Біз – әртүрліміз, бірақ біз – теңбіз және біргеміз – Юрий Шин

Бұл атаулы күні ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі.

Біз – әртүрліміз, бірақ біз – теңбіз және біргеміз – Юрий Шин
2548

Көктемнің алғашқы күні – 1 наурызда Қазақстан халқы алғыс айту күнін атап өтеді. Бұл күн – бірлік мен ынтымақтың айғағына айналған ерекше дата.

Тарихқа көз жүгіртсек, қысылтаяң заманды басынан өткеріп, тағдыр тәлкегімен елімізге түрлі этнос өкілдері қоныс аударған. Ал жасампаз қазақ халқы сондай жандарды кең құшағына сиғызып, оларға пана бола білді. Бүгінде елімізге жер аударылған ұлт өкілдерінің ұрпақтары жергілікті тұрғындардың жақсылығын көп көргенін үнемі айтып, қиын-қыстау кезеңде қолдау білдірген қазақ халқына 1 наурыз сайын жарыса алғыс айтып жүр. Солардың бірі Қазақстан корейлер қауымдастығының төрағасы Юрий Шин ұлт бірлігін нығайтатын мерекенің мәні мен маңызына тоқталды.

«1 наурызда Қазақстанда алғыс айту күні тойланады. Бұл айтулы дата күнтізбеге осыдан бар болғаны 8 жыл бұрын, яғни 2016 жылы қосылғанымен, жылдан жылға қадір-қасиеті тереңдей түсуде. Атаулы датаның Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күні тойлануы да заңдылық деп ойлаймын. Себебі ассамблеяның тарихы – бұл мемлекетіміздің тұрақтылығының, бейбітшілігінің, келісімінің тарихы. Осындай мереке күні бір-бірімізге, жақындарымызға, айналамыздағыларға шын жүректен алғысымызды білдіруге мүмкіндік бар», – дейді Юрий Шин.

Оның айтуынша, бұл атаулы күні ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі. 

«Бұл мереке біздің көпұлтты халқымыздың тарихы мен тағдырын сипаттап,  бірлік пен бейбітшілікті бейнелейді. Қазақстандық кәрістерді мысалға алар болсақ, біздің ата-бабаларымызды депортациялау жылдарында өзекті теппей, құшақ жая қарсы алған қазақ халқына, кең байтақ қазақ жеріне деген ризашылығымыз шексіз. Біздегі кіршіксіз алғыс сезімі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға берілді. Біз жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз», – дейді Қазақстан корейлер қауымдастығының төрағасы.

Айтулы датада Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен Қазақстан корейлер қауымдастығы еліміздің барлық өңірінде түрлі іс-шаралар өткізеді.

«Іс-шаралар шеңберінде қазақ жерінде көпұлтты Қазақстанның барлық тұрғыны татулықта тұратынын дәлелдеп, бірлігімізді тағы бір рет көпшілікке паш етіп, бір-бірімізге алғыс айтамыз», – дейді Ю. Шин.

Юрий Германұлының айтуынша, Қазақстан корейлері қауымдастығының басты міндеті этносаралық қатынастарды сақтауға және нығайтуға бағытталған.

«Қазақстан корейлері қауымдастығының қызмет – ең алдымен, біртұтас идеологияны дәріптеп, құндылықтар мен сыйластықты арттыру. Біздің қауымдастық Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастыратын барлық іс-шара мен жобаға белсенді түрде қатысады. Сондай-ақ әртүрлі салада өз жобаларымызды іске асырып келеміз. Оның шеңберінде көрнекті және дарынды адамдарды қоғамдық қызметке тарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы – стратегиялық әріптестер. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас дамып, нығайып келеді. Қазақстандық кәрістер мен Қазақстан корейлер қауымдастығы екі ел арасындағы көпір десем де артық айтпаспын. Яғни, достық қарым-қатынасты дамыту үшін үлкен жұмыстарды атқарудамыз. Қазақстан корейлер қауымдастығы Корея Республикасымен мәдениет, білім, бизнес, денсаулық сақтау саласында көптеген бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Сондай-ақ Қазақстанға Оңтүстік Кореяның озық технологиялары мен инвестицияларды тартуға көмектесуде», – деді ол.

Сөз соңында Юрий Шин қазақ еліне айрықша алғысын жеткізді.

«Бүгінгідей ерекше күнде Ұлы даланың әрбір баласын құттықтап, алғыс айтқым келеді. 1 наурыз – бостандықтың, бейбітшілік пен келісімнің қаншалықты маңызды екенін еске салатын күн. Алғыс айту күні Қазақстанның өткен ғасырда бастан кешкен тарихи оқиғаларының көрінісі болды. Қазақстанның бізге сыйлаған жылулығы үшін, мәнді де мағыналы өмір сүріп, жұмыс істеуге берілген мүмкіндік үшін алғысымыз шексіз. Біз елімізде бар мәдениет мен дәстүрдің сантүрлілігін бағалаймыз және оның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Мен Қазақстан халқы ассамблеясының барлық мүшесіне, олардың еңбегі мен адалдығы, бір-біріне және айналасындағыларға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің достығымыз бен ынтымағымыз нығая берсін, әрқайсымыз Отанымыздың дамуына үлесімізді қосайық. Біз әртүрліміз, бірақ біз теңбіз әрі бірміз!», – деп түйіндеді ол.

Айта кетсек, қазір Қазақстанда 108 мың кәріс тұрады. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында шоғырланған.

Серіктес жаңалықтары