“Төрлет, Наурыз, төріме!”

Наурызнама онкүндігінің аясында Түркістан қаласындағы «конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты республикалық командалық айтыс өтті

“Төрлет, Наурыз, төріме!”
turkystan.kz
617

Наурызнама онкүндігінің аясында Түркістан қаласындағы «Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты республикалық командалық айтыс өтіп, Түркістан мен Жамбыл облыстары бақ сынады. «AMANAT»
партиясының бастамасы, Түркістан облысының қолдауымен өткен сайыста төрт ұпай айырмашылығымен Түркістан облысының командасы келесі кезеңге өтті.

Айта кету керек, ұлттық болмысымыздың негізін айқындайтын бес өнердің басын қосқан (айтыс, ән, күй, жыр, терме) мегажоба – «AMANAT» партиясына тиесілі. Оған еліміздің барлық өңірінен 20 команда қатысып, келесі кезеңге 10 команда өтеді. Одан 4 команда іріктеледі. Үшінші кезеңнен қара үзіп шыққан 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін шешуші айқаста жеңімпазды анықтайды. Мегажоба наурыз айының басында Қызылорда қаласында бастау алды. Онда Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының өнерпаздары бақ сынасып, Сыр бойының командасы келесі кезеңге өткен болатын. Сол кезде келесі айтыстың Түркістан қаласында өтетіні белгілі болған.
Белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай түгел түркінің төрі Түркістан шаһарының тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтап, Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы мерекенің ерекше аталып өтіп жатқанын айтты. Командалық айтыс бастауын сонау 1940-жылдардан бастау алатынын, сексенінші жылдарда да облыстар бір-бірімен команда болып айтысқанын тілге тиек етті.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген Түркістан облысының әкімі дархан Сатыбалды жиылған жұртшылықты мейраммен құттықтады. дархан Амангелдіұлының партия ұсынысын дереу қолдап, айтыс міндетті түрде еліміздің рухани астанасында өтуі керек деп ерекше ықылас танытқанын айта кеткен абзал. Ол өз сөзінде Әз Наурыздың Түркістаннан басталатынын айта келіп, екі облыстың өнерпаздарына сәттілік тіледі.
Мегажобаның форматы бөлек. Екі облыс командасының жетекшісі бар. Мысалы, Түркістан облысын «айтыстың арыстаны» атанған Бекарыс Шойбеков бастап әкелсе, Жамбыл облысының командасын белгілі айтыскер Ахметжан Өзбеков баптапты. Екі команданы таныстыру мектеп жасындағы өрендерге жүктелді. «Әдетте, сүйіншіні бала сұрайды ғой. Біз де балаларға сенім арттық», - деді Аманжол Әлтай. Шахмардан Бекарысұлы мен Мансұр Еркебұланұлы өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. 
Айтыскерлер айтыстың төрт түрінен сынға түсті – сүре айтыс, қайым айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы. Әр айтыстың арасында күйші, жыршы, термеші және дәстүрлі әншілер бақ сынайды. Яғни, көрермен жалығып үлгермейді. Қазылар алқасы да жаппай дауыс бермей, өз саласы бойынша ғана жауап береді. Мысалы, аталған сайыста белгілі айтыскер, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова мен ақын, халықаралық Túrkistan газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы айтыскер ақындардың өнерін таразыға салса, жыршылар мен термешілер белгілі жыршы Алмас Алматовтың, күйшілер дәулескер күйші Секен Тұрысбектің, дәстүрлі әннің дүлділдері ән саңлағы Айгүл Қосанованың тезіне түсті.
Сүре айтыста Түркістанның тұлпары Нұрмахан Жақыпбек Жамбылдың жүйрігі дархан Әбдіманаттан мойын оздырса, қайым айтыста Аян Ниязбек пен Асхат Қылышбек бір-біріне дес берген жоқ. Түре айтыста Қажымұқан Абзалов пен Қанат Мырзахан да қатар келді. Көпшіліктің назарын ерекше аударған қыз бен жігіт айтысы болды. Тәжірибелі Дәурен Ақсақаловқа қарсы шыққан Жамбыл облысының бойжеткені Алина Айдаралы - мектеп оқушысы екен. Тағы бір назар аударарлығы, ұлты - балқар. Қазақ тілінде кестелі сөз төккен Алина болашақта жазба поэзиядан да жарқ етіп көрінуі мүмкін. Өлеңіндегі өрнек соны аңғартады. дәурЖеннің тәжірибесі басым болды. Жыр айтып, көпшіліктің арқасын қоздырған Аязбек Рүстемов пен Бекарыс Қошбаев, күй тартып, Секен Тұрысбектің өзін елең еткізген Жандос Құлымбетов пен дидар Басықараев, дәстүрлі ән шырқап, жүректерді тербеген Мағжан Әлденбаев пен Мерей Әбуова, термелетіп көңіл көтерген Руслан Ақынбеков пен Маралбек Бабақұлдың өнерлері көптің көңілінен шықты.

... Сонымен Түркістан облысының командасы келесі кезеңге өтті. Жеңімпаз команданың киіп шыққан шапанында Ясауи кесенесінің өрнектері бар екен. Болашақта бұл – команданың ғана емес, Түркістан шаһарының брендіне айналады-ау...

Ал келесі командалық айтыс Ұлытау облысында өтеді.

Серіктес жаңалықтары