Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу
Біздегі кітап шығару ісі ақырындап қарқын ала бастағанымен, қоғамның сұранысына толық жауап беруге қауқарлы деуге келмей тұр. Соның ішінде, шалғай елдімекендерге жаңадан шығып жатқан кітаптардың жетуі де үлкен мәселе болып отыр. Ал баспаның өз мәселесі де шаш етектен. Не десек те, осы айтылған мәселелерді шешетін үлкен бір қадам немесе бастама қажет-ақ.
Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар, олардағы кітаптар мен құжаттардың жалпы қоры 328 млн-нан асады екен.
Бір айта кетерлігі, бұл кітапханалардың 79 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. 3 кітапхана республикалық мәртебеге ие.
Қай уақытта болмасын, өркениет кіндігі, мәдениет бастауы саналатын елдер, қалалар бай кітапханасымен, еш жерде жоқ көл-көсір кітап қорымен ерекшеленгені белгілі. Кімде бай кітапхана болса, сол елде білім де, ғылым да, өнер де, мәдениет те, әдебиет те өркен жайған. Бір өкініштісі, бізде мұндай бірнеше ғасырлық тарихы бар кітапхана жоқ. Әупірімдеп олқылықтың орнын толтыруға кіріскенімізбен, кітапхана саласын әлі де болса жолға қоя алмай келеміз. Кітап оқу мәдениетінен де алшақтап бара жатқанымыз қынжылтады.
Бұл мәселе осы уақытқа дейін де бірнеше рет биік мінберлерде көтерілді. Өткенде Президент те Атырауда жиылған құрылтайда кітапхана ісін дамыту керек екеніне ерекше тоқталып, өз ұсынысын айтқан еді.
Биылғы құрылтайда Мемлекет басшысы еліміздегі кітапхана санын көбейту мәселесіне тоқталып, тұралап тұрған саланы тік тұрғызудың маңызы туралы айтты.
– Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент кітап оқырманға қолжетімді болуы керек екеніне де тоқталды. Сондай-ақ жақында Астанада және Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бой көтеретіні туралы ақжолтай хабарды жеткізді.
– Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.
– Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек.
Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кітап күні көптеген елде тойланады, одан бөлек 28 cәуірге белгіленген дүниежүзілік кітап күні де бар.
Жұмыс тым баяу жүріп жатыр
Кейінгі кезде кітапхана ісін дамыту, кітапханашыларға жағдай жасау сияқты мәселелер бойынша жиі бастама көтеріліп жүр. Өткен аптада Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Мәжіліс отырысында кітап оқитын елге айналу Президент айқындаған күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі екенін айтып, осы мақсатқа жету үшін бірнеше ұсынысын Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған болатын.
– Биыл Құрылтайда Президент мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетіп, кітап оқитын ел жобасына қайта тоқталды. Мемлекет басшысының осы мәселеге ерекше назар аударуының себебі – кітап оқу ұлттың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты екеніне байланысты. Бұл ретте, отандық авторлар мен баспагерлерді мемлекеттік қолдауда басымдықтың оқулықтар мен әдебиеттерді басып шығаруға тапсырыс берумен ғана шектеліп отырғаны алаңдатады. Бүгінде дүкендерде, кітап сөрелерінде ұлттық әдебиет пен кітаптар саны артқанымен, бұл жұмыс тым баяу жүргізілуде, – деген еді депутат.
Ең алдымен ол отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгерту керек екеніне тоқталды. Оның пікірінше, қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттік тапсырысты Президент айтқан нақты құндылықтар бойынша шығармалар әзірлеуге бағыттаған жөн. Сапасы жоғары, сұранысқа ие контент жасай алатын авторлармен ұзақмерзімді келісімшарттар қажет екенін де қосып өтті.
– Екіншіден, кітап индустриясы мен кітапқұмарлар қоғамының инфрақұрылымын қайта құру қажет, – деді ол. Бұл ретте, кітап индустриясының тиісті тізбектерін құрған жөн екенін назарға салды. Ересектерге арналған мұндай тізбек, депутаттың пайымынша, мынадай буыннан тұруға тиіс: оқырман – сыншы – маркетолог – баспа – кітап дүкендері мен дүңгіршектер – оқырман.
– Үшіншіден, қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-мәдени стандарттарын өзгертіп, оқырмандар мен тұрғындардың санына шаққандағы кітап дүкендері мен дүңгіршектердің қажетті көлемін анықтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, қалаларда кітап дүкендері мен газет дүңгіршектері ғайып болып кетті, – дейді депутат өз сауалында. Сондықтан ол баспа өнімдерін, газет-журналдар сататын бірыңғай үлгідегі туристік дүңгіршектер желісін құру керек екенін баса айтты. Мысалы, Еуропада, Әзербайжанда, Ресейде және басқа да елдерде осындай желілер жұмыс істейді.
Одан бөлек, қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйелері қажет екеніне де тоқталды.
Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек деген де ұсынысын жеткізді. Мәселен, кітап шығаруды қолдау шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қосылған құн салығы салынбайды екен.
– Авторлық сыйақы төлеу қағидаларын, оның мөлшері мен төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту қажет. Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек, – деді ол.
Сонымен қатар кітапқа деген қызығушылық отбасында қалыптасуға тиіс екенін, бұл ретте, баласына ата-анасы үлгі көрсетіп, кітап оқу әдетін мектеп қабырғасынан бастап дамыту керек екенін де айтты. Бұл ретте мектеп кітапханасының маңызын да ұмытпады.
– Қазақ жазушыларының туындылары жүздеген мың тиражбен, ал ең танымал қазақ газет-журналдары 500-600 мың тиражбен тарайтын кезеңді де көрдік. Еліміз Тәуелсіздігін алып, халық саны еселеп артқан заманда мұндай жағдай қайталанбайды дегеннің өзі – асқан қателік. Бұған тек жүйелі, табанды жұмыс атқаруымыз шарт, – деді Айдос Сарым.
Яғни, біздегі кітап шығару ісі ақырындап қарқын ала бастағанымен, қоғамның сұранысына толық жауап беруге қауқарлы деуге келмей тұр. Соның ішінде, шалғай елдімекендерге жаңадан шығып жатқан кітаптардың жетуі де үлкен мәселе болып отыр. Ал баспаның өз мәселесі де шаш етектен. Не десек те, осы айтылған мәселелерді шешетін үлкен бір қадам немесе бастама қажет-ақ.
Ғылыми әдебиеттерді сақтауда да мәселе көп
Одан бөлек, ғылыми басылымдар жайы да алаңдатады. Жақында депутат Ардақ Назаров ғылыми кітапханалардың мүшкіл халі туралы баяндап, Тамара Дүйсеноваға бірқатар мәселені жеткізген болатын. Кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайтынын айтты, әсіресе, бір ғасыр бұрын ашылған тарихи кітапханалардың маңызы ерекше екеніне тоқталды.
– Бұл ретте, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны орталық ғылыми кітапханасының жағдайына тоқталғым келіп отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, 1932 жылы ашылып, 1945 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен жеке «Орталық ғылыми кітапхана» статусын алған кітапханада қазір 6 миллионға жуық басылым сақтаулы. Бұл – еліміздегі ең бай ғылыми қор. Мұнда қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты ең үлкен қолжазбалар қоры және 130 тілдегі ғылыми басылымдар сақтаулы. Өкінішке қарай, мекеме атауы «Орталық ғылыми кітапхана» деп аталғанымен, кітапхана статусы жоқ екен.
– Яғни, «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі ғана болып отыр, жеке кітапхана болып саналмайды. Содан да болар, ұлт руханиятының қарашаңырағы аянышты халде, – дейді депутат.
Ардақ Назаровтың айтуынша, құнды қолжазбалар жойылу алдында тұр. Кітапхана қорындағы ХІІ-ХVІІІ ғасырлар арасын қамтитын құнды мұралар, әл-Фараби, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әбубәкір Диваев, Әлкей Марғұлан сынды ірі тұлғалардың қолжазбалары, Абылай ханның хаты, 3 метрлік орама матада жазылған «Қазақ хандарының шежіресі», XII ғасырда бұзау терісіне жазылған 26 метрлік «Тәурат» кітабының қолжазбасы сақталған. Одан бөлек, 20 мыңнан аса құнды қолжазба бар. Олардың көбі әлі кітап болып басылып шықпаған. Сондай-ақ ол кітапханадағы санитарлық нормалар сақталмағанын атап өтті.
– Екіншіден, кітап қорының сақталу мәселесі. Кітапхананың санитарлық нормалары да дұрыс сақталмай тұр. Қордың температурасын дұрыстап тұратын аппараттар істен шыққан, оларды қайта жабдықтау керек. Қазірдің өзінде қордағы басылымдар кеуіп, үгітіліп бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, 5-10 жылда олардың 30 пайызын жоғалтамыз. Сондай-ақ реставрация жасайтын орталық болғанымен, онда басылымдарды өңдейтін арнайы материалдар жоқ. Қаржы бөлінбесе, кітапхана өте қымбат бағаға шетелден алдыра алмайды, – дейді ол.
Ал кітапханаға кейінгі 10 жылда ғылыми басылымдар жеткізілмеген. Кітапхана қоры толықпай жатыр. Кейінгі 10 жылда кітапхана ғылыми басылымдармен толықпады, шетелдің үздік ғылыми басылымдарын айтпағанда, Қазақстандағы басылымдарға да қолы жетпей отыр. Мерзімді басылымдарды да толық алмаған.
– Бір қызығы, мемлекеттен мерзімді басылымдарды жаздырып алуға ақша бөлінеді. 2022 жылы 30 млн теңге, 2023 жылы 23 млн теңге қаржы бөлінді, бірақ нақты жазылу уақыты келгенде белгісіз себептермен бөлінген қаржы азайып кетеді. Яғни, 2023 жылы 17 млн теңгеге жазылған. Оның себебін кітапхана басшылығы білмейді. Мемлекет бөліп отырған қаржы қайда кеткенінен ұжым бейхабар, – дейді депутат.
Депутат айтқан төртінші мәселе – маман тапшы, қаржы бөлінбейді. Осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір 32 маман ғана қызмет етеді. Маман тұрақтамайды, мардымсыз жалақыға ешкім келмейді. 30-40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжірибелі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады екен. Ал кітапханада атқарылатын жұмыс шаш етектен.
– Кезінде 300-ден астам маман істеген жұмысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қызметкер қалай атқарсын?! Маман тапшылығына байланысты кітапхананың электронды каталогы толық жасалмай отыр. Қазір 30 пайыз қор электронды каталогқа енді, 70 пайыз қорды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітапханаға келіп қана қарай алады, – дейді Ардақ Назаров.
Яғни, депутат Орталық ғылыми кітапханаға жеке «кітапхана» статусын беру керек екенін, республикалық мемлекеттік кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі емес, дербес кітапханаға айналуға тиіс екенін айтып отыр. Көне кітаптардан бөлек, кәдімгі кітаптың өзін сақтауда түрлі әдіс-тәсіл қолданылатынын ескерсек, құнды жәдігерлерді сақтап қалуға одан үлкен күш керек. Олардың электронды нұсқасын әзірлеу де аса маңызды болып тұр.
Кітапхана ісіндегі басқа да өзекті мәселелерді, тарқатылмай тұрған түйін мен атқарылып жатқан мәселелер, атқарылуы керек міндеттер туралы Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанованың пікірін білген едік.
Бақытжамал Оспанова,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы:
Кітапхана ісі туралы арнайы заң қажет
– Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапханаларды дамытуға, кітапханашылардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған нақты тапсырмалары мен қабылданған шешімдерінің еліміздің жалпы кітапхана саласын дамыту үшін маңызы зор.
Жуырда ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент кітап пен кітапханалар мәселесін қайта көтеріп, кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға баулу, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін, сондықтан кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыру керек екенін баса айта келе, кітапханалар мен кітаптың қоғамдағы орнын тағы да ерекше атап өтті. Және де бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажеттігі туралы айтып, бірқатар міндеттерді қойды. Бұл, әрине, біз үшін, кітапханашылар қауымдастығы үшін, қуантарлық жайт.
Еліміздегі мәдени мекемелердің сан жағынан да, халыққа қызмет көрсету жағынан алғанда да ең ауқымды сала – кітапхана. Алайда еліміздің кітапхана саласындағы негізгі шешімін таппай отырған күрделі мәселелердің бірі – «Кітапхана ісі туралы» заңының болмауы. Жобасы 1998 жылы әзірленген бұл заңды әзірлеу және қабылдау қажет екені туралы мәселе бірнеше рет көтеріліп, талқылауға ұсынылған болатын. Арнайы заңның болмауы еліміздегі кітапхана ісі дамуын, ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету мәселелерін, т.б. құқықтық реттеуде белгілі бір қиыншылықтар тудырады, ол, өз кезегінде, әр деңгейдегі кітапханалар жұмысының үйлесімсіздігіне әкеліп соғады. Өкінішке орай, қолданыстағы нормативтік және заңға тәуелді актілер кітапханаларға олардың ақпараттық, мәдени және білім беру міндеттерін толықтай іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар кітапхана ісі бойынша нұсқаулықтар мен ережелер қайта қарауды және жаңартуды қажет етеді.
Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы айтқандай, өткен тоқсаныншы жылдары кітапханалардың жабылуы әлі де жалғасуда, мысалы, 2018-2021 жылдары, негізінен, солтүстік өңірлерде кітапханалардың жабылу тенденциясы үстем болды. Кей өңірлерде ішкі көші-қонға, елдімекендерден қалаға көшуі салдарынан халық санының азаюына байланысты ауылдық кітапханалардың жабылуы орын алуда. Дегенмен бүгінгі таңда кітапханалар санының өсу динамикасы туралы сеніммен айтуға болады, бір өңірде жабылса, басқа өңірлерде кітапханалардың ашылуы қуантады. Мысалы, былтырғы жылы Алматы облысында – 10, Түркістанда – 3 жаңа ауылдық кітапхана, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыстарында бір-бір кітапханадан ашылды. Бұл халықтың кітап оқуға және ақпараттық-кітапхана қызметіне деген қызығушылығының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Еліміздің кітапханалары үшін өзекті мәселелердің бірі – материалдық-техникалық базаның жай-күйі. Республиканың көпшілік қолжетімді кітапханаларының басым бөлігі бейімделген үй-жайларда, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында салынған көпқабатты үйлердің бірінші немесе жертөле қабаттарында орналасқан, сондай-ақ өсіп келе жатқан кітапхана қорларын сақтауға жеткілікті алаңдары жоқ. Көптеген кітапхананың ғимараты оқырмандарға қызмет көрсету және қорларды сақтау шарттарына қойылатын заманауи талаптарға сай емес. Тәуелсіздік жылдары жалпыға қолжетімді кітапханалардың бес жаңа типтік ғимараты ғана салынды: Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапханасы, Ақтау, Қызылорда және Түркістан қалаларында үш облыстық әмбебап кітапхана және Шымкент қаласында бір Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы.
Бұл мәселені шешу үшін пайдаланушыларға қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін, соның ішінде мүгедектігі бар тұлғалар үшін кедергісіз қолжетімділікті және еркін қозғалысты қамтамасыз ететін кітапханалардың жаңа типтік ғимараттарын салу, оларды заманауи талаптарға сай кітапханалық жиһазбен жабдықтау қажет. Көпшілік кітапханалар компьютерлік және көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, ал қолда бар техникалық құралдар, әдетте, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Кітапханаларды жаңа техникалық құралдармен жабдықтау, сапалы, жылдам интернетке қолжетімділікті және шетелдік ақпараттық ресурстармен (толықмәтінді дерекқорлар, электрондық кітапханалар және т.б.) қамтамасыз ету оқырманның қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді.
Республика кітапханаларында үлкен көлемде ақпараттық ресурстар жинақталған және қазіргі кезеңде оларға еркін және тең қолжетімділік қамтамасыз ету үшін ресурстарды бір жүйеге біріктіру мәселесі де шешуді қажет етеді. Онымен қоса, кітапхана саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де бар, еліміздің өңірлерінде де, жалпы республика бойынша кітапханаларда жоғары арнайы білімі бар кітапхана мамандарының тапшылығы сезіледі.
Дегенмен қазіргі кітапхана саласын дамыту бағытында қолға алынып жатқан шараларды жүзеге асыру арқылы бұл мәселелер де біртіндеп шешімін табады деген сенімдемін.
Әрине, Мемлекет басшысының кітапханаларды жаңғырту, жаңа заманауи кітапханаларды, соның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды салу туралы ұсынысын, біз, кітапханашы маман ретінде, толықтай қолдаймыз және кітапхана саласын дамыту үшін дұрыс қадам деп санаймыз.
Әлемдік тәжірибеде, дамыған елдерде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар баршылық. Дегенмен халық көп шоғырланған Алматы мен Астана қалаларында ондай кітапханаларды салу үшін, ең алдымен, сол кітапханалардың тәжірибесін зерттеп, пайдалы жақтарын алуымыз керек деп санаймын.
Біріншіден, ондай кітапхананың ғимараты дәстүрлі кітапханалардан өзгеше, адам қызығатындай өзінің сыртқы келбетімен, сәулетімен, ішкі кеңістігімен ерекше болуы керек. Мұнымен қоса, жаңа технологиялармен жабдықталған кітапхананың кітап қоры да ең заманауи, қазіргі қажетті, қызықты әдебиеттермен толықтырылуға тиіс.
Кітапханалардың күні-түні немесе апта бойы үздіксіз жұмыс істеуі, әрине, оқырмандар, соның ішінде студенттер үшін тиімді. Жасыратыны жоқ, студенттердің көпшілігі түнде күндізгіден кем емес қарқынды оқиды. Бұл –халықты кітап оқуға, кітапханаға тартудың тағы бір жолы. Өйткені халықтың күндіз жұмыс істеуіне, оқуына байланысты кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ. Ал тәулік бойы істейтін кітапханалар, кітаптар жұмыс кестесіне бейімделмей-ақ, қай кезде болсын қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде, күні-түні әлеуметтік желілерде түрлі мазмұнды шамадан тыс тұтынатын жастар мен ересектер үшін өз уақыттарын пайдалы кітаппен өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан кітап оқитын қала жұртшылығының да саны көбейетініне сенімдіміз.
Тәулік бойы жұмыс істеу өз кезегінде қосымша адами, материалдық ресурстарды талап етеді. Яғни, ғимарат түні бойы толыққанды қызмет көрсетуі керек, электр жарығымен, сумен, жылумен, күзетпен қамтамасыз ету, т.б. және ең бастысы, қызметкерлер санын көбейту.
Алматы қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бар. Мысалы, былтырғы жылдың айынан бастап, Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен эксперимент ретінде Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана және Alatau Creative Hub орталығы тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді.
Қазіргі кезеңде кітапханалардың міндеті – халықтың барлық топтары арасында кітап оқуды ынталандыру, кітапқа деген қызығушылығын ояту және дамыту. Өйткені өркениетті қоғамды, саналы ұлтты қалыптастыру –сапалы білімді ұрпақтың қолында.
Ұлттық кітапханада сақталған Қазақстан кітаптарының бай қоры, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың, алғашқы баспа басылымдары мен грампластинкалардың бірегей қоры, т.б. шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы. Өкінішке орай, уақыт өткен сайын жазба ескерткіштері физикалық жағынан ескіріп, тозады, қор сақталымының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан құжаттардың ішінара немесе толық жоғалу қаупіне әкеледі. Сондықтан жаңа технологиялар дамуы жағдайында және жаһандану дәуірінде халқымыздың асыл мұраларын сақтап қалу өзекті мәселе болып тұр.
Құжаттық мұраны сақтаудың және оларға барынша қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерінің бірі – қорды цифрлау. Әсіресе, сирек қорды ұзақмерзімді сақтап, қазіргі және болашақ ұрпаққа жеткізу үшін оқырмандарға, зерттеушілерге, ғылыми қызметкерлерге пайдалануға құжаттардың көшірмелерін ұсынуымыз керек.
Бұл мақсатта кітапханада жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде және құжаттардың, соның ішінде сирек кітаптар мен қолжазбалардың, араб, латын графикасындағы сирек басылымдар цифрланып, электронды көшірмелері Қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасына жүктелген. Бұл жұмысты жалғастыру үшін құжатты цифрлық форматқа жылдам және сапалы көшіретін жоғары кәсіби сканерлер, көне және сирек құжаттарға арнайы сканерлер қажет. Өйткені қағаз құжатқа зиян келтірмеу үшін оны ұқыпты және мұқият сканерлеуді талап етеді. Бұдан басқа, кітап қорын ұзақмерзімді сақтау үшін қорды бүлінудің алдын алу және қалпына келтіру шараларын дер кезінде жүргізуіміз қажет.
Мемлекет басшысы атап өткендей, кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады болғандықтан, осы ұлттық тарихи-мәдени жазба құндылықтарымызды мәңгілік сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.
Халықаралық Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері Федерациясының мәліметі бойынша әлемде 560 мыңға жуық кітапхана бар. Соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасы кітап қоры бойынша алғашқы орында тұр. Одан соң – Британ кітапханасы, үшінші орында – Нью-Йорк қоғамдық кітапханасы. Жыл сайын олардың қоры молайып, үлкейіп келеді. Жыл сайын жаңа технологиялар мен жаңа өнертабыстар кітапхана ісін жетілдіруге жұмылдырылады.
Айтпағымыз, кітапханаларды дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін алдымен кітап шығару ісін дамытып, кітап санын көбейтудің маңызы аса зор. Бұл ретте, кітаптың мазмұны мен сапасына да салмақты қарау басты талап болуға тиіс. Себебі кітап шығаруға көңіл де, қаражат та бөлінбей жатыр деуге келмейді...