Air Astana-дан үлес алдыңыз ба?
Лондон биржасы LSE-дегі сауда-саттық 14 ақпанда, ал AIX және KASE-дегі сауда-саттық 15 ақпанда басталады.
Air Astana ақыры IPO-ға шықты. KASE дерегіне сүйенсек, екі елге тел компания 141 миллион акциясын, барлық құнды қағазының 46 пайызын үш биржаға шығаруға ниетті. Яғни, еліміздегі ең ірі әуекомпаниядан ел азаматтары, жеке инвесторлар да, шетелдіктер де үлес ала алады. Ал «Самұрық-Қазына» Air Astana капиталындағы өз үлесін шамамен 10 пайызға қысқартатынын мәлімдеді.
Көптен күткен ұлы той – бұл Air Astana ғана емес, жалпы қор нарығындағы маңызды оқиға. 2012 жылдан бері түрлі белгілі-белгісіз, негізді-негізсіз себептерге байланысты созбалаңға салынып келген науқанның «боладысы» қызық болғаны, әрине, түсінікті. Оған қоса, өз нарығындағы монополияға айналған компаниядан халықтың үлес алуына мүмкіндік туып отыр. Сондықтан құнды қағаздардың бағасы қандай болмақ, қалай саудаланады және басқа да мәселелерге жөн көрдік.
141 миллион акция сатылымға шығады
Air Astana IPO өткізуді 14 ақпанға жоспарлап отыр. Лондон биржасы LSE-дегі сауда-саттық 14 ақпанда, ал AIX және KASE-дегі сауда-саттық 15 ақпанда басталады.
Қазақстан қор биржасының мәліметіне сүйенсек, IPO-да шамамен 141 миллион жай акция немесе қолданыстағы қағаздардың жартысына жуығы саудаланады. Сондай-ақ компания барлық соманың кемінде төрттен бір бөлігі қосымша эмиссия болатынын нақтылады. Құнды қағаздар үш биржаға – KASE және AIX, сондай-ақ LSE Лондон биржасына шығарылады. KASE-де жай акциялар, LSE-де олардың депозитарлық қолхаттары, AIX-те қағаздың екі түрі де саудаланатын болады. Бір қолхаттың құны төрт акцияға тең, басқа айырмашылық жоқ. Бұл ретте сатылымға 180 миллион доллар сомасындағы қолданыстағы акциялар, сондай-ақ қосымша 120 миллион доллар болатын жаңа акциялар шықпақ.
Яғни, компания акцияларынан 300 миллион доллар қаражат түсіруді көздеп отыр. Оның ішінде 180 миллион доллары компания иелер «Самұрық-Қазына» қоры мен британдық BAE Systems компаниясына беріледі. Британдық Mirror басылымының жазуынша, BAE Systems 94,5 миллион фунт-стерлинг көлемінде пайда түседі деп болжап отыр. Ал қалған қаражат капиталды толықтырып, жалпы компанияның жағдайын жақсартуға, жаңа ұшақтар алуға жұмсалатыны бұрын да хабарланған болатын. Қазір Air Astana акцияларының 51 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ға, 49 пайызы Ұлыбританияның BAE Systems қорғаныс компаниясына тиесілі.
29 қаңтарда Air Astana бағалы қағаздарының бағасы қанша болатыны туралы алдын-ала ақпарат жариялады. Болжамды баға диапазоны депозитарлық қолхат – 8,50 доллардан 11,00 долларға дейін және акция – 2,13 доллардан 2,75 долларға дейін деп бекітілді. Ал құнды қағаздардың нақты бағасы 9 ақпанда белгілі болады.
Науқанға қатысуға өтінім қабылдау науқаны 29 қаңтардан 8 ақпанға дейін жалғасты. Дегенмен күнделікті ақпарат ағынында бұл туралы ақпарат аз болғанын байқауға болады. Бірлі-екілі іскерлік басылымдар, банктер, сондай-ақ компанияның өзі таратқан мәліметтер болмаса, бұл халықтық IPO-ның жарнамасы «ҚазМұнайГаз» бен KEGOK-қа қарағанда аз болғандай әсер қалдырады, процесс те өте жылдам жүріп жатыр.
Жалпы, Air Astana IPO-ға сонау 2012 жылдан бастап «шыға алмай» жүр. Әр жылдары «дайынбыз», «сәл қалды» деп алып, соңында сан сылтау айтуды әдетке айналдырған болатын. Былтыр шілдеде kursiv.kz сол сылтаулардан тамаша топтама да әзірлеген еді.
Мәселен, 2012 жылғы қазанда «Самұрық-Қазына» төрағасының сол кездегі орынбасары Қуандық Бишімбаев «Құрамда жеке акционер бар, сондықтан біз ортақ шешімге келуіміз керек. Келесі жылы 49 пайыз акциясына иелік ететін британдық BAE жүйесінен акция пакетін сатып алу туралы тиісті келісімге қол жеткізуге болады», – деді. 2014 жылғы маусымда Air Astana президенті Питер Фостер «Air Astana екі-үш жылдан кейін акцияларды бастапқы жария орналастыруды жоспарлап отыр, өйткені қазақстандық тасымалдаушы компанияның өсуін ынталандыру үшін ұшақтарды жеткізудің жаңа толқынына дайындалып жатыр», – деді. 2016 жылғы қаңтарда Питер Фостер «Біз Үкіметтің компанияның IPO-сы шамамен 18-24 айдан кейін өтетіні туралы айтқан мәлімдемесін естіп, қуанып қалдық», – десе, 2016 жылғы ақпанда «Қазір бүкіл әлемдегі қаржы нарықтарының жағдайы мәз емес, шындығына келгенде, қолайсыз уақыт», – деп мәлімдеме жасады. Осылайша, жыл сайын жоспарлап, шығуға дайындалып, шыға жаздап жүргенде, пандемия басталып кетті, ол пандемиядан кейінгі оңалуға ұласты. Бұл жолы да кейінге қалар деп жүргенде, науқан аяқ асты басталып кетті.
«Самұрықтың» салмағы қаншалықты кемиді?
Әуелде айтып өткендей, компанияның 51 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на тиесілі. Бұл дегеніміз компанияның жартысынан көбі Үкіметтің меншігінде деген сөз. Жалпы, осы IPO-өткізудегі негізгі мақсат осы үлесті азайтып, жекешелендіру болатын.
2023 жылғы 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana-ның IPO-сы 2024 жылы өтуге тиіс екенін мәлімдеді.
– Үкіметке 2024 жылдан бастап барлық бейінді емес активтерді жекешелендіруді және «Самұрық-Қазына» қорына халықтық IPO науқандарын өткізуді бастауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Qazaqgaz компаниясын нарыққа шығаруға дайындау қажет екенін айтты.
Ал «Самұрық-Қазына» IPO шеңберінде Air Astana капиталындағы өз үлесін шамамен 10 пайызға төмендетуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Қордың активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Әдіқожаев онлайн баспасөз конференциясында айтқан болатын. – «Самұрық-Қазына» қоры IPO Air Astana шеңберінде компания капиталындағы өз үлесін кемінде 41 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр, – деді Дастан Әдіқожаев журналистердің сұрағына жауап берген кезде.
Сондай-ақ авиакомпания Президенті IPO-ға тартылған қаражатты қайда бағыттау жоспарланғанын айтты.
– Ең алдымен, ресурстардың бір бөлігін біз әуе паркін кеңейтуге, әуе қозғалтқыштарының резервтік қосалқы бөлшектерін сатып алуға, Астана мен Алматыда әуе кемелеріне қызмет көрсету және күрделі жөндеу желісін кеңейтуге жіберуге ниеттіміз. Бұдан басқа, Астанада ұшқыштарды оқыту үшін оқу орталығымызды кеңейту үшін жұмыс істейтін боламыз, тағы бір авиациялық тренажер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ әуежайлардың біріне инвестиция салуымыз мүмкін, – деді Питер Фостер.
Ал компанияның екінші иесі, британдық компанияның қанша үлесін сататыны туралы нақты ақпарат жоқ. Тек Guardian басылымы IPO-ның оларға қаншалықты сәтті болатыны «компания 49 пайыз үлесінің қандай бөлігін сататынына байланысты» деп баға беріпті.
Air Astana-ның табысы аспандап келеді
Air Astana Орталық Азиядағы ең табысты әрі ірі әуекомпания саналады. Тіпті, кейде, монополия деп те мін тағып жатамыз. Оған, әрине себеп те жоқ емес.
Мәселен, 2022 жылы компанияның кірісі 35 пайызға өсіп, 747,2 миллион АҚШ доллары болған. Ал былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша Air Astana-ның жалпы кірісі шамамен 900,6 миллион долларға жеткен, бұл 2022 жылғыға қарағанда 20,5 пайызға артық. Мұндай кіріс бұрын-соңды болмағанын айтып өту керек.
Бұл ретте таза пайда 18,7 пайызға, 72,4 миллион долларға дейін өсті, ал операциялық пайда 11,2 пайызға 128,9 млн-ға дейін өсті. EBITDAR (пайыздар, салықтар, амортизация және жалдау шығындары шегерілгенге дейінгі пайда) 14,4 пайызға, 249,8 миллион долларға дейін өсті.
– 2023 жылы инфляцияның жоғары болуына және Airbus NEO ұшақтарындағы Pratt & Whitney 1100 қозғалтқыштарының ақауларына қарамастан, нәтижеміз жақсы. Барлық нарықта өсім бар, – деп мәлімдеген болатын Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер.
Осы уақыт аралығында әуе компаниясы тасымалдаған жолаушылар саны 12 пайызға, 6 млн адамға дейін өскен, бұл 2022 жылғымен салыстырғанда 600 мыңға көп. Одан бір жыл бұрынғы өсім екі есе болған еді.
Қазір компания Қазақстандағы ішкі тасымал нарығының 69 пайызын, өңірішілік нарықтың 40 пайызын және халықаралық сегменттің 47 пайызын алады. Компанияға Air Astana-мен қатар Flyarystan лоукостері кіреді. Кейінгі 4 жылда FlyArystan ішкі нарықтағы үлесін 19 пайыздан 38 пайызға дейін арттырған. Компанияның паркі 50 ұшақтан тұрады. IPO-дан түскен қаржыға ұшақ санын көбейтіп, 2028 жылға қарай 80-ге жеткізу жоспарланып отыр.
BAE Systems-те табысы толайым алпауыттардың бірі саналады. Британдық City A.M. іскерлік басылымы Украина мен Таяу Шығыстағы соғыс нәтижесінде мемлекеттік қорғаныс шығындарының артуы компанияның таза кірісі өсуіне ықпал еткенін жазады. Тамыз айында компания дивидендтерді 11 пайызға арттырған.
Енді тақырыпты әрі қарай сарапшылардың пікірімен өрбітсек.
Асылхан АҢДАШЕВ,
экономист:
IPO жаппай халықтық оқиға деп айту қиын
– Орталық Азиядағы ең ірі әуекомпания саналатын Air Astana Қазақстан әуетасымалдау нарығында монополистік жағдайға жақын рөл ойнағандықтан, компания акцияларына сұраныс жоғары болуы керек. Үкімет 2011 жылғы «Халықтық IPO» аясында компанияның акцияларын сатуды жоспарлап, кейіннен белгісіз бір уақытқа қалдырған еді. Акциялардың тартымдылығына әсер ететін факторларға тоқталып өтейін.
Біріншіден, акцияларының LSE Лондон қор биржасына шығуы да компанияның қаржы саясаты ашық, сенімді екенін көрсетеді. Екіншіден, пандемия кезіндегі шығындардан соң, 2023 жылы компанияның таза табысы 70 млн АҚШ долларынан асты. Үшіншіден, компания алдағы жоспарлары бойынша ұшақтарын жаңартып, жаңа нарықтарды бағындыруды көздеп отыр. Оның ішінде 2025 жылы АҚШ-қа тікелей рейс ашу да бар.
Халықтық IPO аталғанымен, қазақстандықтар акциялар мен құнды қағаздар нарығына қызығушылығы өте төмен. Сол себепті, көбісі Air Astana қор биржасына шығып жатқаны жайлы хабары бар болса да, акцияларды сатып алуға барлығының қызығушылығы немесе мүмкіндігі болмайды. Мемлекеттік компанияның IPO арқылы акцияларының қор биржасы арқылы сатылуы – жаппай халықтық оқиға деп айту қиын. Бұл жердегі басты мақсат – компанияға қаржы тарту және экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту. Сол себепті, бұл IPO барлығына бірдей жарияланып, тек жеке инвесторлар ғана ол акциялардың иесі атанса да, жақсы жаңалық болады.
Иә, компания 2028 жылға дейін еуропалық Airbus компаниясынан 30-ға жуық жаңа ұшақ, 2025 жылы АҚШ-қа Қазақстаннан тікелей ұшу үшін қосымша Boeing 787 Dreamliner ұшақтарына тапсырыс берді. Сол себепті, бұл IPO ұшақтарды жаңартуға серпін беруі сөзсіз. Ал оған қоса, Air Astana өз мамандарын дайындау үшін оларды Еуропа елдеріне жіберу орнына, Қазақстанда арнайы дайындық орталығын ашуды да көздеп отыр. Бұл жағдайға да IPO ықпал ете алады. Жалпы, Air Astana барынша ашық, бәсекеге қабілетті, заманауи компания болуына акцияларының бірдей үш қор биржасына (LSE Лондон, AIX Астана және KASE Алматы) шығуы жақсы жағынан әсер ететін болады.
Нұртаза ШОҚАТАЕВ,
инвестиция бойынша сарапшы:
Құнды қағаздың бағасына әсер етуі мүмкін факторларды саралап алу қажет
– Отандық компаниялардың IPO-ға шығуы, әрине қуантады. Алайда Air Astana ертеңгі күні конкуренттері көбейгенде, қазіргідей тұрақты табыс деңгейін ұстап қала ма? Сол сұрақ. Меніңше, компанияның алғашқы тоқсанға есеп беруін күту керек. Себебі Air Astana толықтай Қазақстанның меншігінде емес. Екіншіден біздің елдегі әуежайлардың сапасы, әлемдік стандартқа қаншалықты сай екені саралануға тиіс. Себебі болуы мүмкін шағын апаттың өзі құнды қағаздарға әсер ететінін ескеру қажет.
Дегенмен Air Astana тұрақты өсіп келе жатқан, бизнес моделі қалыптасқан, жылдық табысы 1 миллиард доллардың айналасындағы компания. Бұл – өте тамаша жетістік. Әрі ESG стандарты бойынша экологияның таза болуына үлес қосып келе жатқан әлемдегі ТОП әуе компаниялар тізімінде екенін ұмытпағанымыз жөн.
Сонымен қатар қазір құнды қағаздары саудаланатын Kazatomprom, Қазақтелеком, KEGOC-тан кейінгі төртінші ірі компания болады деп сенемін. Air Asia, Emirates, Turkish Airlines компанияларының шығыстағы елдерге транзит рейстері және Қытайдың әуе компанияларының біздің ел арқылы өтетін транзит рейстерін сараптаған дұрысырақ. Ол да компания табысына, тоқсан сайын салымшыларына берілетін дивидендіне тікелей әсер етеді. IPO-ға шығатын компаниялардың айналысқа түсетін қаражаты 1 миллиард доллардан асатын болса, міндетті түрде қатысуға болады. Одан көп болса, тіпті жақсы. Kaspi – соның жарқын мысалы.
Жалпы, доллармен, еуродағы активтерді алғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Мейлі ол жай ғана депозит болсын, акция болсын. Себебі саяси қақтығыстар наурыз айының ортасынан кейін біз күтпеген нәтиже алып келуі ғажап емес. Air Astana-ға да әлемдегі экономикалық өсім артып не бірден төмендеп тұрған өтпелі кезеңде сәттілік тілеймін.
IPO қарапайым халыққа емес, ірі инвесторларға көбірек бағытталып отыр дегенге келсек, біржақты ой айту қиын. Алайда оның артында негізгі ойыншылардың, яғни инвесторлардың Қазақстаннан заңды жолмен көбірек табыс табуына жасалған жағдай болуы мүмкін. Негізі, Қазақстан халқының 4 пайызы инвестиция жайлы хабардар. Оның қанша бөлігі отандық компанияның үлескері? Егер Лондон қор биржасындағы IPO-ға қатысушылар көп болса, онда шетел инвесторларының бастамасы деп қарауға болады. Ал отандық қор биржасына инвестор болғандар көп болса немесе Лондон қор биржасында Air Astana салымшылары пайызы шамалас болса, онда win-win қаржының жартысы бөлігі елде қалады деп болжауға болады. Сол үшін де, уақыт көрсетеді. Әрине, саудада достық жоқ. Компания қай қор биржасына тіркеліп, IPO-ға шықса да өз еркі, өздері жасаған тәуекел. Дейтұрғанмен, бірінші отандық қор биржаларына шығып, одан кейін барып арада жарты жыл, 1 жыл өткен соң шетелдегі қор нарығына шықса, біз көбірек ұтар едік. Себебі актив күйіндегі қаржы ел ішінде айналыста болар еді.
Сөз соңында мақаладағы жеке пікірлер инвесторлық кеңес емес екенін ескеру керек екенін айтып өткен жөн. Себебі инвестиция – үлкен тәуекел. Біздікі – тек айтулы оқиғаның төңірегінде болып жатқан оқиғаларға шолу жасап, жалпы ең маңызды деген ақпаратты бір жіпке тізіп берсек деген ниет. Сонымен қатар қор нарығы туралы халықтың құлағдар болуына үлес қосу да аса маңызды. Дегенмен халықтық IPO жалпы қор нарығында қалай жұмыс істеу керек екенін білуге, құнды қағаздар нарығының табалдырығын аттап, талпынып көруге таптырмас мүмкіндік екені анық.