Ойыл оңалып келеді

«Ойыл – көздің жасы еді...» депті бір за­мандарда Асан қайғы бабамыз. Бүгінде ойыл­дықтардың көз жасын сүртуге күллі Қа­зақстан ұмтылып отыр.

Ойыл оңалып келеді
turkystan.kz
1130

Биылғы су тасқынында Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданы­ның тұрғындары қатты зардап шеккені республикалық, жергілікті БАҚ-та жиі айтылды, жазылды. Қа­зір мұнда қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүріп жатыр. 

Қоғамдық штаб жұмыс істеп жатыр 

Ойыл – Ақтөбенің батысында ор­­на­лас­қан, Атырау, Батыс Қазақстан об­­­лыстарымен шек­тесетін аудан. Негізгі күн­көрісі – мал шаруа­шылығы. 
Су тасқынынан келген шығын орасан. Ау­данда 330 үйге су кіріп, 1452 адам эва­куа­ция­ланды. Төтенше жағдай қызметкерлері 70 адамды құтқарды. 12 әлеуметтік ны­сан­ды, 1 облыстық маңызы бар, 7 аудандық маңы­зы бар автомобиль жолын су шайды. Аудан орталығын сыртпен жалғайтын кө­пір­дің бір бөлігі бүлініп, жарамсыз болып қал­ды. Соның салдарынан аудан аралға ай­­­налды. Құтқарушылар, азық-түлік тікұ­шақ­пен тасылды. 
Бұрын-соңды болмаған апаттан адам­дар абдырап қалды. Жасы 80-нен асқан кі­сі­лер де өз өмірінде бұндай су тасқынын көр­мегенін айтады. Баспанасынан, мал-мүл­кінен, өмір бойы жиған-тергенінен ай­рыл­ған­дардың көңіл күйі қайдан болсын, ащы әң­гімелер де айтылып жатты. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет бір­де-бір адамды ескерусіз қалдыр­май­ты­нын, зардап шеккендерге қаржылық және бас­қа да көмек көрсетіліп, материалдық шығын толық өтелетінін айтқан cоң көп­ші­ліктің көңілі орнына түсті. Арқасүйер мем­лекеті бар екенін, далада қалмайтынын тү­сінді. Көп ұзамай материалдық көмектің ал­ды келе бастады. 
Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданда тө­­­­тенше жағдай басталған сәттен бастап жағ­дайды өз бақылауына алған болатын. Үкі­мет басшысының орынбасары Серік Жұ­манғарин келіп, Ойылдың ахуалын өз кө­зімен көріп кетті. 
Қазір ауданда жағдайды қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тас­қынының зардаптарын еңсеру мақсатында құра­мында аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы, қоғамдық кеңес мү­ше­лері, қоғам қайраткерлері, кәсіподақ, «Ата­мекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бі­лім, денсаулық сақтау, жастар ұйым­да­ры­ның өкілдері, медиатор, дін саласы өкілдері мен тиісті атқарушы билік өкілдері бар қо­­­ғамдық штаб құрылып, оның бас­шы­лы­ғы­на аудандық мәслихаттың төрағасы Сә­кен Займолдин бекітілді. Қазір әр күнгі жұ­мыс сараланып отыр. 
Қатты зардап шеккен елді мекеннің бірі – Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық ок­ругтің орталығы Қаратал ауылы. Бұл – ақ та­рының атасы атанған Шығанақ Берсиев­тің қонысы. Әйгілі дихан әлемдік рекордты осы ауылда тұрып жасаған. Бүгінде ауыл тү­гел дерлік суға кетті. 228 үйдің 210-ы мүл­де жарамсыз. Бұл – комиссия анықтаған де­рек. 18 үйге күрделі жөндеу жасалуы ке­рек. 36 үйдің тұрғыны бізге үйді аудан ор­та­лығынан салып беріңдер деп талап қойып отыр. 
Қазір үйлерді бұзып, орнын тазарту жұ­мыстары жүргізілуде. Бұған қол көмек керек бо­лып, аудан халқына үндеу жасалды. Көп адам, әсіресе, жастар келіп жатыр.
Ойыл ауылдық округіне қарасты Ек­пе­­тал, Жаңабаз ауылдарындағы үй­лер толық­тай суға кетті. Енді ол ауыл­дар­дың тұрғындарын толықтай аудан орта­­лы­ғына көшіру керек. Қазір 66 үйдің сметасы әзір­леніп жатыр. Сондай-ақ Ақкемер ауы­лын­да 15, Кемер ауылында 4 үй суға кетті.

312 үй салынады 

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін ең алдымен баспана керек. Қазір ауданда 330 тұрғын үйге техникалық тексеру жүр­гі­­­зіліп, 312 тұрғын үйді қайта салып, 18 тұр­ғын үй жөндеуді қажет ететіндігі анық­тал­ды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге 
58 578,1 миллион теңге өтемақы аударылды. Жаңа­дан салынатын 312 тұрғын үйге құ­ры­лыс жұмыстарын жүргізуге инженерлік-инф­рақұрылымдық желілері тартылған жер учаскелері қарастырылып отыр. Құны 22 миллион теңге болатын 80-100 шар­шы­метр­лік үйлер салынады. Су тасқынынан зар­дап шеккен 336 отбасына 124051,2 мил­лион теңге біржолғы әлеуметтік төлем ау­да­рылды.
Жалпы, су тасқыны кезінде Кемер, Ақ­ке­мер, Бестамақ, Ақжар, Қаракемер, Ақша­тау, Қаратал, Көсембай, Құмжарған, Шиқұ­дық секілді ауылдарда электр жарығы бол­май қалған болатын. Қазір толық қал­пы­на келтірілді. Сондай-ақ Ойыл, Құмжар­ған, Көсембай, Ақкемер, Бестамақ, Ақшатау, Қаратал, Қаракемер, Кемер ауылдарында тоқ­тап қалған ауызсу қайта берілді. Қараой мен Көсембай ауылының байланыс жүйесі қалыпқа келтірілді. 
Эвакуацияланған адамдар үш жерге ор­наластырылған болатын. Қазір көбі үйле­рі­не оралып, бір ғана эвакуациялық орталық қал­ды. Онда 28 адам бар. Осы арада апат күн­дері аудан орталығының тұрғындары көп балалы отбасыларды үйді-үйге бөліп әке­тіп, төрін беріп, ас-суын ұсынғанын айта кет­кен жөн. 
Шиқұдық ауылының жолын су басып, арал­ға айналды. Вице-Премьер Серік Жұ­ман­ғарин мен облыс әкімі Асхат Шахаров тікұ­шақпен келген кезде ауыл тұрғындары кеңес заманынан қалған көтерме жолды реттеп, су тартып беруді сұраған болатын. Кө­пірді де қалыпқа келтіру керек. Жақында об­лыс әкімі Асхат Шахаров мұнда тағы ке­ліп кетті. 174 адам тұратын ауылға жақында жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын пысықтайтын болды. 
Көпір демекші, Ойыл ауылына кіре­беріс­тегі көпірдің тіреуіштері істен шығып, ау­дан орталығына кіріп-шығу қиын­дап қалды 16 мың тұрғыны бар Ойыл ау­даны үшін бұл – үлкен мәселе. Оны шұғыл шешу мақсатымен алғашқы күндерде Алматы облысы Қонаев қаласындағы Қарулы Күштерінің инженерлік техникасы, 15 әскери қызметшісі жіберіліп, 60 тонна жүк көтере алатын пантонды-көпір пар­кі­нің 3 звеносы іске қосылды. Келіп жеткен гу­манитарлық көмек, автокөліктер, жо­лау­шы­лар осы қалқымалы көпір арқылы өт­кі­зілді. Бірақ өзендегі су азайған соң бұл кө­пірдің пайдасы азая береді екен. Сондықтан қа­лай да бұрынғы көпірді қалпына келтіру ке­рек. Оның үстінен қазір көлік жүре ал­май­ды. Кәсіпкерлер азық-түлікті көпірге дейін әкеледі де, бері қарай жаяу тасы­мал­дай­ды. Жанар-жағармайды шланга арқылы бері қарай өткізуге де дағдыланып қалдық. Тек газ мәселесі қиын болып тұр. Ауыл тұр­ғын­дары облыс орталығына немесе көрші аудандарға баратын болса, көпірден ары қа­рай жаяу өтіп таксиге мінеді. Келерде де сөйтеді. 
Қазір көпір өте керек. Өйткені жоғарыда айт­қанымыздай, екі ауылдың тұрғындары түгелдей аудан орталығына көшіріледі. Аз­ғантай уақытта үй салып бітіру керек. Күз­дің қара суығына қалдыруға болмайды. Ал ол үшін құрылыс материалдарын тасу ке­рек. Көпір болмаса, оның бәрі бос әңгіме. Қа­­зір облыс басшылығы уақытша көпір салу керек деген байламға келіп отыр. Оны са­­латын мердігер анықталды. «Тенгиз­Строй­СервисГрупп» мекемесі қазір тірек баға­на­ла­рын орналастыратын жер қыртысын зерт­теп жатыр. Техникалық тексеру қор­тын­­дысы шыққасын құрылыс жұмысы бас­­­­­талады.
Саралжын ауылдық округіндегі көпір де істен шықты. Қазір халық айналма жолмен қа­тынап жүр. Ауылдарға шығатын жолдар­дың да жағдайы мәз емес. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен облыстық Жо­лаушылар көлігі және автомобиль жол­да­ры басқармасы бұл мәселені қолға алды. 
Ойылдың басты күнкөрісі – мал шаруа­шы­лығы екенін жоғарыда айттық. Ауыл­шаруа­шылығы вице-министрі Аманғали Бер­далин аудандағы шаруалармен жүздесті. Көп мәселені көңіліне түйіп кетті. Су тас­қы­ны кезінде мал қырылып қалды. Қазір әр ауыл­дық округтен құрылған жергілікті ко­­­миссиялар 6 024 бас мал өлекселерін анық­тап, утилизация жұмыстарын жүр­гізуде.
Мал өлекселерінен бөлек, су шайып кет­кен жерлердің бәрін – әлеуметтік ны­сандарды, аулаларды дезинфекция­ла­маса, ін­дет тарау қаупі бар-ды. Сондықтан да жер­гілікті билік бұл іске құмбыл кірісті. Ден­саулық сақтау министрлігі Ұлттық са­рап­тамалық орталығының Ақтөбе облысы бойынша филиалының өкілдері шақыры­лып, дезинфектор мамандар ауылдарда за­лалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Қа­зірге дейін 328 нысан қамтылды. Бұл жұ­мыс әлі жалғасып жатыр. 
Қазір мал басына төлем төлеу бастал­ды. Ко­миссия тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. 

Біртұтас Қазақстан

Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішев, Асқар Садықов және оларды бастап келген «AMANAT» партиясы облыстық филиа­лы­ның атқарушы хатшысы Ербол Дана­ғұлов­тар аудан халқымен кездескен шағында «Әке, «Ханторыны» құтқаршы» деп шырыл­да­ған сәті әлеуметтік желіде тарап кеткен 3 жа­сар Бейбарысқа Қазыбек Әлішев «Нұр­жебе» атты бәйге атын сыйлады. Аманжол Әлтай өлең арнап, сәбидің маңдайынан иіс­кеді. Депу­таттар халықпен етене әңгі­мелесіп, Мемлекет басшысының бірде-бір адам ескерусіз қал­майды деген сәлемін жет­кізді.
Жалпы осы апат Қазақстанның біртұтас екенін көрсетті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келіп жатқан көмекте есеп жоқ. 
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Тараз, Шымкент, Түркістан, Алматы, Маң­ғыс­тау өңірлерінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары то­лассыз келіп жатыр. 
Мәселен, Түркістан облысы Мақтаарал, Түлкібас ауданы халқының жинаған қара­жатына екі үлкен жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек Ойыл ауданына екі мәрте келіп жетті. 
«AMANAT» партиясының Түркістан облысы Мақтаарал аудандық бөлімінің атынан аудандық мәслихат депутаты Қанат Мырзахметов суға кеткен қараталдықтарды бір ай тегін ыстық нанмен қамтамасыз етуге қаражат бөлді. 
Сондай-ақ Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының жүк көлігін жүргізу­ші­ле­рі­нің бастамасымен және Бейнеу ауданы әкім­дігінің, кәсіпорын басшыларының қол­дауы­мен 13 мың ұлутас, 200 дана шпал жет­кізілді. 
Алматыда тұратын жерлесіміз Жәрдем Ақ­бисенов «Ойылға жәрдем» қорын құрып, әр жақта жүрген жерлестеріміздің басын бірік­тіріп туған жеріне азық-түлік, жатын төсек, үйлері суға кеткен жандар үшін киіз үй әкеліп берді. Оның шырылына құлақ түрген Әлмерек бабаның 365 жылдығына ас бергелі отырған ұрпақтары оны кейінге қал­дырып, Ойылға қолұшын беруді ұйға­рып­ты.
Өнер адамдары да қарап қалған жоқ. «Ди­машӘли» шығармашылық орталығының же­текшісі Қанат Айтбаев Екпеталда дезин­фек­ция жүргізетін мамандар үшін 20 ар­найы киім алу үшін қаражат аударды. Бел­гі­лі продюсер Ерғали Әбдірайымов, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, ән­ші-композитор Өктем Алтаев, эстрада жұлдызы Роза Әлқожа, талантты жұп Ми­рас-Құралай Бекжановтар Ойыл өңіріне ар­найы ат басын тіреп, өнер адамдарының ықы­ласын жеткізіп, 2 жылжымалы үй табыс етіп кетті. Осы арада жерлестеріміз Жанар Ай­жанова мен Мирас Бекжановтың жанұ­шы­ра жүгірген еңбегін айта кеткен жөн.
Оқушылар оқуын оқу орталықтарында жалғастырады 
Суға кеткен ауылдардың тұрғындарына психологиялық көмек те керек. Әсіресе, ба­­­лалардың тезірек ес жиғаны абзал. 
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауы­мен төтенше жағдайға тап болған Ек­петал мектеп-балабақшасы мен Ш.Бер­сиев атындағы орта мектебінің, Жамбыл мек­теп-балабақшасының 112 оқушысына рес­публикалық оқу-сауықтыру орталық­та­рына демалу және оқу үшін жолдама бөлін­ді. Алматы облысы Қонаев қаласындағы «Балдәурен Қонаев» республикалық ор­та­лығына 30 оқушы жіберілсе, Жамбыл облы­сын­дағы «Мөлдір Бұлақ» лагеріне 50 оқушы, Қа­рағанды облысындағы «Балдәурен Бал­қан» орталығына 20 оқушы және Алматы қаласындағы «Тау Тұран» республикалық ор­талығына 12 бала кетті. Бұл орталықтарда ба­­лалар демалып қана қоймайды, белгі­лен­ген жоспар бойынша барлық оқу бағдар­ла­масы жүргізіледі.
Сондай-ақ, қараталдық 17 түлек М.Құ­сайы­нов атындағы облыстық дарынды ба­ла­ларға арналған мамандандырылған ли­цей-интернатында білімін жалғастырып, ҰБТ- ға дайындалуда. 
«AMANAT» партиясының облыстық фи­лиалы да осы күндерде қыруар шаруаны жү­зеге асырып, көп дүниеге ұйытқы болып отыр. Облыстық филиалдың атқарушы хат­шысы Ербол Данағұлов Ойылға қайта-қай­та келеді. 
Әрине, апат ойсыратып кетті. Бірақ оның күллі Қазақстан халқын жұ­ды­рық­тай жұмылдырып кеткенін де ұмыт­паған жөн. Ал бірлігі мықты елді ешқандай жау ала алмайды. 
«Ойыл – көздің жасы еді...» депті бір за­мандарда Асан қайғы бабамыз. Бүгінде ойыл­дықтардың көз жасын сүртуге күллі Қа­зақстан ұмтылып отыр. 

Еркін ЖИЕНАЛИН, 
«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы

Серіктес жаңалықтары