Диас Қалтұрсынов: Өзіммен жасты балалармен бірге атажұртты аралағым келеді

9-жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы, Ташкент облысы, Өзбекстан

Диас Қалтұрсынов: Өзіммен жасты балалармен бірге атажұртты аралағым келеді
сурет: turkystan.kz
565

TÚRKISTAN халықаралық газеті жарық көре бастағаннан бергі 30 жылда шетелдегі қазақтар тақырыбын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әлемнің әр түпкірінде тұратын қандастардың рухани-мәдени өмірі мен ұлттық тақырыбы жөнінде дүркін-дүркін мәселе көтеріп келеді. Биыл басылымның 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Отандастар қорымен» бірлесіп, шетелде тұратын қазақ балалар арасында «Арманымдағы атажұрт» тақырыбында эссе жазудан байқау ұйымдастырған болатын. Бұл байқауға әлемнің 12 мемлекетінде тұратын 100-ге жуық қандас қатысты. Осының өзінен-ақ жас жеткіншектердің атажұртқа деген ыстық ықыласын байқауға болады. Бірақ біз байқау шарты негізінде ең үздік деп танылған 10 эссені іріктеп алдық. «Отандастар қоры» ол 10 оқушыға жыл сайын елде өтетін «Жас қазақ» этно лагеріне тегін жолдаманы табыс етпек.  «Отандастар қоры» этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді әрі рухани құндылықтарымызды насихаттауды басты мақсат етіп алған.
Газеттің бұл санында атажұрт жайында ағынан жарылып, көкейіндегісін қағаз бетіне түсірген бірнеше оқушының эссесін ықшамдап жариялауды жөн санадық.

Редакциядан

Мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбырай ауданы 9-жалпы білім беретін мектепте оқимын. Жасым 12-де. Біздің сыныпта 13 оқушы, ал паралель өзбек сыныбында 30 оқушы оқиды. Олардың тең жартысы – қазақ балалары. Ауылда бәріміз өзбекше-қазақша сөйлесеміз. Тату тұрамыз, бірге ойнаймыз. Әлбетте, ортамда өзбек тіліне басымдық беріледі. Десе де біз өз тілімізді ұмытпауға тырысамын. Ұлтым қазақ болған соң, ұлтымның тарихы мен болмысы туралы көп дерек білгім келеді. Мұны білу үшін кітап мен ғаламтордан оқу жеткіліксіз деп ойлаймын. Ол үшін Қазақстанға барып қайтсам деген арманым бар.

Мен кішкене кезімде Қазақстанға барғанмын. Бірақ қазіргідей ес білетін кезімде қайта барғым келеді. Атажұрт туралы көп қызық әңгімелерді үйдегілерден, қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалімімізден еститінмін. Осы жоба аясында елге барғанымды көп елестеттім. Жазғы лагерьге жолдаманы жеңіп алып, өзіммен жасты балалармен ел көп айтатын атажұртты көріп келсем, шіркін...

Интернеттен мәліметтер іздей жүріп, Қазақстанның жеті кереметін таптым. Олар – Таңбалы тас суреттер, Алтын адам, қазақтың киіз үйі, домбыра, Яссауи кесенесі, Маңғыстау жерасты мешіті, Бәйтерек монументі екен. Осы дерекке қатты қызықтым. Олар туралы көбірек білу үшін ұстамыз мұны алдымен өз көзімен көру керек екенін айтқан еді. Ұстазым да оларды өз көзімен көріп келуді армандайды екен. Ол кісіден бұрын мен барып келсем, келген соң ұстазыма бәрін әәдемілепә жеткізіп, түсіндіріп беремін деп жүрмін.

Менің арманымдағы атажұрт қандай деген сұраққа жауап берсем. Мен шынымды айтсам, қиялымнан ештеңе құрастырғым келмейді. Мен де «Атажұрт осындай болса екен!» деген арман жоқ. Мен де «Атажұртқа барып қайтсам» деген арман бар. Менің арманымдағы атажұрт қазіргідей болуға тиіс. Қазір Қазақстан – өркендеп келе жатқан мемлекет. Атамекеннің кең байтақ даласын, тұрғындардың кең пейілді мінезін, ішіне бірнеше ел сиятын кең жүрегін бәрі, бәрі үнемі айтып, мақтап жүреді. Сондықтан атажұртым осы қалыптан танбай, әлем ауызында жүріп, одан бетер дами берсе екен деген тілегім бар.

Диас Қалтұрсынов

9-жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы, Ташкент облысы, Өзбекстан

Серіктес жаңалықтары