Алаяқтар алған несиені банк өтей ме?

Ақпарат алтыннан қымбат болған заман­да жеке деректеріміз жеткілікті түрде қор­ғал­мағаны зор қауіп екені сөзсіз.

Алаяқтар алған несиені банк өтей ме?
turkystan.kz
1686

Енді алаяқтар рәсімдеген несиені банк өтеуге міндетті болады. Бұл туралы өткен айда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми өкілі брифинг кезінде айтқан болатын. Қазір осы мәселеге қатысты заң жобасына енгізілмек түзетулер Мәжіліс қарауында.
Иә, кейінгі кезде алаяқтардың сан түрлі айла-шарғысы заман ағынына қарай түрленіп, технологиялардың дамуынан бір елі қалмай ілесіп келеді. Былтыр алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Оның ішінде интернет пен телефон алаяқтарының қылмысы көбейген. Яғни, амал-шарамыз алаяқтардың жолын кесуге қауқарсыз болып тұр. Қаржылық сауат мәселесі, кейде банктер де мәдениетті түрде «тонағысы» келетіні тағы бар...
Осы мәселелерге қатысты қабылданбақ шаралар мен өзгерістерге шолу жасап өтсек.

Алаяқтық азаймай тұр

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы алаяқ­тар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қол­ды қылған. Қылмыстардың жартысына жуығы, яғни 19,9 мың қылмыс интернет арқылы жасалған. Мұн­дай қылмыстың жылдық өсімі –5,8 пайыз. 
Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйым­дарында 11 мыңнан астам алаяқтық операция тір­келсе, оның 5 мыңы несие рәсімдеуге қатысты бо­лған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізі­лімінде төлем карталары арқылы жасалған 267 қыл­мыс, кредит беру саласында 53 қылмыс, ақ­шалай қаражатты қарызға алу жолымен 41 қыл­мыс және тағы да басқа алаяқтық тіркелген.
Кейінгі кезде телефон арқылы хабарласып, тез байып кетудің жолын көрсетемін деушілер немесе банк өкілі ретінде хабарласып, банктегі қара­жа­тыңды қауіпсіз жерге аударуға кеңес беретіндер де көбейді. Өкінішке қарай, жауапты мекемелердің ес­кертуіне, басқа да ескертпелерге қарамастан олар құрған торға түсіп қалып жатқандар да аз емес. Мә­селен, маусым айында Ішкі істер министрлігі елі­міз бойынша алаяқтардың 34 миллион қоңы­рауы бұғатталғанын мәлімдеді. 
Сондай-ақ жеке деректеріміз қолдан-қолға өтіп, ақырында, тіпті шетел алаяқтарына жетіп жатады. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен ай­налысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анық­талған болатын. Мәселен, былтырғы желтоқ­санда қазақстандықтарды алдап, алаяқтық жасап жүр­ген Украинаның 32 азаматынан тұратын қыл­мыстық топтың ісі әшкере болған еді. Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қабылданған шараларға қарамастан, 2023 жылы алаяқтық деңгейі 3 пайыз­ға өскенін айтқан болатын. Ал олар кел­тірілген залал 26 пайызға өсіп, 110 мил­лиард теңгеден 139 миллиард теңгеге жеткен.
Ақпарат алтыннан қымбат болған заман­да жеке деректеріміз жеткілікті түрде қор­ғал­мағаны зор қауіп екені сөзсіз. Қазірдің өзін­де жеке деректің жекелігіне күмән көп. Де­генмен Пар­ламент Мәжілісі мен жауапты мекемелер бір­шама бастаманы қолға алған секілді.

Мәселе Мәжіліс қарауында

Мәжіліс депутаты Магеррам Магерра­мов осы аптадағы Мәжіліс отыры­сын­да елімізде телефон және интернет-алаяқ­тықтан зардап шеккендердің саны мен олар келтірген залал күн сайын өсіп бара жат­қанын айтып, алаңдағанын білдірді.
– Тек 2022 жылдың өзінде алаяқтар Қа­зақ­стан тұрғындарына 95,8 миллиард теңге кө­лемінде шығын келтірген. Бұл 2021 жыл­ғымен салыстырғанда 88,3 пайызға көп, қыл­мыстардың жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалған. Осы санаттағы қыл­мыстық істерді ашу деңгейі төмен бол­ған­дықтан, жәбірленушілердің тек 2,5 пайызына м­атериалдық шығын өтелген, – деді депутат.
Магеррамов киберқылмыстарды халық­ара­лық ұйымдасқан қылмыстық топтар жа­сап жатуы мүмкін екенін де айтады. Тек 2023 жылдың өзінде, ІІМ мәліметі бойынша, Қа­зақстанға жалған нөмірлерден түскен 43 мил­лионнан астам қоңырау бұғатталған. Алаяқ­тардың алдау тәсілдері күн сайын түр­леніп отырған. Олардың қылмысын құзырлы мем­лекеттік органдардың шеше алмай отыр­ғанын айтты.
Депутат азаматтарға алаяқтардан төлем жа­сау туралы есепшот келетінін алға тартты. Бұл операциялардың үшінші тұлғалар кө­ме­гімен жасалып жатқанын атап өтті. Алаяқ­тар үшінші тұлғалардан нөмірі мен жеке кә­сіп­керлік есепшоттарын жалға алады.
– Солайша алаяқтар жеке кәсіпкерлердің аты­­нан әрекет етіп, іс жүзінде ешқандай қыз­мет көрсетпей, өз жәбірленушілеріне төлем жа­сау үшін шот-фактуралар беріп, кейіннен төлем жүйелеріне және жеке кәсіпкерлердің банктік шоттарына қол жеткізе отырып, алын­ған ақшалай қаражатты ұрлайды. Көп­теген қазақстандық өздерінің жеке кәсіп­кер­лері мен телефон нөмірлерін жалға беруді пас­сивті табыс көзі деп қателесіп, заңды кәсіп­керлік қызметпен айналыспай-ақ жеке кә­сіпкер ретінде тіркеледі. Бұл Қазақстан аза­маттарының алаяқтардың күшті және жан-жақты кибершабуылына ұшырағанын көрсетеді, – дейді Магеррамов.
Ол осы мәселеге байланысты депу­тат­тар­дың қазақстандықтардың мүдделерін қор­ғау­ды көздейтін арнайы ұсыныстар дайын­дап жатқанын айтты. Оған сәйкес екінші дең­гейлі банктер мен ұялы байланыс опера­тор­ларына олардың инфрақұрылымын пай­далана отырып жасалған алаяқтық үшін жауап­кершілік қарастырылған. Яғни, алаяқ­тар сол банктер мен операторлардың инфр­құры­лымдық жүйесін алаяқтық схемалары үшін пайдаланса, зардап шеккендердің шы­ғынын солар өтеп беруі тиіс.
– Заң жобасындағы бұл жауапкершілік өсіп келе жатқан кибералаяқтықпен күресті кү­шейтіп, қаржылық және телекомму­ника­ция­лық компаниялардың қуатты технология­лық ресурстарды қосуына ықпал етеді», – дей­ді депутат.
Парламент депутаттары былтыр несие беру кезінде тәуекелдерді азайту жә­не қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мә­селелерін реттейтін заң жобасын әзірлеген болатын. Одан бөлек, Ұлттық Банк, ҚНРДА сияқ­ты жауапты мекемелер де бірқатар өзге­рістерді ұсынған еді. Соның бірі – әуелде айт­қан алаяқтардың шығынын банктің мой­нына қою.

Қаржы ұйымдары қауіпсіздікті сақтауға тиіс

Егер банктің ақпаратты қорғау қыз­ме­ті­нің нашар жұмыс істеуі ақшаның жо­ғалуына себеп болғаны дәлелденсе, онда қар­жы институттары интернет-алаяқтардан зар­дап шеккен азаматтардың шығынын тө­леуге міндеттеледі. Заңнамаға тиісті түзетулер Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінде әзірленді. Бұл туралы былтыр Агенттік бас­шысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген болатын.
– Маңызды мәселе – залалдың өтелуі, оны қаржылық қызметтерді пайдаланушылар да көтереді. Біз алгоритм әзірледік, яғни екінші деңгейлі банктермен меморандум дайын­дадық және қазір қол қойып жатыр­мыз, егер бұл операция алаяқтық деп танылса, жалған несиелер бойынша сыйақы есептеу дереу тоқтатылады. Ал оның алаяқтық несие екені сотта дәлелденсе және пайдаланушының өзі бұл қаражатты алмаса, банк тиісті соманы қайтарады. Ал егер ол пайдаланушының жеке қара­жаты болса, оған ол қаражат өтеледі, – деген еді Әбілқасымова.
Кейін Мәжіліс алаңында ол банктердің алаяқ­тардан зардап шеккен азаматтарға кел­тірілген шығынды өтеу жөніндегі мін­дет­темесінің механизмін түсіндірді.
– Алгоритмде алаяқтық транзакциялар­дың барлық типологиясы, ақпараттық қауіп­сіздік талаптары мобильді қосымшалар үшін анық жазылған. Ал егер бұл талаптар бұзылса, қар­жы ұйымдары үшін тиісті зардабы бола­ды, – деді ол.
Мәдина Әбілқасымова Агенттік был­тыр­ғы маусым айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді жоспарлап отыр­ғанын да мәлімдеген.
15 қаңтарда Алматыда өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушы­лардың құқығын қорғау Департаментінің директоры Александр Терентьев алаяқтарға тап болған азаматтарға көмектесетін түрлі шаралар қарастырылып жатқанын айтты. 
– Қазір түзетулер Мәжіліс қарауында, біз қазір­дің өзінде енгіздік. Бірінші түзету біздің банктерді шектейді және банктер алаяқтық жолмен ұрланған несиелер бойынша ақшаны қайтаруға міндетті болады. Екінші мәселе – өтеу рәсімі бойынша. Бұл түзетулер қазір пысықталып жатыр. Олар қабылданбайынша, мұқият болып, сақ болуды сұраймыз, – деген еді ол.
Терентьевтің айтуынша, сондай-ақ банктер, микроқаржы ұйымдары мен Агенттік арасында меморандум жасалды, ол бойынша клиент құқық қорғау органдарына жүгінген кезде және алаяқтық фактісі бойын­ша қылмыстық іс қозғалған кезде Агенттік кредит бойынша сыйақыны есептеуді алты айға дейін тоқтата тұра алады, сотта алаяқ­тық кредит бойынша іс жүргізу толық аяқ­тал­ғанға дейін ұзартылады. Бұл жағдайда сот шешімді түпкілікті қабылдайды және егер ол банк­тің клиентін алаяқтар алдағанын мойын-
­даса, онда жәбірленуші несие төлеуден бо­сатылады.

Банктер жарнамада нені жасырады?

Қаржы нарығын реттеу агенттігі банк­терді кредиттердің шарттарын неғұрлым түсінікті түрде жарнамалауға міндеттейтін тү­­зетулер дайындаған. Яғни, банктер өз өні­мін, яғни несие, бөліп төлеу сияқты өнімдерді жар­намалаған кезде халыққа барынша тү­сінік­ті, сірескен теминдер, қиын қаржы ұғым­дары жоқ, қарапайым тілмен түсіндіруге тиіс болады.
Құжатқа сәйкес банктер кредиттерді жар­намалаған кезде сыйақының шекті мөл­шерлемелерінің ауқымын көрсетуге, кешік­тірілг­ен жауапкершілік туралы хабарлауға, қа­рыз шарты жасалғанға дейін банк нақты жыл­дық тиімді есептеудегі мөлшерлеменің мөл­шері, сондай-ақ артық төлем сомасы тура­лы хабарлауға тиіс.
Сондай-ақ хабарламада Банктің құқық­тары туралы көрсетілуі керек мәлі­меттер, шарт жасасқанға дейін клиент білуі керек ақпарат та көрсетілуі керек.
Егер банк қызметі бойынша даулы мәселе туын­даса, клиент банкке, банк омбудсменіне, уәкі­летті органға немесе сотқа жүгінуге тиіс. Осы мақсатта клиентке банктің, банк ом­будс­менінің және уәкілетті органның орна­лас­қан жері, пошта, электрондық мекенжай­лары мен интернет-ресурстары туралы ақпарат та болуы керек.
Бұған дейін осы мәселені Ұлттық Банк тө­ра­ғасы Тимур Сүлейменов те ODAGAI жо­ба­сына берген бейнесұхбатында көтерген бо­ла­тын. Халықтың қаржылық сауаты тура­лы сұраққа жауап бере келе, ол банктерді де сынға алған еді. 
– Біздің қоғамда бәрінің қаржылық сауа­ты бар деуге келмейді. Жеткілікті деңгейде емес және менің ойымша, қаржы ұйымдары­ның жарнамасы басым түсіп тұр. Банктерді алсақ та, микрокредит ұйымдары, онлайн не­сиелерді айтсақ та. Қарапайым азамат, әри­не, олардың айла-амалдарының алдында қау­қарсыз. Сондықтан өнімді алудың тым оңай­лығы мен оның салдарының тым қиын­дығы арасында теңгерімсіздік бар. Мүмкін, қара­пайым азаматтардың сол салдардың бар­лығын есептей алмауы осы мәселенің түп-тамыры шығар, – деді ол.
Сондықтан банктер мен микрокредит ұйым­дарының бейберекет несие бермеуін қа­да­ғалау керек екенін айтқан еді. 
– Қарапайым, түсінікті тілде «қарызыңыз­ды мерзімінен кеш төлесеңіз, үстінен тағы 15 пайыз төлейсіз, артық төлеген ақшаңыздың жал­пы сомасы 0 болмайды» деп жазып қоюы ке­рек. Сізге бөліп төлеудің құны 0 деді, бірақ ол бір жерде жасырын тұр, шындығында ар­тық төлемнің жалпы сомасы 50% болады. Егер адамдар осылай ойлайтын болса, онда ке­лесіде маған жаңа телефон керек пе, әлде ес­кісімен жүре тұрғаным жөн бе деп ойла­на­тын болады. Сондықтан ең алдымен, қаржы ұйым­дары жарнамалап жатқан өнімдердің бар­лық оң және теріс тұсын дұрыс түсіндіріп жа­тыр ма, жоқ па – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылап отыруы керек сияқты, – деген болатын ол.
Қарастырылып жатқан өзгерістер басқа ел­дердің тәжірибесінде де бар екенін байқау­ға болады. Мәселен, осы аталған екі бастама көрші Ресейде биылдан бастап күшіне еніпті...
Бұған дейін азаматтың несие алудан бас тар­ту мүмкіндігі заң жүзінде бекітілген бола­тын. Мұны eGov арқылы банктер мен мик­ро­қаржы ұйымдарының несиелеріне блок қою арқылы жасауға болады.

Ғабит ӨМІРБЕК,
заңгер:

Банкті де жәбірленуші деп тану керек

– Бұл өте әділ ше­шім деп ойлай­мын, себе­бі қазір алаяқ­тарға алданып жат­қан азамат өте көп. Менің өзіме осы мәселе бойынша жоқ деген­де күніне 4-5 азамат келеді. «Банк қыз­мет­керіміз деп өзін таныстырды, қауіп­сіз­дік бө­ліміненбіз деді, сіздің атыңыздан алаяқ­тар не­сие рәсімдейін деп жатыр деді, бізді сен­дірді, біз сенгендіктен, SMS-кодтың бә­рін ай­тып бердік, соңында 2-3 миллион тең­гені бір­неше банктен рәсімдеді» деген маз­мұнда шағым айтушылар өте көп. Тіпті, бір кісінің атынан 15 миллион теңге рәсім­деген.
Шындығына келгенде, мұндай схема­лар­ға банк қызметкерлерінің де қатысы болуы мүм­кін. Өйткені жеке азамат өзіне банктен 2-3 миллион несие алатын болса, оны мін­дет­ті түрде фотоға түсіреді, қолын қой­дыр­тады. Яғни, бұл – өте күрделі процесс. Бірақ алаяқ­тар бұл процесті тез, жеңіл жүргізіп, әр­түрлі көлемде ақша ала береді. 
Қазір банктер ондай ақшаны төлеуге мүл­дем қарсы. «Сіз өзіңіз алдыңыз, өзіңіз тө­леңіз» дейді. Алайда көп азамат осыған бай­ланысты үлкен қиындыққа ұшырап, өз-өзі­не қол жұмсап та жатады. Қозғалған қыл­мыстық істің 80-90 пайызы ашылмай қалып жатады. Сондықтан да банк өзінің жүйесінде әлсіздік болғандықтан, міндетті түрде жауап­кершілікті өздеріне алуға тиіс деп ойлаймын. Онлайн несиені толықтай алып тастау керек деп есептеймін. Тек өзі барып, несие рәсімдеуі керек. 
Менің өз тәжірибемде зейнеткердің атынан алаяқтар 10 миллион теңге не­сие алған кейс болған, содан кейін қыл­мыс­тық іс қозғаттық. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағына сай қозғалған іс ая­сында тергеуші кодекстің талаптарына сәй­кес, банктен күдікті тұлға ұсталғанға дейін несиені тоқтатуды сұрады. Яғни, заң бойын­ша талап етті. Дегенмен банк одан бас тар­тып, өсімпұлды да, ештеңені де тоқтат­пай­тындарын айтты. Сотқа арыз жаздық, бірақ сотта да ұтылып қалдық. Демек, банк ақ­шаны өндіруге бар күшін салады. Алайда өз жүйесінде, өз қауіпсіздіктерінде олқылық болғандықтан, олар тікелей жауапты болуы керек деп ойлаймын. 
Сонымен қатар қозғалған қылмыстық істе банкті де жәбірленуші деп тану керек. Банктің өзінде сақтандыру қаражаты бар, сол қаражатпен жәбірленушінің ақшасын жауып, күдікті табылып, қылмысы дәлелденгеннен кейін ақшаны содан өндіру керек деп есеп­теймін. 

Эльдар ШАМСУТДИНОВ,
экономист:

Банктердің шығынды өтеуі өте әділ шешім деп ойлаймын

– Менің ойымша, бұл жерде әңгіме банк­тер­дің қауіпсіздік шараларын жеткілікті түр­д­е қарастырмағанына қатысты. Соның ішін­де, олар мәселен құжаттарды, қойылған қол­дарды, сенімхат арқылы депозиттен ақша алу кезінде деректерді дұрыс тексермей жа­тад­ы. Немесе цифрлық қауіпсіздік талап­та­рын сақтамай, жеке деректер, шот деректері қолды болып, алаяқтардың қолына түсетін жайт­тар да жоқ емес. Бұл деректерді, әрине, алаяқ­тар ақша ұрлауға қолданды. Мұндай жағ­дайда, банктердің шығынды өтеуі өте әділ ше­шім деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, алаяқтардан қорғайтын мықты заң, берік қорғаныс жүйесі, жемісті амал-тәсілдер ауадай қажет. Ақпараттың құпия болуының маңызы күн өткен сайын айқын сезіліп келеді. Қауіпсіздік қорғалмаса, қаржылық сауат қауқар болмайтыны анық.

 

 

Серіктес жаңалықтары