жөніне қанықтым. Цензура тыйым салған Алаш зиялыларының мақалаларына қатысты «Айқап» журналының сандары кітапхана қорларында жоқ болатын. 1985 жылы іссапармен Қазан қаласында болып, «Айқаптың» біраз нөмірлерін ксерокопияға түсіріп алып келдім.
Сөйтіп жүргенде Тайжан Досановтың «Письмо небесного гости или тайна древнотюркский руники» атты монографиясымен танысу менің руна жазуына деген көзқарасымды түбегейлі өзгертіп жіберді. Содан мен төлтума руна жазу мәдениетімізбен ауырдым. Рунаны түсінем деп, күні-түні оқып, зерттедім. Бастапқы кезде қиялға беріліп, түрлі болжамдар жасап та жүрдім. Көптеген әдебиетті қарадым. Сөздердің этимологиясына байланысты көп нәрсе таптым. Біздің араб-парсының, орыстың сөзі деп жүргеннің бірсыпырасы төрүктің төл сөзі екеніне көзім жетті. Жоғарыда айтқанымдай, ата-бабаларымыз идеяны ұрпағына қалдырып, мәңгі сақтау мақсатында әуелі шимайбек ретінде жерге түсіріп, өңдеп, сосын табиғи қатты материал тастың кедір-бұдыры тегістеліп, жазылған бетіне пішіп салудан пішік термині жасалған, ал осы үдерістің толық бітуін «бітік», яғни кітап деп атаған. Рунаның әрбір таңбасына ақпарат таңылған. Біз әріп пен таңбаны бір деп ойлаймыз ғой. Шындығында, әріп шартты белгі ғана. Мектепке барғанда балаларға әріпті жаттатып, әріппен әріпті қосу комбинациялары арқылы сөз құрау, сөйлем құрауды үйретеді. Ал руна таңбасы танысыңызды көргендей оған таңылған ақпаратты тану машығы миыңызға белгі беріп тұрады. Әлбетте, бұл ойлануға, даналыққа тәрбиелеуге машықтандырады. Руна да бір таңбаның өзі бір мақаланың, кейде бір кітаптың идеясын бере алады. Зерттей келе, рулық таңбалардың табиғаты құпия үстеген шифр, кодтық жазу екен. Мектеп бағдарламасында оқытпаған соң, өзінің төл мәдениеті руна жазуын ұрпағының жатсынуы заңдылық. Бұл жазуды игерген дәуірде біздің бабаларымыз Еуроазияға ықпалды болды. Ұйқыдағы Еуропаны руна жазуымен ағартып оятқан біздің аталарымыз болған. Рухани көзін ашқан еуропалықтар кейін намысқа тырысып өздерінің латын, грек алфавиттерін төрүк рунасын үлгі тұтып жасап алды. Сондықтан мен рунаны жер бетіндегі ең алғашқы жазу үлгісі деп санаймын. Махмуд Қашқаридың атақты «Диуан лұғат ат-түрік» еңбегінде «көктен түскен кітаптардың бірі – біті» деп жазылған. Шын мәнінде бірі ғана емес, бірегейі ғой. Ол – Тәңірдің төрүк ұлысына берген баға жетпес сыйы! Әдетте, теолог ғалымдар арасында «Тәңірлік сенімнің жолбасшысы жоқ», яки сүйенетін кітабы жоқ дегенді меңзейді. Шындығында, «Пішін» таблицасы, Руна Концепциясы екенін біле бермейді. Қоғамдық ғылымдағы, соның ішінде лингвистика саласына қатысты тілдің классификациясына, анықтамалар мен тұжырымдар төрүк, яки қазақ тілінің ұлттық мүддесіне қайшы көптеген кемшілік бар. Мысалы, арабтың әліпбиі – араб ұлтының артикуляциясына, яғни аузынан, көмейінен шығатын дыбыстарға үйлестірілген. Армян мен грузиндер де солай. Еврейлер мың жыл бұрынғы төл жазу мәдениетін қалпына келтіру арқылы білімді, алдыңғы қатарлы дамыған, озық елге айналды. Өйткені белгілі бір ұлттың жазуы сол ұлттың табиғатына, психологиясына, ойлау қабілетіне негізделген. Бағзы төрүк руна жазуы табиғи нысандардың тау, су, аспан денелерінің кішірейтілген масштабтағы бейнесі мен заңдылығына негізделген. Төрүк руна жазуының құпиясын ашқан, кілтін тапқан − дат ғалымы Вильгельм Людвиг Петер Томсен. Оның руна жазуының құпиясын ашуына бір кездегі аталарымыздың Еуропаға мәдени-рухани ықпалының нәтижесі деп топшылаймын. Бәлкім, Вильгельм Томсеннің бойында төрүктің қаны болуы да бек мүмкін.
− Кейінгі жылдары елімізде әліпби ауыстыру туралы жер-жерде түрлі талқылаулар өтті. Сол кезде ғалымдардың көпшіліктің пікір ұсыныстары туралы айта келіп, «кирилл әлипбиі отарлық сананы еске түсіретінін, латын графикасына өту арқылы әлемдік білімге жол ашатынын» айтып жатты. Ал сіз ұсынып жүрген руна жазуы туралы «ол әліпби елдің жадынан шығып кеткен, сондықтан оны қолданудың мүмкіндігі жоқ» дегендей пікірлер айтты. Бұған қалай қарайсыз?
− Араб шапқыншылығына дейін қазақ даласы толған тас бітіктер болды. Араб басқыншылары біздің жерімізге келгенде даланы қанға бояп, білімпаз жандардың бәрінің көзін жойып, дала толған тас бітіктерді түгін қалдырмай қиратты. Өйткені басқыншылар қашанда өзі жаулаған елдің санасын өзгертіп, тарихи жадын өшіруге әрекет жасайды ғой. Сондықтан араб біздің ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан төл мәдениетіміздің тірегі − руна жазуына тыйым салып, біздің бабалармен арамыздағы тарихи сабақтастықты үзді. Енді осыны айтсаң, өз ішімізде арабқа шаң жуытпайтындар өре түрегеледі. Бір халықтың төл мәдениетін түгелге жуық жойып жіберу деген қай ақиқатқа салсаң үлкен қиянат емес пе? Оны қалай ақтауға болады? Демек, біздің бүгінгі рухани әлеміміздегі ұстындар өзіміздікі емес, басқаның көшірмесі деуге болады. Төл мәдениетін жоғалтып, өзгенің көлеңкесіне айналған халықтың рухы – жалғандыққа бас иген рух. Әлемдегі ірі ұлттар мен мемлекеттердің бәрінің де арқасүйер ұстыны – төл мәдениеті.
Тас бітікке бәдіздеу қағазға жазғандай бұрқыратып, артық-ауыс сөзге орын бермейді, онда ең керекті, ең негізгі деректер мен ақпараттар ғана қамтылады. Өйткені оны тасқа түсірудің өз технологиясы болған, екіншіден, шектеулі көлемге мәтінді бәдіздеу жинақылықты талап етті.
Руна жазуынан айрылған соң біздің төл сөздеріміздің талайы ұмытылды, кейбіреулері өзге тілдерден бізге неологизм болып қайтып келді. Мәселен, таблица деген сөзді алайық, оның түбірі – таба. Табло деген де солай. Мұндай сөздер өте көп, соларды түгендеу керек. Бір тілдегі сөздер екінші бір тілге көшкенде, сол тілдің заңдылығына бағынып, адам танымастай өзгеріп кетеді.
Рунаны зерттеудің қазіргі кезде рухани да, саяси да мәні бар. Өткенде Түркі халықтарының саммиті өткенде, Түркияның президенті Реджеп Тайып Ердоған түркі халықтарының төл жазуы − руна болуы қажет деген ұсыныс жасады. Бұл шынын айтқанда, үлкен жасампаздық, прогрессивтік ой. Егер біз өзіміздің рухани мәдениетімізді қолданбасақ, рунаның басқаларға керегі жоқ. Мәселен, Хунгария − мажарлар біз өз мәдениетімізді дамытамыз деп руна жазуын қолданып, пластикалық карталарға, көше аттары мен маңдайшаларға таңбалап, бірте-бірте халқының көзін үйретті. Негізінде, рунаның басты мұрагері – қазақтар ғой, өйткені біз түгел төрүктің ата қонысында отырмыз. Күллі төрүкті рухани біріктіретін күш рунаның маңызы зор. Кеңестік дәуірде төрүктекті ұлыстар кирилл әліпбиінде болсақ та, таңбалардың дыбысталуындағы елеулі айырмашылықтың кесірінен бір-біріміздің баспа өнімдерін оқи алмайтын шерменде күйге түскен жоқпыз ба? Соның бәрі тегі бір халықтарды бір-бірінен барынша алшақтату үшін мақсатты түрде жасалған отаршылдық саясат еді, оған енді көзіміз жетіп отыр. Елімізде соңғы жылдары әліпби ауыстыру мәселесі жиі көтеріліп, латынға көшейік деушілердің дауысы басымдау шықты. Мен олардың бәріне қарсы тұрып, баспасөзде пікірімді білдірдім. Әліпбиді саясаттың қолжаулығына айналдыру қатерлі. Университетте латын әліпбиіне қатысты өткен бір жиында ғалыммын деп жүргендердің түгелі латынды қолдады. Мен сонда жоқ, оның орнына руна жазуына көшуге дайындық жасау керегін ғылыми уәжбен жеткіздім. Олар жеңетінін біліп тұрды. Сонда ғалымдардың бірі маған: «Саяси шешім шығып қойды ғой, біз түбі латынды аламыз» дейді. Мен: «Сонда қалай? Онда латынды талқыламай-ақ қабылдай салмай ма? Ғылым не үшін керек? Болашақта не нәрсенің де пайда-зиянын зерттеп-тексеру үшін қажет емес пе? Егер тамырымыз терең, жасампаз ұлт екенімізді дәлелдегіміз келсе − рунаны алуға тиіспіз. Оған бірден көше салмайтынымыз түсінікті. Мектепте, колледж, университетте арнайы пән ретінде оқыту қолға алынуы, ресми мекемелердің, дүкен, әлеуметтік нысандардың маңдайшаларына, халықаралық көліктердің, мемлекеттік рәміздерге кирилмен қатар рунамен таңбаланса көз үйреніп, иісі төрүктің қанындағы ақпаратты оятады. Барлық жерлерде біртіндеп пайдалана бастасақ адамдар үйрене береді. Бізден араб, латын, кирилл әліпбиін енгізгенде рұқсат сұраған жоқ қой. Оған қарсы болған талай зиялы қауым «халық жауы» аталып, қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Мәселен, әлеумет тұтынатын тауарлардың этикеткасындағы әліпби кескініне қарап, араб, қытай, еврейдікі екенін танимыз. Ал төрүктекті мемлекеттер өз өнімдерін рунамен таңбаласа, төрүк елдерінің өнімі деп қабылдамай ма? Сол арқылы төрүктік сана, төрүктік отаншылдық сезім қалыптасса, өзге ұлттар да төрүктік ерекшелікті танитын болады дедім. Демек, руна жазуын тірілту − қазақтың, яки тұтас төрүктің болмыс-бітімін, рухани әлемін биіктететін қадам болмақ. Тамырын тереңге жіберген ел әрдайым түпкі мәдениетін сақтап, әспеттеп, айшықтап, көркейеді. Ұлт болмысы − төл рухани мәдениетіне арқа сүйеп, даралығын сақтайтын құбылыс.
− Сіздің руна жазуы бойынша зерттеулеріңіздің түркілер руханияты болашағына әсері қандай болмақ?
− Бұл ғылыми зерттеу жұмыстардың нәтижесі болашақта империяның бізге телінген жалған тұжырымдар мен идеялық ұстанымдардан, қате пайымдаулардан бас тартып, шынайы тарихи, ғылыми ақиқатқа жетуімізге мүмкіндік береді. Түбі төрүктану ғылымына қосылар зор олжа «ат айналып қазығын табар» дегендей төл мәдениетімізге оралып, ұлттық жазба қолтаңбамызды жалғастыруға, сөйтіп мыңдаған жылдық адамзаттық өркениетке қосқан өз үлесімізді дәлелдеуге және мыңдаған жылдық үзіліп қалған дәстүр сабақтастығымызды жалғауға мүмкіндік туады. Демек, әлемдік деңгейдегі өркениеттер қатарында әдейі бұрмаланып, аталмай келген Төрүк Өркениеті өзіне лайық мәртебелі орнын айқындайды. Сөйтіп, төрүктануға жасалған қысастық пен теріс әрекеттердің және адастыру мақсатында жасалған ғылыми әдіс-тәсілдердің күлпаршасы шығып, табиғи даму жолына түседі. Сонда ғана жылдар бойы көшірінді, бір орнынан жылжымайтын төрүктану ғылымының тіршіліктің белгісіндей ақиқаты ашылады. Саясаттың құлы болған төрүктану ғылымы, жалпы ғылыми ұстаным еркіндігіне жетіп, ұлттың, мемлекеттің болашағына, онан қала берсе адамзаттың болашағына қызмет етеді. Төрүктанудың негізі төл руна графикасы. Руна алфавиті – күллі төрүктекті ұлт пен ұлысты біріктіретін графикалық тіл. Демек, руна графикасы – күллі төрүк әлемін біртұтас біріктірудің рәмізі, рухани жаңғыруы.
− Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ