Елордада Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтті

Ақын Есенгелді Сүйінов жаңа өлеңдерін оқып, мұндай кештің халықтың поэзия әлеміне сапар шегіп, өмірге оң көзқараспен қарауына әсер ететінін айтты.

Елордада Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтті
turkystan.kz
3084

Астанадағы «Жастар» театрында белгілі ақын, жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері Есенгелді Сүйіновтің «Жайнай бер, туған елім!» атты шығармашылық кеші өтті. Есенгелді Сүйіновтің есімі халқымызға қаламы жүйрік журналист, ақын, жазушы ретінде кеңінен таныс. Жазушының елімізде болып жатқан түрлі оқиғаларды таразылап, пікір білдірген көсемсөз, эссе, сұхбат, мақала жанрларындағы пайымдау, толғамдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарық көреді. Өлеңдері  «Тың тынысы», «Мерейлі мекен» жинақтарына енген. Бұның сыртында шыққан бірқатар кітаптары жұртшылық ықыласына ие болды.

 «Сарыарқа» ансамблі Құрманғазының «Адай», Ержан Тоқсанбаевтың «Тұғырлы ел»  күйлерін салтанатты жағдайда орындап, кештің шымылдығын ашты. Қалалық Тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Исабек Досжан  кеш иесін құттықтап, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің  Алғыс хатын тапсырып, қазақтың дәстүрі бойынша иығына шапан жапты. «Бүгінгі кездесуді өткізудің мақсаты-еліміздің мәдени-әдеби өміріне елеулі еңбек сіңірген, соның ішінде елорданың рухани дамуына белсене атсалысып, сүбелі үлесін қосқан Есенгелді Сүйіновтің есімін дәріптеп, құрмет көрсету, сөз зергері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері ретінде танылған бетке ұстар азаматтың шығармашылығын халық арасында кеңірек насихаттап, жан-жақты таныстыру. Қарымды қаламгер оқырмандарын алдағы уақытта да тәрбиелік мәні зор тартымды шығармаларымен қуанта береді деп ойлаймын», - деді Исабек Досжан.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ораз Қауғабай Есенгелді Сүйіновтің шығармашылығына қатысты жылы лебізін білдірді. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Өріс Яшүкірқызы «Мен Есенгелдіні жас кезінен білемін. Сол кезден бастап балауса өлеңдер жазған алғыр жігіт қолынан қаламын әлі тастаған жоқ. Оның жалынды жырлары жұртымызды мейірімділікке, инабаттылықққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, Отанымызды сүюге тәрбиелейді», - деп атап көрсетті.

Есенгелді Сүйіновтің өлеңдерін зер салып оқып жүремін. Ақынның туған жер, оның әсем табиғаты жайлы, танымал қайраткерлерге арнаған сыршыл өлеңдері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Оның шығармашылығынан үнемі ізденіс, көркемдік жағынан өсу, тіл байлығы байқалады, - деді "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының, ұлттық «Айбоз» сыйлығының лауреаты, драматург Айгүл Кемелбаева.

Көкшетау қаласынан  келген облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын оқып, Оқжетпестің, Бурабайдың жазғы келбеті бейнеленген картинаны сыйласа, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, әнші Кенжебай Мұқышев домбырамен ән шырқап, тыңдаушылардың қошаметіне бөленді.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтауын оқып, ақынға денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.

Астанадағы Есіл, Нұра аудандары әкімдерінің, "AMANAT" партиясы Астана қалалық филиалының Алғыс хаттарына қоса Есенгелді Сүйіновке гүл шоқтары сыйға тартылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтау хатын осы облысқа қарасты Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Жүсіпов оқып, зерлі шапанын ақынның иығына жапты. Хатта былай делінген: «Құрметті Есенгелді Сүйінұлы! Сіз азамат, ақын, жазушы, журналист ретінде еліміздің руханиятына еңбек сіңіріп келесіз. Сіздің «Күңгіртау құпиясы», «Менің елім, менің жерім», «Мақпалды күндер», «Арайлы таң», «Тербеген теңіз әлдиі» жинақтарыңызды  оқырмандар жылы қабылдады. Олардың әр бетінен елімізге деген сүйіспеншілік, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбилеу сарыны есіп тұрады».

«Жайнай бер, туған елім!» шығармашылық кешінде Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және сатира театрының әртістері Есенгелді Сүйіновтің Отан, туған ел, табиғаттың әсем көріністері, мөлдір махаббат, сүйіспеншілік, сондай-ақ тарихи тұлғалар тақырыбына арналған албырт сезімге, тегеуірінді жігерге толы әсерлі өлеңдерін  жатқа оқыды. Ақын өлеңдерінің сөздеріне жазылған «Өзіңді күтіп жүрмін», «Сағындым ғой мен сені» әсем әндерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы, халықаралық конкурстардың лауреаты Дос секілді танымал әншілер орындады. Ақын Марфуға Бектемірова өлеңдерінің сөздеріне жазылған «Ақ қайыңға» әнін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева, «Аққуым менің қайдасың?» әнін талантты композитор, әнші Медет Салықов шырқап, жұртшылықты өнерлерімен тәнті етті.

Қорытынды сөз кеш иесіне берілді. Ақын Есенгелді Сүйінов жаңа өлеңдерін оқып, мұндай кештің халықтың поэзия әлеміне сапар шегіп, одан ләззат алуына, өмірге оң көзқараспен қарауына әсер ететінін айтты, алдағы шығармашылық жоспарларын ортаға салды.

Серіктес жаңалықтары