Күрішпен сурет салатын суретші: Президент өнеріме жоғары баға берді
Суретші Ресей, Қытай, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерден тапсырыс қабылдаған. Тіпті, Қытай мемлекетінен күрішпен салынған 50 жылқының суретіне тапсырыс алған екен.
Сурет өнері – сан қырлы сұлу өнер. Біреуі қағазға майлы бояумен салса, енді бірі суретті жіппен кестелейді. Ас содасы, шоколад, тосап, тұз, шеге мен гипстен сурет салатын қылқалам шеберлері де бар. Қызылордалық суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дулат Айтбаевтың да сурет салу стилі өзнеше. Дулат – күрішпен сурет салатын ерекше дарын иесі.
«Мен 1982 жылы 25 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келдім. 2001 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет колледжін тәмәмдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білімімді жетілдірдім. Әкем де суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі болғандықтан, әке жолын жалғаймын, мен де суретші боламын деп армандадым. Сондықтан бұл өнер маған жат бола қойған жоқ. Бүгінде сол бала арманым орындалып, осы салада жүрмін. «Өнерлінің өрісі кең» демекші, суреттерім арқылы ішкі сезімдерімді, толғанысымды жеткізуге тырысамын», – дейді суретші.
Дулат Бақытбекұлының қолынан шыққан туындының ерекшелігі сол, ол суретті күріш бетіне салады. Ол алғаш рет күрішпен өз атасының портретін салған екен.
«Сыр елінің суретшілері күрішпен сурет салуға бейім келеді. Әсіресе ел ішінде адам бейнесін салатын суретшілер көп болды. Мен де қызығушылық танытып, үйренбекке бекіндім. Оған әкем себепкер еді. Күріш бетіне суретті қалай салуды, оны қалай жабыстыру керек екенін, кептіру жолын бәрін жақсылап үйретті. Уақыт өте келе тек портрет емес, басқа да күрделі суреттер сала бастадым. Жергілікті суретшілердің өз бағасын алып, шығармашылық жолым одан әрі дами түсті», – дейді суретші.
Суретшінің күріш бетіне сурет салып келе жатқанына 17 жылдан асыпты.
«Күрішке сурет салу майлы бояуға қарағанда сәл қиындау. Өйткені күріш бетіне тек бір-ақ рет сурет сала аласыз. Қарапайым сурет секілді оны өшіріп, қайта салуға мүмкіндік жоқ. Бүлінген жағдайда қайтадан күріш жабыстырып қана жұмысыңызды жалғастырасыз. Күрішпен сурет салу шыдамдылықты, дәлдікті талап етеді. Сурет салу процесіне тоқталар болсам, ең алдымен ағаш бетін немесе ДВП материалын аппақ түске бояп аламыз. Содан кейін бір тегіс етіп желімді жағып, бетіне күрішті сеуіп шығамыз. Оқтаумен қамыр илегендей етіп тегістейміз. Ол кепкеннен кейін ғана сурет салынады. Оның кебуіне қыс мезгілінде 1күн уақыт кетеді, ал жаздыкүні тез-ақ кеуіп қалады. Суретті бояуға акварель, гуашь қолданамын. Сурет аяқталған соң көлікке арналған арнайы лакты сеуіп шығамын. Сонда салынған сурет қанық боп жылтырап әдемі болып шығады. Тағы бір айта кетерлік дүние – сурет салуға маржан күріштерін қолданбаймын. Тағам ретінде тұтынуға болмайтын, бір жағынан ысырап болмасын деп, корей күріштерін ғана пайдаланамын»,– дейді қылқалам шебері.
Суретшінің айтуынша, күрішпен салынған суреттерге шетелдіктер ерекше қызығушылық танытады екен. Осы уақытқа дейін суретші Ресей, Қытай, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерден тапсырыс қабылдаған. Тіпті, Қытай мемлекетінен күрішпен салынған 50 жылқының суретіне тапсырыс алған екен.
«Туындыларыма елімізден де, шетелден де тапсырыстар көптеп түсіп жатады. Портретті салуға – 3-4 күн, ал тарихи суреттерге 1 аптадай уақыт кетеді. Есептеп қарасам, осы 17 жыл ішінде 2 500 портрет, күріш бетіне салынған 100-ге жуық сурет салыппын. Ал, бағасын айтар болсам, суреттерім 150 мың мен 200 мыңның арасында сатылады. Тіпті, кей кезде жерлестерімнің көңілін қимай одан да арзан бағаға салып беретін кездерім де болады. Тек күріш бетіне емес, майлы бояумен де сурет саламын», – дейді суретші.
Суретші өз жұмысын Президент назарына да ұсынып, оң бағасын алған.
«Президентімізбен күтпеген кездесу болды. Қорқыт ата, Қорқыт кесенесі, Байқоңыр, Бәйтерек, Ақорда секілді күріштен салынған т.б 10-ға жуық суреттерімді көрсеттім. Сол кезде жұмысымды ерекше бағалап, шығармашылық жолыма сәттілік тілеген еді. Бұл мен үшін – әрине, үлкен қуаныш. Одан бөлек, Маңғыстау облысында өткен симпозиумға қатысып, Қызыл кітапқа енген лотос гүлінің суретін күріш бетіне салдым. Мұны көрген суретшілер мен көрермен таңданысын жасырмады. Мұндай қызығушылық шығармашылық адамдарына ерекше шабыт сыйлайды. Алдағы уақытта күз айларында майлы бояумен және күріш бетіне салынған суреттерімді тізіп, көрме ұйымдастырмақ ойым бар. Сыр елінде жас суретшілер аз, сол үшін жақсы ғимарат болса, шәкірттерді, жас суретшілерді тәрбиелеп бейнелеу өнеріне баулығым келеді», – дейді ол.
Дулат Айтбаев сурет салудан бөлек, табиғат аясында демалғанды құп көреді екен. Ұзаққа созылатын жұмыстан соң бойын сергіту үшін қыста аңға шықса, жазда балық аулайды. Сурет салуға қажет құралдарын өзімен бірге алып жүріп, табиғаттан шабыт ала отырып та, түрлі сурет салатынын айтады.
«Елімізде танымал, талантты суретшілер өте көп. Әсіресе, Сыр елінен шыққан атақты суретші Салихитдин Айтбаевтың және тағы бір талантты суретшілеріміздің бірі Сахи Ромоновтың туындыларына қызығушылық танытып, жұмыстарын ерекше бағалаймын. Ол кісілердің өнер жолынан үлгі аламын. Ал жастарға айтарым, әрдайым еңбектеніңіздер. Жетістік еңбек пен ізденістің арқасында келеді. Өнер ешқашан елеусіз қалмайды. Осы тұста мені өнерге баулыған, маған сенім артқан ата-анама зор алғысымды білдіремін», – дейді сөз соңында қылқалам шебері.
Әзірлеген Дариға НЫСАНҚҰЛ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің 4-курс студенті