Ажар Дәулеткелдіқызы: Қазақстан – мен үшін картадағы жай ғана орын емес

Бастама орта мектебінің 11-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)

Ажар Дәулеткелдіқызы: Қазақстан – мен үшін картадағы жай ғана орын емес
сурет: oq.gov.kz
809

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған.
Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Ұлтты сүю ең алдымен елді, яғни Қазақстанды сүюден басталады. Моңғолияда тұрып жатсам да, өзімнің түп-тамырым байланған жер – Қазақстанды жиі аңсаймын. Мен осында өмір сүрсем де, жүрегім кезінде ата-бабаларым мекен еткен қазақтың кең даласын аңсайды. Әлбетте, Моңғолия таулары сөзсіз әдемі, алайда мені қазақ жазығына тартады. Айдарымнан жел есіп, әр қиырын таң атқанша аралауды арман етемін. Әсіресе, Алматы көшелерімен серуендеп, әлем туристері тамсанған тау бөктерінде кеудемді кере тыныстағым келеді. Мен бұл сәтті қалай қиялдайтынымды білсеңіз ғой!  
Мен осы арманымды іске асыру туралы жиі ойланамын. Қазақстан – мен үшін картадағы жай ғана орын емес, бұл – мені алға жетелейтін арман. Болашақта бұл арманым мақсатқа айналып, қиялымның ең биік шыңына шығарып жүрген дүниелерді өз көзіммен көрсем деймін. Сонымен, менің арманымдағы атажұрт қандай дейсіз ғой?! Мен арманымдағы атажұрт дегенде, көне тарихымыз бен бай дәстүріміз жаһандық деңгейде құрметтелетін Қазақстанды елестетемін. Мәдениетіміз бен мұрамыз дүниежүзіне кеңінен танылған елді елестетемін тағы. Менің арманым жеке менің ғана емес, ұлтымның тағдырымен астасып жатқанын байқаған боларсыз. Мен мұнда тұрып жатсам да, өзімді Қазақстанның болашағымын деп есептеймін. Өз тілімді қатты құрметтеймін. Өз еліме барып, тұрақтауға ұмтыламын. 
Мен Қазақстанды  интеллектуалдық және мәдени байлықтың орны деп білемін. Тиісінше, онда білімді азамат жоғары бағаланады, оның өсіп-өнуіне, көктеуіне барлық жағдай жасалады, оған көп мүмкіндік беріледі деген ой түйемін. Ата-бабаларымыздың қасиетті жерді қандай жолмен сақтап, мұра етіп қалдырып кеткенін ел аузынан, кітаптардан білеміз. Мен қазіргі жастардың келбетін сол ата-бабаларымыздың жерге құлап бара жата табыстаған алауын көкке көтеріп, артына қарамай, алға қарай қарыштап келе жатқан кейіпінде елестетемін.
 Мен әділдік, батылдық, адалдық, адамгершілік, өзіне деген сенімділік пен ынта-жігерді анықтайтын жағымды қасиеттерді ту етіп көтерген ел тұрғындарын елестетемін. Әрі жоғарыда айтып өткенімдей, мәдениетін күллі әлем білетін, тамсана, таңдай қағып, айтып жүретін, тіпті әлем сахнасында сахналайтын күнге жетерімізді елестетемін. Қазақстанның әлем тануға лайық мәдени мұрасы бар. Біздің дәстүрлеріміз, тіліміз, әдет-ғұрыптарымыз – ұлттық болмысымыздың негізі. Бұл мәдени қазынамызды сақтау және оны насихаттау, өскелең ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу – бізге серт. Осындай ұстанымым бар, осындай ортам бар мен өз болашағымның жарқын болатынына кәміл сенемін. Мен жақын арада орта мектепті бітіргелі жатырмын. Арманыма бір табан жақындау үшін оқуға түсуге ұмтыламын. Мен неғұрлым көп білім алсам, елім соғұрлым өсіп, өркендейді деп білемін. 
Тарихы қилы Қазақстан көптеген кедергіні еңсеріп, айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бізде әлемнің жетекші елдерінің бірі болуға әлеует бар. Алайда бұл өзінен-өзі бола салмайтыны хақ. 
Ол үшін сіз бен біздің күш-жігеріміз сарп етілуге тиіс. Біз біріксек қана әлем тәнті болатын Қазақстанның келбетін құра аламыз. Тағы да қайталап айтамын, менің арманым Қазақстанның болашағымен астасып жатыр. Мен атажұртымның үнемі алдыңғы шепте жүруіне үлес қосуға дайынмын. Дана халқымыз «Бұлбұл гүлзарын сүйеді, Адал адам Отанын сүйеді» деген. Біз үшін үміт пен шабыттың шамшырағы саналатын атамекенімді шексіз сүйемін! Жуық арада ол арманымдағы атажұрттан қазығымды қаққан құт мекенге айналады деп сенемін!

Ажар Дәулеткелдіқызы,

Бастама орта мектебінің 11-сынып оқушысы (Баян-Өлгей, Моңғолия)

Серіктес жаңалықтары