Тектінің тұяғының ерлігі

Халел Досмұхамедұлының Әділхан есімді ұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда көрсеткен ерлігі үшін үкіметтік марапатқа ие болғанын екінің бірі білмес.

Тектінің тұяғының ерлігі
488

Ғұлама ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедұлының есімі алты Алашқа белгілі. Қазақтың біртуар ұлы  Халел Досмұхамедұлы 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, Мəскеуге, кейін Алматыға жіберіледі. 1939 жылы 24 сəуірде Халел Досмұхамедұлы əскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Алайда кассациялық шағым бергендіктен ісі қайта қаралады. Содан көп ұзамай 1939 жылдың 19 тамызында өкпе ауруынан Алматы абақтысының ауруханасында қайтыс болады. Ол 1958 жылы қайтыс болғаннан кейін ақталды. Халел Досмұхамедұлынан Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле деген бес ұл-қыз тарайды.

Тарихи тұлға Халел Досмұхамедұлының Әділхан есімді ұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, қан майданда көрсеткен ерлігі үшін үкіметтік марапатқа ие болғанын екінің бірі білмес. Осы орайда Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде [Қор:33. Тізбе:686196. Іс:91. Парақ:50] сақтаулы құжаттардан тың дерекке тап болдым. Аталмыш құжатта Әділхан Халелұлы Досмұхамедовтің 1912 жылы дүниеге келгені жазылса, туған жері былайша өрбиді Қазақ КСР-і, Орал облысы, Тайпақ ауданы, Калмыков ауылы. Әскери шені медицина қызметінің аға сержанты делінген.

1945 жылы 2 сәуірде 1349-інші атқыштар полкының командирі, подполковник Голдобин толтырып, қол қойған  аға сержант Әділхан Досмұхамедов (құжатта солай) туралы сыр шертетін марапат құжатына назар аударайық.  Жерлесіміздің марапат қағазында 225-інші Новгород атқыштар дивизиясы, 1349-ынші атқыштар полкының 3-інші атқыштар ротасының санитарлық нұсқаушы аға сержанты Әділхан Халелұлы Досмұхамедовті ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне марапатқа ұсынған. Әділхан Досмұхамедовтің 1912 жылы өмірге келгені, ұлтының қазақ екені, партия қатарында болмағаны, 1944 жылдың 21 наурызынан Ұлы Отан соғысында І Украин майданына қатысқаны жазылған. Әділхан Досмұхамедовтің 1943 жылы 13  маусымда Батыс Қазақстан облысы6 Жымпиты аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғаны, 1945 жылы  23 ақпанда 225-інші Новгород атқыштар дивизиясы, 1349-ыншы атқыштар полкы № 05/Н бұйрығымен  «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны  және 1945 жылы 25 наурызда жеңіл жараланғаны құжат бетінде тайға таңба басқандай анық жазулы.  Осы құжат бетінде жеке әскери ерлік немесе сіңірген еңбегі туралы қысқаша, нақтырақ мәлімдеме жазулы.          

Құжат бетіндегі мәтін төмендегіше өрбиді. Оқып көрелік. «1945 жылы 23 наурызда Опперсдроф елді мекені үшін болған ұрыста аға сержант Досмұхамедов жеке өзі жаудың қарша бораған оғына қарамастан шайқас алаңынан  жараланған 20 сардар мен жауынгерді алып шықты. Прокенсдорф елді мекені үшін болған шайқаста атқыштар взводының командирі, лейтенант Петров ауыр жараланды. Жау артиллерия мен минометтен қарқынды оқ атқандықтан  жаралы сардарды алып шығуға ешкімнің дәті бармады. Осы кезде аға сержант  Досмахамедов өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан еңбектеген бетінде жаралы сардар жатқан жерге жетіп, сардарды арқалаған күйінде кері еңбектеп оны қауіпсіз жерге алып шығып, алғашқы медициналық  көмек көрсетті. Ол осылай сардардың өмірін қорғады.Үкіметтік марапат  III дәрежелі «Даңқ» орденіне лайық».

Осы құжаттың екінші бетінде Халелдің Әділханын III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатқа лайық деп дивизияның санитарлық қызмет бастығы, медицина қызметінің майоры Иванов қол қойса, 1945 жылы 12 сәуірде 225-інші Новгород, Қызылтулы атқыштар дивизия командирі, гвардия полковник Мурашов III дәрежелі «Даңқ» орденімен Әділхан Досмұхамедовті марапаттаймын деп қол қойған. 1945 жылы 17 сәуірде 225-інші Новгород, Қызылту, Кутузов орденді атқыштар дивизиясының № 057-Н  бұйрығымен  Әділхан Досмұхамедов III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды деп дивизияның кадр бөлімі бастығы, майор Волков қол қойыпты.

1945 жылы 9 мамырда медицина қызметінің аға сержанты Әділхан Досмұхамедов «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталғаны туралы мәлімет РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде [шкаф 28, жәшік19] сақтаулы.

Жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшарағандардың арасында нақақ жала жабылып, репрессия құрбаны болған Халел Досмұхамедовтің ұлы Әділхан Халелұлының марапаттары  жөнінде сыр шертетін Ресей архивінен алынған мәліметтерді негізге алып осы мақаланы жазуға тура келді. Респрессияға ұшыраған қазақ зиялыларынң ұрпақтары да өз кезегінде ортақ Отанды қорғау жолында неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста ерліктің сан үлгісін көрсете білді. Оған нақты дәлел жоғарыда мәлімет келтірген архив құжаттары. Әділхан Досмұхамедовтің кейінгі тағдыры туралы мәлімет білетіндер болса, осы мақала жарияланған соң редакцияға хабарласар деген ойдамын.

                                   Ахмедияр Батырханов,

Батыс Қазақстан облысы,

Орал қаласы.

 

Әділхан Халелұлы Досмұхамедовтің суреті «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК ның бөлімі  Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музей қорынан алынды.

Серіктес жаңалықтары