Қазақтың «Qurtella»-сы: жас кәсіпкер құртты әлемдік брендке айналдырғысы келеді

Жас кәсіпкер қазір ешқандай химиялық коспасыз, таза табиғи түрлі-түсті құрттың 6 түрін жасап шығарып жатыр.

Қазақтың «Qurtella»-сы: жас кәсіпкер құртты әлемдік брендке айналдырғысы келеді
4516

Қызылорда тұрғыны Нұрсұлтан Қалмағамбет – ұлттық тағамдарды ұлықтап жүрген еңбекқор жан. Ол құрттан түрлі өнім жасап, мұны табыс көзіне айналдырған. «Qurtella» атауымен шоколадқа малынған құрт өнімін шығаратын Нұрсұлтан бизнесті қалай бастағанын Turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Нұрсұлтанның бұл кәсіппен екі жыл бұрын айналыса бастаған. Екі жыл ішінде біршама жетістікке қол жеткізіп, кәсібін ілгерілеткен ол негізгі мамандығы басқа екенін айтады.

«Негізгі мамандығым – ІТ саласы. Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң колледжін бітірдім. 2022 жылы қала арасында көлігіммен жолаушы тасып жүрдім. Негізі, ұзақ жолға шыққанда адамға түрлі идея келеді емес пе? Шоколадты құрт жасау идеясы маған да ұзақ жол үстінде келді. Бұл кәсіпті 15 мың теңгемен бастадым десем, сенесіз бе? Қолда бар қаражатқа құрт, шоколад, жалпы, барлық керек заттарды алдым. Алғашқы өнімді үйімдегі ас бөлмеде отырып жасадым. Дәмін татқандардың бәріне ұнады. Содан тәуекелге бел буып, іске білек сыбанып кірістік», – дейді Нұрсұлтан Қалмағамбет.

Кәсіпкердің айтуынша, шыдам шыңдалатын, алтын уақыт жұмсалатын еңбек өз жемісін берді. Қазір ешқандай химиялық коспасыз, таза табиғи түрлі-түсті құрттың 6 түрін жасап шығарып жатыр.

«Басында інім екеуміз күніне 10-20 дана құрт жасадық. Екі түрін, яғни ақ және қара шоколадқа малынған құрттарды үй маңындағы дүкендерге өткізе бастадық. Күн санап, сұраныс артты. Кейін үйдің ішіндегі ас бөлме бізге тар болып, қонақ бөлмеге көштік. Құрттың тағы екі түрін сатылымға шығардық. Құлпынай және баблгам дәмі де тұтынушылардың көңілінен шықты. Қазір құрттың 6 түрлі дәмді бар: ақ шоколад, қара шоколад, құлпынай, баблгам, банан және қарбыз. Інім екеуміз түнімен шоколадқа малынған құрттарды жасап, ертесінде дүкендерге өткізіп жүрдік. Бұлай жүргеніміз болмас деп, араға 2 ай салып, 30 шаршы мертлік ғимаратты жалға алдық. Цех аштық. Алты адам жұмыс істеді», – дейді жас кәсіпкер.

Тәуекелге бел буып, діттегеніне жеткен жігіт бұл кәсіпті жүргізу барысында біраз қиындық болғанын жасырмайды.

«Кәсіп бастағанда қиындық көп болды. Дүкендерге өткізгенде «Ұлттық өнімді қорлап жүрсіндер», «Құртты шоколадқа кім малады?» деген сияқты сыни пікірлерді көп естідік. Бірақ тәуекел етіп, алатын адам алар деген оймен алған бетімізден қайтпадық. Сол кезде берілмегеніміздің, сынбағанымыздың арқасында «Qurtella» пайда болды деп ойлаймын», – дейді ол.

Нұрсұлтан Қалмағамбеттің айтуынша, уақыт өте келе ұлттық өнімге халықтың қызығушылығы оянып, бірте-бірте сұраныс көбейген. Дәмі тіл үйіретін құрттан дәм татқандар тапсырысты өздері бере бастаған.

«Үлкен қала – үлкен мүмкіндік» деп арман қуып Астанаға көшіп келдік. Біздің өнімді Қызылорда жұртшылығы бағаламады деп айтуға келмейді. Алайда, елордаға кәсібімді бұрынғыдан бетер дөңгелетемін деген мақсатпен келдім. Қазір Астана нарығына шыға бастадық. Дүкендерге өткіземіз. Сонымен қатар той табаққа арнап, ішіне шоколадты құр салынған бонбоньеркілерді дайындаймыз», – дейді кәсіпкер.

Кезінде құрттың бір-екі түрін ғана білсек, бүгінде құрттан түрлі өнім әзірлеуге болатынына көзіміз жетіп жүр. Бұған дәлел ретінде «Qurtella» өнімін айтсақ болады.

«Кәсіпті ашпас бұрын «Тұзды мен тәттіні араластырған қалай болады?» деген ой мазалады. Сол уақытта келіншегім жүкті болатын. Жерік болғанда тұзды мен тәттінің қайсысын таңдарын білмей, кезек-кезек тістеп, жеп отыратын. Бұл жайт та «Qurtella» өнімінің пайда болуына септігін тигізді десек болады. Біз әзірлеген құртты жеген адам алғашқы сәтте түсініксіз сезімде болары анық. Себебі адамның ауыз рецепторлары мұндай дәмге бейімделмеген. «Qurtella» өнімінің бірінші ерекшелігі осы. Екінші ерекшелігі – қораптың сырты әріптер, сандар және түрлі смайликпен безендірілген. Себебі біздің өнім, көбіне, балалар мен жүкті әйелдердің арасында сұранысқа ие. Фокусты осы топқа қойдық. Сонымен қатар біз тек отандық өнімдерді, «Қазақстан» шоколатын қолданамыз, құрт та өз елімізде өндіріледі. Қазір дайын құртты шаруа қожалығынан сатып аламыз. Ал алдағы уақытта керекті шикізаттардың барлығын өзіміз өндірсек деген ниеттім бар», – дейді Нұрсұлтан.

Кәсіпкер неге өніміне «Qurtella» деген атау бергенін былай түсіндірді.

«Әлемдік брендке айналған Nutella-ны бәріміз білеміз. «Nutella»-ның «ella»-сын алып, алдына құрт сөзін қостық. Солай «Qurtella» деген атау пайда болды. Біз құртты қорапқа салып немесе вакуум түрінде сатылымға шығарамыз. Бір қораптың салмағы – 75 грамм. Ішінде 11 құрт болады. Неге 11 құрт деуіміз мүмкін. Қызылорда  – еліміздегі 11-аймақ. Соған үйлестірген едік. Басында 13-14 салған едік, бірақ ол қорапшаға сыймай қалды, аз салған едік, толмай қалды. Солай 11 санына тұрақтадық. Өнімнің бағасы қолжетімді. Бір қорап – 390 теңге. Ал вакуумға 6 түрлі құртты саламыз. Ол 40 грамм болады. Оның бағасы 190 теңге», – дейді ол.

Біздің ұлттық брендімізге айналған асқа өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытып, көп мөлшерде тапсырыс беруде.

«Құрт өнімдерін Қазақстанның барлық өңіріне Қазпоштамен, сонымен қатар индрайвер, пойызбен жеткіземіз. Қырғыз елінен де ұсыныстар түсіп жатыр. Алдымен ТМД елдерін бағындырсақ, жақсы инвесторлар табылып жатса, кейін шетелдік нарыққа шығу жоспарда бар. Себебі біздің өнім – ерекше, әлемде жоқ дүние», – дейді Н. Қалмағамбет.

Серіктес жаңалықтары