Жанар Рахымбаева: 23 жылда ата-анасыз қалған 18 баланы тәрбиелеп жеткіздім
Жанар SOS-ана болу үшін бірнеше психологиялық тест пен тренингтен өткен.
Жанар Рахымбаева – SOS Балалар ауылының тәрбиешісі. Ол 23 жылын ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеуге арнаған.
SOS Балалар ауылы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кәсіби аналарымен, бауырларымен бірге нақты отбасындағыдай бөлек үйлерде өсетін орын.
Жанар Рахымбаева 23 жыл SOS-ана болып жұмыс істейді. Ол алты баланы өз жауапкершілігіне алған: үй шаруашылығын, бюджетін жүргізеді, қамқорлығындағылардың денсаулығы мен олардың әлеуметтік дамуын бақылайды. Барлық жұмыс жылдарында ол 18 баланы тәрбиелеген.
«Менде аптасына бір демалыс бар. Қалған уақытта балалардың өміріне «еніп» кеттім. Жеке отбасы құрып, мансапты дамыта алар едім, бірақ мен бұл туралы ойланған кезде балалардың қажеттіліктері туындады. Оларға қарайлаймын деп, қалғанынының бәрін ұмытып кеттім», – деді Жанар.
Мамандығы педагог-психолог, бұрын балабақшада жұмыс істеген Жанар SOS Балалар ауылына барған. Оның айтуынша, бұл жерді таңдауына балалар үйіне баруы әсер еткен.
«Мен дамуында ауытқуы бар, ата-анасы жоқ балаларды бірнеше рет көрдім. Олардың көпшілігіне қамқор танытсаң, табысты әрі бақытты бола алар еді. Бірақ ол үшін ресурстар әрдайым жеткілікті бола бермейді. Бұл маған оңайға соқпады», – деді ол.
Жанар SOS-ана болу үшін бірнеше психологиялық тест пен тренингтен өткен. Оқудан кейін ол кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеу үшін нәрестелерді таңдау мақсатында сәбилерді үйінде 10 күн болды.
«Ол кезде біз түнде әрең ұйықтадық, балаларды бақылап отырдық. Мен өзіме «қиын» балаларды таңдадым: дамуында ауытқуы бар екі ұл мен қыз. Мен олардың өміріне алдағы 20 жыл бойы жауапты болатынымды ол кезде түсіндім бе? Ол жағы қазір есімде жоқ. Сол күндері балалар үйінде болғанда бойымызды өзгеше сезім биледі», – деді SOS-ана.
Осылайша, оның Балалар ауылындағы өмірі басталды. Балалар өсті, сонымен бірге Жанардың тәжірибесі де артты. Ол көп нәрсені жүре үйренгенін айтады. Осыған байланысты көптеген қызықты әңгімелердің де есте қалғанын тілге тиек етті.
«Бірде мен балаларыммен Алматыға бардым. Оларды суретші Әбілхан Қастеевтің көрмесіне апардым. Қатты қуандым, бірақ балалар әрі-бері жүгіріп, есінеп, мұражайдың еденіне отыра бастағанда бұл экскурсияның балаларға жақсы таңдау емес екенін түсіндім. Содан кейін, әрине, біз хайуанаттар бағына және аттракциондарға бардық, бірақ осының бәрінен кейін мен оларды жақындарыма мерекелік кешкі асқа апарғанымда, олар ұйықтап қалды. Мен оларға бір күнде көп жерді көрсеткім келіп, кешке дейін қаланы аралаттым. Автобус қажетті аялдамаға жеткенде, жүргізушіден балаларды шығарғанша күтуін өтіндім. Барлық жолаушы маған қарап күліп жатты. Өйткені ұйқыдағы балаларымды кезек-кезек түсіріп, әлдек болдым», – дейді Жанар күліп.
Бүгінде Жанар – Балалар ауылындағы ең тәжірибелі тәрбиешілердің бірі. Оған тәртіп пен балаларға деген сүйіспеншілік көмектесті деп санайды. Тәрбиеші тәлімгерлермен қарым-қатынасқа оның жеке тәжірибесі әсер етпеуі үшін үнемі психологқа барады. Ал балаларды шығармашылық терапияға апарады. Сондай-ақ ол балалардың жеке қажеттіліктеріне, атап айтсақ, білімін жетілдіретін курстар, олардың тістеріне брекет салдыруға, техника және басқа да қажеттіліктерге демеушілерді өзі іздеп тапқан.
Жанар тәрбиелеп өсірген ең үлкен қызы бүгінде балалы-шағалы. Жанар үйінде тіпті құдалық та өткізген. Оқуға түсіп, өз бетінше күн көріп жатқан олар Балалар ауылындағы анасына баруды әсте ұмытпайды екен.
Жанар жаңадан келген SOS тәрбиешілерге өз жұмысын жақсы көру және сонымен бірге өздерін ұмытпауға кеңес береді.
«Демалыс, хобби, спорт – бос сөз емес, сізді де, балаларды да бақытты ететін нәрсе. Бұл мамандықтағы ең басты нәрсе – ана бола білу. Балалар әрдайым жалған сөйлеген адамды біліп қояды. Сондықтан біздің жұмысымыз мағыналы болуы үшін оны шынымен жақсы көру керек», – деді Жанар.