Ғабит МҮСРЕПОВ. Ұрпағыма айтар сөз

Ғабит МҮСРЕПОВ. Ұрпағыма айтар сөз

Ғабит МҮСРЕПОВ.  Ұрпағыма айтар сөз
ашық дереккөзі
1115

Ғабит МҮСРЕПОВ, жазушы, Социалистік Еңбек  Ері. 

Мен  бұл  кітап-альбомды  басылмай  тұрғанда  мұқият  қарап шықтым... Ұстаған  бағытымыз  түзу болғанымен, барды бағалай алмай, үзіп-жұлқып жүріп, қазақтың ардақты ұлы, қоғамдық ғылымдар  саласының бәрінде өшпес із қалдырған Шоқанның толық бейнесін әзірге бүкіл  бітім-болмысымен жарқыратып  жасай алмасақ керек. Шоқанның  ұлылығы соншама, біз оны енді  ғана толық түсіне бастағандаймыз.  Мынау  альбом соны айтады.

Шоқанның  өмір жолы  – елдің тағдыры, халықтың тағдыры. Шоқанның  ойы, еңбегі, арман-тілегі еліміздің тарихымен, оның  ішінде кешегі, бүгінгі, ертеңгі мәдени  өмірмен, өнер  өрімдерімен тікелей сабақтасып жатыр.  Мысалы, Орта Азия  халықтары  бағы заманда  іргелі де аумақты цивилизацияны тудырған  елдердің бірі болғандығын алғаш таныған, әрі  ғылыми  тұрғыдан  таратып  жазған  Шоқан  Уәлиханов1.

Әрі  ол бүкіл  саналы  ғұмырында  елдің елдік дәрежесін көтеруді арман етіп, оны шын мәнінде азат, мәдениеті жоғары елдермен  терезесі теңелуін аңсап өтті.  Ел  тағдыры  үшін ой тербеп, іспен көрінді. Тарихы  тамырлас, тағдыры  сабақтас Қазақстан мен Орта Азия халықтарының  тарихын бөліп-жармай, тұтас қарастырды. Ежелгі  мәдениеттің  жосығын көне  дәуірлерден  көрсе, сол елдердің болашағы Россияға   қосылу арқылы  түбегейлі шешілерін кесіп айтты. Бір ғажабы – орташа ғана білім алған, жасы 25-ке  жетпеген жас  Шоқанды орыс ғалымдары бірден танып, өз қатарларына алулары тектен-тек емес-ті. Шынына келсек, Шоқан 20-21 жастарында  ақ белді-беделді ғалым ғой!

Тарихшы Шоқан  көне  өнердің  сүрлеу соқпақтарын  терең  ойдың  таразысынан  өткізіп, жасығынан  асылын бөліп,  толғана,  тебірене зерттеді. Бұрын  бір айтқанымдай, Шоқан  аңызғақ желден  көлеңке, үскірік желден ықтасын іздемей, өмірдің  аптапты өтінде  қысқа болса да, ойлы, өнегелі өмір кешіп өтті. Өткеніміздің бедері, бүгінгіміздің беделі  Шоқан есіміне  қатысты қарастырылатындығы  сондықтан.

Әдеби тілі бай, «ақын жанды» (Ядринцев) Шоқан бейнелеу өнерінде де үлкен суреткер.  Шоқанның зергерлігі сол кезеңде орыс  әдебиетін   жаңа  белге шығарған  Пушкин, Гоголь, Лермонтов суреткерлігімен тең.  Шоқан суреттері  өз тұсындағы ел  тағдырының  бір шындығы. Ол суреттемелерінде  табиғаттың тыныс-тіршілігін, көркем  бейненің жан дүниесін, дәуірдің  кесек тұлғасын алдыңа жайып салады.  Яки, үлкен  ұғымдағы сурет  өнерінің  қырқаларынан  көрінетін қылқалам шебері.

Жасыратыны жоқ Ұлы Октябрь революциясына дейін бізде адам  бейнесін  суретке  түсірген бір-ақ  қазақ болды.  Оның  аты – Шоқан.  Адам бейнесін сомдап суреттеуге келгенде күні бүгінге  дейін  Шоқан  картиналарына  теңдесетін  дүние әлі жоқ қой.

Ертеден белгілі бір қырғыз, бір сұлтан  портреттеріне  Шоқанның өзін-өзі суреті мен сұлулық сымбаты дерлік  акварельдерін қоссақ, ұлы ғалыммен бірге болашақ ірі суретшіден де ерте айрылған  екенбіз. Кітап-альбом  соны айтады.

«Шоқан және өнер» атты кітап-альбомның қажеттілігі  – дәйекті деректер  арқылы Шоқан өмірін  оның  творчествосымен қабат қарастырып, осы сауалдарға  жауап  іздеуінде  деп білемін.

Бірішіден, Шоқанның тікелей өзі мен Шоқан салған  суреттер, екіншіден, Шоқанға, Шоқан кезеңіне қатысты архивтік деректер  мен иллюстрациялық материалдар, үшіншіден, Шоқан туған, өскен, тәлім-тағлым алған, қызмет атқарған,  зерттеген объектілер  мен өңір-өлкенің   тарихи-мәдени ескерткіштері  көрнекті өрнектеледі.  Өнерге қатысты Шоқан  өмірі мен тарихи-этнографиялық фотошежіре,  талдау, түсініктеме, сілтеме бірімен-бірі  тұспа-тұс, көзбе-көз, қолма-қол көрсетіледі. Осылайша, өнер тарихшысы, өнер   зерттеушісі Шоқанның өмір  жолы  қазақ халқының мәдениетімен етене  жақын баяндалады. Мұнымен қатар Шоқанның өнермен тел өрбіген  алапат ой-пікірі, сұлулық сыны төңірегіндегі түсінік-талғамы, арман-тілегі, асқақ идеалы недәуір  толық берілген.

Шоқанның  таланты телегей-теңіз, оның ғалымдық өрістері ұлан-байтақ  биіктерге серпіліп жатады. Осы кітапта  Шоқан көркем-өнер жағынан тағы да бір жаңа қырынан  толық көрінеді.  Біздің  ғалымдарымыз  осы   Шоқанша әр қырынан табыла  берсе  деп үміт  етсек,  онымыз орынсыз болмас деймін.

Тағы да  қайталап айтамын, бүгінге  дейінгі  біліп-бітіргенімізбен Шоқанның  бар тіршілігі сарқылмақ емес.  Альбом-кітап осыны  айтады.

Академик-жазушы Ғ.Мүсірепов 1960 жылдардың  басынан және  онан кейін де  Шоқанның  өнерге  қатыстылығы  жайлы баспасөз бетінде бірнеше  дүркін пікір айтты.

Мысалы,  «Өнер  туыстығы», мақаласы Кіт.: Мүсірепов Ғ.  Суреткер парызы. А., 1975, 423-бет. 1985 жыл.

Серіктес жаңалықтары