Айына 400 мың табатын 14 жастағы стартапшы: Google-да жұмыс істеуді армандаймын

Сабақтан тыс уақытында Әмір Сятов ойын серверлерін әзірлейді.

Айына 400 мың табатын 14 жастағы стартапшы: Google-да жұмыс істеуді армандаймын
3253

Әмір Сятов – стартапшы және Jaiq Hub резиденті. Небәрі 14 жасында ел бойынша орташа жалақыдан жоғары табысқа қол жеткізген жеткіншек. Әмір – Орал қаласының тумасы, қарапайым отбасынан шыққан бала. Анасы – тігінші, ал әкесі нотариус қызметін атқарады. Әмір дарынды балаларға арналған №35 лицейде оқиды. Сабақтан тыс уақытында ойын серверлерін әзірлейді. Ол Turkystan.kz тілшісіне берген сұхбатында ақпараттық технология саласына қалай келгені, бағдарлама жасақтауды кімнен және қалай үйренгені туралы айтып берді.

«10 жасымда кездейсоқ «Социальные сети» фильмін көрдім. Марк Цукербергтің оқиғасы мені таңғалдырды. Ол адамдар арасындағы онлайн қарым-қатынастың жаңа дәуірін жалғыз өзі бастады. Осыдан кейін мен бағдарлама жасақтау, атап айтқанда веб әзірлеуді үйренемін шештім», – дейді жас бағдарламашы.

Оның айтуынша, ол ең алдымен YouTube-тен HTML және CSS сабақтарын көре бастаған. Кейін Орал қаласындағы бағдарлама жасақтау мектебіне жазылған.

«Онда Оралбек Сапар деген оқытушымен таныстым. Ол менің тәлімгерім болды және Python негіздерін үйретті. Сонымен қатар Jaiq Hub-тағы бағдарламалау курсына қатыстым. Шындығын айтсам, егер менің ағам болмаса, мұның бәрі болмас еді. Бастапқыда ата-анам мұның бәрі не үшін қажет екенін түсінбегені бар. Алайда ағам оларға мұның даму үшін маңызды екенін және болашақта маған жоғары жалақы алатын маман болуға мүмкіндік беретінін түсіндірді. Нәтижесінде, анам мен әкем маған жақсы ноутбук сатып алып берді. Осылайша алғашқы жобаларды әзірлеумен айналыса алдым. Бұл әртүрлі ойындарға арналған серверлер (мысалы, CS: GO және Minecraft) және әлеуметтік медиа чатботтары», ­– дейді Әмір.

Кейін ол өзінің ApexNodes хостингін іске қосқан. Айтуынша, бастапқы капиталды өзі жинаған ақшадан алған.

«Үш адамнан тұратын команданы жинадым. Содан кейін олармен ТМД елдерінде ойын серверлерін сатумен және техникалық қолдаумен айналыстық. Алғашқы тапсырыс түскен кезде қалай қуанғанымыз әлі есімде. Ол бізге шамамен 45 мың теңге табыс әкелді. Кейінірек, Jaiq Hub аймақтық технопаркі жігіттерінің қолдауының арқасында жобаны кеңейтуге мүмкіндік туды», – дейді ол.

Көп ұзамай жасөспірім жалдамалы жұмыста істеп көруге бел буған.

«Ол кезде жасым 13-те болды. Millida-дағы бос орынға көзім түсті. Олар ойын ішіндегі элементтердің техникалық әкімшісі мен жасақтаушысын іздеді. Мені Discord арқылы өткен сұхбатқа шақырды. Негізінен рекрутер тәжірибеге баса мән берген әрі жобаға үнемі қызығушылық танытатын адамды іздепті. ApexNodes арқасында менің оларға көрсетер дүнием көп болды. Сондай-ақ өзім жұмыс істеген басқа жобалар туралы айтатын GitHub профилін белсенді жүргіздім. Осылайша осы әрекеттерім әлгі жұмыс орнын алуға зор септігін тигізді», – дейді Әмір.

Әмірдің жұмысқа тұруында жас мөлшері әсер етпесе керек.

«Сұхбат барысында жас туралы әңгіме болған жоқ. Шамасы, жақсы студиялық микрофонның арқасында болар. Тек бір айдан кейін, жалақы алу үшін өзімнің деректемелерімді жіберген кезде, компания менің жасымды білді. Бірақ ешқандай кері реакция болған жоқ. Компания менеджменті мен секілді оқушының университетті бітірген басқа мамандардан еш кем түспейтініне қатты таңғалды», – дейді Әмір.

Әмір Сятов биыл қаңтарда өзі жұмыс істеген компаниядан кетіп, қазір фрилансер болып жұмыс істейді.

«Компанияда жақсы тәжірибе жинадым, жұмыс істеген уақытта 13 мың жол код жаздым. Алайда мен тың нәрсе істеп, жаңа тәжірибе жинағым келді. Бос уақытымда веб-сервистермен жұмыс істеуге қатысты тапсырыстар аламын. Жалпы алғанда, ең көп тапқан табысым 1000 доллар (шамамен 446 мың теңге), ал орташа есеппен бір айда кем дегенде 500-600 доллар табамын», – дейді ол.

Ол тапқан табысының көп бөлігін ойын-сауық пен жұмыс кеңістігін жақсартуға жұмсайтын көрінеді.

«Мысалы, өткенде шамамен 60 мың теңге тұратын кресло сатып алдым. Енді алдағы уақытта қуаты жоғары компьютер мен мониторды сатып алу үшін ақша жинап жүрмін», – дейді Ә.Сятов.

Ол сөз арасында алға қойған мақсаты және алдағы жоспарын айта кетті.

«Өз біліктілігімді одан әрі арттыруды жоспарлап жүрмін. Мектепті бітіргеннен кейін мен мансабымды ілгерілетудің екі жолын көріп тұрмын. Біріншісі –  Еуропадағы немесе АҚШ-тағы университетке түсу. Екіншісі – білім жинақтап, Қазақстандағы ірі компанияда тәжірибеден өту. Негізі, ұзақ мерзімді перспективаға тоқталсам, Google, Яндекс немесе Microsoft сияқты халықаралық корпорацияда жұмыс істеуді армандаймын», – дейді оқушы.

Әмірдің ата-анасы оның жеткен жетістігі және өзін қаржылай қамтамасыз етіп жүргенін елге айтып мақтанатын көрінеді.

«Ал достарым мені бір данышпан көреді. Дегенмен, мен ауыз толтырып айтатындай мақтанышты көріп тұрғаным жоқ. Алдына мақсат қойып, тынбай еңбек еткен кез келген адам жетістікке жетеді деген ойдамын.  Ең бастысы – бір істі бастағанда қорықпау және өз-өзіңе сенімді болсаң болғаны», – дейді ол сөз соңында.

 

Серіктес жаңалықтары