Шегірткеге қарсы күрес басталды

Шегірткеге қарсы күрес басталды

Шегірткеге қарсы күрес басталды
ашық дереккөзі
437
Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары 276 мың гектар алқапта жүргізіледі. Оның 59 пайызы, яғни 163,5 мың гектары жер үсті агрегаттарымен, 40 пайыздан астамы авиациямен, 1 пайызға жуық алқап аспалы бүріккіштермен өңделеді. Бұл туралы облыс əкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары былтырғыдан екі есе артығымен атқарылатын болады. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары 257,58 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 12,4 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 5,92 мың гектарда жүргізіледі. «Өңделетін алқаптың 51 пайызы, яғни 140,35 мың гектары Сарыағаш ауданына, 20 пайызы немесе 56,3 мың гектары Арыс қаласына, 27,2 мың гектары Шардараға, 7 пайызға жуығы немесе 20,0 мың гектары Ордабасы ауданына, 8 мың гектары Бәйдібек ауданына тиесілі. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 42 инспектор және 18 автокөлік бөлінеді», – деді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Н.Бадырақов. Айта кетейік, 257,58 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1574,7 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 58 адам бөлініп отыр. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 33 адам тартылып, барлығы 91 адам анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Облыс әкімі үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, зерттеу-анықтау шараларын тыңғылықты әрі сапалы жүргізу керектігін ескертті. «Үйірлі шегірткеге және өзге де зиянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына аса жауапкершілікпен қарау керек. Өңдеу жұмыстарына қажетті техникаларды және мамандарды бөлуді аудан және қала басшыларына тапсырамын», – деді Ж.Түймебаев. Анықтау-зерттеу жұмысын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы бөлінетін болады. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 71 дана жер үсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қарастырылып отыр. Жер үсті агрегаттарының өңдеу қуаттылығы күніне 100 гектар. Күніне 7,1 мың гектар өңделсе, жоспарланған 163,17 мың гектарды 23 күнде аяқтауға болады. Ал, Ан-2 ұшағының өңдеу қуаттылығы күніне 1,2 мың гектар. Ұшақ күніне 6,0 мың гектарды өңдесе, жоспарланған 99,71 мың гектарды 17 күнде, жалпы химиялық өңдеу жүмыстары 23-25 күнде аяқталады.

Серіктес жаңалықтары