Танылмаған Нарынның нар ұланы

Танылмаған Нарынның нар ұланы

Танылмаған Нарынның нар ұланы
ашық дереккөзі
1019
Ерекше күтіп-баптаумен өскен ағаш түзу болғандай  ұлағатты ұстаздың шәкірті де мықты болмайды ма?! Бүгінгі сөз болатын тұлға да дарынды болғанымен, танымал болған жоқ. Есесіне, қазақ халқына әйгілі ұстаздардың өнегелі шәкірті болған еді. Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов, Есмағамбет Ысмайылов, Темірғали Нұртазин сынды ұстаздардың дәрістерін тыңдап, солардың ізін басып жетілген тұлға – Наурызбай ақын. Ақын 1939 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келген. Биыл қазақ халқының дәстүрлі мерекесі «көрісу күнінде», яғни 14 наурызда 78 жасқа толушы еді. Өкінішке орай ол өз жұлдызын жағып үлгермей не бары 45 жасында дүние салған болатын. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған Наурызбай белсенді студенттердің бірі болатын, үнемі университет қабырғасындағы концерттік кештерге қатысып, түрлі жиындарда зиялы қауыммен бас қосатын. Нарын құмының тумасы Наурызбай ақындық қасиетімен қатар прозалық, сазгерлік, күйшілік, әншілік қасиеттерімен көзге түскен. Ән кештерінде өзі өлең жазып, әуенін шығарып, өзі орындап беретін «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиеттерге ие тұлға еді. Оның поэзиялық мұрағатында әр түрлі тақырыптардағы өлең жолдарын кездестіруге болады. Бірақ, ерекше көзге түсетіні лирикалық сарындағы махаббат туралы өлеңдер. Өлеңдерден ыстық сезім, жылы лебіз кейде ызалы өкпе, кейде әзіл-ысқақ та сезіледі. Өздеріңіз оқып, көз жеткізіп көріңіздер. Толқи берсін махаббаттың көлдері «Ғашықпын» деп айта салсам, нанбассың, Бере салсам жүрегімді, алмассың. Тап осындай болғаныңа қуанам, Сендей жанға шын өмірлік жолдаспын.   Әлі де мен көп қарайын сыртыңнан, Жүрегім бар бір өзіңе ұмтылған. «Сабыр түбі – сары алтын» деп жүргенде, Қалмайын тек календардай жыртылған.   «Ғашықпын» деп айта салсам, нанбассың, Бере салсам жүрегімді алмассың. Алғаш рет шақырғанмен, білемін, Менімен бір театрға бармассың.   Ал, әзірге танысалық кел бері, Толсын менің көңілімнің кем жері. Біз екеуміз кеме жасап алғанша, Толқи берсін махаббатың көлдері!   Ақсақалдар әңгімесінен Көйлегін киіп өстім жоқшылықтың, Артынан қуып өстім тоқшылықтың. Сонда да сол өмірден моймадым, Жүріп ем бірі болып көпшіліктің.   Мал жоқ-ты базар шығып сатарыма, Ән салсам, домбыра жоқ тартарыма. Өзгеден сені бұрын тауып алып, Жоқшылық шақыратын қатарына.   Өмірім менің қызық қиын екен, Жоқшылық маған тартқан сыйы ма екен?! Тәтті деп ащыны да жүре бердім, Жеткізбес бақыт шыңы биік екен!   Осындай шәкірті едім жоқшылықтың, Үйреніп сол ұстаздан көп сыр ұқтым. Білдім мен «көппен көрген ұлы той» деп, Ақыры көппен шыңға бірге шықтым. Алдыңғы жылы «Қазақ университеті» баспа үйі ақынның шығармашылық жинағын кітап қылып шығарған болатын. Кітап Наурызбайдың өлеңдері мен поэмаларын, композиторлық шығармаларын, мысалдар мен әңгімелерін, сондай-ақ «Қыр қазағы» атты повесін қамтиды. Ақын шығармашылық мұрасының арасында өз замандасы, досы әрі курстасы Оразақын Асқардың және өзге тұлғалардың естелік жазбалары кездеседі. Сонымен қатар, кітапта дүниеден ерте озған ақынды «Нарынның нар ұланы» ретінде атап, оның өмірдеректері мен отбасы туралы мәліметтер келтіріледі. Тағдыр тәлкегі ме, дүниеден ерте озғаны?! Өмірге ерекше қасиетке ие тұлға болып келіп, өз дарындылығын бар дүниеге паш етуге үлгермегені өкінішті. Дегенмен, шығармашылық мұрасы кітап болып шығып, өшпес естелік,асыл қазынаға айналып жатқаны қуантарлық жәйт.

Айжан Шакенова

Серіктес жаңалықтары