«Технофеодализм» тереземізді қағып тұр ма?

KPMG сарапшыларының 2022 жылғы ба­ғалауына сүйенсек, онлайн коммер­ция­ның дамуы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстан.

«Технофеодализм» тереземізді қағып тұр ма?
сурет: Freepik
1527

«Капитализмнің дәурені аяқталып, жаңа дәуір басталды. Технофеодализм». Былтыр жыл аяғында Грекияның бұрынғы экономика министрі Euronews-ке берген сұхбатында осылай деп мәлімдеген болатын. Иә, капитализмнің аяқталғаны, адамзат тағы бір дәуірдің табалдырығында тұрғаны туралы 
10 жылдан бері айтылып келе жатыр деуге болады. Ал Яннис Варуфакис бұл тұжырымын онлайн сауда алаңдарының дамуымен негіздеген еді. 

Иә, технологияның дамуы өмір сүру сал­тымызды өзгертіп, бір уақытта он­лайн және офлайн әлемде өмір сүруге үй­ретті. Соның ішінде, пандемиядан бері онлайн саудада бәс те, кәсіп те қызып тұр. Сатып алушыға ыңғайлы, кәсіпкерге қолайлы. Дегенмен шетелдің алпауыт маркетплейстеріне елдегі кәсіпкерлер тө­теп бере ала ма?

«Технофеодализм келді»

Қайда қарасақ та, қайда барсақ та – сауда. Әуелде байланыс құралы ретінде қолданысқа енген әлеуметтік желілер бара-бара үлкен базарға айналды. Тауар саудалауға ақыл саудалау, яғни инфо­бизнес қосылды. Біреулер тауар сатып әлек, енді біреулер тауарды қалай сату керек екені туралы кеңес сатып әуре. Капи­тализмнің аяқталуы туралы әңгіме ақылға қонымсыз сияқты көрінеді. 

Алайда Грекияның бұрынғы эконо­ми­ка министрі Яннис Варуфакис өз еліндегі ка­питализмнің құлдырап бара жатқанына се­ніп қана қоймай, ол әлем бойынша қа­зір­дің өзінде өлді деп есептейтінін айтқан. «Оны кім өлтірді?» деген сұраққа Amazon, Alibaba сияқты  алпауыт сауда алаңдары деп жауап береді.

«Менің бағалауым бойынша (және бұл дау­лы гипотеза) капитализм аяқталды», – дейді Варуфакис.

«Менің ең тосын болжамым» атты Euronews-тің жаңа подкаст сериясында грек экономисі, ғалымы және саясаткері Ян­нис Варуфакис капитализмнің құл­дырауына не себеп болғанын айтып, бо­лашақта не күтіп тұрғанына өзінше бол­жам жасаған. Варуфакистің пікірінше, біз феодализмге қайта оралдық. Өнеркәсіп ре­­волюциясы мен орта таптың кө­те­рілуінен кейін қалыптасқан феодализм емес, жаңа форма – технофеодализмге. Ол тіпті осы тақырыпта кітап та жазып шық­қан. 
Варуфакис онлайн сауда алыбы Amazon-ды жер иеленуші ретінде мы­салға келтіреді. Экономистің сөзінше, ол нарық сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен «бай­лық жинау коммерциялық емес мақ­сат­тарға негізделген, бірақ аннуитет жү­йе­­де». Яғни, оның түсіндіруінше, Amazon-нан бірдеңе сатып алған сайын, бағаның 30-40 пайызы нарыққа емес, Джефф Бе­зос­тың қалтасына түседі.

Грекияның бұрынғы экономика ми­нист­рі «технофеодализмге» көзқарасы оң емес екенін айтады. Ол бұл жақсы аяқ­тал­май­ды деп санайды.

«Табыстың экспоненциалды шо­ғыр­лануы әлем апатқа бет алған кезде бас­қа­лардан табыс алу құқығы мен мүмкіндігі­нен басқа ештеңе жасамайтын адамдар­дың қолында. Біздің технологиямыз – жақ­сылық пен жамандықтың күші. Егер зұ­лым­дық басым болса, бұл – біздің кі­нә­міз, технология – тек құрал», – дейді Ва­ру­факис.

Иә, қазір алпауыт сауда алаңдары дү­ние жүзіне кең таралды.  Жоғарыда аты атал­ған Джефф Безостың әлемнің ең бай адам­дары тізіміндегі алғашқы орындардан түс­пеуін ескерсек, пікірдің жаны бар се­кілді көрінеді. Алпауыт маркетплейс ие­сі­нің байлығы 188,4 миллиарда АҚШ дол­ларына бағаланады. Кейінгі кезде елі­мізде, жалпы Орталық Азияда танымал бо­л­ған Wildberries онлайн сауда алаңы­ның негізін қалаушы әрі иесі Татьяна Ба­кальчук Ресейдегі екінші миллиардер әйел атанды, бір жылда тапқан пайдасы – 6 700 мил­лион АҚШ доллары. 

Қазақстан – көш басында

Қазақстандықтар да сауданың онлайн тү­рін қолай көре бастаған. Kaspi.kz – елі­міз­дегі ең ірі онлайн сауда алаңы. Wildberries, Pinduoduo, Taobao, Ozon сияқты ше­т­ел­­дің маркетплейстерінен керек-жа­ра­ғын алып жүргендер көп. 

KPMG сарапшыларының 2022 жылғы ба­ғалауына сүйенсек, онлайн коммер­ция­ның дамуы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстан, еліміздің бөлшек сау­дасының жалпы көлеміндегі электрон­дық коммерцияның үлесі 10 пайыз екені де айтылған. Ал PwC Kazakhstan және «Цифр­лық Қазақстан» Қауымдастығының тал­даушыларының деректерінде елдегі элек­трондық сауда көлемі 30 пайызға ұлғайып, 1,3 триллион теңгеге жеткені ай­ты­лады. Бұл – барлық бөлшек сауда ай­на­лымының 8,2 пайызы.

2022 жылы Ұлттық статистика бю­росы электрондық коммерция көлемін есеп­теу әдістемесін жаңартып, мар­кет­-
п­лейс­­тер арқылы сатуды енгізген болатын. Осы­лайша, еліміздегі ішкі электрондық ком­мерция көлемі рекордтық деңгейге же­тіп, 3,17 триллион теңге болған, оның 1,13 триллионы – тікелей компания­лар­дың интернет-ресурстары арқылы жаса­л­ған сауда, ал 2,05 триллионы – маркетп­лейстер арқылы жасалған сауда көрсеткіші. 

Одан бөлек, Қазақстанда отырып, шетелдің дүкендерінен онлайн сау­да жасайтын, яғни қазақстан эмитент­терінің төлем карталары арқылы жасал­ған сауда көлемі де өсіп келеді. Қазір әлеу­­­­меттік желілерде «байер» аталатын қыз­мет түрі де пайда болған. Мұны нақты ста­тистика да растайды: қазақстандық эми­тент­тердің төлем карталары арқылы шет­елдің интернет-ресурстарынан жүр­гі­зіл­ген транзакциялар сомасы өскен. 2022 жы­лы мұндай транзакциялар сомасы 781 мил­лиард теңге болған, ал былтыр 472,9 мил­лиард теңгеге жеткен. Яғни, 65 пайыз­ға өскен. Бұл сауда-саттық түрі де тауар­лар­ды өндіруші елдегі бағада алуға мүм­кін­дік беретінін ескерсек, жолын білгенге тиім­ді екені анық. 

Жалпы, жеке тұлғалардан бөлек, елімізде тауарлар мен қызмет­тер­ді сату үшін интернет-ресурстарды пай­даланатын кәсіпорындар саны 2 007-ге жеткен. Олардың 770-і өздерінің ин­тернет-ресурстарын қолданады, ал қал­ға­ны – маркетплейстер.

Онлайн саудада не өтімді?

PwC талдауына сәйкес, 2023 жылдың І жартыжылдығында бөлшек электрондық коммерция нарығындағы транзакциялар саны 87 пайызға өскен, дегенмен орташа чек сомасы 4 пайызға қысқарыпты. Жал­пы, зерттеуде ел азаматтары онлайн-са­тып алуға орта есеппен 25 мың теңге жұм­­­сайтыны айтылған.
Ал онлайн ең көп саудаланатын, яғни ха­лық сатып алатын тауарларға тоқталар бол­сақ, forbes.kz мәліметінше, көш басын­да тұрмысқа қажетті тауарлар тұр. 293,4 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 34,7 пайызы. Екінші орында, 146,4 млрд теңге не­месе сату көлемінің 17,3 пайызын алған киім, аяқ киім, спорт тауарлары тұр. Үшін­ші орында – 111,3 млрд теңге, 13,2 пайыз үлеспен азық-түлік.

Бұл ретте, азын-аулақ сомадағы кре­дит­тер мен бөліп төлеудің ұлғай­ға­ны тура­лы мәселені қатар қозғауға бо­ла­ды. Қазір онлайн маркетплейстерде «қа­рызға» сауда жасау мүмкіндігі қарас­ты­рылған. Тұтыну кредиттерінің көлемі өс­кені, халықтың қарызға батқаны тура­лы бұған дейін үлкен мінберлерде талай ай­тылып, ізінше біз де талқылаған болатынбыз.

Қалалар мен ауылдар ара­сын­да да алшақтық бары анық, нақ­ты зерттеу таппағанымызбен, өңірлер бойын­ша  онлайн сауда көшбасшыларына қа­тысты статистика жүргізілген екен. Көш­басшы – Алматы, онда 2,9 триллион тең­геден астам өнім сатылған немесе на­рықтың барлық көлемінің 92,3 пайызы. Мар­кетплейстерді есепке алмағанда, қала­ның үлесі 78,7 пайыз. Екінші орында мар­кетплейстерді қосқанда 103 миллиард тең­геден астам сатылыммен Астана тұр. Үш­тікті Қарағанды облысы 36,5 млрд тең­гемен немесе барлық сатылымдардың 1,1 пайы­зымен түйіндеп тұр. Шымкент – төр­тін­ші орында, оның сатылымы – 26 млрд тең­ге және нарық үлесінің 0,8 пайызы.

Халықтың таңдауы  – отандық маркетплейстер

Дегенмен ел азаматтары шетелдің мар­кетплейстеріне қарағанда отан­дық онлайн сауда алаңдарында кө­бі­рек сауда жасайды екен. PwC мә­ліметінше, 2022 жылы онлайн-дүкендердегі тран­зак­цияның орташа сомасы маркет­п­лейс­тер­дегі сатып алу көрсеткіштерінен 17 пайыз­ға асып түскен, ал 2021 жылы үрдіс бас­қаша болған. 2022 жылы отандық сайт­тардың сауда чегі халықаралық сайт­тардан сатып алу көрсеткішінен 5 есе көп болған.

Яғни, қазақстандықтар онлайн сау­даның 80 пайызын отандық онлайн сауда алаң­дарында жасайды. 10 сауданың 9-ы мар­кетплейсте жасалады.
Сарапшылардың пікірінше, онлайн ком­мерцияның өсуіне елдегі циф­рлан­дыру­дың дамуы, бизнестің қызмет көр­сету саласын дамытуға назар аударуы, тауа­рын маркетплейстер арқылы ұсы­на­тын саудагерлердің санының өсуі, тауар түрі­нің көбеюі, халықтың онлайн сатып алуға дағдылануы сияқты бірнеше фактор әсер етіп отыр.

Зерттеуде бұдан басқа Pinduoduo, Taobao, Trendyol сияқты ірі сайттардағы сатылымдар көлемі өсетіні айтылған. Бұл отандық тауарларды сол алаңдарда сатуға мүмкіндік беретіні де қарастырылыпты. Яғни, ішкі нарыққа төнген қауіп емес, мүмкіндік ретінде бағаланып отыр. 

«Тұтынушылар онлайн сатып алуды жиі, бірақ аз мөлшерде жалғастырды. Ау­дарымдар санының айтарлықтай өсуіне көп­теген фактор әсер етеді: жаңа логис­тикалық кешендерді жоспарлау, белсенді жергілікті жеткізушілердің көбеюі, жаңа ойыншылардың пайда болуы, ыңғайлы онлайн төлем әдістерін дамыту, жеткізудің жақ­сартылған тәсілдерін және тап­сырыс­тың ең төменгі шегін төмендетуді қоса ал­ғанда, бөлшек электрондық коммерция нарығындағы ойыншылардың бизнес-мо­делдерін дамыту, ассортиментті кеңей­ту. Бұдан басқа, нарықтың жекелеген ойын­шы­ларының онлайн тапсырыстар бойын­ша деректерді өңдеу әдістеріне өзгерістер әсер етуі мүмкін. Мысалы, бір онлайн тап­сырыс нарық ойыншыларының есепке алу әдіснамасына байланысты бірнеше тран­закциялар ретінде есептелуі мүмкін» – деп жазылған зерттеуде.

Импортқа тәуелділікті ушықтыра ма?

Маркетплейстерде саудаланатын тауар­лардың көпшілігі шетел тауар­лары екені белгілі. Әсіресе, киім-ке­шек, техника, тұрмыстық тауарлардың бар­лығы дерлік шетелден импортталған тауар­лар деуге болады. Шетел мар­кет-плейс­­тері туралы айтпаса да түсінікті. Қай са­ланы алып қарасақ та, арзан шетел тауар­лары кәсіпкерлер мен саудагерлер үшін тиімді болып отыр. Ал еліміздің им­портқа тәуелділігі күн сайын өсіп барады. Бұл ретте маркетплейстердің дамуы отан­дық өнім өндірудің мысын басып, ең­сесін тіктеуіне одан сайын мұрша бермей ме де­ген қауіп те жоқ емес. Себебі өнім өн­діру – қымбат. Ал өзің өндірген өнімді сол әлем­дік маркетплейстерде саудалау, кері­сінше үлкен мүмкіндік болар еді.

Сауда және интеграция министрі Се­рік Жұманғарин ең негізгі деген азық-тү­лік бойынша да импортқа тәуелді еке­ні­мізді айтқан.

– Біздің есебіміз бойынша, бүкіл ел хал­қының жалпы тұтынуына сүйене оты­рып, бүгінгі таңда келесі импортталатын тауар­ларға тәуелдіміз: қант, тауық еті, ірімшік және сүзбе, сары май, күнбағыс майы, макарон өнімдері және маусымара­лық кезенде қырыққабат пен пияз, – деді Серік Жұманғарин.

Кей азық-түлік импортына деген тәуелділік 90 пайызға дейін же­те­тінін айтқан ол көрші нарықтардағы жағ­дайларға байланысты агрессивті экс­порт байқалатынына тоқталған еді.
Ал Ұлттық банк төрағасының орынба­сары Ақылжан Баймағамбетов 2024-2025 жылдары импорттық тауарларға тәуел­ділік 54,1-54,6 миллиард долларға өседі деген болжам барын айтқан болатын. «Не­ліктен?» деген сұраққа жауап беретін бірнеше факторға да тоқталып өткен.

– Біріншіден, шетелдік тауарлар қым­баттаса да халық пен бизнестің сұранысы тұ­рақ­ты. Мысалы, 2022 жылғы 9 айдың қо­рытындысы бойынша заттай импорт был­тырғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ған­да 3,5 пайызға артқан. Бұл өсім негізінен тұ­тыну және аралық тауарларда болды. Реэкспорттың өсуі есебінен де азық-түлік емес тұтыну тауарларына қатысты им­порт­­қа қосымша қысым көрсетіліп отыр, – деді Ақылжан Баймағамбетов.

Бұл мәселені халық қалаулылары да әрдайым көтереді. Олар нақты реформаның, мәселені шешудің жаңа жолдарын қарастыру керек екенін айтып Үкі­метке 30 жыл бойы үндеу жасаумен ке­леді.

– Ұлттық экономикамыздың құры­лы­м­ы әлі импортқа тәуелді. Мысалы, бүгінде құ­рылыс материалдарының импортына тәуелділік 90 пайыздан асқан, ал агро­өнер­кәсіп кешені саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ша­­мамен 60 пайызға жуығы импорт­та­ла­ды. Осылайша, Қазақстандағы инвес­ти­ция­лық ахуалдың жай-күйіне әсер ететін осы және басқа да проблемалық мәселе­лер­ді ескеріп, оларды мемлекеттік бюд­жет­тен қаржыландыру мүмкіндіктерін жаңа­ша қарап, оларды шешудің балама жол­дарын бірге әзірлеуге шақырамыз, – де­ген еді былтыр сенатор Сұлтанбек Мә­ке­жанов Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Өмірбек ӘБІЛЖАН,
кәсіпкер:

Онлайн сауда екі тарапқа да тиімді

– Қазір маркетплейстер шынымен қарқынды да­мып жатыр. Онлайн сауда мен офлайн сау­да­ның арасындағы айырмашылық та айқын сезіліп жа­тыр. Осы салада жүргендіктен, жай-жапсарын кө­ріп-біліп жүрміз деуге болады. Онлайн сау­да­ның артықшылығы көп деп анық айта аламын. Мә­селен, үйде отырып-ақ тапсырыс беруге бо­ла­ды, бөліп төлеу қызметі де бар. Қалтаңдағы ұялы те­лефон арқылы үлкен мүмкіндік ашылады. Керегіңді іздеп, суреті арқылы да тауып ала аласың. Үйден шыға алмайтын, яғни мүмкіндігі жоқ, мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға да өте ыңғайлы.
Пайда табу жағына тоқталар болсам, бір жерде сауда нүктеңіз бар болса, ол жер­ге күніне 50 адам ғана келуі мүмкін. Ал маркетплейсті алар болсақ, оның ау­диториясы 10 миллионнан көп. Сіздің тауарыңызды күнделікті мыңнан астам адам сатып ала алады. Яғни, ешқандай шектеу де, шекара да жоқ. Тиімді бағада, са­палы, жақсы тауар сататын болсаңыз, офлайн саудамен салыстырғандағы айыр­машылығы білініп тұрады. 
Сонымен қатар технология дамыған онлайн сауданы боттар арқылы жүргізе ала­сыз, кәсібіңізге күніне 1-2 сағат уақыт бөлсеңіз жеткілікті болады. Қалғаны – автоматтандырылған. Ал сауда нүктесінде өзіңіз таңнан кешке дейін сатып тұра­сыз немесе сатушы 10 сағаттай тік тұрып жұмыс істеуі керек болады. Сон­дықтан онлайн сауданы көбісі қосымша кәсіп ретінде қарастырады, қосымша табыс көзі ретінде жүргізеді. Жалпы, ыңғайлы тұстары көп. 
Кәдімгі, яғни «офлайн» сауда түрі бара-бара тоқырауға ұшырауы мүмкін, де­генмен барлық салада емес. Тұрмыстық тауарлар, киім-кешек, азық-түлік, тех­ника деп тауар санаттарына байланысты қарастырар болсақ, иә, кей кәсіп­керл­ер тегіс онлайнға көшуі мүмкін. Немесе шетелдегідей сауда нүктелері қалуы мүм­кін, бірақ ол жерде қызметкерлер болмайды, келесіз, аласыз, төлеп кете бересіз.
Ал шетелдік маркетплейстердің ішкі сауда нарығына қандай да бір зияны бар ма деген мәселеге келер болсақ, кері әсері аса қатты байқалмайды. Себебі кө­бісі бәрібір де жеткізу ұзақтығына мән береді. Қазақстан ішіндегі жеткізу жыл­дам, ал шетелден апталап, айлап күтуге тура келуі мүмкін. Әр маркетплейстің өз клиенті бар екенін де атап өткен жөн, себебі біз солардың көбісімен жұмыс іс­тейтіндіктен, тәжірибеден білеміз. Бұдан түйгеніміз –  басқа бір жерде тауар ар­занға тұрса да, бір маркетплейстен тапсырыс беруге дағдыланған адам сол жер­ден ғана тапсырыс береді. Яғни, үйренген сауда алаңынан сауда жасайды. Қысқаша айтқанда, сол клиенттерге ыңғайлап, тиімді кәсіп жүргізсеңіз, олардан ешқандай кері әсер болмайды деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, онлайн сауда көзін таба білгенге – табыс, тұтынушыға ыңғайлы әрі тиімді сауда жасауға мүмкіндік беретін алаң. Қолыңды ұзартып, мәселені қысқартатын таптырмас құрал. Тек, отандық өнім өндірушілердің мәселесін ушықтырып, импортқа деген тәуелділікті одан сайын өсіруі мүмкін деген күдік қана алаңдатады...
Не десек те, онлайн сауда әлем бойынша үлкен мүмкіндік ашып отыр. «Технофеодалдардың» заманы келді дегенге келісуге де болатын сыңайлы.

Серіктес жаңалықтары