Тәтті заттар сатып алатын ақшамызды қазақстандық достарымызға жібереміз – Моңғолия оқушылары

Сыныбымыздың және мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың төгрөг ұсынамыз

Тәтті заттар сатып алатын ақшамызды қазақстандық достарымызға жібереміз – Моңғолия оқушылары
Видеодан скриншот
1075

Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағына қарасты Өлгей сұмынының оқушылары еліміздегі су басқан аймақтардағы балаларға қолдау білдіріп, видео жолдады.

"Отандастар қоры" баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өлгей сұмынында орналасқан №1 жалпы білім беретін мектебінің 6 "Б" сынып оқушылары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен аймақ балаларына 200 мың төгрөг ақша аударды. Сондай-ақ олар видеожолдауда қазақстандық балаларға қолдау білдіріп, Моңғолиядағы қандастарды Қазақстан халқын қолдауға үндеді.

Бірінші оқушы:

"Өзің ғана ойлаған,

Жамандықтың белгісі.

Өзгені де ойлаған,

Адамдықтың белгісі.

Екінші оқушы:

Бір үй аш болса, бір ауыл аш. Бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш. 

Үшінші оқушы:

Біз күнделікті керектенетін, тәтті заттар сатып алатын ақшамызды осы жолы қазақстандық достарымызға жібереміз. 

Төртінші оқушы:

Сыныбымыздың және мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың төгрөг ұсынамыз.

Бесінші оқушы:

Қазақстан Республикасының кейбір өңірлерінде су тасқыны болып жатыр. Қазақ халқы – басына іс түссе, бір-біріне көмектесетін бауырмал жандар. Моңғолиядағы барша ағайынды Қазақстанға көмектесуге шақырамыз.

 

Серіктес жаңалықтары