Еркежан Досымбекқызы: Атажұрттағылар, сіздер – бақыттысыздар!

Жалпы Білім Беретін Бастама мектебінің 11 сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы)

Еркежан Досымбекқызы: Атажұрттағылар, сіздер – бақыттысыздар!
сурет: turkystan.kz
626

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған.
Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Армандауды адамзатқа берілген ерекше сый деп білемін. Адам болмысынан жақсыны көздейді. Сол үшін өзінің өмірін барынша жайлы қылуға талпынады. Сол секілді мен де өмірімді мейлінше жақсартуға ұмтылатын боламын. Сол үшін атажұртым – Қазақстанға баруды көздеп жүрмін. Қазақстанды риясыз сүйемін әрі оның болашағының жарқын болғанын қалаймын. Көп аға-әпкелеріміздің Қазақстаннан көшіп кетіп қалғанын ара-тұра естіп қаламын. «Олар не үшін кетеді?», «Отан оттанда ыстық демеуші ме еді?», «Адам қалайша туған топырағын тастап кете алады?». Бұл сұрақ мені мазалайды. Егер жастар шетке кетуге ынтызар болса, арманымыздағы атажұртты сонда кім жасамақ?

Қазір біз әлі баламыз, дегенмен қазірдің өзінде болашаққа жоспар құрып жатырмыз.  Әрі салмақты нәрселерге ой өрбіте аламыз. Менің алға қойған басты мақсатым – елімізге пайдасын тигізетін білікті маман болу. Шет мемлекеттерге емес, өз елімізді неге көркейтпеске?! Мен болашақта дәрігер болуды армандаймын. Армандаймын деймін-ау, мақсат етемін, әрекеттенемін, сол үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Содан соң «Қазақ қызы» деген атқа кір келтірмеу – екінші мақсатым. Қазақ қыздарының болмысына тән қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық қасиетті жаныма жалау етіп, алмастай жарқылдап жүру – менің басты ұстанымым. Кейде қиялға ерік беріп, дәл осы қалыпта қазақ даласында жүрсем ғой, шіркін деп армандаймын. Туған жерге ештеңе жетпейді ғой бәрібір! Осы ретте ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамыздың өлең жолдарын ойыма оралады:

He сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса, тірі тұрсам, көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.

Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар — менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым — ұланғайыр кең далам.

Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты!

Дәнеңе де сыйламасын келер күн,
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім тұғырында тұрса екен,
Әрі қарай... Әрі қарай көрермін...

Әлбетте, өз қандастарыңмен бір шаңырақ астында тұрғаннан асқан бақыт бар ма?! Өзге мемлекетте басқа тілде сөйлеу, сабақ оқу, мәдениетіне араласу көп нәрсеге өзгеріс әкелетіні хақ. Сонда да біздің жүрегіміз қазақ деп соғады. Қазақ десе, елең етеді. Қазақ десе, орнымыздан атып тұрамыз. Ішер асымызды жерге қоямыз. Осы ретте айтқым келетіні, атажұрттағылар, сіздер – бақыттысыздар! Сол бақыттың қадірін түсіне біліңіздер. Туған топырақты көздің қарашығындай сақтаңыздар! Ең ғажабы – халықтар арасындағы достық, тұрғындар арасында тыныштық мәңгі болса екен деймін!

Сөз соңында армандай біліңіздер дегім келеді. Аңсар арман ақиқатқа айналады. Ал ақиқат бар жерде жақсылықта бар. Бәріміз сол жақсылықтың куәсі болып, бірге өсіп-өнейік!

Еркежан Досымбекқызы,

Жалпы Білім Беретін Бастама мектебінің 11 сынып оқушысы (Моңғолия, Баян-Өлгей аймағы)

 

Серіктес жаңалықтары