«Топырақтан» түрлі әшекей жасайтын бойжеткен

Зере бұл кәсіппен төрт жыл бұрын айналыса бастаған.

«Топырақтан» түрлі әшекей жасайтын бойжеткен
instagram.com/qimadym
2234

Қолөнер – атадан балаға мұра ретінде жеткен дәстүр. Ел ішінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жалғасын тауып келе жатқан бұл өнерді сақтап қалуға үлес қосып жүрген шеберлер жетерлік. Солардың бірі –Зерде Ділмұратқызы. Ол қастерлі өнер саналатын зергерлік өнерді табыс көзіне айналдыра білген. Полимерлі саздан түрлі әшекей жасайтын бойжеткен бизнесті қалай бастағанын Turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Зерде бұл кәсіппен төрт жыл бұрын айналыса бастаған. Бұл уақыт ішінде біршама жетістікке қол жеткізіп, кәсібін ілгерілеткен ол негізгі мамандығы басқа екенін айтады.

«Қытайдың Күнес деген ауданында дүниеге келдім. Түбі елге көшеміз деген ой болғандықтан әкем мені қазақ мектебінде оқытты. Ол кезде Қытайда қазақ мектептері жұмыс істейтін. 2-сыныпқа дейін сол жерде білім алдым. Әкемнің қазақ жері, тілі мен дәстүрі, діні туралы айтқан әңгімелері жадымда сақталып, тарихи Отанға деген сүйіспеншілігім күн санап арта түсті. 8 жасымда отбасыммен Алматы қаласына көшіп келдік. Мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәндеріне қатты қызықтым. Ал жоғары оқу орнында бағдарлама жасақтаушы, яғни программист мамандығын игердім. Мамандық бойынша біраз жыл жұмыс істедім. Бірақ өмірімде бір нәрсе жетіспей тұратынын сезетінмін. Бала кезімнен сурет салуды ұнатамын, қолөнерге қызығамын. Бірақ оған талант немесе хобби ретінде қарамаппын. Тек қолымнан келетін іс сияқты қабылдадым», – дейді Зерде.

Ол бір күні YouTube-тан полимерлі саз туралы видеоны көріп қалған соң, «Бұл материалдан қазақи нақыштағы әшекейлер жасап көрсе қайтеді?» деп ойға шомғанын айтады.

«Алайда мен бұл идеяны бірден іске асырған жоқпын. Полимерлі сазды сатып алып, бірінші рет әпкеме туған күніне сырға жасап көрдім. Кейін құрбыларыма жасап бердім. Қазақстанда дәл полимерлі саздан бұйым жасайтындар аз. Орыс, ағылшын тілді шеберлер көп. Олардың өзіндік бір стилі болды. Сонда неге осындай қолөнерді Қазақстанда дамытпасқа деген ой келді. Карантин кезінде шағын бизнесті әлеуметтік желі арқылы таныту трендке айналды ғой. Сол уақытта бұл істі қолға алдым. Десе де мен ол кезде ұлттық нақыштағы зергерлік бұйым әзірлеуді бірден қолға алған жоқпын. Себебі алдымен өзімнің шеберлігімді шыңдап алғым келді. Онымен қоса, әлеуметтік желіні қалай жүргізу керек, маркетинг, SMM сияқты тақырыптарда ақпарат жинап, түлі курсқа, вебинарға қатысып, білім алып жүрдім. Сөйтіп парақшамды ақырындап дамыта бастадым», – дейді қолөнерші.

Зерде Ділмұратқызы қазақи стильдегі алғашқы коллекциясын 2022 жылдың жазында әзірлеген.

«Достарыммен шағын фотосессия жасадық. Мұны TikTok-қа салған едім, жылы лебіз білдіргендер көп болды. Көп адам қолдау көрсетті. Сол кезде осындай әшекейлердің сұранысқа ие екенін, жастардың ұлттық өнерге «шөлдеп» жүргенін, осы жұмысымды жалғастыру керек екенін түсіндім. Қазір тек ұлттық нақыштағы бұйымдар, атап айтсам сырғалар, моншақ, шаш қыстырғыштар, кілтке тағатын брелоктар әзірлеймін. Бірте-бірте ассортиментті ұлғайтып жатырмын», – дейді ол.

Қолөнершінің айтуынша, бұйым әзірлеу ісінде ең қиынға соғатыны – дизайн фазасы. 

«Ойдағы дүниені қолмен жасап шығару, түстерді үйлестіру қиын. Себебі мен – перфикционистпін. Ойымдағыдай шықпайынша шұқылай беремін. Полимерлі саз түрлі түсті келеді. Бірақ мен барлық түсті араластырып отырып, өзіме керек түсті шығарамын. Дизайн фазасына бірнеше күн, апта, тіпті, ай кететін кездер болады», – дейді жас кәсіпкер.

Жас кәсіпкердің басты мақсаты – ұлттық бұйымды ұлықтау.

«Ұлттық әшекейлер көбіне күмістен немесе алтыннан жасалады. Түрлі түсті көбіне эмальмен беріп жатады. Мен әшекей бұйымдардың түрлі- түсті болғанын қаладым. Шабытты қазақи нақышта тігілген киім, тоқылған кесте, кілемнен аламын. Осындай өнер туындыларын көріп, жастардың бойында ұлтымызға деген сүйіспеншілік, ата-бабамыздың бізге қалдырған құнды жәдіргер-мұраларын бағалау сезімі арта түсе ме деген ой келді. Мен бұған аз да болса үлесімді қоссам деймін. Өнеріміз, мәдениетімізді таныту арқылы ұлтымызға, елімізге деген сүйіспеншілікті арттыруға болады», – деді ол.

Зерде кәсіпті жүргізу барысында біраз қиындыққа тап болғанын жасырмады.

«Кәсіпті бастағанда қиындықтар болды. Менде дизайнерлік, мүсіндеу бойынша білімім болған жоқ. Өз бетіммен ақпарат іздеп, үйренуге тура келді. Әлі де үйрену, іздену үстіндемін. Шеберлігімді шыңдап жүрмін. Бұл істе бір адам көп рөлді алып жүру қажет. Ол фотограф та, SMM, менеджер де өзі болады. Яғни әзірлеген бұйымдарды көрсетіп қана қоймай, сата білуім керек. Сатудың өзі – бір өнер. Маған дәстүрлі маркетинг жолдары ұнамайды. Себебі көрген-білгендердің бәрі аудиторияның жанды жерін басып, жарнама жасау керек деген түсінікті дәріптейді. Ал мен аудиториямен достық қарым-қатынас орнатып, қарапайым қазақ қызы ретінде танылғым келді. Жақында бірнеше жәрмеңкеге қатыстым. Онда қызығушылық танытқан сатып алушылармен тілдесіп, көптеген инсайт алдым. Алдағы уақытта бұйымдарымды шоурум, дүкендерге қою жоспарда бар», – деп ағынан жарылды бойжеткен.

Серіктес жаңалықтары