255
Геология комитетінің төрағасы 2 айға қамауға алынды
Геология комитетінің төрағасы 2 айға қамауға алынды
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев 2 айға қамауға алынды.
Бұл мәліметті ҚазАқпаратқа Астана қалалық сотының баспасөз қызметінен растады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің басшысы Б. Нұрабаевтың қылмысын әшкерелеп, жолын кесті. Ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жасағаны үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде аса ірі көлемде пара алудың ауқымды қылмыстық сызбасын ұйымдастырған. Оған комитет төрағасының сенімді тұлғасы - орынбасар Н. Құрбанов, «Орталыққазжерқойнауы» ӨММ және «Оңтүстікқазжерқойнауы» ММ басшылары А. Нұржаубай мен Е. Әділханов, «Қазгеоақпарат» РГАО ММ басшысы А. Өтегенов, Маңғыстау облысы геология инспекциясының басшысы Б. Мұтан, сондай-ақ комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары тартылған. Нұрабаев алған параның жалпы сомасы - 100 мың доллар. Бұған қоса, Б.Нұрабаев пен Н.Құрбанов қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып және құпия ақпараттарды қолдана отырып, болашағы бар кен орындарын мүдделі кәсіпорындарға заңсыз түрде рәсімдеген. Осы мақсатта құрылтайшы ретінде 30-50% үлесті иеленіп отыратын аталған тұлғалардың туыстары мен сенімді адамдарынан тұратын арнайы компаниялар құрылған. «Астана қаласы Алматы аудандық №2 аудандық соты 8 наурыз күні күдікті Базарбай Нұрабаевқа қатысты 2017 жылдың 6 мамырына дейін қамауға алу түріндегі шараны санкциялады», - делінген қалалық сот баспасөз қызметінің ақпаратында.