«Ташкент қазақтары» парақшасы арқылы жұртқа жақсылық жасайтын Жаңабай

Ауыл кел­бетіне, оның тұрғындарына басымдық бере­мін. Қаладағылар мен жүк­те­ген сурет-видеоларды көріп, шыққан тегін, ту­ған жерін ұмытпаса екен деймін.

«Ташкент қазақтары» парақшасы арқылы жұртқа жақсылық жасайтын Жаңабай
1570

Әлеуметтік желіде Түркия, Ресей, Өзбекстанда тұратын қа­зақтардың басын біріктіретін парақшалар жетерлік. Оның ішіндегі ең көп қолданушы жазылғаны  – «Ташкент қазақтары» парақшасы. 60 мыңға жуық жазылушысы бар бұл парақшаның ашыл­ғанына небәрі төрт-ақ жыл болған. Кейін білгеніміздей, ол парақшаны жүргізетін Жаңабай Исрайылов төрт жыл ішінде қыруар іс атқарып, көп жобаға бастамашы болған. Біз бұл парақша туралы су тасқыны кезінде Өзбекстан қазақтарының атынан зар­дап шеккендерге гуманитарлық көмек жөнелткен кезде ғана білдік. Осы ретте ауыл-ауылды аралап, онда тұратын қазақтар туралы мә­ліметтер жинап жүрген Жаңабайға хабарласып, әңгімелескен едік. 

– «Ташкент қазақтары» парақшасы әу баста солай аталды ма, әлде атауы кейін өзгертілді ме?
– Әу баста осылай аталды. Мен Ташкент об­лысы Бостандық ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келгенмін. Мен секілді қазақтардың Өзбекстанның қай бұрышында не істеп, не қойып жүргенін білгім келді. Ме­нің табаным тимеген ауыл көп. Біз білуге тиіс аймақтар жетерлік. Мен сол ауылдарда көп шоғырланған қазақтардың тұрмыс-тіршілігін шынайы көрсетуді мақсат еттім. Ауыл ішін аралап, мұнда қанша қазақ тұра­тынын, кімнің қай рудан тарайтынын, ол ауылдан шыққан танымалдардан кім бар еке­ні туралы мәлімет жинап, тіпті мектебі мен көшесін де видеоға түсіріп, соны парақ­ша­ға жүктейтінмін. Алайда мұның бәрін өзім үшін салып жүрдім. Ол кезде мен осын­дай танымал блогер боламын деген мақсатты кө­здемедім.
– Өзің парақшаның төбесіне жазып қой­ғандай, мұның «Өзбекстандағы қа­зақша №1 парақшаға» айналғанын қа­­шан түсіндің?
– Ә дегенде ауылдарды аралаған кезде тү­­­сі­рілген суреттер мен видеоларды жүк­те­ген кезде Қазақстанға немесе басқа елге кө­шіп кеткендердің біразы «Мынау – менің ту­ған ауылым. Көріп, жылап алдым», «Менің кө­шіп кеткеніме осыншама жыл болды. Са­ғы­нып жүр едім, мына видеоны көріп, мау­қымды бір басып алдым» деп пікір қалдырған бо­латын. Жекеме де жазып, бұл қай ауыл еке­нін сұрастырғандар болды. Мен бұл п­а­рақшаны төрт жыл бұрын, әлемді пандемия жай­лап тұрған кезде ашқан болатынмын. Ше­кара жабық. Ешкім туыстарына бара ал­майды. Дегенмен мен сол сәтте ауылдарға жиі баратынмын. Сол кезде Қарағанды, Пет­ропавлға көшіп кеткен бауырластар туыс­та­рын көрмегеніне 5-6 жыл болғанын, ауыл­дың өзгеріп кеткенін айтып, артынша маған ал­ғысты қарша боратып, жылы лебіздерін ая­май жазатын. Уақыт өте келе репост жа­сай­тындар саны артты. «Мынау – біздің ауыл ғой!» деп өз парақшаларына жүктейтін болды. Қала берді, ауылдастарына, туыстарына жолдай­тын­дар саны артты. Содан соң басқа ауыл­да­ғылар жекеме шығып, «Біздің ауылды ке­ліп, түсірсеңші. Біз де ауылымызды «Ташкент қа­зақтары» парақшасынан көргіміз келеді» деп шақыратынды шығарды. Негізі, әр ауыл­ға өзім баруға тырысамын. Ондағы ортаны өз көзіңмен көргенге не жетсін! Дегенмен өте алыс орналасқан ауылдағылар да біз ту­ра­лы естіп, өздері көп видео түсіріп жі­бе­реді. Мұны көрген екінші ауылдағылар қолқа са­лады. Сол кезде өзімнің  пайдалы іспен ай­на­лы­сып, дұрыс бағытта келе жатқанымды тү­сіндім. Қазір де көп ауылдың тұрғындары шақырады. Төрге оздырып, асты-үстімізге тү­сіп, қонақ етіп, күтеді. Құдайға шүкір, бар­ған жерде сыйлымын. Әсіресе, Наурыз мей­ра­мы кезінде көп ауыл тұрғындары шақы­ра­ды. Бетін қайтармай, барып қайтуға ты­ры­­­­самын. Мен ол жаққа құр қол бармаймын, әрі өзім де құр қол қайтпаймын. Үлкендердің әң­гімесіне сусындап, ақыл-кеңестерін түртіп ала­мын. Бір ауылға барғанда жүзге жақын­да­ған, ашаршылықтың куәсі болған, соғысқа ба­рып қайтқан атамен сөйлескенім әлі де са­намда сайрап тұр. Ол кісі тарихты беске біледі екен. «Қазақтар мына жерді мекен­де­ген. Мына жылы көшкен» деп тіпті жылына дейін дәл айтып, біраз мәліметті жайып сал­ды. Мұндай жерден қайтқым келмей, құ­лағымның құрышы қанғанша тыңдай бергім ке­леді. Тағы бір айтарым, осындай қазыналы қа­рияларымыз тұратын ауылға баратын кез­де көмектесетін адамдар жетерлік. Жаны жо­март ағаларымыз «Қаржылай болсын, кө­мегімізді аямаймыз. Сен бізге айт» деп ағы­нан жарылады. Бір ауылға бару керек бол­са, көлік жіберіп, қолдап отырады. Айта ке­тер­лігі, әдепкіде көпшілік бұл іске аса сене қой­мады. «Мұның не керегі бар? Оның бәрін тү­сіріп, не қыласың?» деп айтқандар болды. Ал қазір бұл Өзбекстандағы әрбір қазақтың із­деп жүріп қарайтын парақшасына ай­нал­ды. 


– Өзің тұрып жатқан қалада да қа­зақ­тар көп. Неліктен қаладағы емес, ауыл­дағы қазақтардың тұрмыс-тір­ші­лігін көбірек көрсеткің келді?
– Дұрыс айтасыз, қалада да көп қазақ тұ­ра­ды. Дегенмен ауыл – біздің алтын қазы­на­мыз ғой. Өзіңнің кім екеніңді, қайдан шық­қаныңды ұғындыратын жер. Ауыл кел­бетіне, оның тұрғындарына басымдық бере­ті­нім де сондықтан. Қаладағылар мен жүк­те­ген сурет-видеоларды көріп, шыққан тегін, ту­ған жерін ұмытпаса екен деймін. Қайда жүр­сек те қазақилығымызды жоғалтпайық, жөн-жо­ралғымызды, әдет-ғұрпымызды, салт-дәс­тү­рімізді біліп жүрейік деген ойды көздедім. Мен ауылда туып-өскендіктен мұның бәрін же­тік білемін. Ал қалада тұра­тын жастар не­месе ауылдан ерте кетіп қал­ғандардың кей­бірі менің білетінімнен хабардар болуы екі­талай. «Бізде осындай ру бар ма еді?», «Қа­зақта мұндай салт-дәстүр бар екенін біл­меп­пін» дегендей пікір қалдырып жатады. Сол кезде бастаған бұл ісімнің бекер емес екенін жете түсінемін. 
– Сені танитын көпшілік осы парақ­ша арқылы біраз мұқтаж адамға қол ұшын созғаныңды айтқан еді. Қайы­рым­дылық іспен де айналысады екен­сің­дер.
– Иә. Басында бұл іске аса ма, жоқ па, біл­­­медім. Парақша ашылған соң біраз уа­қыт­тан кейін менің ауылымда мешіттің құры­лы­сы басталды. Ол кезде парақшада 10 мың жа­зылушы болатын. Сосын жазылушылар бұл іске көмектесе ала ма екен, көрейін де­дім. Содан соң сториске «Осындай ауылда ме­шіт салынып жатыр. Қолдан келгенше кө­мектессеңіздер» деп жазғаным сол еді, аз уа­қыт ішінде 1 000 долларға жуық ақша жи­нал­ды. Ол ақшаның бір тиынына да тимей, ме­шіт өкіліне «Ташкент қазақтары» парақ­ша­сының атынан көмек деп тапсырдым. Со­дан соң парақшама жазылған жанашыр, жо­март жандар көмегімен көп игі іске бас­тама­шы бола алатынымызды түсіндім. Содан кейін түрлі ауруға шалдыққан балаларға қор ашу ісін қолға алдық. Алыс ауылда тұратын ер­лі-зайыптының бір жасар қызына Түр­кия­ға барып ем алу үшін қомақты қаражат ке­рек екен. Дереу есепшот ашып, парақшаға ол ту­ралы мәлімет салып, көмек сұрадық. Нә­ти­жесінде, 50 мың доллар (теңгеге шаққанда – 22 288 500) жиналды. Түркияға барып қа­­жет ем-домын алып келген ол балақайдың қа­зір жағдайы жақсы. Шүкір. Сол секілді 10 шақ­ты көмекке зәру бауыр­лас­тарға қажет қаржысын жи­нап, көмектестік. Қазір де «Қор аш. Жарияла. Бізге кө­мектес» деп түрлі се­бе­бін айтып, жазатындар же­терлік. Алайда мұны үне­мі жасайтын болсам, па­­рақшадағы белсенділік бә­­сеңдеп қалады. Себебі па­рақ­­шаға жазылған 60 мыңға жуық қолданушы түрлі контентті қалайды. Айрықша айта кетерлігі, 60 мың қолданушының барлығы – өз еркімен жазылғандар. Бәзбіреулер се­кілді, қолмен сан жасап алған түгім жоқ. Сондықтан болар, олар кез келген бастамаға бел­сенді араласады. Дегенмен ара-тұра қор ашып тұрамын. Мысалы, жыл сайын оқу жылы басталар кезде қор ашып, қаражат жинаймыз. Сосын ол ақшаға сабаққа қажет құрал­дарды сатып аламыз да, әр ауылды ара­лап, онда ата-анасы жоқ, тұрмысы нашар оқу­шыларға оны таратамыз. Одан бөлек, жесір қалған, мүмкіндігі шектеулі әйелдерге азық-түлік әкеліп береміз. Жалпы айтқанда, қи­налып жүргендерге бейжай қарамай, кө­мектесуге тырысамыз. 


– Қазақстандықтарды әбігерге сал­ған су тасқыны кезінде де үнсіз қал­ма­дыңдар. Көп елдегі қандастар көмек қо­лын созып жатқанда, сендер Өзбек­стан­дағы бірнеше белсенді қазақпен бірі­гіп, қор ашқандарыңды көрдік. 
– Көп ауылға барып, көмектесіп жүр­ге­нім­ді жақсы білетін Өзбекстан қазақтары «Сен неге қор ашпай жатырсың? Сен баста, біз сені қоштаймыз. Саған сенеміз. Көмек­те­се­міз» деп жазды. Мен бастапқыда ұзақ ой­лан­дым. Себебі бұл біз бұрын істеп жүргендей емес, ауқымды іс. Жауапкершілік жүгі зілдей. Со­сын аз ғана қаражат жиналып, елден ұят бо­лып қалмай ма деген де ой маза бермеді. Әрі ол гуманитарлық көмекті Қазақстанға жет­кізе алатын көлік таба аламыз ба деп та­ғы да уайымдадым. Дегенмен кейін Таш­кент­тегі қазақ мәдени орталығы, мейрам­ха­наға иелік ететін, кәсіпкер әрі блогер Мехнат Бес­бармақовпен бірігіп, бұл істі бастап кет­тік. Қор ашып, көмек жинап жатқаны­мыз­ды парақшаға жарияладық. Сол-ақ екен, көп ауыл тұрғындары 15-20 шақты көлікке тиел­ген азық-түлікті біз айтқан жерге жет­кізіп берді. Біз «Осындай ауылдан осындай кө­мек келді» деп видеоға түсіріп, парақшаға жүктеп отырдық. Мұны көрген басқа ауылдағылар «Ал біз неге үнсіз жатырмыз? Біз неге қимыл­дамаймыз? Бауырларымызға осындай қиын шақта көмектеспесек, қашан көмегіміз тиеді енді?» деп өздері бастама кө­теріп, қажет зат­тарды жинап, бізге әкеп тас­тады. Біз жи­нал­ған киім-кешек, азық-тү­лік, төсек-орынды жүк көліктеріне тиеп, су тасқынынан қатты зар­дап шеккен Қос­та­най облысына жібердік.
– «Ташкент қазақтары» парақшасын Өз­бекстан қазақтары ғана емес, Қазақ­стан­дағы көпшілік те жіті бақылап оты­рады екен.
– Иә. Қазақстанда тұратын көп адам Instagram-ға «Ташкент», «қазақ» деп жазсақ, бі­рінші сіздің парақшаңыз шығады» деп жа­за­ды. Қазақстандағылар көбіне «Ташкентте қай жерге барсақ болады?» деп сұрайды. Со­сын ауруханалар туралы мәліметті де жиі керек етеді. Мен «Қай жердегі клиника жақсы ем­дейді? Қай орталықта мықты дәрігер жұ­мыс істейді?» деп сауалнама әзірлеймін. Сөй­тіп, көпшіліктің көмегіне сүйеніп, елден кел­гендердің көңілінен шығатын дәрігер­лер­ді тауып береміз. Одан қалса, қазақ­стан­дық­тардың кеден бекетінде немесе сол маңайда ұмы­тып кеткен төлқұжаттарын, жүргізуші куә­ліктерін тауып береміз. Құжаттарын жо­ғалтып алғандар бірден маған жазады. Мен мұны сториске саламын, көп күттірмей жо­­ғалған құжаттар табылып, иесіне қайта­ры­лады. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда біз­ді бақылайтын бауырластар парақша ас­тына көп пікір қалдырады. Оған Өзбекстан қа­зақтары жауап қайтарып, өзара байланыс орнатады. Арасында елдегілердің «Атажұртқа қай­тыңдар», «Біз жаққа көшіп келіңдер» де­геніне біздікілер «Біз осы жақта да жақсы өмір сүріп жатырмыз. Ол жаққа қыдырып бар­сақ та жетеді» деп жазып, бір-біріне бауыр­малдық танытып, танысып жатады.


– Парақшаға жарнама жиі салына­ты­нын байқадым. Сен бұл істі жалғыз жүр­гізесің бе, әлде көмекшілерің бар ма? 
– Жарнама салынады. Одан ақша да тү­се­ді. Қазір де жарнама беріп жатқандар же­тер­лік. Алайда мұның бәрін бет албаты сала бер­сең, тағы болмайды. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, белсенділік бәсеңдейді. Қайтсем де ақша табамын дегенді көздемеймін. Ара-тұра мағыналы, қызық видеолар салғанды құп көремін. Негізі, көп жұмысты өзім ат­қа­ра­мын. Дегенмен ауылдарға барғанда кө­мек­те­сетін бірнеше жігіт бар. Әркімнің өз мін­де­ті бар. Біреуі сұрақ-жауап жүргізсе, біреуі кон­тент түсіреді. Енді біреуі маған кө­мек­те­се­ді. Алдағы уақытта тәрбиелік маңызы бар вайн­дар түсіруді қолға алмақпыз. Бізде Таш­кентте вайн түсіретін қазақтар жоқтың қасы. Вайнды жеңіл-желпі, арзан күлкі үшін тү­сіргіміз келмейді. Ондағы басты мақсат – қазір жаман жолда жүрген бауырлары­мыз­дың есін жидыру. Сондықтан өмірден алын­ған оқиғаларға сүйеніп, сценарий жазып, үл­кен бір игі іс бастамақпыз. Негізі, мені көп­шілік жұмыс істемейді, әлеуметтік желі­нің көмегімен күн көріп жүр деп ойлайды екен. Негізі, мен басқа салада жұмыс істеймін. Ал қалған істі демалыс күндеріме жоспарлап, ретін келтіріп, түсіріп келемін.
– Сен қайда жұмыс істейсің сонда?
– Мен Шыршық қаласында мыс құбы­рын шығаратын зауытта жұмыс істеймін. Мұны білмейтін көпшілік «Сен сонда жұмыс іс­тейсің бе? Ары-бері жүгіріп жүресің ғой» деп таңғалады. «Әлбетте, жұмыс істеймін. Ары-бері жүгіргеніме маған ешкім ақша тө­лемейді ғой» десем де, сенбейтіндер бар. «Қой, сен өтірік айтып тұрсың. Сен интер­нет­тен көп ақша табасың» деп бой бермейді. Ин­тернеттен пайда тауып жатқан түгім жоқ. Жарнама салғаным үшін ақша төленетіні рас. Алайда ол сома менің анау ауылдан мы­на ауылға барғанда жұмсалған шығынды ға­на өтейді. Ал өзім күнелту үшін зауытта жұ­мыс істеймін. Бұл айтқаныма әлі сен­бей­тін­дер бар. Жоғарыда атап өткенімдей, мен па­рақшаның белсенділігін пайдаланып, қыруар қаржы табуды көздеп жүргенім жоқ. Мен үшін рухани құндылық бәрінен жоғары тұрады. 
– Зауытта тынбай еңбектеніп жүріп, қо­ғамдық жұмысты қатар алып, ауыл­дарды аралап жүрген саған алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ!
– Рахмет! Расында, маған біздің па­рақ­ша­да қарапайым халықтың дауысы естілетін се­кілді көрінеді. Тек мұны дер кезінде түсін­ге­німе ризамын. Көпшілігі мені көрсе «Әй, сен анау блогер бала емессің бе?» деп танып жат­са, енді біреулері ««Жарайсың. Сен дұрыс жол­да келе жатырсың. Игі істер атқарып жүр­сің. Баса бер! Шаба бер! Біз сені қол­дай­мыз. Көмектесеміз» деп ризашылық білдіріп жа­тады. Мұндайды естіген сайын рухтана тү­се­мін, қазіргіден де көп қайырымды әрі пай­далы іс жасағым келіп тұрады. 
– Іске сәт! Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары