Қазақ, орыс, украин: 16 баланы асырап алған Мұрат пен Орынбасар

Қамқоршысыз қалған жеткіншектерді бауырына басқан Мұрат пен оның жұбайы Орынбасар оларға бар білгенін үйретіп, өнерге де, еңбекке де баулып жүр.

Қазақ, орыс, украин: 16 баланы асырап алған Мұрат пен Орынбасар
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
3313

Ата-анасынан ажырап қалған баланың бәрі қараусыз қалмайды. Бұл күнде жан жылуына зәру, ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршіндерді қолына алып, өз баласындай көріп, алақанына салып өсіріп жатқан жандар жетерлік. Сондай жанашыр жанның бірі – Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Кенесары ауылында тұратын Мұрат Қабылбаев.

Мұрат – 13 баланың әкесі. Соның iшiнде 12-сін балалар үйінен асырап алған. Қамқоршысыз қалған жеткіншектерді бауырына басқан Мұрат пен оның жұбайы Орынбасар оларға бар білгенін үйретіп, өнерге де, еңбекке де баулып жүр.

Жеті бала асырап алуға – маңдайында 7 саны бар бұзаудың туылуы себеп

Мұрат пен Орынбасар 9 жыл бойы сәби сүйе алмаған. Сосын Ибрахим атты ұлдары дүниеге келеді. Кейін жұбайы екеуі Ақкөл қаласындағы балалар үйінен 7 баланы асырап алуды құп көрген. Мұншама көп баланы бірден асырап алуға маңдайында жеті саны бар бұзаудың туылуы себеп болыпты.

«Алғашында біз үлкен отбасы боламыз деген мақсат қоймадық. Көпбалалы отбасы болуға тіптен қарсы болғанмын. Алайда үйленген жылы әйелім екеуміз «өзіміздің неше баламыз болса да,  балалар үйінен бір-екі бүлдірішін тәрбиелеп аламыз» деп ниеттенген едік. Бірақ 10 жылға жуық баламыз болмады. Кейін Алланың қалауымен 2011 жылы ұлым өмірге келді. Бір жылдан кейін қорамызда әуелі «Алла» деген арабша жазуы бар қозы, содан кейін маңдайында мұсылмандардың қасиетті «7» саны бар бұзау туылды. Бұл Құдайдың бір құдіреті секілді көрінген соң, жеті бірдей баланы асырап алатын болып келістік.

Сөйтіп отбасымызға алғашқы болып Адель, Тамерлан, Төлеген және Болат келді. Жарты жылдан кейін Коля, Оксана және Машаны алып келдім», – дейді көпбалалы әке.

Ал 2017 жылы Мұраттың әріптесі одан егіз балаларға патронат отбасын табуды сұрайды. Қабылбаевтар екі жарымжан балаға асырап алушыларды іздемегенше, дұрысы, өз қамқорлығына алуды жөн көрген. Сөйтіп, олардың қатарына 12 жастағы Мағжан мен Бағжан есімді егіз қосылды.

«Егіздермен тіл табысу оңай болмады. Жанұямызға келгенге дейін басқа балалар интернат мекемелерінде ұзақ тәрбиеленген жоқ еді. Ал Мағжан мен Бағжан болса 9 жыл тұрған. Екеуінің жағымсыз қылықтары көп болды. Сол кезде мен 12 жасқа дейін балалар үйінде ұзақ уақыт болуы баланың психикалық және эмоционалды жағдайына қатты әсер ететінін түсіндім. Бірақ біз бүкіл отбасымызбен бұл сынақтан өттік. Қазір екеуі мүлдем басқа, жақсы жаққа өзгерген», – дейді Мұрат.  

Соңғы 10 жыл ішінде ерлі-зайыпты Қабылбаевтар жалпы саны 17 балаға өз бауырына басқан, оның 16-сы – балалар үйінен. Олардың ең үлкені 19-24 жаста. Үлкен қызы – Адель өз алдына бөлек отбасы болып, Қарағанды облысына қоныс аударған. Одан кейінгілері университте, колледждерде білім алып жүр. Төрт бала өздерінің туған-туыстарына оралса керек. Бірақ олардың барлығы маңызды күндерде, түрлі мерекеде Мұрат пен Орынбасардың үйіне үнемі жиналып тұрады екен.

Көпшілік 8-15 жастағы жасөспірімдерді асырап алғысы келмейді

«Басында 2-5 жас арасындағы, әлі оң-солын білмейтін бүлдіршінді алғымыз келді. Оларды тәрбиелеу оңай болады деп санадық. Бірақ балалар үйіне барғанда ойымыз толық өзгерді. Ондай тәтті бөбекке бәрі қызығады, ал 8-15 жастағы жасөспірімдер назардан тыс қалады екен. Есейіп қалған жасөспірімді дұрыс жолға салу оңай емес. Ол сенің дегеніңе көне бермейді, өзіндік айтары, пікірі бар ересек. Біз тәуекелге бел будық. Одан бөлек, ағайындылардың біреуін ғана асырап алуға болмайды, сондықтан біраз баланы бауырынан ажыратпайық деп, бірге асырап алдық. Коляны балалар үйінде көргенде «Үйге алып кетем» деп уәде бергенмін. Сөйтсем оның бөбектер үйінде қарындасы бар екен. Ал соған бола оған берген уәдемді бұзбаймын ғой. Сөйтіп, оның қарындасын да асырап алдық. Сол кішкентай қыз қазір тақылдап, өзімізге ақыл айтады», – дейді Мұрат Қабылбаев.

Мұрат асырап алған балалардың ұлты – қазақ, орыс, украин, түрік және татар. Әрқайсысының ұлты өзге болғанымен, алған тәлім-тәрбиесі қазақша. Барлығы мемлекеттік тілді де, орысша тілді де жетік меңгерген. Мұрат баланың тегі жаман болуы мүмкін дегенге сенбейтінін және бала бағуда ұлтына мән бермейтінін баса айтты.

Қабылбаевтар отбасы қазір ауыл шетіндегі екі қабатты үйде тұрады.

«Жер үйде тұрғандықтан, жұмыс дегеннің шеті мен шегі жоқ. Көп нәрсеге үлгермей жатамыз. Жазда аула мен бақшаны тазартып, картоп пен көкөністер отырғызамыз, мал бағамыз.Тұтынатын азық-түлік жағынан қолымыздағы шаруашылығымыз құтқарады. Өзіміздің сүт, ет, қаймақ, май, жұмыртқамыз көп қаржымызды үнемдеуге мүмкіндік береді. Жазда бау-бақшамызда көкөністер өседі. Есептеп қарасақ, бес литрлік күнбағыс майы үш күнге ғана жетеді. Ұн айына үш қап кетеді және қанттан бір қап аламыз. Нанды мүлде сатып алмаймыз, қыздарым өздері пісіреді », – дейді Мұрат қыздарының үй шаруасына епті екенін айтып.

Маған басқаларға қарағанда көп көңіл бөлсе...

Мұрат әңгіме арасында бала тәрбиесінде қиындық жайлы бірер сөз айтты. 

«Бала деген манипулятор ғой. Басында көбі мінез көрсетіп, аяушылық туғызу үшін, «Маған басқаларға қарағанда көп көңіл бөлсе...» деген оймен көп өтірік айтады. Балағат сөзді үйреншікті нәрсе көреді. Біз отбасылық кеңесте адалдық, адамгершілік туралы көп айтамыз. Одан бөлек, үйде бір жағдай болса, кінәлі баламен оңаша сөйлесемін. Оның ерсі қылығын басқаларға білдірмеймін де. Ар-ұятын оятып, ісінің ағат болғанын түсінсе деймін. Тіпті, тентек мінезін түзете алмаған бір балам жылап-жылап, «Қанша тырыссам да, қолымнан келмей жатыр» деп өзімнен көмек сұрады. Жалпы, отбасылық кеңес көп көмегін тигізеді. Апта сайын жиналып, проблемаларды талқылаймыз, әркім өз ойын айтады. Мәселені көп болып бірге шешуге тырысамыз. Осылай-осылай тез-ақ түзеліп кетті. Бәріне шыдам мен сабыр керек. Әрине, басында қиналғанда баланы балалар үйіне қайтару туралы ойлар келетін. Бірақ бала деген аманат қой. Уақыт өте келе оларды ештеңеге айырбастамайтынымды түсіндім», – дейді кейіпкер балалар үйіндегі әр бала мейірімге зәру екенін айтып.

Мұрат 15 жыл имам болып қызмет атқарған. Қазір ол – «Ребенок должен жить в семье» қоғамдық қозалысының белсенді мүшесі. Оның сөзінше, үкіметтік емес ұйым 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда кәсіби патронаттық отбасын құру идеясын көтеріп келеді.

Айта кетерлігі, кейіпкеріміз жетім балаларға көмек көрсеткені үшін «Алтын жүрек» қайырымдылық сыйлығымен марапатталған. 11 балаға әке болғанда «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын алды. Ал 2015 жылы балалар мен ата-аналардың қарым-қатынасы туралы «Покажи мне небо» кітабын жарыққа шығарған.

 

Серіктес жаңалықтары