Түркі  өркениеті – тұтас адамзаттың өркениеті

Фестиваль қонақтары Мұрат Есжан, Өтеген Нартай, Бертіс Диас, Акунова Аруна, Увальжанова Әлия сияқты танымал кинематографистер студенттерге арнап шеберлік сыныптарын өткізді.

Түркі  өркениеті – тұтас адамзаттың өркениеті
2679

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы мен Технологияларды коммерцияландыру және креативті индустрия орталығының қолдауымен түркі әлемі елдерінің кино және медиа факультеттерінің студенттеріне арналған «Farabi Film Festival» кинофестивалі жұмысын бастады.

Іс-шараға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан және Түрікменстаннан студенттер, оқытушылар мен киноматографтар қатысты. Салтанатты іс-шараны Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Нұрматқызы  Айтжанова  құттықтау сөзбен ашып, алғаш рет өткен фестиваль жұмысына табыс тілеп, түркітілдес елдердің кино және өнер мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің этнографиялық деректі фильм, киноэссе, кино-бақылау, портрет, эксперименталды фильм, докуфикшен, документалды анимация жанрларында 70-ке жуық туындылары қабылданғанын атап өтті.

Жас киногерлерді қолдау мен олардың кәсіби дамуына арналған кинофестиваль өткізуді дәстүрге айналдыру түркі халықтары арасындағы достықты насихаттауға үлес қосады.

«ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сайд Юсуф әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, түркі өркениеті біздің  ғана өркениетіміз емес, тұтас адамзаттың өркениеті, сондықтан түркі тілдес мемлекеттері  киноөнері арқылы ана тілін, тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін әлемге танытуы тиіс деп  тұжырымдады. Ош мемлекеттік университеті киноакадемия бөлімінің оқытушы-операторы  Акимбай  Капаров университеттің 90 жылдық мерейтойына факультет студенттерінің арнайы сыйы – Алатау табиғаты бейнеленген картинаны сыйға тартты.   Алғаш рет түркі тілдес елдері арасында студенттердің фестиваліне одан ары ары жалғасын тауып, Орталық Азияда  қанатын кеңге жаюйына тілектестік білдірді.

Іс-шара барысында жеңімпаздар ТҮРКСОЙ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Қырғыз-түрік Манас университетінің студенті Саадат Казакбаева  «Ақшамдағы қоңырау»  фильмі үшін ҚазҰУ-дың Бас жүлдесін, Түркменстан кинофакультеті студенттерінің жетекшісі-режиссер Искандермухамед Аннамухамедов   «Дутар әуезі» фильмі үшін ТЮРКСОЙ бас жүлдесін иеленді. Фестиваль  номинаттары арасында  Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстаннан келген жеңімпаздар иеленді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттері Диас Юсуфтың  «Boyau», Аднан әл-Хаттабтың «Hasib Untold Story» Олжас Павликтің «ҚазҰУ: тарих пен білім мекені» атты фильмдері ерекше деп танылды. 2021 жылы ҚазҰУ-да «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылып,  шығармашылық шеберлік, креативті өнім жасауға қабілетті кино және медиа саласындағы сұранысқа ие кадрларды даярлауда.

Фестиваль қонақтары Мұрат Есжан, Өтеген Нартай, Бертіс Диас, Акунова Аруна, Увальжанова Әлия сияқты танымал кинематографистер студенттерге арнап шеберлік сыныптарын өткізді.  Фествиальдің мәдени бағдарламасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусына, «Қазақфильм» киностудиясына, Алматы қаласы музейлеріне турмен жалғасты.

 Көрерменнің  көзайымы болған, жүрегіне жол тапқан бірқатар туындылар түркі өркениетінің мәңгілік құндылығына айналмақ. Аталмыш бастама алдағы жылдары жалғасын тауып, дарынды киногерлер мен жас режиссерлердің өнердегі алғашқы баспалдағына айналады деп сенеміз.

 

Гүлмира Сұлтанбаева

Серіктес жаңалықтары