Президент Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті

Мемлекет басшысы қазақ-қытай ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын айтты.

Президент Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті
akorda.kz
587

Қасым-Жомарт Тоқаев Боаоға жұмыс сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу өткізді, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Президент жиынға шақырғаны және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының басшылығы мен Боао Азия форумының Хатшылығына алғыс айтты.

«Боао форумына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайықты шара деп санаймын. Сондықтан мен арнайы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қабылдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз. Си Цзиньпин мырзаның елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Си Цзиньпин мырзамен Бейжіңдегі кездесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және әртараптандыруға бағытталған күш-жігеріміз өз жемісін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-қытай ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын айтты.

«Жалпы, Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналады. Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз. Бүгін форумда сөйлеген сөзімде екі елдің ынтымақтастығына, сауда-саттықты өркендетуге, Қазақстан экономикасында Қытай инвестициясының артып келе жатқанына байланысты нақты мысалдар келтірдім. Әрине, мұның бәрі айрықша мәнге ие. Осы орайлы сәтті пайдаланып, Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы ретінде Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруымды тағы бір мәрте растағым келеді», – деді Президент.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Құрметті Президент Тоқаев мырза, Сізбен кезекті рет кездескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, Сізге Төраға Си Цзиньпиннің шынайы сәлемі мен ізгі лебізін жеткізгім келеді. Қытайда жыл сайын өтетін Боао Азия форумына қош келдіңіз! Сіздің осы жиынға қатысуыңыз қытай-қазақ байланыстарын дамытуға ерекше мән беретініңізді және форум жұмысына зор қолдау көрсететініңізді білдіреді. Жуырда еліңіз көктемнің дәстүрлі мейрамы – Наурызды тойлады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Сізді және достас Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтаймын. Былтыр Төраға Си Цзиньпинмен Сианьда және Бейжіңде екі рет кездестіңіз. Екіжақты қарым-қатынасты дамыту жөніндегі жаңа әрі ауқымды жоспар айқындалды. Қытай тарапы мемлекеттер басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды іске асыру, саяси сенімді нығайту және стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жолындағы өзара ынтымақтастықты тереңдету үшін қазақстандық әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», – деді Чжао Лэцзи.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары жан-жақты талқыланды, сондай-ақ көлік, өнеркәсіп, туризм және басқа да салалардағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысы қарастырылды.

 

Серіктес жаңалықтары