Алтыны көптер анық басады

Осы айда алтын құны өсіп, бұрын-соңды бол­маған деңгейге жетті.

Алтыны көптер анық басады
сурет: ашық дереккөз
1260

Осы айда алтын құны өсіп, бұрын-соңды бол­маған деңгейге жетті. Жалпы, алтын бір жылда 16,5 пайызға қымбаттаған. Осылайша, әлемнің көптеген жетекші экономикасы алтын жинауға ерек­ше ден қоя бастағанын байқауға болады. Бұл ал­тын құнының өсуінің тағы бір қозғаушы кү­шіне айналып отыр. 
Жалпы, алтын нарығындағы жағдай қандай? Елі­міздегі алтын-валюта резервінде қандай өз­герістер бар? Шолу жасап көрейік.

Алтын доллардан алшақтата ма?

Сәуірде алтынның бір унциясы 2 364 долларға жетіп, бағалы металдың құ­ны жеті сессия қа­тары­нан рекорд дең­гей­ге жетті. Бұған дейінгі тарихи мак­симум наурызда тіркелген болатын. 
Әлемдік сарапшылардың пікірі мен шет­ел ба­сылымдарында жарияланған тал­дау­ларға шолу жа­сасақ, алтынның қым­бат­тауы­на шиеленіскен геосаяси ахуал мен АҚШ Федералды резерв жүйесі базалық пайыз­дық мөлшерлемені төмендетеді деп күт­кен ин­весторлардың болжамы қозғау­шы күш болып отыр. Со­нымен қатар қор на­рықтарының төмендеу қаупі де ық­пал ет­ті деген себеп айтылады. 
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) алдын ала бағалауы бойынша, қаң­тарда әлемдік орталық банктер алтын-валю­та резервтеріне 39 тонна алтын сатып ал­ған. Бұл былтырғы желтоқсандағы 17 тон­на таза сатып алу көлемінен екі еседен ас­там асып түсті. Осылайша, әлемнің орта­лық банктері резервтеріне сегізінші ай қа­тарынан алтын сатып алып жатыр. Биыл жыл басында алтынды ең көп сатып алған Түр­кия Орталық Банкі болды. Ел ресми ал­тын қорын 12 тоннаға көбейткен. Ал Ре­сей Банкінің алтын қоры 3 тоннаға азай­ған. 
Сонымен қатар Қытай бастаған орта­лық банктер АҚШ долларына тәуелділікті азайту үшін алтын сатып алып жатқаны ба­ғалы металдың аспандауына әсер етіп жат­қаны айтылуда. Reuters Қытай Халық Бан­кі биылғы наурызда алтынды 17 ай қа­тарынан сатып алып, 160 000 унция қо­сып, резервін 72,74 миллион троя унция­сы­на жеткізгенін жазды. Ал Capital Economics компаниясы 9 сәуірдегі талдауында Қы­тай инвесторлары алтынды бағасы тө­мен­деген жылжымайтын мүлік пен акция­лар­ға балама актив ретінде қарастыратыны айтылады.
Жалпы, орталық банктер алтынды эко­номикалық және халықаралық ахуал шие­леніскен кезде қауіпсіздік жастығы ретінде қа­растырады. Себебі алтын – тұрақты ин­вес­тиция. Пайыздық мөлшерлемелер тө­мен­деген кезде, алтын бағасы өседі, өйткені құйма облигация сияқты активтерге қара­ған­да сұранысқа ие бола бастайды. Инвес­тор­лар, сонымен қатар алтынды инф­ля­ция­дан қорғайтын құрал ретінде қарас­тыра­ды, өйткені алтын құймасы баға өскен кез­де өз құнын сақтап қалады. Сонымен қа­тар алтынның құны ежелгі заманнан бері тұрақтылығымен ерекшеленеді.

«Алтын күшейген дәуірге аяқ басуымыз мүмкін»

АҚШ-қа экономикалық тұрғыдан тәуел­­ді болғысы келмейтін орталық банк­тер барған сайын доллардан «қашудың» тә­сілін қарастырып жатқаны жиі айтылып жүр. JP Morgan зерттеу агенттігінің нау­рыз­дағы аналитикалық жазбасына сәйкес, АҚШ-пен одақтас емес елдер санкция­лар­дың әсерін азайту үшін алтын жинай ала­ды. Осылайша, бұл үрдіс алтын бағасының одан әрі шарықтауына әкелуі мүмкін. JР Morgan алтын күшейген дәуірге аяқ ба­суы­мыз мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйт­кені орталық банктердің алтын сатып алуы алдыңғы онжылдықтағы орташа жыл­дық сатып алудан екі есе көп болып отыр.
Moody's компаниясының бас эко­номисі Марк Зандидің айтуынша, мұ­най бағасы да өсуде, бұл АҚШ экономи­ка­сына қауіп төн­діреді. UBS талдау орталы­ғының зерттеуіне сәйкес, мұнай бағасының өсуі инфляцияға байланысты алаңдау­шы­лықты өршітіп, алтын бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.
Кейбір инвесторлар бағаның өсуіне байланысты спекуляция жасап, оларды одан әрі көтеруге үлес қосып отыр. Кей компаниялар алтын құймаларды, со­дан соң күміс монеталарды жаппай  онлайн са­та бастаған. Wells Fargo бағалауы бойын­ша, қазіргі уақытта компания ай сайын 200 миллион долларға дейін алтын мен күміс сата алады. Желтоқсан айында компания ал­­­­дыңғы тоқсанда 100 миллион доллардан ас­там алтын құйма сатқаны белгілі болды.
Сондай-ақ алтын саяси белгісіздік ке­зін­де сақтауға болатын дәстүрлі актив екенін атап өткен жөн. Биыл 60-тан астам ел­де сайлау өтеді, соның ішінде АҚШ-тағы пре­зидент сайлауы, Еуропа парламенті сай­лауы бар. Геосаяси және экономикалық бұ­лыңғырлықтың күшеюі алтынның құн­ды  кемімейтінін тағы бір дәлелдеп отыр.

Алтын қорымыздың ахуалы қандай?

Жыл басынан бері еліміздегі алтын-валюта резерві 1,9 млрд долларға өсіп, 1-тоқсанның соңындағы мәлімет бойынша 37,8 млрд АҚШ долларына жет­кен. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекова "Курсивке" берген сұхбатында мәлімдеген болатын.
– Әлбетте, АВР-дің өсуіне әсер еткен не­гізгі фактор – алтын нарығындағы «жа­рыс» екені даусыз. Осылайша, қарас­ты­ры­лып отырған кезеңде бағалы металдың ба­­­­ғасы 7 пайызға өсіп, бір троя унциясы 2 062-тен – 2 207 АҚШ долларына дейін  жет­­ті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 АҚШ долларынан түсіп, 1 990,8 АҚШ дол­ларына дейін төмендеді. Ал алтын баға­сы­ның ең жоғары құны 1 троя унциясы 2 210 АҚШ долларына теңелгенде тіркелді, – деді ол.
Ұлттық Банктің мәліметінше, алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар бол­жамының өзгеруіне, нарық бол­жам­да­рына сәйкес келмейтін АҚШ-тың мак­роэ­кономикалық статистикалық деректеріне, сон­дай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өр­шуіне байланысты болып отыр. Осы­лай­ша, нарық бұлыңғырланып, геосаяси ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі бо­лып қала береді.
Еліміз былтыр 120 тонна алтын сатқан. Сон­дай-ақ еліміздегі алтын өндірушілерден 65,5 тонна алтын сатып алынған. Нә­ти­же­сінде, былтыр жыл аяғына қарай резервтегі ал­тын үлесі 58,4 пайыздан 54,2 пайызға дейін азайыпты. Сонымен қатар Ұлттық Банк сыртқы нарыққа алтын сатуды әрі қа­рай жалғастыруды жоспарлап отыр­ға­нын мәлімдеді.

Андрей Чеботарев, 
экономист-сарапшы:

Тек валюталық резервтерге қарағанда алтыннан көп пайда бар

– Алтын – қай кезде де құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Әлемде дағдарыс немесе басқа да ойламаған оқиғалар болғанда, алтынның құны өседі. Яғни, шартты түрде айтар болсақ, әлемде қиын жағдайлар бола қалса, АҚШ көптеген доллар басып шығаруы мүмкін, сөйтіп оның құны арзандайды. Ал алтын, сәйкесінше өседі, өйткені ол әрқашан абсолют бағаға ие. Яғни, бұл – нақты актив. 
Қазақстан қордағы алтын үлесі бойынша әлемде алғашқы орындардың бірін иеленеді. Яғни, резервтердегі алтын үлесі бойынша алғашқы 10-дыққа кіреміз. Меніңше, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұл біздің болуы мүмкін дағдарыстарға дайындалғанымызды көрсетеді. 
Сондай-ақ стратегия өзінің сәтті екенін байқатып отыр, өйткені троя унциясы 2 мың доллардан жоғары бағаланып, тарихта алғаш рет алтынның құны абсолютті максимум мәнді көрсетті. Осылайша, қайта есептеулер бойынша еліміздің портфелі өсті. Бұл да – өте жағымды жаңалық. Негізінен, алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Алтын абсолют баға деп саналады. Сондықтан алтын қоры резервтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда біз оны жұмсай аламыз. Яғни, тек валюталық резервтерге қарағанда алтыннан көп пайда бар.

Осылайша, геосаяси бұлыңғырлық сейілмей тұрғандықтан, алтынның құны асқақтап отыр. Оған басқа да қосымша факторлар қосымша күш беруде. Ұлттық Банк сыртқы нарыққа алтын сатуды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Жалпы, шетел сарапшылары қазіргі жағдайға байланысты алтынның күні туып келеді деген пікірді алға тартып отыр.

Серіктес жаңалықтары