Медицинаның дамығаны жақсы, бірақ әр адам өз денсаулығын ойлауы керек

Белгілі ғалым-дәрігер Жауғашты Ахметовпен әңгіме

Медицинаның дамығаны жақсы, бірақ әр адам өз денсаулығын ойлауы керек
сурет: turkystan.kz
1134

Самарқандта білім алып самсаған

Алматыда Жау­ғашты Ахметов атты ғалым тұра­ды. Медицинада са­нау­лы адамдар ғана тәуекел ете­тін ма­мандық иесі, па­то­логоанатом. Ар­найы ма­ман­­данған дәрігер. Бұл ма­мандық иесі табиғи се­бептерден қай­тыс бол­ған адамдардың денесіне сарап­тама жасайды. Оның міндеті – адам өліміне се­беп болған фак­тор­лар­ды анықтау, оған көрсетілген ме­дициналық көмектің дұрыстығын бағалау. Жауғашты Байназарұлы 1944 жы­лы Өзбекстандағы Там­ды ауда­ны­ның Керізбұлақ елдімекенінде дү­ние­ге келген. Орта мектепті бітірген соң Самарқанд медицина институ­ты­на түсіп, оны 1966 жылы үздік дип­ломмен аяқтап, сол инс­титуттың Патологиялық анатомия кафед­ра­сында жұ­мыс­қа қалдырылды. Сонда жүріп ғылыми ізденістерін бас­тап, 1971 жылдан медицина ғылымдары­ның кандидаты атан­ды.
– Мен туып-өскен мекен қай­на­ған қазақтардың ортасы бол­ды, – дей­ді Жауғашты аға. – Тіпті, бірен-саран өзге ұлт өкіл­дері болғанның өзінде бәрі қазақша сайрап тұратын. Ал мен Өзбекстанда туғаным бол­маса, орта мектепті бітіріп, инс­ти­тутқа барғанша бір ауыз өзбекше біл­мейтін едім. Өз­бек тобында оқы­ған­дықтан ол тілді өз бетімше игеріп ал­дым.
Жас кезімнен дәрігер болуға қызыққандықтан (аяғы ауыр­ған әкемді емдеп жазамын деген ар­маным болатын) аты Кеңес ода­ғына белгілі Самарқанд медициналық институтына (СамМИ) оқуға түскім келді. Физика, химия, әдебиет пән­дерінен емтихан тапсырдық. Бәрін жақ­сы тапсырдым. Әсіресе, химиядан есеп шығарғаныма сынақ алушы қат­ты риза болып «5» қойды. Әде­биет­тен жазған шығармамызды Алматыда оқыған филолог ұстаз тек­серіп, жақсы баға қойды.
Ол кезде СамМИ-ді бітіру автори­тет. Одақ көлемінде орны бар меди­ци­налық оқу орны болды. Себебі Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде Самарқанд қаласына Ресейден эвакуа­цияланғандардың қатарында көпте­ген мықты медицина ғалымдар бол­­­­­ған, солар осы оқу ордасында жұ­мыс істеп, мықты кадрлар дайын­даған. Соның арқасында бұл білім ордасы білікті мамандар дайындап шығаратын іргелі оқу орнына айнал­ған. 
Мен СамМИ-ді қызыл дипломға бі­тірген соң, оқыған жерімде қал­ды­рыл­дым, сосын Украинаның Харьков қаласында 3 жыл аспирантурада оқы­дым, одан қайтып келіп жұмыс істегенде студенттерге өзбек тілінде сабақ бердім. Өзбек елінде ЖОО-да жұмыс істейді екенсің, тілді білмей­мін деген әңгіме айтпайсың. Өйткені ЖОО оқытушысы өзбек тілін білуі міндетті. 

Бар қуатын атажұртқа арнаған

Адамның таным-түсінігі, көз­қа­ра­сы жас кезінде қалыптасады ғой жә­не ол бүкіл өміріне әсер етеді. Жау­­­­ғашты да «Ер туған жеріне, ит той­ған жеріне», «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп мақалдатып отыратын ақсақал­дар­дың ғибратты әңгімелерін бала күн­нен құлағына құйып өскендіктен болар, жоғары білім алып, отбасын құрып, ғалым атанған соң атажұртты көп ойлайтын болды. Қабілет-қары­мын атамекеніне арнағысы келді. Сөйтіп келмеліне келіп, ойда қуат, бой­да күш лапылдап тұрған 35 жасында (1979 жылы) Алматыға кө­шіп келді. Содан бері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қызметте. 
Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен азамат ақыл-білімі толыса келе қазақ тілі, қазақ мәдениеті болмаса ұлттың да бол­май­тынына көзі жеткен-ді, сон­дық­тан өзі еңбек ететін саланың қаза­қы­ланғанын қалайтын. Солайша, ол Алматыда медицина университетінде еңбек ете бастаған кезінен медицина терминдерін мүмкіндігінше қазақы­лан­дыруға атсалысты. Әлі күнге қа­зақ медициналық терминдерін жа­сауға атсалысып келеді. Қазақ­стан­ның Денсаулық сақтау министр­лі­гінің салалық терминологиялық ко­мис­сиясының тұрақты мүшесі.
Мемлекетте білім қай тілде бе­ріл­се, маман да сол тілдің тұтынушы­сы, дамытушысы. Қазақ елінде білім ал­ғанмен оны қазақша алмаса не пай­­да? Ғылым қазақ тілінде сөйле­месе, қазақ тілінде бедел бола ма? Осы сұрақтар мазалаған Жауғашты Бай­­назарұлы еліміз енді тәуелсіздік алып, ана тілімізді дамытуға бет бұр­ған кезеңде қазақ медицина ғылы­мын­да тұңғыш қазақша оқулық – «Па­тологиялық анатомия» (1993 жы­лы) кітабын жазып шықты. Одан бері бұл оқулық төрт мәрте (2004, 2008, 2012, 2023) қайта басылып шы­ғып, еліміздегі барлық медициналық оқу орындарына таратылды. Әр қай­талап басылған бұл оқулық қалыңдай түскен. Себебі ғылымның дамуымен жаңа­лықтар көбейе беретіні белгілі. Өзінің оқулық жазу, термин түзу ісін­дегі істері туралы Ж.Ахметов бы­лай дейді:
– «Патологиялық анатомия» ат­ты оқу құралын шығаруым тәуелсіз кезеңде қазақ жастары ғылымды қа­зақ тілінде үйренсін деген ниеттің же­місі еді. Бірақ қазақша оқулықты ал­ғашқы басылымында ойдағыдай жа­сау қиын болды. Ол кезде кітап басу ісі қазіргідей компьютермен жа­салмайды, кітапқа берілетін көр­не­кі суреттердің әрбірін темірге ойып (клише), макетке бекітеді. Ол күр­делі жұмыс. Сондықтан кітаптың бірін­ші басылымында суреттер аздау бол­ды. Ол кітапты жазып шығу үшін бір­неше жылым кетті. Өйткені мұн­дай кітап қазақ тілінде меди­ци­наға арналған кітап жазып шығу үшін ме­дицина ғылымымен бірге тілді де жақсы білу қажет.
Тәуелсіздіктен кейін оқулықтар­ды қазақ тілінде шығару керек деген­де, біреулер орыс тіліндегі кітаптарды аударып бастырып жатты. Ал мен қа­зақ студенттеріне керек кітапты қа­зақ ғалымы ана тілінде жазуы ке­рек деген ұстаныммен кітап жаздым. Сөй­тіп, елімізде алғаш патологиялық анатомия бойынша оқулық авторы атандым.
Ғылымды қазақшалау үшін тер­миндерді қазақыландыру қа­жет. Бұл орайда, «Патологиялық ана­томия терминдерінің орысша-ла­тынша-қазақша түсіндірме сөздігін»  (1994 ж.) жеке өзім жасап шықтым, «Гистология, цитология, эмбриология атласы», «Орысша-қазақша медици­налық сөздік», «Ағылшынша-қазақша медициналық сөздік» кітаптарына серіктес автормын. Осындай еңбек­те­рім үшін Ахмет Байтұрсынов атын­д­ағы медальмен марапатталдым.
Тіл мәселесі білім саласында бі­рін­ші орында тұруы керек, әйтпесе ма­мандар қазақ тілі үшін басын ауырт­пайтын болады. Тәуелсіздіктен бұ­рын мен еңбек ететін оқу орда­сында екі ғана қазақ бөлімі болды. Ал қазір мұнда оқитын жастардың 80 пайыздан астамы – өзіміздің қара­көздер.
...Мансап, атақ дегендер адалынан бұйы­рып тұрса жақсы ғой, бірақ өмі­рінің мәнін соған қол жеткізу деп тү­сінетіндер – саяз ойлайтындар дер едім. Егер сенің мансабыңның, ата­ғыңның еліңе, халқыңа пайдасы ти­мей, қызығын тек өзің ғана кө­ре­тін болсаң, оның несі мұрат? Мысалы, мен 48 жылдан бері медицина сала­сын­да еңбек етіп келе жатырмын. Кітап­тар жаздым, ғылыми мақалалар жа­рияладым, бірақ ғылым докторы емес­пін. Неге? Докторлық қорғауға ша­мам келмеді деймісің? Келді. Бірақ өзім бас тарттым. Әйтпесе, 1988 жы­лы медициналық университеттің ғы­лыми кеңесінің қарарымен Мәс­кеуге докторантураға жіберілетін бол­дым. Бәрі заңды, оңтайы келіп тұр. Ен­деше, неге бармай қалдым?
Кафедрамыздың меңгерушісі татар кісі мен кетсем, студенттерге қа­зақ тілінде сабақ беретін маман­ның болмайтынын айтып өкініш білдіргенде, енді ғана қазақыланып келе жатқан медициналық білім ор­да­сындағы істерімді қиып тастап кетуге дәтім шыдамады. Өзіме бедел болар докторлықтан бас тартып, ойда жүрген мақсаттарымды жүзеге асыру­ға кірісіп оқулық жаздым, тер­миндерді қазақшалауға үлесімді қос­тым. Бұл ісім үшін өкінген емес­пін, керісінше, менің еңбектерімді оқып, білім алып жатқан халқымның перзенттерін көріп қуанамын.

Біліктілік құр сөз емес сарнаған

Жасыратын несі бар, бүгінде елі­міздегі медициналық қыз­­­метке жұрттың көңілі тола бер­мей­ді. Біреулер ауруының диагнозы­ның дұрыс қойылмағанына налыса, тағы біреу медициналық тексеруден өтуге барғанда ұзын-сонар кезектен шаршағанын айтады. Тіпті, әлеу­мет­тік желілерде дәрігерлердің білік­сіз­ді­гі жиі сыналып жатады: қайда барса да УЗИ, КТ, рентгенге түсіре беретін­дер, керекті-керексіз қымбат дәрі­лер­ді жазып беретіндер, т.б. жайында әң­гіме көп. Тіпті, қаражаты бар адам­дар еліміздің медицинасына сенбей, алды Германия, Израильге, соңы Өз­бекстан мен Қырғыз Респуб­ли­ка­сы­ның дәрігерлеріне көрініп емде­ле­тін болып кетті. Бұл неліктен? Бізде ме­дицина расымен төмен бе, әлде жем­қорлық бұл салада да асқынып кет­ті ме (ондай жағдайлар туралы да жа­зылып жүр) немесе еліміздің ме­ди­циналық оқу орнындары білікті ма­ман дайындауға қабілетсіз бе?
Көңілімізді күпті қылып жүрген осын­дай сан сауалдарды қойғаны­мыз­да, профессор Ахметов бұл жайын­да өзін де мазалап жүрген ой­ла­рын айтты:
– Медицина маманы болу, бол­ған­да да білікті маман болу оңай емес. Оған оқу орнындағы материал­дық базаның молдығы, ұстаздардың біліктілігі, білімнің жан-жақты бе­рілуі, тәжірибе жүзінде жұмыс істеу, т.б. көптеген фактор әсер етеді. Әри­не, әр оқыған маманның жеке ба­сы­ның қабілеттілігі мен жауапкершілігі де маңызды. 
Медицина мамандарын дайын­дау мәселесінде бұрынғы кездегі жағ­дай мен қазіргі кездегі жағдайдың арасында айырмашылық көп. Бұрын болашақ дәрігерлер мединсти­тут­тар­да алты жыл оқығанда бәрін қал­дыр­май оқитын, аурудың және оны ем­деу­дің барлық түрлері жайында мол мә­лімет беріліп, емханаларда тә­жірибе жұмыстары көп жүргізілетін. Ал қазір басқаша болып кетті. Шет­елдік медициналық үдеріске еліктеу басым. Одан медицинамыз жақсарып кетсе, қане?! 
Әр елдің қай салада болса да қа­лып­тасқан жолы, психологиясы бар. Оны аз күнде мүлде өзгертіп жіберу мүм­кін емес. Сондықтан шетелдердегі әдіс-тәсілдер бойынша немесе соған ұқ­сатып бізде мамандар дайындау қан­дай нәтиже беруі мүмкін, алды­мен сол жағын ойлану керек сияқты.
Мәселен, мен Чехияда, Польшада бо­лып, олардың медицинасымен та­ныстым. Оларда мынау аурухана, мы­нау емхана деген жоқ. Себебі ол жер­де жатып емделу өте қымбат тұра­ды. Бәрі жекеменшік. Сондықтан хал­қы да ауырып қалмауға тырысып, ба­ла күнінен өз денсаулығына қатты қа­райды. Тыйым салынған нәрсе­лер­ден аулақ жүріп, ауырмай тұрып тек­серіледі. Сондықтан ол елдерде ау­ру деген шығын, қаржылық қиын­дық­тарға ұшырататын проблема деп са­на­лады. 
Ал біздегілер ше? Ішімдігін ішіп, шы­лымын тартып, әнін шырқап жү­ре береді. Денсаулығын мүлде ой­ла­май­ды. Себебі ауырса, емдейтін ем­ха­на бар. Соған әбден сеніп алған бәрі! Бізде «өздеріңе өздерің қараң­дар, ауырмаңдар» деген әңгіме жоқ. Керісінше, ауырсаң, емдеп аламыз деген принцип бар. Бұл дұрыс емес, әр адам ең алдымен өз денсаулығына жауапты болуы тиіс емес пе? Ауруын өзгеге міндет қылу кеңестік кезден келе жатқан әдет қой! Кеңес ода­ғында ауруларды жатқызып емдейтін 3 миллион койка болған екен. Бұл деген әр күн сайын сонша адамды жат­қызып емдеу деген сөз емес пе? Ал Еуропа елдерінде 3 миллион кой­ка деген болмайды, олардың ұста­ны­мы: «Өзіңнің денсаулығыңа өзің қара, өзіңді өзің күт. Ауырып қалсаң, се­ні біреу емдеп жазуға міндетті емес!».  Біздегідей бала кезден түрлі екпелерді міндеттеп те салмайды: ал­ғың келсе ал, салдырғың келсе сал­дыр. Егер, оны қаламасаң, өзің біл! Ал біздегі ауырсаң ауыра бер, емдеп жазып аламыз деген әдет адамдарға кері әсер етіп жатқан сияқты. Жыл сайын түрлі науқасты емдеу үшін қан­шама қаражат бөлінеді, бірақ со­ның пайдасы қане? Аурудың алдын ал­май, оның салдарын жойып, емдеу­мен қанша айналыссаң да, ауруларды тоқтата алмаймыз. Қаражат бөліне береді, адамдар ауыра береді, оны ем­дей береміз, сөйтіп елдің ақшасы желге ұша береді. Оның орнына адам­дарға денсаулығына мән беру ке­рек екенін, оның маңызы зор еке­нін, ақшаң шығын болмайтынын тү­сіндіріп, әркімнің өз денсаулығы өзіне қажетті екенін үздіксіз түсінік беру пайдалырақ. 
Мәселен, соңғы кезде елімізде қа­терлі ісік дертіне шалдыққандар көбейіп, оны емдеу үшін мемлекет орасан зор қаражат бөліп жатыр. Ал дерт­ке шалдыққандардың біразы ер­те­рек скринингтен өтпеген, ау­руын асқындырып алғандар. Оның соңы қайда апаратыны белгілі. Де­мек, мемлекетте денсаулықты сақтау мәселесінде насихаттық шаралар әлсіз.
Қазір медицина маман­да­рын даярлауда де кемшіліктер көп. Баяғы­дай талап жоқ. Бұрын 6 жыл оқы­тып, сен енді мамансың, адам ем­­деуің керек деп жауапкершілік ар­та­тын. Ал бүгінде алдымен ананы, сосын мы­на­ны оқимын деп жүріп, дәріг­ер бола­тын адамның 11-12 жы­лы оқумен өтеді. Оқып жүре береді, әйтеуір, ке­­рек болса да, болмаса да. Со­дан ке­­ліп, оқу да адамды жалық­ты­рып, жауапкершілік төмендеп ке­теді. Қазір емханаларға барған адам­дарға анаған түсіп кел, мынаған түсіп кел дейді. Бірақ соның бәрін са­лыстыра қарап отырып, сараптай­тын маман бар ма? Бәрінің миы керек емес нәр­сеге толып кеткен!
Бұрындары дәрігерлер ауырып келген адамның ауырған же­рін ұстап, жүрегін тыңдап, өзі тікелей тек­серіп көретін. Қазіргілерде ондай жоқ­тың қасы. Ауруға муляж деп қа­рай­ды. Аурудан қашан, қалай ауырды, бұрын да осылай ауырған ба, т.б. сұ­рақтар қойып, дерттің диагнозын өз бетінше анықтауға қызықпаса, тек ап­параттардың түсіргеніне қарап бірдеңе жаза салса, оның несі дәрігер? 
Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоя ал­мауы өте жаман нәрсе. Қазіргі дәрі­гермін деп жүргендердің талайының қо­лынан аурудың диагнозын анық­тау келмегендіктен, алдына келген науқасты рентгенге бар, УЗИ-ға, КТ-ға түсіп кел деп анда-мында жүгіртіп отырады. Оларға түсу әжептәуір ақша тұрады. Дәрігер жаңағы аппа­рат­тардың түсіріп бергенін талдай ал­са, жақсы ғой... Бұл біздің медици­на­мыздағы масқара жағдай енді.
Бұрынғы кезде дәрігерлердің өл­ген адамның денесіне ота жасап кө­ретін еді, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ешкімі жоқ, қайтыс болған кемпір-шалдардың ешкім денесін сойып көруге бермейді. 
Шетелде адам соймай-ақ диагноз қоя­ды екен, біз де сөйтуіміз керек де­ген соң, соған көштік қой. Бірақ шет­елде адам өлгенше зерттеп, диаг­нозын анықтап қояды. Ал бізде адам­ның ажалы неден болғанын, ол өлген соң ғана патологоанатомдар анық­тап жатады. Демек, диагнозы да өл­ген соң анықталады деген сөз. Адам­ның тынысы тоқтаған соң, оның диаг­нозы анықталғанының оған не пай­дасы бар, тек дәрігерлердің қате­лігі ғана белгілі болады.
Бүгінде адамдар отадан, дұ­рыс емдемеуден өліп кетіп жатыр, бір­ақ оның өлген соң патологоа­на­том­дар тексермеген соң, дәрігерлер­ден кеткен қателіктер солардың мүр­делерімен қос көміліп жатыр... Ем­­хананың бас дәрігерлері қайтыс болған адамның ажалының себебі неден болғанын анықтаудың орнына өз қызметкерлерінің қателіктерін бүркемелеумен жүреді. Одан кімге пайда? Қателік көзге шұқып көр­сетілмеген соң, ол қайталана береді, тағы біреулердің өмірінің үзілуіне әкеледі.
Аурухана басшысы өзінде ем­дел­ген адамның мүмкіндігінше жазылып шығуына, денсаулығының жақсарып кетуіне мүдделі болуы керек. Сонда ғана дәрігерлердің жауапкершілігі артады.
Мәселен, мен бір кезде №12 ауру­ха­на­да бес жыл патологиялық ано­то­мия бөлімінің бастығы болдым. Ол аурухананың бас дәрігері Есентай Тә­жиев деген азамат жауапкершілік дегенге қатты қарайтын. Егер қара­мағындағы дәрігерлердің біреуі ем­деу­де, диагноз қоюда қателік жібер­гені анықталса, бірден жұмыстан шығарып тастайтын. Қазір сондай бар ма? Ауруханада көз жұмып жат­қан адамдардың неден кетіп жат­қанын ешкім білмейді.
Сосын дәрігерлердің жауап­сыз­ды­ғы талай адамның өмірін қиятын жағдайлар болады. Жалпы, патоло­гоа­натомдар дәрігерлердің біліктілі­гін тексеретін мамандық иелері ғой, олардың қойған диагнозы дұрыс па, хирургтер ота жасағанда қате жіберді ме, жоқ па дегенді анықтайды. Өзім де қайтыс болғандарға аутопция (өлім­нің себебін анықтау үшін қай­тыс болған адамның денесіне экс­пер­­тиза жасау) жасай жүріп, талай таң­ғаларлық жағдайға кез болғаным бар. Бірде ауыр науқасқа шалдығып, отадан соң қайтыс болған адамның денесін ашып қарасам, бауырының ас­тында ұзындығы 25 см темір қыс­қаш шықты. Сұрастырып қарасам, ол хирургте бұл жағдай бұрын да болған екен. 
Одан кейін Талдықорған қала­сын­да бір зауыттың директоры бол­ған адам өтқалтасына ота жасал­ған­нан соң қайтыс болып, соның де­не­сіне аутопсия жасадым. Жағдай бы­лай болған: оның өтқалтасын алып тас­таған дәрігер үйіне қайтып кетеді. Бірақ кешке қарай науқастың жағ­дайы қиындай береді, кезекші дәрігер ол туралы бас дәрігерге айтуға қо­рық­қан. Сөйтіп, отадан шыққан адам дүние салған. Сонда қарасам, өтқал­та­ны алғаннан кейін хирург оны тік­кен кезде шала тіккен, содан өт сырт­қа ағып кеткен. Былай қараған­да, білікті, тәжірибелі хирург, бірақ өзі­не қатты сеніп кеткендіктен қате­лік жіберген. 
Тағы бір жағдай. 
Бір хирург соқырішекке ота жа­сағанда, соның ішінде бірнеше сал­фет­касын қалдырып кеткен. Содан кейін ол салфетка еріп ішектерге жа­бысқан. Бір жылдан соң оны рент­генге тексеріп қараған дәрігерлер түйін болып тұрған бірдеңелерді кө­ріп, «ойбай, мынау қатерлі ісік 
қой» деп, сәу­ле терапиясымен емдеп, сау адамның өмі­рін қияды. Оны аутопция жаса­ған­дар анықтаған. Бірі адамның ішін­де салфетка қалдырып бір қате жа­саса, екіншісі онкология деп қате тұжырым жасап, сап-сау адамның түбіне жеткен.
Жалпы, әрбір дүние салған адам­ға аутопция жасаса артық емес, ол адам­ның ажалының неден болғанын, диаг­нозы дұрыс қойылды ма, жоқ па – соны анықтап, екінші рет кетуі мүмкін қателіктің алды алынар еді. Оның пай­дасы көп. Бір мысал айтайын: жо­ғарыда айтып өткен №12 ауру­ха­нада дәрі құю үшін науқастарға ка­те­тер салынғанда тамыры тесіліп, со­дан қан кетіп, көз жұмғандар бол­ды. Жағдай анықталған соң, кате­тер қойған дәрігерлер «Ресейден шық­қан катетерлер жуан әрі қатты, сон­дықтан тамырға зақым келтіріп жа­тыр. Сол үшін одан бас тартып, Фран­циядан шыққан иілгіш, жұмсақ ка­тетерді пайдалану қажет» деген ұсы­ныс айтқан соң, Францияның өні­мін қолдана бастағанда әлгіндей жағдайда қаза табатындар бірден тоқтады. Сөйтіп, реаниматорлардың біліктілігі арқасында көптеген адам­ның өмірі сақталып қалды.
Міне, осындай жағдайларды са­ра­лай келгенде, пато­ло­гана­том­дар­дың рөлін күшейту дұрыс деп ойлай­мын. Өйткені бүгінде өздерінің қа­те­лігі ашылып қалудан қорқатын дә­рігерлердің бәрі аутопцияға қарсы.
Сосын адамдардың қыл үстінде тұр­ған өмірін саудаға салатындар да бо­лады екен. Қайбір жылы Ұлттық банк­тің төрағасы болған бір азамат­қа Астанада үкіметтік аурауханада қатерлі ісік деген диагноз қойылған. Оған тіпті Израильге барып ем­де­луіңіз керек деп те ескерткен. Бірақ ол кісіге Алматыда емделуге кеңес бер­дік, қуықасты безіне ота жасалды. Материалды тексеріп қарасақ, еш­қан­дай қатерлі ісіктің ізі жоқ. Ша­масы, біреулер оны ауруың жаман деп үрейлендіріп, шетелге барып ем­деуге көндіріп, ауру емес адамды ем­деп жаздық деп көп ақшасын ал­мақ болған сыңайлы.
Жалпы, мұндай қате диагноз қойыл­ғандардың талайын анықта­дық. Соның арқасында қатерлі ісікке шал­дықты деген талай адамда ондай де­рт­тің мүлде жоғы анықталып, ауыр химиятерапиядан сақтап қал­дық.

Әр қадамды ойланып басқан жөн

Сұхбатымыздың соңында Жау­ғаш­ты аға былай деп ескертті:
– Аурудың диагнозының дер ке­зінде анықталуы – аса маңызды нәр­се. Мә­селен, адамның асқазандағы қа­­тер­лі ісік бірінші кезеңінде анық­тал­­са, ондайды науқастардың 95 пайы­зы дертінен құлан-таза айығып ке­теді. Ал дерт екінші-үшінші кезең­де анық­талса, ондайға ұшырағандар­дың 50 пайызы ауруынан жазылады. Де­мек, кез келген адам медициналық тек­­серулерден уақытылы өтіп, сау болса сау екені анықталып, ауруы бол­са диаг­ноз дұрыс табылса, ол жеке адам үшін де, медицина ғылы­мы үшін де, мем­лекет үшін де аса пай­далы нәр­се. Себебі біздің елде ең басты байлық – адам, ең құнды нәрсе адамның өмірі.
«Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған пайдалы» дейді халық дана­лығы. Соны жадымыздан шығар­мауы­мыз керек. Халқымыз әлі күнге өз денсаулығына мән бермейді, ауыр­са әбден әлсірегенше дәрігердің ал­дын көрмейді. Сау күнінде денсау­лығын тексертетіндер бар, ауырса дәрігерге көрінетіндер бар, ал енді бірі науқасы әбден меңдегенде ғана ме­дицинаға жүгінеді. Осының ең ал­дыңғысы болғанымыз жөн. Дұрыс та­мақтануға, зиянды әдеттерден ау­лақ болуға тырыссақ, уақытында дем алып, уақытында ем алсақ – ұзақ жа­­сауға кепілдік сол. Әрбіріміздің от­­ба­сымыз, солардың алдында жауап­кершілігіміз барын ұмыт­пайық!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

 

Серіктес жаңалықтары