Бүгін – Қадір түні: Қандай амалдар жасаған абзал?
Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.
Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы «қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн» дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» де айтылған.
Muslim.kz жазуынша, Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.
Қадір түнінің артықшылығы неде?
Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Қадір түні мың айдан да қайырлы».
Пайғамбарымыз:
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», - дейді.
Әнас ибн Мәлік былай деп айтқан:
«Рамазан келгенде Алла Елшісі: «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады».
Имам Мужаһид:
«Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы» – десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» - деген.
Қадір түні қандай амал жасаған абзал?
Қадір түнінде мұсылмандар жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадір кешін кейбір азаматтардың денсаулығына, т.б. жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады. Жалпы, бұл рухани кеш - адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.
- Сол күні ауызашарда мейлінше көбірек дұға-тілек ету;
- Қадір түнінде көбірек Құран оқып, сауап алуға тырысқан абзал;
- Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;
- Қадір түні кешінде таң атқанға дейін төрт рәкәт нәпіл намазын оқу;
- Тәспі тарту;
- Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын 4 бас етіп оқуға болады.
Қадір түнінде қандай дұға жасаған абзал?
Қадір түні – мұсылман баласы не тілесе де Алла оның дұғасын қабыл ететін ерекше түн.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, қадір түнінде қандай дұға жасайсын», - деп сұрағанда, ол (оған алланың салауаты мен сәлемі болсын): ««Аллаһуммә иннәкә ъафуун кәрим, тухиббул ъафуа, фаъфуъанни» (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр)», - деп дұға етуге кеңес берді.