Армия айбыны

Қазақ «Жер намысы – ел намысы, ел намысы – ер намысы» деген. Ел бар жерде, елдің намысын жоқтай­тын ердің болмағы заңдылық. Бұл – сонау ықылым за­ма­ндарда мойындалған шындық.

Армия айбыны
сурет: egemen.kz
1007

Тәуелсіздік таңы атып, қазақ­тың екі тізгін, бір шылбыры өз қо­лы­на тиіп, төл армиямыз жасақ­тал­ды. Ұлттық әскеріміз шын мәнінде Ор­талық Азиядағы ең ұтқыр, қуат­ты күшке айналды. Қарулы Күш­тер­ге қазынадан бөлінетін қаражат та есе­лене түсті. Әскери құрал-жаб­дық­­­­т­ардың сапасы артып, жаңа тех­­­нологияның тілін түсінетін к­ә­сіби мамандардың тұтас бір шо­­ғы­ры өсіп шықты. Айта кету керек, Отан қорғаудың құны қанды қыр­ғын соғыспен, шабуыл-шайқас­тар­мен ғана өлшенбейді. Қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған бейбіт ке­зең­де де бұл борышты абыроймен ат­қаруға болады. 

Қарулы Күштер заман талабына сай мемлекеттің егемендігі мен ау­мақ­тық тұтастығын, халқының ұлт­тық мүддесін қорғауға әрқашан дайын болуға тиіс. Қазір еліміздің қор­ғаныс саласы озық қарумен, бас­­­­­­­қару жүйесімен жабдықталған тех­нологиялық мобильді армия құру­ды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қорғаныс өнеркәсібін дамыту, әс­кери білім мен ғылымды жетіл­діру, әскери қызмет беделін арттыру, жастарға әскери патриоттық тәр­бие беру міндеті де назардан тыс қал­маған. 
2021-2025 жылдарға арналған Ұлт­тық қауіпсіздік стратегиясында көз­делген шараларды іске асыру үшін Арнайы операциялар күш­те­рі­нің қолбасшылығы құрылды. Де­санттық-шабуылдау әскерлері Құр­лық әскерлерінің құрамынан шы­ғарылды және оларды Жоғарғы Бас қолбасшының резерві ретінде дер­бес әскер болып қайта құрылды. Қа­зақстанда әскери қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін қажетті стра­те­­­гиялық және бағдарламалық құ­жат­тар әзірленді. Олардың қа­та­рын­да 2021-2025 жылдарға арнал­ған Ұлттық қауіпсіздік страте­гия­сы­ның «Елдің қорғаныс қабілетін ны­ғайту» бөлімі, жаңа Ел қорғанысы жос­пары құжаттарының жиын­ты­ғы, жаңа 2030 жылға дейін Қарулы Күш­тердің, басқа да әскерлер мен әс­кери құрылымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасы бар. Тұ­жырымдаманы іске асыру тетік­те­рі­­нің бірі – Президент бекіткен «Қауіп­­­сіз ел» ұлттық жобасы. Жо­ба­ның негізгі мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қам­та­масыз ету. 
Бүгінде заманауи қоймалар мен әс­кери қоймаларды салуды, сондай-ақ техникалық қауіпсіздік құралда­ры­мен және автоматты өрт сөндіру жүйелерімен жұмыс істеп тұрған қой­малардың жұмысын жетілдіре­тін ұлттық жоба сәтті іске асыры­лып келеді. Сонымен қатар қару-жа­­­­рақтың отандық үлгілерін әзір­леу, оқ-дәрі қоймаларын салу және резервтегі қызметті енгізу көзделіп отыр. Қарулы Күштердің құрылы­мын жетілдіруге бағыттал­ған жоба ны­сандардың қауіпсіздігіне қатыс­ты белгіленген талаптар мен ереже­лер­ді мүлтіксіз орындауға негіз­де­ле­ді. Аталмыш құжат шетелден қару-жарақ пен техника сатып алу­ға ғана емес, сондай-ақ инф­ра­құры­лымды жетілдіруге, әскерді цифрландыруға байланысты мін­дет­терді шешуге бағытталады. Оны іс­ке асыру мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттыруға және бейбіт уақыттың міндеттерін тиімді орын­дауға мүмкіндік береді. Мұның бар­лығы Қазақстанның болашағын жаңа қырынан айқындап, еркін де еңселі әрі қауіпсіз ел болуға нық қа­дам басуға ықпал етері сөзсіз. 
Қорғаныс министрлігі ұсынған мә­ліметтерге көз жүгіртсек, Қа­зақ­стан әскеріне 110-нан астам тех­ни­ка сатып алынған. Әуе күштеріне ар­нап көпфункционалды ұшақ­тар­дың төртінші буыны, сонымен бірге кө­лік-соғыс, соққы жасау тік ұшақ­тары, оқу-жаттықтыру және әскери кө­лік ұшақтары алынған. Енді жүк кө­тергіштігі А400М деңгейіндегі әс­кери көлік ұшақтарын алу жос­пар­­ланып отыр. Сондай-ақ әуепаркі С295М әуекөлігімен толықты­ры­ла­ды. Сатып алынған ірі техниканың бірі – «БУК-М2Э» көпфункционалды зе­­­ниттік ракеталы кешені. Бір айта ке­терлігі – аталған техникалардың бар­лығы шетелден сатып алын­ба­ған. Ішінде отандық өндірушілердің де техникалары бар. Сонымен қатар бұл құралдарды қазақстандық ма­ман­дар басқарып, техникалық қыз­мет көрсетеді. 
Бүгінде «Қауіпсіз ел» жобасы ая­­­сында Қазақстанның Ресеймен ше­карасында 20 застава бой кө­теру­де. Жалпы, барлығы 50 застава салу жоспарланып отыр. Қазір зас­тава­лар солтүстік бағытта салынып жа­тыр, ал оңтүстік бағытта үш мо­­­дульдік застава құрылысы жүріп жа­тыр. Осы ретте Қазақстан мен Ре­сей арасында ұзындығы 7 591 ша­қырым болатын заңды шекара сы­зығы тартылғанын айта кет­ке­ні­міз жөн. Сонымен қатар таяу жыл­да­ры Қазақстан-Ресей шекара­сын­да­ғы өткізу қосындары қайта құ­ры­ла­ды, соның арқасында олардың өт­кізгіштігі 2 есеге артпақ. 
Ұлттық шекара – ұлттық қауіп­сіз­діктің күретамыры іспетті. Қазақ «Ауылыңның қасында төбе болса, ерт­теп қойған атпен тең» деген. Тө­­беге шығып қарауыл қарап, алыс­тан қара көрінсе, аттан салып атқа қонатын жаугершілік заман бүгінде жоқ. Қазақ жерін шет-шетінен қор­шап тұрған бүгінгінің шекара зас­та­валары осындай қарауыл төбе­лер­дің қызметін атқарып тұр. Ше­кара қызметінің Қазақстан үшін ст­ратегиялық маңызы зор. Халық­ара­лық терроризм, заңсыз қару-жа­рақ пен есірткі тасымалы әлем ел­дерін алаңдатып отыр. Іргесі бүтін, бо­сағасы берік мемлекет қана осын­дай қауіптен аман қалмақ. 
Бүгінде шекара шебіне сұранған жет­кіншектердің де қарасы мо­лайып келеді. Отан тыныштығын кірпік қақпай күзетудің міндеті қиын, мәртебесі биік. Ұстараның жү­зіндей ауытқып тұрған аумалы-төкпелі заманда етек-жеңді жинап отыр­маса болмайды. Сондықтан ше­кара шебіне қазақтың ең қырағы, ең адал, қарағай мүйіз қайсар жігіт­терінің жұрты­мыз­дың жел жағына ық, жау жағына қалқан болғаны маңыз­ды. 
Әрине, Қазақстанның барлық көр­шілерімен тату қарым-қаты­на­сы да, өзге елдермен арадағы әріп­тес­тігі де ынтымақты деңгейде. Алай­да бұл – қамсыз отыра беруге бо­ла­ды деген сөз емес. Оның үстіне бүгінгі таңдағы әлемдік күрделі гео­саяси жағдайында біздің әскери күштер кез келген жайтқа дайын бо­лып, еліміздің қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алуға тиіс. Дайын­ды­ғы сақадай сай әскердің қор­ғануы да сенімді болмақ. Біз жоға­ры­да атаған ұлттық жоба аясын­да­ғы атқарылған істерді бағамдасақ, әскери күшіміздің деңгейі егемен­дігі­міз бен аумақтық бүтіндігімізді қор­ғауға қабілетті екеніне көзіміз же­те түседі. 

Серіктес жаңалықтары