Түркістанда әкімдік қызметкері балабақша иесін ұрып жіберген (ВИДЕО)

Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған.

Түркістанда әкімдік қызметкері балабақша иесін ұрып жіберген (ВИДЕО)
Скриншот
1098

Түркістан облыстық білім басқармасында өткен комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесіне күш қолданған. Бұл сәттің видеосы отырыстың түсірілімі кезінде түсіп қалған, деп хабарлады otyrar.kz.

Бейнежазбаны Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев Facebook-парақшасында жариялады.

Әкімдіктен пана, көмек сұрап келіп жатқан халық келіп, таяқ жеп кетіп жатса,  «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бұған не дейді?  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұған не дейді, әлде мемлекеттік қызметкерлерге  арналған заң тек  аудандар мен ауыл әкімшіліктерінде қызмет жасайтын жәй мамандарға ғана қолданылады ма?, - деп жазды автор.

Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. Соққыға жығылдым деген әйел балабақша иесі екен.

Отырыс кезінде екеуінің арасында жанжал туындаған. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.

Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстіне арызданған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.

Аталған іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Түркістан облыстық әкімдігіндегілер балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Аталған оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс берілген.

 

Серіктес жаңалықтары