18 жылдан бері көлік жөндейтін 53 жастағы Марал

Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдыра білген алдағы ол уақытта бар білгенін немерелеріне үйреткісі келеді.

18 жылдан бері көлік жөндейтін 53 жастағы Марал
Марал Оспанова. Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
2494

«Қыз-келіншектер көлік жөндей алмайды» деп ойласаңыз, қателесіз. Бүгінде арамызда бұл стереотипті теріске шығарып жүрген ер мінезді қыз-келіншектер жетерлік. Соның бірі – 53 жастағы  Марал Оспанова.  Қарқаралы ауданында тұратын ол көлік жөндеумен айналысады. Өз ісінің хас шебері. Бір қызығы, оның бұл іспен шұғылданып жүргеніне биыл 18 жыл болыпты. Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдыра білген алдағы ол уақытта бар білгенін немерелеріне үйреткісі келеді.

Turkystan.kz тілшісі техниканың тілін шемішкеше шағатын көпбалалы анамен хабарласып, машақаты көп бұл іспен қызығушылығы неден туындағанын сұрап білген еді.

Марал Оспанованың негізгі мамандығы – тігінші. Кировская швейная фабрикасында 2 жылдай жұмыс істеп, кейін медициналық мекемеде шаруашылық бойынша медбике болып еңбек еткен.

«Мен – Қарағанды облысы Кузнецкий ауданында туып-өстім. 1990 жылы Қарқаралыға келін болып түстім. Жолдасым Талғатбек Оспанов өмір бойы автомобиль жөндеумен айналысқан. Алғашында күйеуім өзі жалғыз істеп жүрді, ал мен жанында кілт-сайман беріп тұратын көмекші болдым. Одан кейін бұл жұмысқа өзімнің де қалай беріліп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Содан бастап техникаға, әлденені жөндеуге деген қызығушылығым арта түсті.

2006 жылы өзімізге жеке көлік сатып алып, оны бірге жөндеп шығардық. Кейін тәжірибе жинақтап, өз ісіміздің шебері болып алған соң, аз-маз қаражат жинап, жеке орталық аштық. Бастапқыда 10 жылдай бір жерді жалға алып істедік, одан соң үйіміздің дәл жанынан 3-4 көлік сиятындай етіп, орталық аштық. Әлбетте, ауыр жұмысқа әлім келмейтіндіктен, жеңіл-желпі жұмысты істеймін. Күйеуім көліктің майысып кеткен кузовын түзетіп, тегістесе, мен бояймын. Бұл – көп уақытты қажет ететін процесс»,  – дейді кәсіпкер.

Маралдың сөзіне сенсек, бір бамперді жөндеуге және бояуға орта есеппен 2-3 күннен бір аптаға дейін уақыт кетеді. Ерлі-зайыпты шеберлердің жүзге жуық тұрақты клиенттері бар. Қарқаралы мен оған жақын орналасқан ауылдардың көптеген тұрғыны өз көліктерін тек Оспановтар отбасына сеніп тапсырады.

«Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ия, оңай шаруа емес, бірақ көз – қорқақ, қол – батыр. Біз клиенттерді қуанту үшін жұмысымызды барынша ұқыпты орындауға тырысамыз. Бамперді тегістеу, бояу бірнеше сатыда жүзеге асырылады. Мұның бәрі үлкен шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді», – дейді Марал.


Ине-жіпті кілт-сайманға алмастырған ана күрделі техникаға бала кезінен жақын болғанын айтты. Көлік айдап жүргеніне де 23 жыл болған. Сондай-ақ 17 жасында тракторды тізгіндеп, шөп тасыған кездері болған екен.

«Әкем 80-жылдары Доғалаң, Қайнар совхоздарына қойшы болып жұмыс істеді. Сонда отбасымызды көшіріп апарған болатын. Ол кезде мен 8-сыныпты бітірген едім. Бізді ара-тұра шөп тасуға жіберетін. Сонда тракторшы ағаларға қызығып, «Аға, мен жүргізіп көрейінші» деп өтініш білдіретін едім. Сол кезден бастап трактор айдауды үйреніп кеттім», – дейді көліктің қай түрі болса да, тізгіндеуге қиналмайтынын айтып.

34 жыл отасқан ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің 4 баласы бар. Бүгінде үш қызы ұядан ұшырып, құтты орнына қондырған олар 14 немере сүйіп  отыр. Ұлын ұяға қондырып, шаңыраққа келін түсіруді армандайтын ол болашақта кәсібінің қыр-сырын немерелеріне де үйреткісі келетінін жасырмады.

«Ұлым 22 жаста. Аспаз мамандығы бойынша білім алып, жұмыс істеп жүр. Немерелерімді өте жақсы көремін. Олар қонаққа келгенде әлемде менен артық бақытты жанды таппайсыз. Қартайған шағымызда балаларымыздың қызығына тоймай жүргенге не жетсін?!», – дейді М.Оспанова.

Оспановтар жас қосқан сайын, денсаулық сыр бере бастағанын айып, болашақта орталықты жауып, оның орнына шағын бір дәмхана ашқысы келетінін атап өтті. Бұл жерге дәмхана ашуға ұлының аспаз болып жұмыс істеп жүргені себеп болса керек.

Сөз соңында кейіпкеріміз барша нәзік жан иелерін 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.

«Бүгінгідей айрықша мереке күні баршаңызға зор денсаулық пен бақыт тілегім келеді! Әйелдер ауыр жұмыс, қиындықтардан қорықпауға тиіс. Қаласаңыз, тау мен тас қопара аласыз. Бәрін жеңуге және кез келген мамандықты игеруге болады», – дейді кәсіпкер.

Серіктес жаңалықтары