Димаш Құдайберген қазақ тіліне қатысты қуанышты жаңалықты бөлісті

Әнші ағылшын тілінің белсенді қолданушысы ретінде сөздікпен танысуға, оны күнделікті пайдалануға шақырды.

Димаш Құдайберген қазақ тіліне қатысты қуанышты жаңалықты бөлісті
vesti.kz
795

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тұңғыш рет Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығарды, деп хабарлады turkystan.kz.

Қуанышты жаңалықты әнші Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында бөлісті.

«Ана тіліміздің жанашыры әрі қазақ азаматы ретінде сіздерге айтар тамаша жаңалығым бар! Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы тұңғыш рет Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығарды. Бұл – 60 мыңнан аса сөз қамтылған, жалпы 1 300 беттен тұратын үлкен еңбек. Сөздікті жасауда дүниежүзіне танымал Oxford сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынған. Әлемдегі аса беделді Oxford University Press баспасының қолдауы және ресми қатысуымен басылған. Сөздік құрастыру 4 жыл жүріп, оған Қазақстандағы кәсіби лингвистер мен ғалымдар, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы 50-ден аса маман қатысты», - деп жазды Димаш Құдайберген.

Әнші ағылшын тілінің белсенді қолданушысы ретінде сөздікпен танысуға, оны күнделікті пайдалануға шақырды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасына сәттілік тілеймін! Тіліміздің мәртебесі мен қолдану аясын кеңейтетін осындай аса маңызды, нақты жобаларға қолдау білдірейік!», - деп жазды Димаш.

Серіктес жаңалықтары