«Несие алмай-ақ, қарызға батпай-ақ кәсіп жүргізуге болатынына көзім жетті» – жас кәсіпкер

Аманбек Мағзұмхан – ағылшын тілін үйретуге бағытталған қазақша жаңа әдістеме әзірлеп, оны pocketbook форматында әзірлеп шыққан жас кәсіпкер.

«Несие алмай-ақ, қарызға батпай-ақ кәсіп жүргізуге болатынына көзім жетті» – жас кәсіпкер
5090

Аманбек Мағзұмхан – ағылшын тілін үйретуге бағытталған қазақша жаңа әдістеме әзірлеп, оны pocketbook форматында әзірлеп шыққан жас кәсіпкер. Ол бұл істі қолға алуына «Меломан» дүкендерінің сөресінде ағылшын тілін үйретуге арналған орыстілді сөздіктер себеп болғанын айтады. Арманы асқақ, мақсаты айқын Аманбекке хабарласып, аз-кем сөйлескен едік.

– Аманбек, кәсіпкерлікпен айналысуға не себеп болды? Бизнес бастау туралы идея қайдан туындады?

2018 жылы телеарнада жұмыс істеп жүрген кезімде кәсіпкерлікпен айналысу туралы ой келді. Ұлттық арнада ашылған бағдарламаны соңына дейін жүргізіп, ары қарай кәсіп жасауға кірістім. Кәсіп жасауға себеп болған мына нәрсе айлықтан айлыққа өмір сүру мәселесі. Оның үстіне таңнан кешке дейін бір айлыққа жұмыс істеу, жұмысқа байлану жағы да еркіндікті жақсы көретін маған ұнамады. Бұл ретте ең қолайлысы кәсіп деп шештім. Яғни, кез келген уақытта тұрып-жүріп, өзіңе ұнайтын іспен айналыса аласың. Бизнес бастау идеясын ағылшын тілін үйрету курсынан бастадым. Себебі ағылшын тілін мектептен жақсы меңгергенмін. 9-сыныптан бастап туристерге гид қызметін атқардым. Ағылшын тілін еркін меңгергендіктен, ары қарай осы қабілетімді «монетизацияға» айналдырамын деп шештім. Сөйтіп, оқушыларға ағылшын тілін үйрететін курс аштым.

– Жұмыс күніңіз қалай өтеді?

Жеке кәсіпте жүргеннен кейін дүйсенбіден жұмаға дейін немесе таңертеңнен кешке дейін деген қатып қалған күн тәртібім жоқ. Ал компанияда қызметкерлер үшін 5/7, 2/2 немесе сағат 9.00-ден 18.00-ге дейінгі уақыт аралығында жұмыс уақыты белгіленген. Жалпы жұмыс күнім көбіне кездесумен өтеді. Маркетолог, таргетологтардың жұмысына қатысты кездесулерге қатысамын. Қазір бірнеше жобам болғаннан кейін, жұмыс есебін шығарып, апталық, айлық жоспар әзірлеймін.

– Жеке кәсіпкерлікті дөңгелету анау айтқандай қиын емес пе?

Қиын ештеңесі жоқ. Өзіңе ұнайтын іспен айналысқаннан кейін, оның қиындығына қарамайсың. Бар ықыласыңмен беріліп жұмыс істейсің. Және өз уақытың – өз құзырыңда. Өзіңе ыңғайлы уақытта жұмыс істеп, қалаған уақытыңда демаласың.

– Күнделікті қалыпты жағдайға айналған әдетіңіз бар ма?

Жұмыстан бөлек, қалыпты жағдайға айналған әдетім – жаттығу. Таңертең ертемен немесе кешкілік жаттығу залдарына тұрақты түрде барамын. Себебі жаттығу менің күш-қуатымды толықтырып отырады. Және дене-бітіміңді, денсаулығыңды қалыпта ұстау үшін керек. Тағы бірі, соңғы 3 жылда тұрақты, қалыпты  жайтқа айналған әдетім – кітап оқу. Отырып оқуға ыңғайы келе бермейтіндіктен, күніне кем дегенде 2 сағат кітаптың аудио нұсқасын тыңдаймын. Кейде бір күнде бір кітапты бітіріп тастайтын кездер болады. Өзіңді үнемі дамытуда кәдімгідей көмектеседі.

– Сізге жаңа идея сыйлайтын не нәрсе?

Жаңа идеялар ізденістен туындайды. Сондықтан тоқтаусыз ізденісте, кәсіпкерлер ортасында болған, түрлі саладағы адамдармен араласқан дұрыс. Маркетинг, сату, инвестиция, жалпы бизнес жүргізуге қатысты қандай ақпарат болса, қарап-қамтып жүруге тырысамын. Күнделікті ізденіссіз ісің алға жүрмейді. Онсыз өнбейсіз, өспейсіз.

Жеке кәсіппен айналысқаннан кейін, өзіңнен көш ілгері кәсіпкерлердің тәжірибесіне көңіл бөлген, олардан ақыл-кеңес алған маңызды. Менің үлгі тұтарлық менторларым әлемдік нарықта жүрген кәсіпкерлер. Ағылшын тілін білетіндіктен жасаған дүниелеріне әлемнің көзі жеткен шетелдік кәсіпкерлерді онлайн тыңдаймын, қараймын. Себебі олардан айналысып жатқан нишаларымыздың біз білмейтін құпияларын анықтауға, идеялар алуға болады. Одан бөлек, Google, YouTube «жол сілтейді», іздеген керегімді табамын.  Бәсекелестерімізді зерттей отырып, жаңашыл идеяларымызды нарыққа енгіземіз.

– Сіздіңше, табыс кілті неде? Бизнес жүргізуде сізге көмектесетін инвесторлар бар ма?

Бастапқыда кәсібіме инвестиция тартып көргем. Кейін инвестиция тартпай-ақ, несие алмай-ақ, қарызға батпай-ақ кәсіп жүргізуге болатынына көзім жетті. Егер дұрыстап ізденіп, ойланатын болса, қаржы салмай-ақ кәсіп жүргізуге болатын мүмкіндік көп. Қазір істеп жатқан жобаларымның ешқайсысына инвестиция тартып, ақша құйғам жоқ. Ең маңызды валюта, табыс кілті – адамның білімі, энергиясы және уақыты. Осы үш нәрсені дұрыс басқара алсаңыз, қызметкерлеріңіздің әлеуетін бағалай алсаңыз, идеяларыңызды өткізе алсаңыз, кез келген кәсіпті «0»-дан бастап кетуге болады. Сондықтан қаржыны ешкімнен, ешқайдан алмаймын.

– Аманбек, ағылшын тілі бойынша жаңа әдістеме әзірлеп, оны pocketbook форматы бойынша басып шығарған екенсіз. Оның ерекшелігі неде?

Бұл идея офлайн курс жасап жүргенімде ойға келген. Себебі қазақ тілді балаларға арналған  қосымша білім беретін ағылшынша-қазақша оқулық пен қолайлы сөздік таппадым. Мысалы «Меломан» дүкеніне  барсақ, шет тілдер әдебиеті бөлімінен тек ресейлік авторлардың сөздік кітаптары мен оқу құралдарын көреміз. Осыдан кейін ағылшынша-қазақша Pocketbook сөздіктер мен сөйлемдер жинағын шығаруды қолға алып, дайындап шығардым. Кітаптың ерекшелігі pocketbook яғни, қалта кітап форматында әзірленуі. Күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдер қамтылған. Кез келген жерде өзіңізбен бірге алып, сөздерді, сөз тіркестерін жаттап жүруге ыңғайланып жасалған.

– Жаңа клиенттер тарту үшін қандай маркетинг тәсілдері оң нәтиже береді?

Жаңа клиенттер тарту үшін жасалатын маркетинг тәсілдерінің түрлері көп. Әсіресе, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалана білсе, ел ішінде танымал болса, соның кәсібі тез жүреді. Бұрынғыдай, біреуден біреу еститін «сарафанды радио» әдісі де жұмыс істейді. Бірақ бұл жерде тауардың сапасына байланысты. Ал бәсекелестік күшті жерде әлеуметтік желідегі танымалдық пен блогерлер жарнамасы басымдыққа ие. Яғни, айналысып жатқан ісіңді әлеуметтік желі арқылы көрсете білу маңызды маркетинг, жақсы нәтиже береді деп ойлаймын.

– Ең үлкен жетістігіңізді атай аласыз ба?

Ең үлкен жетістігім – жалдамалы жұмыстан шығып, кәсіпкерлікке келуім. Кәсіпкерлік жолда табыс пен жетістікке жету табандылықты, тұрақтылықты және ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан жеткен жетістігім болса, таза алған біліміммен, потенциалыммен ғана өлшеніп, анықталады дер едім.

– Алға қойған тағы қандай мақсат-жоспарларыңыз бар?

Алға қойған мақсат-жоспарларым көп. Қазір 4-5 жобам бар, командам бар, кәсіптің түрлі саласында серіктестерім бар. Әлемдік деңгейге шығып, кәсібімізді бұдан бетер дөңгелетеміз деген ойдамын.

– Іске сәт! Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Аянхан Үмбет,

Astana IT University-нің 2 курс студенті

Серіктес жаңалықтары